[:kz]
Жыл өтсе де, отауын жаңғыртқан Нұрғали Нүсіпжановты талқылауды жұрт тоқтатар емес. Егде жаста шаңырақ көтерген халық әртісінің сырын Рамазан Стамғазиев бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Shownews.kz порталына сілтеме жасап.
82 жасында отауын жаңғыртып, өзінен 40 жас кіші журналиске үйленген Нұрғали Нүсіпжановты, көпшілік әлі күнге дейін қызу талқылауда. Халық әртісін жақтағандар да, даттағандар табылды. Ал отандық шоу-бизнес өкілдері үшін бұл нағыз сенсация болыпты.
«Сол кезде бәріміз әзіл аралас әңгіме айтқанбыз. Мен қалжыңдап айтқанмын, мұндай сенсацияны Голливудтың жұлдыздары да жасамаған шығар. 82 жаста ма Нұрғали ағамыз, қырыққа келмеген келіншекпен бас қосу – ол шынымен әлемде сирек кездеседі деп есептеймін. Бір жағынан мақтандық, бір жағынан қуандық»
«Негізі махаббат жасқа қарау керек», – дейді Бағлан Әбдірайымов.
Жадыра Сейдешпен көңіл жарастырып, қайта шаңырақ көтерген әншінің бұл әрекетін көпшілік түсінбей, келеке қылғандардың да қарасы аз болмады. Ал Рамазан Стамғазиев халық әртісінің жай-күйін өзге жұрттан жақсы біледі.
«Нұрғали ағаны әңгіме қылып жатқан адамдар, ол кісінің қасында болған жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздап жатқанда қасында отырып, жағдайын сұраған жоқ. Қабағын мұң, қасынан қырау шалған кезде қасында олар тұрған жоқ», – дейді дәстүрлі әнші.
Әуелдегі таныстық ұстаз бен шәкірт ретінде бастау алса, бүгінде ағалы-ініліге айналған жандардың арасында сыр қалмаған. Тіпті өнердегі жанашыры егде жаста шаңырақ көтерген сәтте шын қуанып, алғаш құттықтаған да Стамғазиев болыпты.
«Ағамыздың осы мәселесі көтерілген кезде, мен телефон шалдым. Сонда «Балам, ел айтады, айтсын». Бірақ мен осынша жасқа келгенде дұрыстап өмір сүргім келеді деді. Бұл кісінің қайтадан өмірдің жаңа бір парағын ашып, еңсесін көтеріп, күш-қуаты бар кезде айтатын әні, әлі де шәкірттеріне үйретер асулары бар екенін, өмірдің жаңа белестеріне қайтадан ұмтылғанына қосыламын», – деді шәкірті Рамазан Стамғазиев.
Иә, халық әртісі бес перзентіне салмақ салғаннан гөрі, Жадыраның жанында болуды жөн санаған. Стамғазиевтің сөзінше, Нүсіпжановтың бұл некесі жақындарының құптауымен қиылып, алғашқы жанұясындағы қыздары да еш қарсылық танытпаған
«Баласы, болмаса, қыздары жоқ емес. Биік-биік белестерде тұр. Қыздарым маған қарсы болған жоқ деді. Сондықтан үйлену жайлы ойы, өзі ғана шешкен шаруа емес. Бұл отбасымен, балаларымен ақылдаса отырып, жасалған басқан қадам деп есептеймін», – дейді әнші.
Қазіргі таңда сексеннің сеңгіріне шыққан халық әртісі, жас келіншігімен көпшілік алдында жиі шығып жүр. Еңсесі көтерілген, жүзі де жадыраңқы. Жеке өмірін біржақты қылған Нұрғали мырза, бүгінде шығармашылығына білек сыбана кіріскен.
[:]