[:kz]
Парламент мәжілісінің жаңадан сайланған депутаты Нұрлан Әлімжанов Sputnik Қазақстан-ға берген сұхбатында осы жұмысқа не үшін келгенін айтып берді.
Актер 10 жылдан бері Nur Otan-ның мүшесі екенін, осы ұйымның ішкі және сыртқы жұмысын білетінін және партияның басшылығы жариялаған барлық бағдарламаға қатысып жүргенін жеткізді.
«2016 жылы депутаттарды сайлау науқанында бірге болғанбыз. Сол жерде сайлауға түскенмін. Былайша айтқанда, мен 2016 жылдан бері запастағы кандидатпын. Енді, міне, 2019 жылы Nur Otan фракциясы атынан сайланып отырмын. Арада үш жыл да өтті. Сол кезде сайланбадым. Өйткені жұмыстарым болды, киноларым болды, жеке өмірдегі шаруаларым болды. Сол себепті ол кезде келмедім. «Сабақты ине сәтімен» дейді ғой. Міне, уақытымыз келді», — дейді Әлімжанов.
Сонымен қатар актер сұхбат барысында бұл жерге жеке басының мүддесі үшін емес еңбектенуге келгенін де мәлімдеді.
«Біреулер жассың дейді. Сонда 60-80 жасқа келіп, басқарамыз ба? Қарасаң, біреулер жастар келсін дейді, енді біреулер жастар келгенде тым жассың дейді. Былай қарасаң, қанша адам болса, сонша ой-пікір бар екен.
Мен бұл жерге қара басымның мүддесі үшін, әдеттегі әртістігімізге салып, сахнадағы қошеметті алу үшін келген жоқпын. Мен еңбек ету үшін келдім. Мен халықтың сөзін сөйлейтін азаматпын. Бұл жерге қалғып-шұлғып ұйықтау үшін келген жоқпын «, — деп атап өтті Әлімжанов.
Айта кетейік, Нұрлан Әлімжанов 35 жаста.
[:]