[:kz]
Биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейлі белесін атап өткелі отыр. Осы орайда, егемендігіміздің елең-алаңынан бері оны табысты басқарып, тәуелсіздігіміздің туын тіктеп, іргетасын бекемдеген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың саясаткерлік дарынына қоса, оның қаламынан шыққан кітаптар да әрдайым осы сындарлы 25 жылдың жылнамасы болып келеді.
Қазақстан басшысының әр кітабын тек өз отандастарымыз ғана емес, әлем жұртшылығы да елеулі жаңалық ретінде қабылдайды. Таяуда Мемлекет басшысы «Ұлы Дала ұлағаттары» деген атаумен өзінің жаңа туындысын тәмамдап, баспаға ұсынғаны туралы сүйінішті хабарды естідік. Естісімен оны ел газеті «Егемен Қазақстанның» бетінде жариялауға ұсыныс жасадық. Ол ұсынысымыз қабыл алынды.
Президент бұл еңбегінде ел мен жердің тарихы және тағдыры, әлемнің және қоғамның дамуы, жас буынның алдында тұрған келелі міндеттер, басқа да көптеген, соның ішінде жаһандық та мәні бар мәселелер туралы өзінің пайымдаулары мен ой-толғамдарын күллі адамзаттық құндылықтармен сабақтастыра отырып баяндайды. Эссеистиканың жақсы бір үлгісіне жататын, ойлы тұжырымдар мен терең пайымдауларға құрылған бұл туынды халқымыздың тағы бір рухани игілігіне айналады деген үміттеміз.
Елбасымыздың бұл еңбегі – еліміздің 25 жылдық торқалы тойына толымды тарту екені сөзсіз. Ал оны оқырмандарға алдымен жеткізу еліміздің бас басылымы үшін зор мәртебе деп есептейміз.
Оқуға қолайлы болу үшін жаңа туындының мәтінін 3-4 беттерде арнайы кітапша ретінде ұсынып отырмыз.
Қабыл алыңыздар, Ұлы Даламыздың ұлағаттарынан ой түйіңіздер, қадірлі оқырман!
ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАҒАТТАРЫ
Нұрсұлтан Назарбаев
ТУҒАН ЕЛІМ – ТІРЕГІМ
Өз еліңе пайдалы болу, өз Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу – әрбір отандық саясаткердің, әрбір қазақстандықтың борышы мен ар-ожданы.
Міне, Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толған торқалы кезеңге келдік. Бұл аз уақыт па, әлде көп пе? Неден бастадық, қай жерге жеттік? Осының бәрін тыңғылықты таразылап, бағасын берер шақ келді. Болғанға байыпты баға беру – байырғы әдетіміз.
Өткен күндердің жылнамасы да адамдардың өмірбаяны секілді. Шаттанған шағың, ренжіген сәттерің, үкілеген үміттерің мен асқақ армандарың, міне, осының бәрі – ғұмырнама тарихы. Еліңнің тарихы. Мемлекетіңнің тарихы. Сол тарихқа тікелей өзің араласқаның, сан қилы сын сағаттарда шешім қабылдағаның, талай іс-шараларға куә болып, халқың үшін қуанғаның, елің үшін еткен еңбегіңнің нәтижесін көргенің – бәрі-баршасы жадыңда жатталып, санаңда сақталып, жүректің жазбасына түседі.
Ойланасың, толғанасың. Талай-талай оқиғалар есіңе түсіп, ойыңа оралады. Ғасырлар бойы азаттығы үшін алысып, сан шайқасты бастан кешкен әзиз бабалардың арман-үміті көкейіңе кептелгенде ел мен уақыт алдындағы, заман зердесіндегі жауапкершілікті одан әрі терең сезіне түсесің. Сондай кезде беліңді бекем буып, халқыңның алдында тұрған арман-тілекті жүзеге асыру жолында жаңа жолдар мен соны сүрлеулер табудың қарекетімен түн ұйқыңды төрт бөліп, алыс-жақынды ойша бағамдап, көпшіліктің көңілін толғандырған алуан сауалға орнықты жауап іздейсің.
Осынау ширек ғасыр ғана тәуелсіздік жылдарында небір оқиғаларды бастан кештік. Қилы кезеңдер мен бейтаныс бөгеттерді басып өтіп, өз жолымызды табуға ұмтылдық. Бұл тұрғыдан келгенде, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы алдағы күнге алып баратын туымыз, ұранымыз әрі құралымыз болды. Біз жалпыұлттық мақсатқа жұдырықтай жұмылып, бірігіп, бірлесіп ұмтылдық. Жаңа дәуірдің болмыс-бітімін ұлттық салт-дәстүрлеріміздің аясында заманауи сын-тегеуріндерге бейімдедік, мемлекет болып қалыптасудың өзіндік өрнегін тауып, мектебін қалыптастырдық. Қазақта «Мен бітірдім дегенше, ел бітірді десейші» деген даналық сөз бар. Осы сөздің мән-мағынасын жаңа тұрпатты мемлекет орнықтыру ісінде жалпыұлттық тұтастық, халықтық қолдау, қоғамдық тұрақтылық нәтижесінде жүзеге асырдық.
Қашанда халық бірлігі сарай салғызып, қамал тұрғызады. Бұл сөзді де талмастан айтып, ту етіп көтеріп келеміз. Бағзы бабалардың ұлы аманатын орындау жолында иыққа түскен жүкті ешқашан ауырсынған емеспіз. Ел болудың, мемлекет болудың жөн-жобасын көрсетіп берген, көмекке келген ешкім болған жоқ. Біз бәрін де тыңнан бастап, халқымызбен бірге қалыптастырдық. Жоқтан бар жасадық, барды берекеге айналдырдық, сол ырысты өсу мен өркендеудің негізі етіп алдық.
Мемлекет те жеке адам секілді өткенін саралап, алдағы күндерін жоспарлап, уақыт алдындағы міндеттерін зерделеп, болашаққа алдын ала қам жасап отырады. Бұл – уақыт талабы. Жиырма бес жылдық мүшелді мерзім мемлекетіміз үшін қалыптасу тұғыры болып қана қойған жоқ, біз өзгелерге де үлгі болатындай биіктерден көріне алдық. Өркениет көшіндегі өз орнымызды таптық. Соның нәтижесінде жиырма бес жыл жаңылмай, сүрінбей келеміз.
Өмірге жаңа ұрпақ келді. Олар – тәуелсіздік қағидаттарын тал бойларына сіңіріп өскен өркен, жас толқын. Ендігі болашақ солардың қолында. Біз оларға осы бір тәуелсіз мемлекеттің келешек тағдырын сеніп тапсырамыз. «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деп аталған Жолдау мемлекеттік идеяның түпқазығы – біздің жалпыұлттық аңсарлы арманнан бастау алатынын жан-жақты ашып көрсетуге бағытталды. «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды» деген сөз жалаң ұран емес. Оны жүзеге асыру жолындағы жұмыстар қазірдің өзінде қарқын алып, баянды бастама халықтық қағидаға айналуда. Қолдау тауып, жүзеге асырылуда.
Біз жалпыұлттық арманның орындалуы үшін бар күш-жігерімізді, білім-білігімізді, алған тәжірибеміз бен түйген үлгі-өнегемізді толық әрі сарқа жұмсайтын боламыз. Бұл асыл мұрат – күллі қазақстандықтарды жарқын болашаққа бастаудың кепілі. Уақыт бізді таңдады! Біз сол уақытқа енді өзіміздің мемлекеттік мөріміз – тәуелсіз Қазақстанның атын жаздық. Өйткені, біз жаңаша армандауды үйрендік. Жаңаша жол табуды үйрендік. Ел мен қоғамды дамытудың нақты міндеттерін алға қоюды үйрендік. Біз үйрене отырып, үлгілі жолға түстік. Бұл жол – енді біздің жол, Қазақстан жолы.
Сөйтіп, Тәуелсіздіктің жиырма бесінші жылына қазақстандық жаңа арманмен аяқ бастық. Оның басты мақсаты – «Қазақстан-2050» Мемлекеттік стратегиясын жүзеге асырудан толық көрінетін болады. Осы ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруін межелеп отырмыз. Бұл – Ұлт жоспары, қазақстандық арман. Аңсарлы арманды абыроймен орындау жолында жалпақ жұртымыздың бірлік пен ынтымақ танытып, жұмыла еңбек етуі – барлық жеңістеріміздің алтын тұғыры болып, абыройлы биігіне айналмақ.
Бұған дейін жүріп өткен жол тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиыншылықтарды жалпы ел болып еңсеру, одан кейінгі жылдардағы даму мен өркендеу жолы болды. Мемлекет өміріндегі мәртебелі де мерейлі кезеңдер болашаққа деген сенімімізді әбден нығайтты. Дамудың тұрақтылығын жүзеге асыру арқылы біз Қазақстанды әлемге таныттық. Әлемнің геосаяси картасында жаңа тұрпатты мемлекет пайда болды. Мұның бәрі тәуелсіздіктің алғашқы сағатынан басталды.
…1991 жылдың желтоқсан айының әр күні, әр таңы менің жадымда жаңғырып, сол кезде кеудені кернеген шаттық пен салтанат жанымды әлі күнге тербеп келеді. Сол күні, бір жағынан – жаңа туған сәбидей, бір жағынан – ғасыр жасаған қариядай күйде болғаным есімде. Шынайы бақыт сезімін бастан кешіп, шалқар шаттыққа бөлендім. Жеке басыңның қуанышы мен бақыты бір бөлек те, туған халқыңның қуанышы мен бақыты мүлде басқа екенін сол жолы ерекше түсіндім. Тебірендім, толқыдым. Бабалар аманатын орындау бақыты, елді ертеңгі күніне бастау парызы менің маңдайыма жазылғанын Жаратушының ерекше сыйы, айрықша мүмкіндігі деп түсінемін. Бәлкім, тарихтың таңдауы, халықтың қолдауы деген жөн болар?!
…Алатаудың бауырында қоныс тепкен шағын ғана Шамалған ауылындағы мектепке алғаш барған жылдарым, аяулы ұстаздарымнан алған бағаларым жанымды қандай шуаққа бөлегенін әлі күнге ұмытпаймын. Бастауыш сыныптың баласы болсам да, ойыннан гөрі ой қуып, тезірек ержетсем, күндіз-түні белін бір жазбай тірлік кешетін анамды, таңмен таласа тұрып, қас қарая отбасына әрең оралатын әкемді қуантатын қолғанат болсам, олардың еңбегін жеңілдетіп, маңдай терін сүртер көмекшісі болсам деген арман күн сайын есейтіп келе жатты. Әр бала арманына асықпай ма? Мен де соның бірі шығармын деп ойлаймын. Әрбір қазақ баласы осы арманшыл арда сезім мен бұла кезеңнен өткеніне күмән жоқ. Иә, солай.
Халқымыздың қадірлі қасиеттері ұшан-теңіз. Олар ата-баба дәстүрлерінен бастау алады. Қазақ – ойшыл халық, ақын халық. Сәби жүрегінде желкілдеген арман мен үміт, қиял мен ой көкірегінде сәулесі бар қазақ баласын өлең өлкесіне алып келеді. Халқымыздың ақынжандылығы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәңгілік мектеп. Телегей теңіз ауыз әдебиетінің қайнарынан сусындаған ұлтымыздың ұлы тарихындағы ұлағатты белестер бұған нақты дәлел. Біз тарихын тілмен де, ділмен де жазған халықпыз.
Тарихи жағдайы мен табиғи болмысы өлеңмен өрілген жұртымыздың жүрек лүпілі жырмен жымдасып, әнмен әуелейтіні де сондықтан. Мысалы, біздің өңірдің ақындардың елі деп аталғаны тектен-тек болмас. «Екейде елу бақсы, сексен ақын, гулейді жын қаққандай кешке жақын» деген өлеңді білмейтін исі қазақ жоқ болар. Балаң шағымда өлеңнің ауылына жақын болдым. Жыр алыбы Жамбыл бабамның – Тәтемнің өзі дүниеден өтсе де, сөзі салтанат құрып, даңқы дүрілдеп тұрған сол бір кезеңде біздің ауылда ақын болмау кінәдай көрінетін. Тіпті ақын болмауға қақың жоқ секілді болатын. «Айтысатын ақсақалмен, қызбенен, ақын халық екенбіз ғой біз деген» деп Қадыр ақын қапысыз айтқан ғой.
Мектепте жүрген кездегі өлеңге деген әуесқойлық өмірде менің ішкі жан дүниемнің бір бөлшегі секілденіп, әлі күнге күміс сәулесін құйып тұрғандай сезінемін. Ұлы Даламыз кейде ашық жатқан жыр кітабы сияқты болып та көрініп кетеді. Жадыңды жаңғыртып, дұрыстап жақсылап оқи алсаң, жан дүниең жадырап, бағзы бабалардың баянды үнін, тарихтың тылсым сырын, туған еліңнің мәңгілік жырын қайыра естіп, байтақ әлемге құлашыңды кең жайғандай боласың.
Сол кезде даламыздың қадір-қасиетін одан сайын терең ұғынып, оны ардақты анамыздай, әзиз жүрек әкеміздей көріп, көңіл аспанымыз шайдай ашылатын. Балалық шақтың, бозбала күндердің сол бір жарқын бояулары көз алдыма әлі де жиі оралып тұрады. Ұлы Даланың ұландары ұлағатты тарихын ерлікпен жазған. Енді сол тарихты тәуелсіздік жылдарында еселі еңбекпен, халықтық қайратпен біз жазып жатырмыз. Еңбек – өмірдің ұстазы. Ерен еңбектің терең сабағын алған сайын елдің әл-ауқаты артып, қуаты күшейе береді. Ел қуаты – ертеңнің мұраты. Ұрпағы бар елдің болашағы зор. Сәби сезім арманшыл құштарлыққа негіз болады. Бала бейнесін жоғалтпаған адам адалдықтан адаспайды. Халық та сондай.
«Балалығыңмен күле отырып қоштасып, ағалығыңды амалсыз мойындайсың» деген сөз бар. Сол рас. Біз қай кезде де жеңіске ұмтылған жұртпыз. Тар жол, тайғақ кешулер, алдаспанды айқастар мен ақ беренді шайқастар халқымызды тек қана жеңуге жұмылдырды. Жеңілсек жер жастанып, құласақ құрдымға кететінімізді терең түсінгендіктен, заманалар бойы жеңіске ұмтылумен болдық. Біз – жеңімпаз жұрттың ұрпағымыз. Жеңемін деп беліңді бусаң – жеңесің, жеңілемін деп қорықсаң – көзіңе қос көрінеді. Бұл да бабалардан қалған баянды сөздің бірі.
Біздің ұрпақ Ұлы Отан соғысы деген атпен тарихқа енген қасіретті жылдардың куәгері болды. Ұлы Жеңістің шаттығын кішкентай жүректерімен қуана қабыл алғандар да солар. Қан майданнан оралып, елін аңсап келіп жатқан ерлердің алдынан жүгіріп шыққан соғыс балаларының өмірбаянында сол кездегі салтанат пен мерейдің жарқын бояуы әлі тұнып тұр. Тарих бояуын тынымсыз уақыт толассыз өшіріп жатқан мына заманда біздің мейлінше есті, мейірбан әрі ұстамды болғанымыз жөн. Салмақты сөзді саналы ер ғана айтады.
«Бұл – біздің жеңіс емес» деген алыпқашпа сөзді малданып, бәтуасыз байламға алданғанның айыбы зор. Жеңіл сөздің ауыр сыны ата-бабаларымыздың өнегелі өсиетін сызып тастайды. Өйтсек, біз бұрынғымызға сатқындық жасаған боламыз. Өз жолымызды өзіміз бөгеп, өз қолымызды өзіміз кескендей боламыз. Біз бұған жол бере алмаймыз. Біз Жеңістерімізді қорғаймыз. Өйткені, қандай Жеңіс те әрқашан қорғауды қажет етеді.
«Жау жолына атам сені, бомба бол да жарыл, жүрек» деп қазақ жырының қайсар өкілі, ұлтымыздың ұлы ақындарының бірі Қасым Аманжолов жазғандай, біздің ұрпақтың бойындағы қайсар рух – бағзы бабалардан, абыз даналардан жеткен ұлы сый, ұлық мұра. Осынау ұлан-байтақ жеріміз бізге бабалар рухы мен ерлігінің арқасында мұра болып қалған. Бұл – ұлы жеңістің нақты нышаны, дәуірлердің діңіне тіккен өр қазақтың байрағы. Ол байрақ байтақ жұртымыздың жүрегінде желбірей бермек.
Қазақтың қасиетті жері – біздің асқақ рухымыз, баға жетпес байлығымыз, мәңгілік мұрамыз. Бағзы тарихымыздың бастауында тұрған заңғар қаған Мөденің арам пиғыл аяр жауға тұлпарын, Жаратқан қосқан жұбайын да ел тыныштығы үшін қиғанымен, кіндік қаны тамған жерін бермей, қаскөй жаумен қырғын соғысқа түсіп, жеңіске жетуі – қанымыз бен жанымыздағы халықтық қасиет, өмірлік өсиет.
Әлемде қасиет пен өсиетті қадірлейтін елдер аз ба, көп пе? Әрине, әр елдің, әр халықтың өзіндік салт-дәстүрлері бар. Соның ішінде ұлттық құндылықтар ретінде мемлекет тарапынан қолдау табатын ұстанымдар да бар. Айталық, біздің елде ұлттық ұждан аса бай ауыз әдебиетімізден, сөз мәйегі – мақал-мәтелдерімізден барынша байқалады. Тарихымызда баяндалып, шежіремізде шертіледі.
Халқымыздың қай мұрасын алсақ та, одан тек үлгі мен өнеге, ақыл мен парасат, адамгершілік пен иман, достық пен бауырмалдық айқын көрініп, анық танылады. Абзалы, біз – ақындығы мен батырлығы қатар түсіп, өзегі бірге өріліп жататын жұртпыз. Ауыз әдебиетінің ұлы жауһарлары бұл сөзімізге куәлік ете алады.
Әлемді кезген саяхатшылардың өзі Азияның ен даласындағы сан қилы елдер мен алуан түрлі жұрттарды саралай қарап, қазақтың қонақжайлығы мен дарқандығын, адами болмысы мен ар-намыс биіктігін сүйсіне айтып-жазып кеткен. Аңқаулығының өзі адалдығының айнасындай ұлтымыздың ұлағатты қасиеттерін жаһандануға жұтылып жатқан қазіргі кездің өзінде бұрынғы ұлттық салт-дәстүрімізді әлі де төрге шығарып, төбеге көтеріп келеміз. Солай бола береді. Өйткені, халықтық дәстүр – тегімізде.
Біз, әрбір отандасымыз: «Менің елім – Қазақстан» деген сөзді мақтанышпен айтуымыз керек. «Қазақ баласы, сен дүниеге осы ұлттың өкілі болып туғаныңа мақтан» деген сөз ұлтымыздың әр ұланының жүрегін қуанышқа бөлеуге тиіс. Біз сонда ғана егемен ел болып әлемге таныламыз, өзімізді өзгеге сыйлата аламыз, алыс-жақынмен араласып, бір үйдің баласындай бауырласып кетеміз. Міне, жұртымыздың көңілі жайланатын, ертеңін ойланатын кезі келді. Ұлттық арманды ұлықтау арқылы біз ортақ жеңіске жететін боламыз.
Біз – жоқтан бар, иманнан ар жасаған ұрпақтың өкіліміз. «Мың өліп, мың тіріле жүріп», қайсар рух, өмірге деген құштарлықтың арқасында, ақыры тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Бостанбыз! Азат халық болып, Еуразияның алып аймағын жайлап жатырмыз. Бізге де қызыға қарайтын, бізден де үлгі-өнеге алатын елдер аз емес. Осыған тәубе демеске бола ма?!
Бұл бақытты біздің бабаларымыз қалай аңсады? Оның тарихын білеміз. Бұл кезді кешегі аға ұрпақ қалай аңсады? Оның жағдайын білеміз. Бұл күнді кешегі қарлы желтоқсанда алаңға шығып, атойлап теңдік сұраған кейінгі батыр ұрпақ, жас ұрпақ қалай аңсады? Оны да жақсы білеміз. Біз Желтоқсанның жаралы жаңғырығын ұмытқан жоқпыз. Ешқашан ұмытпақ емеспіз. Ерекше тарихты екшеп қарау арқылы, есте сақтау арқылы халық әрқашан өсіп, есейіп отырады.
Осынау ғасырға тең ғаламат жылдарда Қазақстан, сан қилы тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ жұрты жиырмасыншы ғасырды ойдағыдай аяқтап, жаңа жиырма бірінші ғасырдың есігін бейбіт еңбекпен ашты. Отарлық езгіден оңтайын тауып құтылған, көн құрсаулы кеңестік тәртіптің қамалын қақыратып, өз алдына керегесі берік, шаңырағы биік мемлекетін құрған мына заман – біздің заман. Біздің уақыт. Біз бұл уақытқа өз қолтаңбамызды қалдыратын боламыз.
Жаңа заман біздің өрісімізді кеңейтіп, жолымызды ұзартты. Тілімізге теңдік, ойымызға кеңдік берді. Алысты жақындатып, ұлттар мен ұлыстардың көшін іргемізге бұрып, 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мерейлі басқосуында жаңа мемлекет ретінде мәртебелі мінберден сөз ұзатсақ, БҰҰ-ның 2015 жылғы 70 жылдық торқалы тойында томағасы алынған туған тілімізде – қазақ тілінде баяндама жасап, Қазақ елінің атағы мен абыройын жаңаша асқақтаттық. Бұл бұрын түсімізге де кірмейтін жағдай еді ғой.
Байқоңыр баспалдақтарымен биікке, ғарышқа самғаған зымырандардың тізгінінде отырған қазақ баласы қазір туған елінің туын көтеріп, Жер-Ананың орбитасынан шығып, Ғарыштан Қазақстанға, бүкіл әлемге көз салды. Біздің елдің дамуын осынау бейнелі теңеуге балаймын. Ғасыр мен ғарышты қатар игеріп келеміз.
Жыр алыбы Жамбылдың «Менің пірім – Сүйінбай» деген қанатты жырын қазақ баласы жақсы біледі. Туған халқымның алдында «Туған елім – тірегім» деп бар дауыспен айта аламын.
Тәуелсіздік таңында аздаған тығырыққа тіреліп абыржысақ та, алдағы күнді ойлағанда, белімізді бекем буып, тәуекел кемесінің желкенін уақыт желіне тосқан күйі алыс жағалауға аттандық. Қашанда жол бастау қиын, бірақ алдыңда ақылшы халқың тұрғанда, оны да игересің. Қашанда қол бастау қиын, бірақ жаныңда жаужүрек жұртың тұрса, оны да үйренесің. Қашанда сөз бастау қиын, бірақ жадыңда бабаның сөзі тұрғанда, оның да жүйесін табасың.
Осындай сәтті сапарда төрткіл дүниенің төрт құбыласынан тұрақты дос, сапарлас серіктес, қақысы бұзылмас көрші тапқан Қазақстан жаңа мыңжылдықтың ұлы көшінде керуен тартып келеді. Сенім деген – серпінді күш. Ол күшті қайсар да қарапайым халықтан аламыз. Халықтың қасиеті мен өсиетін қатар өріп, келер күнге ашық пейіл, жарқын жүзбен қараймыз.
Қазақ даласы – Ұлы Түркі дүниесінің қара шаңырағы. Алтай мен Атыраудың, Жайық пен Іленің, Алатау мен Сарыарқаның арасын Жібек жолы жалғаған кешегі заманды біз қайта түлетіп жатырмыз. Еуразияның алып даласы Еуропаның төріне, Аспанасты еліне жолын жалғап, жаңа мыңжылдықтың керуенді көшін ұзартып, көркін асырып келеді. Кешегі Жібек жолы енді дәуірдің даңғылына айналып, Қазақ елін дамудың жаңа сапарына бастап барады. Көшіміздің көлікті, жүгіміздің салмақты, табысымыздың қомақты болатынына күмән жоқ.
Мен саясаткер болғандықтан, көбіне осы міндет мінберінен сөз айтамын. Әр нәрсенің себебін, әрбір сөздің салмағын безбендеп, оны еліміздің мақсат-мүддесі тұрғысынан екшеп, елеймін. Онсыз болмайды, жеке «меннің» халықтық «менге», елдік пікірге ұласуы тұрғысынан сөз ұстаймын. Арқамда тұрған Алаштың мүддесін көздеп тіл қатамын.
Ендеше, бұл кітапты да «Менің Қазақстаным» деген толғаудың тұғыры деп түсінген абзал. Бәріміз де Ұлы Дала елінің перзенттеріміз. Осы орайда, биік таудың етегіне келіп, оның қарлы шыңдарына қарап тұрған адам сияқтымын. Оның қойнауында жан білмейтін көп қазына, небір ғажайып жұмбақтар бар секілді болып көрінеді. Өзім көрген, көкейге түйіп, көзім жеткен жайттардың біразын бұған дейін де айтқан сияқтымын. Бірақ ойланып отырсам, жұртымның жай-жапсарын әлі де толық айта алмағандаймын. Осындай ұлан-ғайыр даланың, ұлағатты ұлттың ұлымын деген перзенттік сезімді де бастан кешетінім бар.
«Менің Қазақстаным» деген әрбір қазақстандықтың жан жүрегін баурайтын сөз деп түсінемін. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық жеңісті жолында осынау тіркестің әрбір көкіректе орнығуына қаншама күш салдық, қаншама қилы кезеңдерді бастан кештік? «Менің Қазақстаным» деген әрі қарапайым, әрі қайсар сөз сол кездің өзінде-ақ ұлттық әнұран болып әр жүректің төрінен орын алған-ды. Қазір әлемнің әр түкпірінде біздің Әнұранды жақсы біледі. Осынау жан тебірентерлік қуатты әуен шырқалғанда кеудемізді шаттық кернесе, ол орындалғанда бәріміз тікемізден тік тұрып, оң қолымызды жүрегімізге қойып, салтанатымыз тасып тұрады. Ондай кезде біз өзімізді бақытты сезінеміз. Сондай сәтте біз тәуелсіздігіміздің мәнін терең ұғына түсеміз, айбынымыз асып, ата-бабаларымыз аңсаған күндерді бастан кешіп жатқанымызға шүкіршілік айтамыз.
Өйткені, «Менің Қазақстаным» – біздің тәуелсіздігіміз! Тәуелсіздікті күн сайын қорғау керек, нығайту керек, өркендету керек! Тұғырымыз да, ғұмырымыз да Тәуелсіздік! Тәуелсіздік – менің Қазақстаным, сіздің Қазақстаныңыз, бәріміздің Қазақстанымыз! Біз осы елде туып, осы елде еңбек етіп, осы елде ұрпақ өсіріп, осы елде өмір сүріп, өркендеп жатқанымызды мақтан етеміз. Біздің Қазақстанымыз – Ұлы Дала елі, Мәңгілік Ел. Біз осынау аса қасиетті атауды енді ұлттық бейне-бедеріміз ретінде көкірегіміздегі күндей ыстық, санамыздағы серттей берік ұстаймыз. Ұлы Даланың ұлық тарихын біз жаңаша жазып, жас ұрпақтың санасына сіңіреміз. Бұл – жалпыұлттық, маңызды мемлекеттік міндет. Ал міндет – орындалуымен мәнді. Демек, бұл – Ұлы Дала ұрпағының ұлағатты парызы. Ендеше, «Ұлы Дала ұлағаттары» деген атпен айдарланған бұл кітапта осы тұрғыдағы ойларымды ортаға салмақпын. Көкейдегі көп ойдың, соның ішіндегі көркем ойдың қалай орналасқанына өздеріңіз әділ қазысыздар.
ЕЛ МЕН ЕР ЖӘНЕ ЖЕР
Жерден өткен байлық жоқ: жер болса – ел болады, ел болса – ер болады.
Ел мен ердің арасында айырма жоқ деуге де болады. Екеуі бір ұғым, қос өрім, егіз түсінік. Өткен заманның ойшылдарының бірі Ш.Монтескьенің: «Мемлекет өмірі адам өмірі секілді» деген сөзі бар. Ендеше, ел мен ердің өмірі де – осы қанатты қағидамен сабақтас. Халқымыз бұл тұрғыда талай тамаша сөздер мен ғажайып тәмсілдерді айтып та кеткен. Жақсы сөзден сыбаға, жарқын ойдан мұра, халықтық қағидадан үлгі алсақ, несібеміз молайып, тапқанымыз толыса түспек. Мемлекет өмірін құрайтын да, ұзартатын да – оның бейбіт өмірді сүйетін, бірлігі жарасқан халқы. Тәуелсіздіктің ең алғашқы күнінен бастап біз бірлік пен ынтымақтың туын биік көтеруді мақсат тұттық. Ел бірлігі – ерекше байлық.
Халқымыз үшін ер мен жердің нарқы аса биік. Біз – бала кезімізден осынау егіз ұғымды анамыздың ақ сүтінен, әкеміздің ащы терінен ұғынып өскен ұрпақпыз. Жердің қадірін білу арқылы елдің қадірін білесің. Елдің абыройын ойлау арқылы өз абыройыңа дақ түсірмеуге тырысасың. Осыларды бала кезден бойға сіңіру, ойға тоқу арқылы ұлттық салт-сана мен халықтық қасиеттерді де тал бойыңа таратып, тағылым алып өсесің. Адам өз халқынан өмір бойы үйренеді, сонымен қатар елге елеулі әрбір азамат іргелі ісімен, үлгі-өнегесімен елді де тәрбиелейді. Ел мен ердің бірлігі, ел мен ердің жарасымы – жарқын болашақтың кепілі дейтініміз сондықтан.
Бала кезімізде мектепке бара жатқанда, кең көшенің бойында кеңесіп, өткен-кеткеннің сәлемін сәтімен алып, батасын беріп, бақытыңды үстеп отыратын қарияларды көп көретінбіз. Олардың алдын кесіп өтпей, тоқтап, назарын аударып, аузымызды толтырып «ассалаумағалайкүм» деп амандасып, сонан соң көптен күткен керек істі тындырғандай болып, шаттана жүгіріп бара жататынбыз. Әкемнің көзін көрген, анамның қолынан дәм татқан сол қариялар туралы бүгін ұзақ жылдардың қырқасынан ойлана еске алсақ, сол кездер біздің азаматтық қалыптасуымыздың саналы сабағындай болған екен.
Қазір де, жолым түскенде, сол баяғы балаң сүрлеумен тағы да жүріп өткенді ұнатамын. Сол кезде әр үйдің алдында отырған ақ сақалды абыз қарияны, ақ жаулықты әз аналарды тағы да көрем бе деп елеңдеймін. Әттең, уақыт қатал, олардың бәрін келместің кемесіне мінгізіп, алысқа әкеткендей. Жаным жабырқап, көңілім қамығып, әр көшенің өн бойына жалтақ-жалтақ қараймын. Солармен бірге кеткен қимас шақ – балалық балдәуренді бүгінгі ұландардың бойынан көремін бе деп, көшеде жүгіріп бара жатқан бүлдіршіндердің соңынан ұзақ қарап қалатыным бар.
Алатау қойнауларындағы алма бақтарының иісі жұпар аңқыған сол бір тамаша сәті, биік таудың басына әзер өрмелеп шығатындай таңғы арайдың тамылжыған шапағы, ауылдан өрген малдың қым-қуыт дауыстары, төрт түлігін өргізген апалардың бір-біріне сәлем салып, ай көрмеген абысындай, жыл көрмеген танысындай болып шұрқырасып, амандық-саулық сұрасып жатқаны көңіл айнасында көп уақыт өтсе де, ескірген емес. Кейінгі кездерде Жер шарының талай елінде, талай қиырларда таңның атуын көп көрдім. Бірақ солардың ешқайсысы да менің жанымды дәл сол бала кездегі туған ауылымның – туған елімнің таңындай баураған емес.
Бұл, бәлкім, туған жерге деген ыстық сезім, ата-анама деген өшпес сағыныш болар. Таңмен таласа тұрып, тау қойнауындағы ескі жолдарға жаңа қадамдар қосатын әкемнің ымырт үйірілгенде үйге келіп, дастарқан басында дәм татып отырған бейнесін озған жылдардың ой-шымылдығын түріп, қанша қарасам да, көкейімдегіні көре алмаймын-ақ. Шарасыз күйде жолға шығып, иығын шаң қапқан жолаушыдай күй кешетінімді несіне жасырайын.
Ел мен жердің қасиетін таныту тұрғысында біз кейде жадағай сөздерге де орын беріп жатамыз. «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген, мен Отанды атамдай иемденем», деп Мұқағали ақын қалай дәл айтқан. Атамекен деген сөзде кие бар. Туған жер десек, арманда кеткен бабалардың бүгінгі таңда ақталған арманы ойға оралады. Өз Отаның – бұл дүниедегі жәннатың мен шуағың. Сондықтан мен жастарға білімің мен қайрат-жігеріңді өз еліңнің мүддесіне жұмса деп айтар едім. Туған елің дәулетті, туған жерің сәулетті болса, сен де әулетті, әлеуетті боласың. Отанды сүю баршамыз жүрек тұсында ұстауға тиесілі осындай қарапайым сөздерден басталады.
Әкеміз күн сайын «Отанды сүй, елді сүй, туған жерді қадірле» деп тақпақ жаттатқандай болған жоқ. Анамыз да мұндай сөздерді құлағымыздың құрышын қандырып, күнде айтқан емес. Бірақ олардың күнделікті қарапайым тірлігі, от басы-ошақ қасында атқарған іс-әрекеті бізге өмірлік сабақ, ғұмырлық ғибрат болды. Мұндай жағдайды тек мен ғана бастан кешпегенім де шындық. Әрбір қазақ баласының, әр қазақстандықтың осындай тәлім-тәрбие алғаны даусыз деп ойлаймын.
Халық та бірде бала, бірде дана. Дана халықтың ұлы, бала халықтың басшысы болып, туған еліңнің туын көтергенде, жұртыңа деген сенім ешқашан суға батырмайды, отқа күйдірмейді. Тығырықтан жол табасың. Қазір бұған халқымыз да, алыс-жақын елдер де куә. Тұрлаулы тарих, шежіреге айналар шындық куә. Бүгінгі уақыт куә. Ал біз – осы тағдыршешті туындының бас кейіпкерлеріміз.
Қазақ үшін қара жердің қасиеті тым биік. Тағдыр бізге ұлан-байтақ жер берді. Ұл-қызының рухы асқақ, намысы биік ел берді. Ғасырлар бойы күресіп, талай-талай тар кезеңде даудың бетінде, жаудың өтінде жүрдік. Байтақ жердің баянын, ата-бабаның арманын ұмытпадық. Ақ білектің күшін де, ақ найзаның ұшын да орайын тауып ұстап, амалын тауып азат күнге жеттік. Демек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам жері үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз.
Жердің иесі де, киесі де – халық. Бұл біздің ешқашан естен шығармайтын ережеміз, қасиетті қағидамыз болуы тиіс. Туған елінің тұтастығы мен бірлігі жолындағы халықтық ой-пікірлер қашанда қостауға, терең түсіністік танытуға лайықты.
Мұндайда:
Ұлы той көппен көрген халқың үшін,
Ешқашан адастырмас салтың үшін.
Жаратқан,
Қазағыма ынтымақ бер,
Тұрғанда мына заман тартып ішін, –
дегеннен басқа не айтқандайсың?!
Біз – ынтымақ деген сөздің мән-мағынасын бала кезден бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Әрі мұны тек мектеп оқулықтарынан ғана емес, алақандай ауылдың қарапайым адамдарынан естіп, күнделікті тірлігінен танып өстік. Осындайда бір тәмсіл еске түседі. Баяғыда бір қария жеміс ағашын егіп жатыпты. Өзі белі еңкіш тартып, әбден қартайған кәрі адам екен. Оны көргендер: «Ата, өзіңіз болса қартайдыңыз, бұл ағаш қашан жеміс береді, оны сіз көре алмайтын да шығарсыз, несіне әуре болып жатырсыз?», – дегенде, белін бір сәтке жазған қария: «Мен жемісін жемесем де, оны кейінгі ұрпағым жейді ғой, сол үшін отырғызып жатырмын», – депті.
Біздің әкелеріміз осы тәмсілдегі қарияның өзіндей, ұрпағын ойлаған үлкендердің көзіндей еді. Алатау баурайында бой көтерген ауылдардағы қариялардың бәрі дерлік осы тәмсілді өз бастарынан кешкен ұрпақ еді. Мұны жылдар өте келе терең ұғына түстік. Ал бүкіл қазақ даласын жаудан да, даудан да қорғап, келер ұрпағы үшін шыбын жанын да, қасық қанын да қиған қасиетті аға ұрпақтың ел мен жер туралы мәңгілік тәмсілін бүгінгі ұрпаққа жан-жақты ұғындыра алдық па? «Біткен іске сыншы көп, бітірген ердің кемі жоқ» деген Махамбеттен жеткен мағыналы сөз бар. Кейде бір азаматтар шамадан тыс міншіл болып жатқанда, осы сөзді ұстанған баяғы ауыл қарттары еске жиірек түсетіні бар.
Ел мен жердің қасиеті мен киесі – ұлы жәдігер. Ұлттық байлық. Ұлттық ұлағат. Тілімізде «жер тағдыры – ел тағдыры» деген сөз бар. Өйткені, жердің тарихы, оның тағдыры әрбір адамның да өмірбаяны, ащылы-тұщылы ғұмырнамасы секілді. Біз осы жерде өмірге келдік, ұлт болып ұйыдық, халық болып қалыптастық. Хан көтеріп қатарға кірдік, мемлекет болып мерейімізді өсірдік.
Енді, міне, егемен ел, кіммен де терезесі тең тәуелсіз мемлекет ретінде өркениет өлкесіне өрістеп барамыз. Көш-керуеніміз көлікті де, көрікті де болғай!
Халқымызда «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деген ерекше бір мәнді сөз бар. Егемен еліңді жауға алдырмайтын, дауға қалдырмайтын ер басқарса, оны қолдайтын елі болса, бұл дүниенің байлығы да, бақыты да сол емес пе! Ел бақыты – ер бақыты. Сондықтан да «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп өскен елдің перзенттеріміз.
Ұлттық мүддеге қызмет етудің тарихи ұлы үлгілерін біз халқымыздың қайраткер тұлғаларының өмірбаяндарынан білеміз. Жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлттық мүдде жолындағы жанкешті арпалыстар кейінгі жылдарда зұлмат пен нәубеттің қасіретті кезеңіне тап болса да, олардың айқын мақсаттары мен асқақ армандары келер ұрпақтың кеудесіндегі азаттық сезімін оятты. Жиырмасыншы ғасырдың басында жиырмадан енді асқан Сұлтанмахмұттың: «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам, қараңғылықтың кегіне, күн болмағанда кім болам?!» деп басын бәйгеге тігуі ақындық албырттық қана емес, азаматтық, қайраткерлік жанкештілік болатын.
Феодалдық және социалистік сана арасындағы сәби талпыныстар мен солақай ұрандар ұлттық есеюдің, халықтық ержетудің кезеңін кешіктіріп, оның соңы сырттан таңылып, сұрқия пішілген солақай жоспардың кесірінен өткен ғасыр басында көршілерінен саны жағынан басым қазақ жұртының ғасыр ортасында олардан көш бойы қалып қойғанын тарихи зауал, нәубет демегенде не дейміз?!
Елім туралы, оның ертеңі туралы ойланғанда, туған ауылдағы көп балалы отбасылардың өмірі есіме түседі. Бәріне бірдей аналық жүрекпен, әкелік тілекпен қарайтын қарапайым отбасылар секілді ешкімді алалап қараған емеспін. Бәрі де – менің халқым, туған жұртым. Береке-бірлігі жарасқан, ертеңге ортақ арман-үмітпен қараған оларды ешқашан шектеп, шеттетуге болмайды. Өйткені мына жер, мынау аспан мен тау, бой көтерген үйлер мен қалалар бәрімізге ортақ. Баршасы – ел мен жердің ортақ байлығы, ортақ қазынасы. Бүгініміз де, ертеңіміз де ортақ.
Сондықтан да жұрт болып жұмылып, көп болып ұғынып, ер болып еңсеріп, ел болып белсеніп қызмет атқарып келеміз. Мұның бәрі қасиетті қазақ жерінде жүзеге асып жатыр.
Халқымызда «Таудан тірегі бардың тастан жүрегі бар» деген сөз бар. Менің тауым да, табалдырығым да, тапқаным да, табынатыным да – туған халқым. Елі мұратқа жетпесе, ердің бәсі кем, ері мұратқа жетпесе, елдің бәсі кем. Екеуі тең түсіп, тілегі мен тірегі ұштасса, екеуі де өмірден өрісін, еңбектен жемісін, жарыстан жеңісін табады. Елің – құрышың, жерің – ырысың. Өйткені жердің де, елдің де иесі екеніңді ешқашан естен шығаруға болмайды. Балалы үйдің базары тарқамайтыны секілді, сонда еліңнің базары да, ажары да жарасымды келісіммен ғұмыр кешіп, тарихи істерді атқара аласың.
Елдің күші – бірлікте. Бұл сөз біздің ұлттық ұранымыз. Бір ел, бір мақсат, бір Отан – біздің ұлттық арманымыздың ақиқат алғышарттары. Білімді мыңды жығады, білген уақыттан озады. Ал ізгі қасиеттерді ізгілікке жұмсаған елдің де, ердің де қашанда маңдайы ашық. Бұл сөздерді елеп-екшеп берген де халқымыздың ғибратты өмір жолы. Біз – талайды көрген халықпыз. Тар заманды бастан кешіп, кең заманды аңсаған елміз. Бұл күнге біздің ұрпақ жетті. Ендігі жас ұрпақ – ертеңгі ел тірегі осыны бағалай білуі керек. Бақыт – бағалай білгендікі. Адал маңдай тер – абыройдың баспалдағы, еселі еңбектің өтеуі.
Ғасырлар бойы азаттыққа ұмтылған арда елдің қай кезде де көшін бастаған ұлы тұлғалары болған. Бұл тұрғыдан келгенде ұлттың ұлы тұлғаларының есімдерінің өзі талай кітапқа жүк боларлық. Ерлердің ерен бейнелерін дастан-жырларында мәңгілікке нақыштаған халқымыздың ұлан-ғайыр байлығы – руханиятымыздың асыл қазынасы ғана емес, ол – біздің келешек дамуымыздың, елдік қуаттың қайнар көзі.
Тұлпар мініп, ту ұстаған бабалардан жеткен асыл сөз, айбынды ұран енді бүгінде Қазақстанның мәртебесі мен мерейін асырып, оның әлемдік өркениет көшіндегі орнын айқындауда. Қазақ жерінің – үсті де, асты да байлық. Ал одан да қымбат байлық – біздің бауырмал халқымыз, мәрт жұртымыз. Ел болу үшін, ең алдымен ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы қажет. Біз осы ұлы қасиеттерді мемлекеттік саясат ретінде ұстанамыз және оны әркез мақтан етеміз.
Мемлекеттің ғұмыры да адамдардың тағдырына ұқсас. Аристотель данышпан: «Мемлекеттің пайда болуы Құдайдың ісі, ал оны сақтап қалу – адамның ісі», деген екен. Біз, Қазақстан халқы, Құдайдың ісіне қуана отырып, жаңа тұрпатты мемлекетімізді сақтап қалу үшін Мәңгілік Елге қызмет жасау жолында еңбектеніп жатырмыз. Ел мен ердің бірлігі – халықтың қам-қарекеті.
«Жері жоқ ел мемлекет құра алмайды, жері жоқ ел өмір сүре алмайды», деген екен ғұндардың көсемі Мөде бабамыз. Бізде ұлан-байтақ жер де бар, ынтымағы жарасқан ел де бар.
Еңбегімізге береке, халқымызға бірлік бергей!
egemen.kz
[:]