[:kz]
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Токио қаласына келіп, Жапонияның императоры Акихитомен кездесу өткізді. Әңгіме барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынасты нығайту және оны алдағы уақытта қарқынды дамыту перспективалары талқыланды.
Ұлт Көшбасшысы екі елдің түрлі саладағы өзара іс-қимылына, соның ішінде Жапонияның Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне тұрақты түрде қатысып келе жатқанына тоқталды. Бұл елмен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атап айтқанда ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында сенімді серіктестік орнағанын айтты. Жаһандық қақтығыстарды реттеуге және өңірдің тұрақты дамуына ықпал етуге Жапонияның баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Бұдан бөлек, 2017-2018 жылдары еліміз БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жауапты миссия атқару барысында ядролық қарусыз әлем қалыптастыру, энергетика, азық-түлік және су қауіпсіздігі мәселелерін шешуге бағытталған шараларды қолға алатынын жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен және лига мүшелерімен де жүздесті. Мемлекет басшысы Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасы екі ел халқы арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Елімізге көрсетілген қолдау мен ынтымақтастықты дамыту жолында жұмсалған күш-жігер үшін алғыс айтты.
– Сіздер бізге «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу құқығына ие болу жолында және ядролық қарусыздану жұмысын жүргізу барысында зор қолдау көрсеттіңіздер. Барлық бағыт бойынша Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығы жанданып келе жатыр. Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтудеміз. Бұл онша ұзақ мерзім емес. Алайда осы уақыт ішінде біз көп жетістікке жеттік деп санаймын. Жапониямен қарым-қатынасты одан әрі дамыту біз үшін маңызды. Біз – Азия елдеріміз, біздің тарихымыз ортақ, – деді Қазақстан Президенті.
Т.Кавамура кездесуге уақыт бөлгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.
– Келесі жылы Жапония мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады, сондай-ақ «ЭКСПО – 2017» көрмесі өтеді. Біз бұл оқиғаларды парламентаралық тәжірибе алмасу ісіне серпін беру үшін пайдалануды көздеп отырмыз, – деді Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы.
Т.Кавамура сондай-ақ еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтап, Қазақстан бұл міндетті атқару барысында ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне бұдан да зор үлес қоса алатынын айтты.
Осы орайда Мемлекет басшысы өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялағанына және БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясында 2045 жылға қарай ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру мақсатына қол жеткізуге шақырғанына тоқталып, осы бастамаларға Жапония тарапының да қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Бұдан кейін Президент Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесіп, екі ел арасындағы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Сонымен қатар ҚР Инвестициялар және даму минстрі Жеңіс Қасымбек пен Жапонияның Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрі Кейчи Иши қос ведомство арасындағы меморандумды рәсімдеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Жапонияның Бағалы қағаздар диллерлері қауымдастығының халықаралық істер және зерттеу жөніндегі директоры Ишикура «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Жапонияның Бағалы қағаздар диллерлері қауымдастығы арасындағы өзара түсіністік меморандумы туралы құжаттармен алмасты. Айта кетерлігі, 2016 жылдың 7 қарашасында Астанада дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелерін 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, визалық талаптардан босату туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Жапонияның Қазақстандағы елшілігі арасында ноталармен алмасу рәсімі өткен болатын. Жапония премьер-министрі С.Абэмен кездескеннен кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында «Қазақстан мен Жапония арасында шешілмеген еш мәселе жоқ» деді.
Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен достық әрі өзара түсіністік қалыптасқанын баса айтты. Ядролық жарылыстан зардап шеккен еліміздің өңірлеріне жәрдем көрсеткен жапондық тараптың әрекетін жоғары бағалап, ризашылығын да білдірді.
– Әрине, екіжақты қарым-қатынастың негізгі локомативі экономика, өзара сауда болып саналады. Біз бұл мәселеге айрықша назар аудардық. Қазақстан Жапонияның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі, керісінше де солай. Әзірше біздің тауар айналымымыздың көлемі 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл біздің әлеуетіміздің деңгейіне сай келмейді. Сондықтан өзара іс-қимылымызды жоғары технология, ауыл шаруашылығы, атом энергиясы, автомобиль жасау және металлургия салаларын қоса алғанда көкжиегін кеңейте түсетін боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапония әлемдегі қазіргі сын-қатерлерге қарсы біріге жұмыс істеуге уағдаласқанын мәлімдеді.
– Еліміздің 25 жылдығында Жапонияға ресми сапармен келуге шақырғандарыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Жапония біздің Тәуелсіздігімізді белсенді қолдап, осы 25 жыл бойы қолдау көрсетіп келе жатқан әлемдегі бірінші мемлекеттердің қатарынан. Біз мұны ұмытпаймыз. Сіздердің елдеріңізбен достық, серіктестік қарым-қатынасты дамыту менің, Қазақстан саясатының басымдығы болды, – деді Елбасы.
Ұлт Көшбасшысы осы ретте бүгінгі кездесу барысында мәселелердің кең ауқымы жан-жақты талқыға түскенін баса айтты. «Біз белсенді саяси сұхбаттастықты жалғастыруға, барлық деңгейдегі байланыстарды дамытуға, өңірдегі қауіпсіздікті жан-жақты қамтамасыз етуге жәрдемдесуге, сауда-экономиканы, мәдени-гуманитарлық байланыстарды ынталандыруға, қазіргі әлемдегі сын-қате рлерге қарсы бірге жұмыс істеуге уағдалас тық. Біз қабылдаған бірлескен мәлімдемеде қарым-қатынастарымызды дамытудың стратегиялық жолдары көрсетілген» деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан мен Жапония БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі бірлескен жұмысын ядросыз әлем жолындағы күреске арнады.
– Бүгінде Жапония мемлекетаралық өзара қарым-қатынастың, оның ішінде Орталық Азиядағы да теңбе-тең сәулетін қалыптастыру үдерісіне ең басты қатысушыларының бірі саналады. Бізде белсенді қатысудамыз және мұны бағалаймыз. Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесіміз және бұл бірлескен жұмысымызды ядросыз әлем үшін күреске арнайтын боламыз. Бұл жалпы адамзаттың, біздің алдымызда тұрған міндет. Мұнан бөлек, ядролық қарусыздану және таратпау ісінде жетістікке жету үшін өзге де сын-қатерлерге қарсы бірлесе жұмыс істейміз, – деді Назарбаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы Жапонияға ресми сапары аясында атом бомбасынан қаза тапқандарға құрмет көрсету үшін Хиросима қаласына баратындығын жеткізді. Қазақстандықтардың да атом бомбасынан зардап шеккендігін, Семей ядролық сынақ полигонында Нагасаки мен Хиросимаға тасталған бомбадан 2500 есе асып түсетін жарылыстың жасалғанын атап өтті.
«Бізге, қазақстандықтарға, бұл жағдай өте таныс» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Елбасы Жапония премьер-министріне қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. «Біз елдеріміз арасындағы одан арғы ынтымақтастыққа, стратегиялық достыққа тағы бір негіз қаладық деп үміт артамын» деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеннен кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ «Қазақстан Президентімен кездесуім жемісті болды» деп мәлім етті.
– Бүгінгі кездесу барысында ашық пікір алмасу болды. Оның ішінде Орталық Азияға қатысты мәселелер қозғалды. Кездесу жемісті өтті. Келесі жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады. Бүгінгі кездесуде халықаралық мәселелер бойынша да жемісті пікір алмастық, – деді Абэ.
– Бұған қоса, екі ел ядролық сынақтарды жалпыға ортақ тыйым салу шартының күшіне енуіне жәрдемдесу жөніндегі конференцияның тең төрағасы ретінде тығыз ынтымақтастықта. Президент Назарбаевтың осы жолғы сапары аясында Хиросимаға баратындығын қолдаймын. Жапония бұл салада Қазақстанмен алдағы уақытта да белсенді ынтымақтасуға дайын. Президент Назарбаевпен бірлесіп, Жапония мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты белсенді дамыту үшін күш жұмсауға ниеттімін, – деді Жапония премьер-министрі.
Мемлекет басшысы ертең Жапония парламенті алдында сөз сөйлеп, екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықты дамыту, өзара іс-қимылдың болашағы жайында ойымен бөліседі. Сондай-ақ Токай университетінде болып, іскер топтар өкілдерімен кездеседі деп жоспарлануда. Ал 9 қарашада Хиросима қаласына барады.
Айкын
[:]