[:kz]
Нью-Йорк полициясында ел арасында танылып үлгерген Димаш Ниязовтан бөлек тағы бір қазақ азаматы жұмыс істейді. Ол — алматылық Данияр Нұртаза.
Данияр бүгінде Нью-Йорк қалалық полиция департаментінің офицері
Ер адам Түркістан басылымына берген сұқбатында алып мемлекетте қарапайым жұмысшыдан полиция қызметкеріне дейін қалай өскенін айтып берді. Даниярдың сөзінше, ол АҚШ-та тұруды армандамаған.
Бұл елге тек інісі үшін барған екен. «2002 жылы мектеп бітірген інім Колумбия университетінде оқығысы келді. Мақтанғаным емес, бірақ інім – өте талантты жан, математикадан олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Отбасымызбен ақылдаса келе, оқимын, талпынамын деген баланы бетінен қақпай, керісінше қолдау білдірейік деп шештік. Оның үстіне, оны бөтен елге жалғыз жібергіміз келмеді. Оған қоса, інімнің оқу ақысын төлеуді өз міндетім деп санадым. Ол кезде мен жиырма жаста болатынмын.
Сөйтіп, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқып жатқан оқуымды тастап, осында келіп, жұмыс істедім. Бастапқыда бейнетаспа сататын салонда жұмыс істедім. Қолым қалт еткен уақытта ағылшын тілін үйрететін оқулықтар арқылы тіл үйреніп, ойымды еркін жеткізетін, өзгелердің айтқанын қалтқысыз түсінетін болдым. Сосын автокөлікті тұраққа қоюшы болып жұмыс істедім. Кейіннен даяшылар жақсы жалақы алатынын естіп, «Баку» мейрамханасына жұмысқа тұрдым. Даяшы болып жұмыс істеп жүріп, жергілікті университетте туризм мамандығы бойынша білім алдым. Диплом алған соң, Delta әуекомпаниясына клиенттерге қызмет көрсету бөлімінде бес жыл бойы еңбек еттім. Мұнда жүріп көп нәрсені, әсіресе адамдармен қалай тіл табысу керек екенін үйрендім», — деп әңгімесін бастады Данияр. Данияр Қазақстанға көлік әкелу ісімен де айналысқан. Бұл кішігірім бизнесі бірте-бірте ұлғайып, үлкен кәсіпке де айналған. Алайда Қазақстан Кеден одағына кіргеннен кейін бұл бизнесті біржола тоқтатқан.
Бұл қанша жерден табысы мол кәсіп болса да, заңды түрде жұмыс істеуіме мүмкіндік беретін әрі жаныма жақын қызметпен айналысқым келді», — дейді ол. Сөйтіп алматылық азамат бала күнгі арманын орындау үшін яғни полиция қызметкері болу үшін бұл істі шындап қолға алады.
«Кәсіпкерліктен қол үзген соң, сол арманды мақсатқа айналдыратын кез келгенін түсініп, полиция академиясында оқуға түсуге бел будым. «Академияға оқуға түсу» деп айта салу оңай, негізінен сол академияға қабылдану үшін өте күрделі байқаудан өтуің қажет. Онда бір орынға 15 адам таласады. Алдымен есте сақтау, байқампаздық қабілетін тексеретін тестілеуден өтіп, соңында психологиялық тест тапсырдым. Емтиханнан жоғары балл алған соң, физикалық емтиханнан өттім. Біраз салмақтан сол кезде арылдым (күліп).
Негізі, үміткерлердің басым көпшілігі психологиялық және физикалық тестілеуден өте алмай қиналып, ақырында оқудан шығып тынды.
Негізі, біз, қазақтар жан аямай күресе білген жауынгер, жылқы мінездес халықпыз ғой. Сол мінез, сол дала өмірінің дағдысы қиын тапсырмаларды орындап, қауіпті сынақтардан өтіп, түрлі қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді. Сол себепті полиция қызметкерлері қатарына қосылу үшін барымды салып, тырысып бақтым.
Жалпы айтқанда, полиция департаментіне жұмысқа тұру үшін 4 жыл уақытым кетті», — дейді Данияр. Данияр Нұртаза әріптестерімен.
Бүгінде Даниярдың Нью-Йорк қалалық полиция департаментінде қызмет етіп жүргеніне жеті жыл болған. Жұмыс бабында ол Нью-Йорктегі метрода толғағы қысқан әйелді босандырып алуға да көмектескен.
Одан бөлек, Данияр өзі секілді Нью-Йорк полициясында жұмыс істейтін тағы бір қазақ Димаш Ниязовпен үнемі байланыста екенін айтады.
«Димашпен жұмыс барысында бірнеше рет кездескенбіз. Одан бөлек, оның шаршы алаңда өткізген барлық кездесуіне барып, жанкүйер боламын.
Ара-тұра осында өтетін іс-шараларда да кездесіп қаламыз, үнемі байланыстамыз. Мен секілді Нью-Йорк полициясында қызмет ететіндіктен, әрі ұлтымыз қазақ болғандықтан екеуімізге ортақ дүние көп екені айтпаса да түсінікті. Жалпы, мен осындағы Қазақстан елшілігі немесе қазақтар ұйымдастыратын іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Америкаға келіп, өзгеріп кеткен түгім жоқ. Елден жырақ жүрсем де, кіндік қаным тамған жермен байланысым үзілген жоқ, үзілмейді де», — дейді Данияр Нұртаза.
Әңгімелескен Әлия Тілеужанқызы.
[:]