[:kz]
Еркебұлан Кәкімбеков деген азаматты әлем желілердің бірінен көзім шалып, әлдебір сайттарға берген сұхбатын оқып, жас жігіттің күш-жігеріне тәнті болдым. Не үшін дейсіз бе? Себебі Еркебұлан ел ішінде емес, жат жұртта жүріп кәсіп ашып, шаруасын дөңгелеткен жігіт. Торғайда туып, АҚШ-та түлеген азаматпен болған әңгіме әлеуметтік желіде жалғасты.
Jas qazaq: Еркебұлан, АҚШ-қа қай жылы бардыңыз? Әңгімені осыдан бастасаңыз. Кәсіп бастау өз елімізде де оңай емес, жат жұртта, тіптен қиын болған шығар?
Е.Кәкімбеков: Мен Иранда 1 жыл, Германияда 1 ай тұрдым. Соңғы 10 жылдан бері Нью-Йорктемін. АҚШ-қа 2008 жылы келдім. Жұмыс табу өте қиын болды. Ағылшын тілін жақсы білмеймін, әрі заңнан хабарым аз болған соң біраз қиналдым. Сондықтан америкалық ағылшын тілін үйренуге тура келді. Мұнда Қазақстандағыдай «аға-көке» деп, тамыр-таныстыққа жол берілмейді. Сондықтан барлық жұмысты өзің істеуге тура келеді. Бұл қиындық өмірге деген құлшынысымды оятты.
Қазір жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істеймін. Америкалықтарға үй сатуға, сатып алуға көмектесемін. Риэлтормын. Алатын айлығым жаман емес. Бұл жақта үстемақы алатын мүмкіндік қарастырылған. Еңбегіңе қарай тиын-тебен де беріледі. Айына 5000-10 000 доллар аралығында ақша табуға мүмкіндік бар. Жалпы, Нью-Йоркте өмір сүру қымбатқа түседі. Бір бөлмелі үйді жалға алу үшін айына 1500-1700 доллардай қаражат жұмсайсың. Бірақ айлығым шайлығыма емін-еркін жетеді деп айта аламын.
2014 жылы АҚШ-та заңды түрде тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін green card (United States Permanent Resident Card) жеке куәлігін алдым. Қазір туризм саласында да кәсібім бар. Нақтырақ айтсам, қалаға келген қонақтарды pedicab-пен (моторы бар велосипед) шаһарды аралатамын. Pedicab – үш дөңгелегі бар велосипед. Менде осындай 15 велосипед бар. Әрине, АҚШ-та бизнес жүргізу оңай емес. Бәсекелестік жоғары, шығын да бар. Бірақ аянбай еңбек етсең, тұрмысыңды жақсартуға мүмкіндік табылады. Қазір айлық табысым – 15 000 АҚШ доллары.
Jas qazaq: АҚШ-та тұратын қазақтардың бәрі ағылшын тіліне жүйрік шығар?
Е.Кәкімбеков: Нью-Йоркте 10-15 жыл тұрса да, ағылшын тілін білмейтін тұрғындар бар. Олар өз аудандарынан шықпайды. Мәселен, Бруклинде 4-5 орыстілді аудан бар. Ондағы адамдар орыс тілінде сөйлейтіндіктен, ағылшын тілін үйренбейді. Мысалы, Латын Америкасы халықтарының, арабтардың, гректердің, қытайлардың және тағы басқа ұлттардың өз аудандары бар. Сондықтан АҚШ-қа «тіл үйренемін» деп келсеңіз, шағын қалаларға барыңыз.
Jas qazaq: Нью-Йорктегі қазақтар бір-бірлеріңмен араласып тұрасыңдар ма? Қанша дегенмен алыста жүрсіңдер дегендей.
Е.Кәкімбеков: Соңғы 2-3 жылда Қазақстаннан Нью-Йоркке келіп жатқан жастардың саны артып келеді. 2008 жылы бұл қалада қазақстандықтар аз болатын, бір-бірімізді көрсек қуанып қалатынбыз. Қазір мұндағы қазақ жастары бірін-бірі көрсе қуанбайды. Тіпті сенімен танысу түгілі, аман-сәлемсіз меңірейіп өтіп кетеді. АҚШ-тағы өмір кинодағыдай емес. Соны түсінген абзал. Ең маңыздысы, бұл мемлекетке еш ақпарсыз келмеңіз. АҚШ туралы көбірек оқыңыз, заңымен танысыңыз. Мұнда келе салып, «миллионер боламын» деп ойламаңыз. Қиындықтарға дайын болыңыз. Америкаға барсам, бақытты боламын деп ойлау мүлде қате. Мұндай өмір ғажайып емес. Күн сайын мың түрлі кедергі алдыңнан шығады. Керісінше, бұл жерде бәсекелестік өршіп тұр. Алдыңнан көп есік ашылатыны рас, алайда ішке енген соң қорқыныш пен үрейге бой алдырмай, алға жылжуың керек.
АҚШ-қа келіп, көп ақша табамын деп жүргенде бір өлімнен қалып, арбаға таңылған Лаура есімді қыз бар. Ол «Осы жағдайға шетелде емес, Қазақстанда тап болғанда, маған жеңілірек болатын еді» деп өкінеді. Жақындарыңды алыста қалдырып, жападан жалғыз бөтен мемлекетке аттану қиынның қиыны. Жанашырың жоқ жерде қателесу де оңай. Америкаға арман арқалап келген әр қазақ түптің түбінде Қазақстаннан артық мекен жоқ екенін білуі шарт.
Jas qazaq: Сөзіңнен туған еліңді, туған жеріңді сағынғаның байқалып тұр.
Е.Кәкімбеков: Қайда жүрсем де, өзімнің торғайлық қазақ екендігімді ұмытпаймын. Былтыр ғана туған топырағыма барып, мауқымды басып қайттым. Қазақтың дархан даласына көз тастап, тау мен тасына тамсанып, тебіреніп, салқын суынан бір ұрттап, самал желге кеуде тосып, көңілім тасыды. Жақындарымды қапсыра құшақтап, «айналайын» дегендерінен құлағымның құрышы қанып, қуанышым қойныма сыймай қайттым.
Сұхбаттасқан Жарас ШӨКЕ
[:]