АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]»Обал болды»: Жылқыны маңдайынан мылтықпен атып құлатқандар желіні шулатты [:]

[:kz]

 

Елімізде соғым сою маусымы жалғасуда. Осы орайда Facebook желісінде жылқыны маңдайынан атып, құлатып сойған ер азаматтардың видеосы талқыланып жатыр. Желі қолданушылары оларды мал сою әдебін білмегендері үшін сынға алып, азаптап сойылған малдың еті адал болмайтынын жазуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Желіде тараған видеодан сойылатын жылқы маңында бірнеше ер адамның жүргенін байқауға болады. Алайда олардың ешқайсысы асау түлікке жақындай алмаған. Кейін маңдайынан мылтықпен атып, құлатқан.

Желі қолданушылары видеодағы ер азаматтардың әрекетін сынға алды. «Мал союдың шариғи шарттары бар. Болмайды олай союға», «Обал болды ғой», «Сонша жігіт жүріп, бір құнанды құлата алмады ма екен, бисмиллах деп айтып, Алланы еске алып, бауыздаса дұрыс болар еді», — дейді олар. Осы ретте мал союдың әдебі туралы имам, Астана медресесінің директоры Бақтыбай қажы Бейсенбаев түсіндіріп берді. «Адам баласының қажетіне жаратылған төрт-түлік шариғат жолымен сойылмайынша, еті адал және таза болмайды. Абдулла ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте бауыздамай жеуге рұқсат етілген ет жөнінде: «Бізге екі өлексе ғана адал етілген, олар: балық пен шегіртке», — деп айтылған. Малды құбылаға қаратып сою – абзал. Төрт-түлік малды электр тогымен құлатып барып, бауыздау әдістерін естіп-көріп жүрміз.

Ең сорақысы, малдың маңдайынан ауыр темір затпен ұрып барып соятындар да кездеседі. Бұл – малды қинау, азаптау. Мұндайға шариғатымыз қатаң тыйым салады. Ондай малдың еті арам, өлексе болып қалады.

Ауыр соққы тиіп, өлуге айналған малдың қаны етіне тарайды. Ондай ет адам ағзасына зиян және ауру қоздырғыш бактериялардың жылдам көбейіп кетуіне себеп болады. Ислам ережелеріне сай мал бауыздау – жануардың қиналмауына да, мал етінің гигиеналық тұрғыдан таза болуына да және ең бастысы сол етті тұтынушының денсаулығына пайдалы болу жағынан да ең тиімді әдіс.

Мұны бүгінгі таңда ғылым да дәлелдеп отыр. Шариғатымызда малды азаптауға, көзінше пышақ қайрауға, желкесінен бастап союға, электр тогы бар құрылғы, балға, балта және тағы да басқа ауыр заттармен жарақат тигізіп талдыруға тыйым салынған. Сондай-ақ басын денесінен бөлуге, тірідей терісін сыпыруға, ыстық суға салуға, денесінің бір бөлшегін кесуге болмайды», — дейді маман.

kaz.nur.kz

[:]