[:kz]
«Тегін екен, алып қалайын, қарпып қалайын, пайдаланып қалайын» деген масылдық психология болмасын. Ол жақсы әдет емес. Ол – дерт. Ол – қасірет. Ондай дерттен сақ болыңыздаршы!» — дейді қоғам белсендісі.
Белгілі журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы facebook парақшасына Түркістан облысындағы апаттан аман аймақ тұрғындарының су астында қалған ауылдарға жеткен гуманитарлық көмекке ортақтасып жатқанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, көршілес ауылдардағы ағайынды «тегін келіп жатқан дүниені» алып кетуге сол тосын тасқынға тап болған жұрттың өздері шақыратын көрінеді. Нақты айтқанда, мәселенің мәнісі мынада:
«Мақтаралдық жерлестерім!
Қазақта «пейіл» деген жақсы сөз, жақсы өлшем бар…
Бүгін менің су баспаған ауылымдағы бір келініме көрші ауылдан құрбысы звондапты. «Келіп, продукт алып кетпейсің бе?» деп. «Құдай сақтасын! Аш емеспіз, жағдайымыз жақсы» десе, «өй, кім көрінген әкетіп жатыр ғой» дейтін көрінеді…
Иә, мақтаралдықтарға жан-жақтан барып жатқан көмектің, азық-түліктің, заттың есебі жоқ, өте көп. Алайда, оның бәрі бүгінде бар үйінен, мүлкінен, тіршілігінен айырылып, далада қалған мүсәпір жандардың несібесі ғой. Жағдайы барлар, ауылын су алмағандар олардың нанына ортақтаспасаңыздар екен.
Иә, халық мемлекеттен өзінің құқығы негізінде, өзіне тиесіліні ғана алу керек. Бір тиын артық емес, бір тиын кем емес (ни цента больше, ни цента меньше – только свое!) Ал тегін екен деп, түк көрмегендей жалмаңдаған дұрыс емес. «Тегін беріп жатыр» деп ала беруге болмайды ғой. Құдайдан ұят болады.
Кеш болмай тұрғанда, ондай істі доғару керек. Су тасқынының қасіреті сіздің үйге, сіздің ауылға жетпегеніне, далада қалған сол жандармен салыстырғанда жағдайыңыз әлдеқайда жақсы екеніне шүкір десеңіздерші… әрине, өте мұқтаж болсаңыздар алыңыздар, оның бәрі сол мұқтаждарға арналған.
Аса мұқтаж болмасаңыз, ауылыңыз тасқыннан аман болса, басыңызда баспанаңыз, дастарханда наныңыз болса, ол азыққа ортақтаспай-ақ қойыңыз. «Тегін екен, алып қалайын, қарпып қалайын, пайдаланып қалайын» деген масылдық психология болмасын. Ол жақсы әдет емес. Ол – дерт. Ол – қасірет. Ондай дерттен сақ болыңыздаршы!..
Көпшілігіңіз ауыз бекітіп, ораза ұстаған шығарсыздар… қасиетті айда тілеген тілек-дұғаларыңыз қабыл болсын! Имандылық деген – пейіл. Алла тағала да жақсылығын да, қаһарын да адамзаттың пейіліне қарай береді. Пейілімізді тарылтпайықшы!
Құдай артының қайырын берсін!!! Мақтаралдық ағайын тезірек бұл қиыншылықтан аман-есен өтсін деп тілеймін!!! Бөлісулеріңізді сұраймын. Әсіресе, ватсап-чаттарда көбірек таратсаңыздар екен. Рахмет!
Құрметпен журналист, «Ақжүніс Аналар» ұйымының жетекшісі Сәуле Әбілдаханқызы Әбединова».
[:]