[:kz]
«Менің Асқар Мамин сияқты министр (шешесі дереу «премьер-министр» деп «түзетіп» қойды) болғым келеді. Сол үшін тек беске оқитын боламын».
Кеше Үкімет басшысы Асқар Мамин, Экологиялық ұйымдар қауымдастығы президиумының төрайымы Әлия Назарбаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин елордада Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясының ашылу салтанатына қатысқаны мәлім, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Білім күнінде ашылып отырған бұл 900 оқушыға шақталған жаңа мектеп те өзгелермен қатар 1 сынып оқушыларын қабылдады. Сол сәтте NUR.KZ тілшісі білім ордасына «тарыдай болып кіріп» жатқан 6-7 жасар жеткіншектерден «таудай болып шыққанда» кім болғысы келетіндерін сұрап көріпті.
«Менің Асқар Мамин сияқты министр (шешесі дереу «премьер-министр» деп «түзетіп» қойды) болғым келеді. Сол үшін тек беске оқитын боламын», – дейді кішкентай Әділ.
«Мен өскенде қала әкімі боламын. Үй, мектеп тұрғызып, ағаш отырғызамын», – дейді сапта тізіліп тұрғанында Алтай Көлгіновті алғаш көрген Алмаз.
«Мен өз анам сияқты мұғалім болғым келеді. Балаларға кітапты, табиғатты, жан-жануарларды сүюді оқытамын», – дейді Сәлима.
Бұлардан өзге балалар да шеттерінен президент, министр болғысы келсе, кейбіреуі өскенде фотограф болуды және бейнеойын жасауды армандайды екен.
Тек олардың сыныптастары Қайрат қана «Мен Абай Құнанбаев сияқты жазушы немесе ақын боламын», – деп асқақ сөйлеген. Жаңа мектепте ұлы ақынның 175 жылдығына орай ашылған «Абайтану» кабинеті мен мектеп мұражайы ашылғанын ескерсек, бала арманына оның да қанат бітіруі ықтимал.
Міне, кезінде ғарышкер, шопыр, қойшы болуды армандаған буынның ұрпақтары бүгінде басқаша сайрайды. Сайттың орыс тіліндегі осы сауалнамасын бүгін Абай Жақыпов есімді желі қолданушысы өзінің фейсбук парақшасына жүктеді. «Балалар, ойланыңдар… Мамин мен оның әкімдерінен гөрі, адам болуды армандаңдар!» деген тақырыппен. Оған пікір қалдырған Азамат Көшенов есімді жігіт те: «Ешкім жақсы болғысы келмейді… Өкінішті-ақ», – деп қынжылыс білдірген.
Өкінішке қарай, біздің шенеуніктердің бұқара санасында сақталған бет-бейнесі осындай болып тұр. Әлгіндей жеткіншектерді тәрбиелеген тұрмыс тауқыметіндегі кейбір ата-ана да: «Балам билікке барса, жаман болмайды. Көп ақша тауып, бәрімізді асырайды», – деп үміттенеді. Көз алдарындағы күнделікті ақпараттан жоғары жақтағы біраз лауазым иелерінің «жақсы жеп» жатқандарынан хабардар болып отырса, өйтпегенде қайтсін?!
Басқасын қайдам, әйтеуір, Қазақстанда «кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді». Ең қиыны, техника, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы салаларының «тілін білмей» жатқан ұлт ұрпағы да керемет кеңселерде қымбат костюм-шалбар киіп алып, шікірейіп жүргісі келеді. Төрткүл дүниеге мақтанып көрсете алар түгіміз болмаса да, ес білген баладан еңкейген кәрімізге дейін дамыған отыз елдің қатарына осылайша талтаңдап жетеміз деп ойлаймыз.
[:]