[:kz]
Қазақстандық дизайнер, стилист Құралай Нұрқаділова әкесінің тәрбиесі мен арада болған кикілжіңдердің басын ашып, саясаткердің жары Мақпал Жүнісоваға қатысты ойын айтып, сұхбат берді деп жазады KAZ.NUR.KZ Youtube желісіндегі Уақыт көрсетеді бағдарламасына сілтеме жасап.
Сұхбат барысында белгілі саясаткердің қызы әкесі өзін ер мінезді, өжет қып тәрбиелегенін атап өтті.
Танымал дизайнер Заманбек Нұрқаділов Алматы қаласының әкімі боп тұрған шақта асханада қызмет жасағанын да жасырмады.
Айтуынша, мұндай жағдайдың орын алуына әсер еткен басты себеп – әкесінің қанынан дарыған қайсар мінезді қасиеттердің арқасы. Әкесін сағынған Құралай бір сәт балалық шаққа көз жүгіртіп, бақытты кездерді еске алды.
«Бала күнімде әкем жұмыстан келгенше тағат таппайтынмын. Әкемнің көлігі есік алдына тоқтаған бетте далаға жүгіріп шығып, үйге қол ұстасып бірге кіретін едік. Балалық шақты қайтара алмайтынымыз анық. Алайда әкемнің сол кездегі айтқан ақылы мен берген тәрбиесіне бүгінгі күні шексіз алғысымды айтамын», – дейді танымал стилист.
Журналистің Мақпал Жүнісова жайлы қойған сауалына Құралай ханым бір дастарқан басында отырмағанын және отыруға ниетті емес екенін ашық жеткізді.
Есесіне белгілі әншінің қызы Мерей Заманбекқызына өзі хабарлама жазғанын және алдағы уақытта байланыс орнатып, жақын тартуға қарсы еместігін айтты.
«Мен Мереймен сөйлесуге дайынмын! Бұл жайлы мен бұрыннан айтып келем. Оған бірден хабарлама жаза алмадым, себебі келісті сөздер таппадым, оның үстіне Мерей ол кезде кішкентай болды. Ол да әкесіз өсіп келеді. Менің ойымша, әкемнен естіп-білгенімді Мерейге жеткізгенім дұрыс деп ойлаймын», – деді.
Айта кетейік, бұған дейін танымал актриса Айгүл Иманбаева әкесі жайлы жан сырын ақтарып, сағынып жүргенін айтқан болатын.
[:]