[:kz]
Құралай Нұрқаділова не үшін 15 жыл бойы әкесімен араласпағанын, Мақпал Жүнісовамен бір дастархан басында неге отыра алмайтындығын «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында алғаш рет ашып айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі аталған бағдарламаға сілтеме жасап хабарлайды.
Балалық шағы туралы еске алған Нұрқаділова әкесімен өткен күндерін еске алды. 15 жыл көлемінде араласпай жүргенімен әкесіне риза екенін жеткізді.
«Ол өзінің армандары мен жоспар-мақсаттарымен менімен үлкен адамша ақылдасатын. Бірге жоспарлап, армандайтын едік», — деген ол әкесі екеуінің араласпай кетуіне не себеп екенін түсіндірді.
«Біз қарапайым әкесі мен қызы болып өмір сүрген жоқпыз ғой. Ортамыз өмірімізге кедергі болды. Ол орта менің әкеммен араласқанымды қалаған жоқ. Олар менің айтқандарымды бұрмалап әкеме жеткізді. Мен өз тегімді көрсету үшін танымал болған жоқпын. Менің атым шыға бастаған кезде әкем қызметінен айрылды. Сол кездері ол бізді қорғай алмаса, мен қорғай алатындай болайын деген ой болды. Бір кездері оның қайта аяққа тұратынын білдім, бірақ уақыт өте келе мен де отбасым үшін қорғаныш, қолқанат болар едім. Осы сөзімді оған біреулер басқаша жеткізген. Мені оған бәсекелес қылып көрсетті», — дейді Нұрқаділова.
«Он бес жыл араласпадық. Көрген кезде амандаспай өтіп кететінбіз. Қатты ұрысып қалдық. Жанжал әр үйде болады ғой. 31 арнада «Азия даусы» жобасында жұмыс істеп жүрген кезім. Медеуде «Азия даусында» жүргенде сахна сыртында бір ғана адам сыятын тар коридор болды. Ол жерден ар-бері өткенде бір-біріңмен амандасу былай тұрсын қарау мүмкіндік жоқ. Ол әрине біреулер үшін жабайылық шығар. Бірақ бұл солай болды. Бет көріспейтіндей ұрысқанымызбен мен тегімді ұятқа қалдыра аламаймын. Ұрысып қалдым екен деп ішіп кеткен жоқпын. Ал ол кезде бәрі де болуы мүмкін еді. Менің өкпем бар деп айтып отырғаным жоқ. Ол да түсінуі керек еді. Мен өркөкіректікке салынған жоқпын. Мен қиын жағдайға түсіп, бір өзім шырылдап жатырмын. Ал ол мені мұқият тыңдап, ести алмады. Реніш болды, ауыр кезеңдер өтті. Өз тегімді абыроймен алып жүрдім ғой. Ол осыны уақыт өте келе түсінуі керек еді», — дейді дизайнер.
Қазіргі таңда Мереймен қарым-қатынасыңыз қалай, араласқыңыз келеді ма деген жүргізуші сұрағына:
«Мереймен араласуға дайын екенімді инста-парақшамда айтып жүрмін. Мен бұл туралы бұрында айтқым келді. Бірақ оған түсіндіріп айтатын дұрыс сөз табу керек болды. Оның үстіне Мерей кішкентай болды. Тіпті, ол туылғанда айналамдағылар маған айтуға қорыққан. Бір-екі аптадан кейін естіп неге айтпадыңдар деп сұрадым. Мен оны өзіме қарсылас көрмеймін», — деп жауап берген Нұрқаділова Мақпал Жүнісовамен арақатынасы туралы да айтып қалды.
«Бір дастархан басында отырған жоқпыз. Онымен бірге отырғым да келмейді. Барлық әйелде ақыл, данагөйлік бола бермейді екен. Әкесінен қызын тартып алу, 15 жыл бір-бірін көруге мүмкіндік бермеу — күнә. Бірақ мен оған ренжімеймін. Оның орнын ештеңемен толтыра алмайсың. Әкемнің сөздерінен тек соның сөздерін естідім. Ол өте салмақты сөздер болды. Басында екеуміз (Мақпал Жүнісованы айтып тұр — ред.) сөйлескенмен, кейін конфликт болды. Одан кейін осындай арақатынасқа жеттік. Бұл жерде кімнің кінәсі деп отырмаймын. Үлкен саналы азамат ретінде әкемнің таңдауы екенін түсініп тұрмын. Бұл үшін оған ренжімеймін де, сөкпеймін де», — деп ойын түйді Нұрқаділова.
Бүгінгі таңда екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ана жеке өміріне қатысты көпшілік жерде айта бермейтін сырын айтып қалды. Бұрын азаматтық некеде тұрғанын, кейіннен дәм-тұзы жараспай екі жаққа кеткенін айтқан Құралай қазір өзіне лайық азаматтың әлі жолықпағанын айтады.
[:]