[:kz]
Белгілі әнші Майра Ілиясова «Адырна» ұлттық порталындағы «Керек кісі» бағдарламасына сұхбат беріп, халықтың сынына ұшыраған әншілердің шашбауын көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, әншілерді бағалау керек. «Олар жұрт айтып жүргендей аферистер емес. Барлығы да шытырлатып ақша санап жүрген жандар емес. Олардың әрбір тиыны еңбекпен, қиындықпен келеді. Әншілерде шығын көп», — дейді әріптестерін жақтаған М. Ілиясова.
Сондай-ақ ол бүгінгі таңда әншілер қауымына деген жағымсыз пікірлердің тым көбейіп бара жатқанына немқұрайлы қарамайтынын жеткізді.
«Рас біз туралы жағымсыз пікір көп, көбін елемеуге тырысамыз», — деп ағынан жарылған әнші үнемі жағымсыз пікір ести берудің көңіліне кірбің түсіретінін мойындады.
Әншінің ойынша, жұрттың бәрі жаман жаман ойламайды.
«Мен білемін, кім жазады. Үйде әке-шешесі жұмыста, я болмаса жұмыс істемейтін, шемішке шағып, телевизор көріп үйде жататын, не білімі жоқ немесе алған білімімен жұмыс істемейтін, түске дейін ұйықтайтын, арақ ішіп лағып жүретін, нағыз тобырға айналған, сол деңгейдегі адамдар ғана солай жазады. Білімсіздер, жалқаулар ғана. Саналы азаматтар, академиктер, жазушылар, аталарымыз бен әжелеріміз ондай нәрсе жазбайды», — дейді ол.
Сұхбат барысында «бүгінде әнші күйшілер көбейіп кетті!» деген пікірмен келіспейтінін айтып өтті. «Өткенде Серікжан Біләш деген бір адамның «Қазір қаптаған әншілер. Сонда кім ұшқыш, ғылыммен кім айналысады» дегенін естігенім бар. Тіптен, «әншілер – миғұлалар» деген пікір естіп таң қалғанымды жасырмаймын. Бізде саусақпен санарлық қана әнші бар. Онша көп емеспіз», — деп бір күліп алды.
Айтпақшы, әнші өзінің ең арзан көйлегінің өзі мың доллар тұратынын айтып қалды. Бірақ, миллиондап ақша табатын әншілердің қатарынан емес екенін жасырмады. Сөзінше, милииондап ақша тауып, гонарардың астында қалып жатқан әнші аз. Ары кетсе бес-алты-ақ әнші бар екен. «Бізде жас әншілердің тек бес алтауы ғана миллиондап табады.
«Олар — Қайрат Нұртас, Төреғали, Нұрболат, Қуандық Рахым, Ерке Есмахан секілді әншілер» ғана милиондап ақша табады. Соңғысы Димаш. Бірақ оның жөні бөлек», — деген өнер қайраткері сұхбат беру арқылы әріптестерінің астына «көпшік» қойды.
[:]