[:kz]
Әлеуметтік желіде тараған видео қоғамның ерекше назарына ілінді. Атпалдай азамат қуыршақтай кіп-кішкене әйелге сырға салды. Мұны көргендердің пікірі екіге жарылды. Бірі мүмкін емеске жатқызып, хайп десе, екіншілері бақыт тіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасының «Астарлы ақиқат» арнасына сілтеме жасап.
«Хайп үшін» деп жатқан адамдар өмірге сенбейтін, өмірден күдер үзгендер шығар. Алланың құдретінің күштілігіне сенбейтін адамдар болар. Мен – Эльмираның апасымын. Осы оқиғаның куәгерімін. Отбасымызда 5 бала бар, мен үлкенімін. Құда түсіп келгенде Эльмираға бір мүмкіндік берейік деп ойладық. Бір Аллаға тапсырдық. Бәлкім Алланың берейін деп тұрған бағы шығар деп біз күйеу балаға сендік», — дейді Света Оспанова.
Эльмира Оспанова өте сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Кішкентай кезінде дәрігерлер оған «жетілмеген остиогенез» деген диагноз қойған. Яғни сүйегі морт сынғыш. Тіпті, науқасты көрпемен қымтап жапса немесе бұрышы қатты затпен тисе, сүйегі сынып кетуі мүмкін.
«Қашан маған бақыт береді деп түнімен ойлайтынмын. Кім алады? Кімге керекпіз? Қыздар сондайда «Ештеңке етпейді, табылады» деп айтушы еді. Осы қыздардың тілегі орындалған шығар», — дейді Эльмира Оспанова.
Сондай-ақ, ол бақыттан еш уақытта күдер үзгісі келмейтінін айтады. Өзінің күйеуі Амангелді мырзамен танысқанда әу баста күдікпен қараған. Бірақ кейін құлай ғашық болғанын жасырмайды.
«Арамызда сезім болды. Аллаға рахмет айтамын. 40 жасқа толғанымда Алла осылай қосқан шығар деп ойлаймын. Мысалы, күйеуге шығамын деп ойлаған жоқпын. Өзім толқым жылап жібердім. «Өзімнің бақытымды қашан кездестіремін, қашан жолығады» деген ойлар болды. Мені келіп көріп кеткендер де бар», — деді келіншек.
Отағасы Амангелді Курбенов те өмірінің соңына дейін қамқор болып жүретінін жеткізді.
[:]