[:kz]
Конференцияның мақсаты – тәуелсіз қазақ әдебиеті мен өнерінің жай-күйі, күнгейі мен көлеңкесін саралап, жан-жақты талдау жасау болатын. Жиырма бес жылда қазақ әдебиеті, музыкасы, көркем өнері, театры мен киносы қаншалықты дамыды? Қандай дәрежеге жетті? Не ұттық, не ұтылдық?
Конференцияның әлқиссасын бастаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, белгілі публицист Уәлихан Қалижан өз сөзінде: «Ағылшынның атақты жазушысы Оскар Уайлд 1884 жылы былай деп жазыпты. «Баяғы бір замандарда кітапты жазушылар жазушы еді, оны бәрі оқитын, енді кітапты бәрі жазады, бірақ ешкім оқымайды». Қазір көркем әдебиет туралы да осы сөз қайталануда. «Ешкім кітап оқымайды» деген сөз қазір екінің бірінің аузынан шығады. Бірақ әдебиет өлген жоқ. Кітап қажет, тек оның насихаты мен талабы жетпейді» деді.
Расында да, соңғы жылдары қазақ әдебиетін әлемге таныту, өзге тілдерге аудару мәселесі шет қалып қоюда. Осы орайда Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бірқатар шараларды қолға алған сияқты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігімен бірлесіп екі жобаны жүзеге асырыпты. Ол шараның бірі – Колумбия университетімен бірлесіп жарық көрген екі кітап.
«Бірінші кітап – қазақ поэзиясы мен прозасының антологиясы. Оған 14 ақын-жазушы еніп отыр. Олар: Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, Д.Амантай, Р.Сейсенбаев, О.Бөкеев, Т.Әбдік, М.Мағауин, О.Сүлейменов, М.Мақатаев, И.Ғайып, Ф.Оңғарсынова, Ж.Әбдірашев, Б.Қанапиянов, Ш.Сариев.
Бұл кітаптың тұсаукесері шетелдік дипломаттар, Халықаралық ұйым өкілдері қатыстырыла отырып, Астанада, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уинверситетінде өтті.
Екінші кітап та Колумбия университетімен бірлесе отырып, жүзеге асты. Ол «Адам және табиғат» деп аталды. Оған қазақ прозасы мен поэзиясының 46 қаламгері енгізілді. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Әбу Сәрсенбаев, Мәриям Хакімжанова, Әбділда Тәжібаев, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Жұбан Молдағалиев, Тұрсынхан Абрахманова, Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменов, Марфуға Айтқожина, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Ақұштап Бақтыгереева, Шөмішбай Сариев, Күләш Ахметова, Амантай Ахетов, Бақытжан Қанапиянов, Ғафу Қайырбеков, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин және тағы басқа қаламгерлеріміздің шығармалары енді. Оның тұсаукесер рәсімі Вашингтонда, Конгресс кітапханасында АҚШ-тың саясаткерлері мен қаламгерлерінің қатысуымен өтті. Америкалықтар қазақ әдебиеті туралы жаңа көзқарас қалыптаса бастағанын айтты. Сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ағылшын тілінде жариялаған «Қан мен тер» романы эпохалды роман екені америкалық оқырманды бей-жай қалдырмады. Неге? Өйткені Әбең «Қан мен терді» бес қайта өңдеп жазды. Бірақ романның заман салмағын көтерген ұлы миссиясы сақталды. Ол адамдық қасиет пен қасірет» дейді Уәлихан Қалижан.
Жуырда ғана бір топ депутат Мәдениет жөніндегі заңға өзгеріс енгізіп, таңдаулы шығармаларға қаламақы төлеу мәселесін көтергені белгілі. Бұл – дұрыс бастама. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Өнер мен әдебиет – халықтың жаны. Төл мәдениетпен тәрбиеленген адам қашанда рухы биік, туған жерін, халқын сүйетін болады. Бәріміз де бала жасымыздан Абайды, Махамбетті, Жамбылды, Әуезовті оқып, халықтың әндері мен күйлерін тыңдап ержеттік, дүниетанымымыз, ұлттық санамыз қалыптасты» дейтін сөзі бар. Әдебиет пен өнерсіз ұлт болмайды. Ұлттың жанын сақтау қажет болса, әдебиетін, өнерін сақтағанымыз абзал. Осы орайда әдебиет және өнер институтының да айтары жоқ емес. «Кез келген шығармалар болашақта М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының ресми сараптамасынан өткені жөн. Оған арнайы қаржы бөлінуі керек. Сонда жазушылардың, ақындардың, драматургтердің шығармаларына әділ баға берілер еді. Бейтарап сараптама болғандықтан, қаламгердің де жауапкершілігі артатын болады. Қазақстан Жазушылар одағы жанынан «Әдебиетті қолдау қоры» құрылса, дұрыс болар ма еді деп ойлаймын» деген пікірді алға тартады институт басшылығы.
Қазақ драматургиясының да әлсіз тұсы жоқ емес. Кейде шығармалардың сараптаусыз, талдаусыз сахнаға шығып кететіні жасырын емес. Бұған да шектеу жасайтын кез жеткен сыңайлы. «Сондай-ақ барлық республикалық, облыстық театрларда сахналанатын пьесалар да М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы ғалым-мамандарының талдауынан өткеннен кейін қабылданғаны дұрыс шығар. Бұл бұрынғы көркемдік кеңестің рөлін алар еді. Болмаса қазір режиссер өзі жазады, өзі қояды, өзі қабылдап алады. Ешбір талғам мен талап жоқ» дейді Уәлихан Қалижан.
Қазіргі қазақ романы қандай күйде?
Жиында қазақ романы туралы толғамды сөз қозғаған Серік Қорабай әдебиеттің жетекші жанрына айрықша тоқталып, өз пікірін ортаға салды. «Тәуелсіздік тұсында қазақ жазушылары тоталитаризм қыспағынан босап, еркін тыныстауға бет алды. Бұл жылдары прозаның жетекші жанры романның өрісі кеңейді. Тәуелсіздікпен бірге келген сөз бостандығы қазақ жазушыларына кеңестік дәуірде еркін бара алмаған тақырыптарға қалам тартуға мүмкіндік берді. Сондықтан да тәуелсіздік тұсында оған дейін біржақты бағаланған халықтың сан ғасырлық тарихының көркем шежіресі жасалып, жас ұрпақтың ұлттық санасын оятатын тарихи тағылымды романдар қатары көбейді» дейді баяндамашы. Ол қандай романдар? Шын мәнінде, тәуелсіздік алғалы қазақ романдарының қатарын тарихи шығармалар толықтырғаны рас. Олардың арасында Х.Әдібаевтің «Отырар ойраны», Қ.Исабаевтың «Серт», «Шоң би», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», Ж.Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай», Қ.Сәрсекенің «Дешті Қыпшақ», М.Мағауиннің «Шыңғыс хан», К.Ахметбековтің «Қасірет», К.Сегізбайдың «Беласқан», Ұ.Доспанбетовтің «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы», С.Сматаевтың «Елім-ай», Қ.Мұхамбетқалиұлының «Таркезең», С.Байхоновтың «Алтай асу» және өзге де шығармаларды атап айтуға болады.
Бұл тарихи шығармалардың жетістігі неде? Ең бастысы – бұратана атанған халыққа деген біржақты көзқарастың өзгеруінде еді. Тарихи шығармалардың ішінен Ә.Сараевтың «Еділ-Жайық», Қ.Салғариннің «Қазақтар», Б.Мұқайдың «Өмірзая», С.Досановтың «ХХ ғасыр», Қ.Мұхамбетқалиұлының «Тар кезең» романдарының Мемлекеттік сыйлық алуы – осының дәлелі. Соңғы жарық көрген тарихи романдардың қатарында белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекенің «Әй, дүние-ай» атты дүниесі де бар. Бұл роман биылғы Мемлекеттік сыйлықтан негізгі үміткер шығармалар қатарында тұр.
«Әкімшіл-әміршіл кеңестік жүйе әкелген отызыншы жылдар нәубеті қазақ халқының басына қаншалықты қайғы-қасірет алып келгені С.Елубайдың «Мінажат», А.Мекебаевтың «Қазына сыры», Ж.Бектұровтың «Таңба», Р.Ниязбековтің «Тас құдай» романдарына негіз болды. Жазушылар қолдан жасалған осы зорлық-зомбылық саясатының басты себептері мен алғышарттарын ашып көрсетуге ден қойып, ұлт тарихында қара әріппен жазылған қасіретке толы жаппай ашаршылықтан терең сыр шертті» дейді С.Қорабай.
Тәуелсіздік жылдары жазылған сәтті шығарманың бірі – Әкім Таразидің «Жаза» романы екені белгілі. Бұл роман – ауған соғысы туралы жаңаша ой қозғайтын шығарма. Қаламгер жауынгердің басындағы психикалық ауытқу арқылы мақсатсыз соғыстың жеңісі де, жеңілісі де мақсатсыз болатындығын көрсетіп береді.
Қазақ романы туралы айтқанда, деректі шығармаларды да айтпай кетуге болмайды. Соңғы жылдары деректі жанрға қалам тартып жүрген жазушы Медеу Сәрсекенің «Ермұхан Бекмаханов» пен «Ебіней Бөкетовы» бұл олқылықты толтырған шығарма деп айтуымызға толық негіз бар.
«Мәңгілік тақырыптың бірі болып саналатын әйел тағдыры, махаббат мәселесі де жазушылар назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ әдебиетіндегі әйел-ана, махаббат тақырыбын Әкім Таразидің «Махаббат жыры», Қ.Қамбаровтың «Махаббат тұрағы», «Екі арудың махаббаты», Ш.Елеукеновтің «Әттең, дүние», Ә.Ыдырысовтың «Таңшолпан», Ш.Құмарованың «Сезім патшалығы» романдары толықтырды. Жазушылар аталған туындыларымен әлемге нәр беруші, тіршілік иесі әйел-ана бейнесін жан-жақты ашуға тырысты. Олар әртүрлі уақыт, әртүрлі ортадағы әйел-аналар тағдыры арқылы махаббаттың сан-сауалына жауап іздеді. Бұл тақырыпты әр жазушы әр қырынан аша отырып, бір мәселені әртүрлі шеше білді. Махаббат атты ұлы сезімді көркем бейнелеуде қазақ жазушылары психолизмді шебер игеріп, адам бойындағы ұлы сезімдері табиғаттың тылсым күшімен ашуға ден қойды» дейді С.Қорабай.
Жиырма бес жылда қазақ романы қандай биіктерге жетті? Қаламгерлер роман жанрының психологиялық, тарихи, өмірбаяндық, публицистикалық түрі соңғы ширек ғасырда мазмұны мен формасы жағынан біршама толыққанын, жаңарғанын айтады. Жиырма бес жылда 38 шығарма Қазақстан Республикасының Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығын алыпты. Бұл үлкен жетістік емес пе?!
Ал роман жанрының бүгінгі кемшілігі неде? Ең алдымен жазушылардың дені тарихи тақырыптарды жиі қаузап кеткендігінде. Екіншіден, кейбір романдарда публицистикалық сарын басым. Үшіншіден, тіл бұрмалаушылығы да жиі кездеседі. Төртіншіден, ХХІ ғасырдың нағыз кейіпкерлері жазылмай жатыр. Қазақ романшылары осыны ескеруі керек сияқты.
Еркін ойдың мінбері
Тәуелсіздікпен бірге қазақ әдебиетінде жаңашылдықтың да белең алғаны рас. Қаламгерлеріміз бүгінгі замандастарымызды не толғантады деген мәселенің легіне ұмтылыс жасай бастағаны көңіл қуантады. «Бұл үрдіс осы кезең ішіндегі қазақ повестерінің де мазмұнынан тиісінше, көрініс таба бастады» дейді тәуелсіздік жылдары жазылған повестерге шолу жасаған белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыш.
«Тәуелсіздік жылдары бірқатар повестер жарық көрді. Олар: Қабдеш Жұмаділовтің «Найман-ана», «Көкжал», Дүкенбай Досжанның «Жазмыштың формуласы», «Үрей», «Пайғамбардың өлімі», Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Балалық шақтың әндері», «Какаду», Тұрдақын Жексенбайдың «Бала бүркіт», Тұрысбек Сәукетаевтың «Көлеңкелер патшалығы», Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері», Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді?», Несіпбек Дәутайұлының «Жол», Қуаныш Жиенбайдың «Аполлон көбелегі», Жұмабай Шаштайұлының «Жала мен нала», «Құралайдың салқыны», Нағашыбек Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», «Жерошақтың түтіні», «Өкілдер», Серік Асылбекұлының «Ақ қарға», Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы», Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы», «Қуандық Түменбайдың «Түрмедегі торғай», «Қой мен қойшы», Нұрғали Ораздың «Тазқара», Сейітқұл Оспановтың «Екі дүниенің абыройы», Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші», Арасанбай Естеновтың «Періштелер патшалығы», Әділбек Ыбырайымұлының «Абыз дала аңызы», Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін», Серік Нұғыманның «Жоқ іздеуші жан» және т.б. туындыларды айтуға болады» дейді баяндамашы.
Жиырма бес жылда жарық көрген қазақ повестерінің тақырыбын шартты түрде үш түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, бірсыпыра қаламгерлер қазақ тарихының тәуелсіздік алғанға дейінгі көлегейленіп қалған қатпарларына үңілуге тырысқан. Екіншіден, кеңес дәуірінің шындығы шеңберіндегі адам тағдырлары жайлы толғанады. Ал үшінші топтағылар тәуелсіздіктен кейінгі қазақ қоғамының сыр-сипаты баяндалады.
«Қазақ халқы ұжымдастыру мен асыра сілтеуден қалай зардап шеккендігі Тұрысбек Сәукетаевтың «Құзғын тойған қыс» атты повесінде қатардағы бір отбасының тағдыры арқылы бейнеленген. Бас кейіпкердің қатал табиғаттың ортасында өзі қорегін өзі тауып жей алмай, қар құшағында қазаға ұшырауы ашаршылық заманының қатал көрініс екендігі анық. Тек жалғыз баланың ғана аман қалуы қазақ тұқымының әйтеуір жалғасын табатындығын меңзейді. Ашаршылық салдарынан ажал тырнағына іліккен адам өлімдерін Т.Сәукетаев тәптіштей суреттей отырып, коллизиялық жағдайды психологиялық жағынан тереңдеп беруге тырысады.
Ө.Кәріпұлының «Саяхатшы» хикаятының бас кейіпкері – қазақтың атақты перзенттерінің бірі Сәкен Сейфуллиннің әкесі Сейфолла отағасы. Сәкен Сейфуллиннің өз басынан өткен азапты белестерді былай қойғанда, оның әкесі Сейфоллаға да тағдыр сол замандарда оң көзімен қарай қоймапты. Қазақылықтың қаймағы әлі толық бұзыла қоймаған замандағы қыр елінің тартымды суреттері әжептеуір оймышталған бұл хикаяттың мазмұнын Сарыарқаның тұнық табиғаты, қыр елінің тыныс-тіршілігі, саятшылық өнердің қыр-сыры ұтымды түрде толықтырып, өрнектеп отырады» дейді жазушы Нұрдәулет Ақыш.
Махаббат тақырыбын сөз еткен шығармалар да жоқ емес, жетерлік. Жақсысы, көркемі де көп, бейнелі сөз тіркестерімен берілетін айшықты шығармалар да көбейген. Алайда повесть жанрын дамытқан қаламгерлердің туындыларындағы кемшін тұстар туралы да айтпасқа болмайды. Ол тұрғыда баяндамашы: «Тілдік кемшіліктерді әлі түзеп бола алмай жатқанымызды айтқым келеді. Екінші бір олқылық – өмірлік материалдарды іріктеп, көркемдік шындыққа айналдыру барысында жүзеге асуы тиіс шығармашылық ізденістердің тапшылығы. Көпшілігіміз өмірде болған жайларды сол қалпында жаза саламыз да, соның салдары еріксіз натурализмге, көркемдік талаптар тұрғысындағы басқа да кемшіліктерге әкеп соғып жатады. Үшіншіден, кейбір авторлардың айтуға ниет қылған негізгі оқиғаны аяғына дейін иін қандырып алып шығудың орнына, көлденең жағдайларды, ұсақ-түйек мәселелерді термелеп, шұбалаңқылыққа ұрынуы. Төртіншіден, характер даралаудағы диалогтардың, полилогтар мен монологтардың көркемдік мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмаушылығы. Жазушылардың назар аудармайтын тағы бір осал тұсы – өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдыру барысындағы шығармашылық үдерістің табиғатын меңгеруі» дейді.
Қоғамдағы келеңсіз жайттарды, ділдің дертін беруде қаламгерлер әлі де әлсіздік танытып келеді. Уақыттың ділгір шындығын көркем кестелей алмай отырғанымыз тағы бар. Кейіпкер аз, образ жоқ. Бұл, әсіресе, бүгінгі жас қаламгерлердің кемшілігі деп айтар едік.
Қазақ драматургиясының халі нешік?
Қазақ өнері туралы сөз қозғағанда, театр мен киноны айтпай кете алмаймыз. Құдайға шүкір, ел тәуелсіздігін алғалы қазақ театры да, кино өнері де дамымай қалған жоқ. Қиындықты да, түрлі реформаларды да бастан кешірді.
Ең әуелі, театр өнеріне тоқталсақ. «Қазақ драматургиясы: заман және уақыт» тақырыбын қаузаған театртанушы Амангелді Мұқан драматургияның жай-күйін, күнгейі мен көлеңкесін жан-жақты талдап көрсетті. Ол өз сөзінде: «Отаршылдық санадан арылудың жолы, тәуелсіз қазақ азаматтарын тәрбиелеп шығару. Мұндай мемлекеттік деңгейдегі маңызды іс-шаралардан отандық театр өнері де шет қалған жоқ. Осыдан 25 жыл бұрын алған Тәуелсіздігіміз қазақ театрының да тынысын ашты. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 14 драма және музыкалық-драма театрлары, екі опера және балет театры, екі би театры ашылды. Театрлардың басты міндеттері – репертуардың көркемдік жағын сапасы жоғары пьесалармен қамтамасыз ету. Еліміздегі алпысқа жуық театрлардың шығармашылық тынысы тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық, әлеуметтік және саяси өмірімен біте қайнасқандығы. Тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы өзінің айтулы тұлғаларының мерейтойларын үлкен саяси мәні бар іс-шараларға ұластырып, халықаралық деңгейде атап өтуге мүмкіндік алды. Бұл мерейтойлар халықаралық ЮНЕСКО көлемінде тойланып, оған театрларымыз да белсенді қатысты. Мерейтойлардың заңды жалғасы ретінде өткізілген театр фестивальдері ұлт драматургтерінің тың дүниелерін сахнаға шығарды» дейді.
Театрдың дамуы неден көрініс тапты? Драматургтер қазақ көрермені қажет еткен шығармаларды таба білді. Десек те, театрлардың әлі қозғайтын, қаузайтын тақырыптары жетерлік. Бірақ осыншама пьесалардың жазылып, сахналанып қойылғанына қарамастан, театр мен драматург тандемінің басы бірікпейтіні тағы бар. Шынында да, алғашқы жылдары театр өнері де, драматургтер де біршама қиындықтарды бастан өткергені рас. Қазір заман өзгерді. Қиындықтар артта қалды. Ең алғаш рет 2009 жылы Мәдениет министрлігі «Тәуелсіздік толғауы» атты бәйге жариялауы драматургтерге біраз серпін әкелді. Алғашқы бәйгеге 46 пьеса қатысыпты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бәйгеден жүлде алған шығарма қазақ театрының сахнасында сахналанды. Екінші байқау – 2011 жылы өткені белгілі. Онда да жүлде алған шығармалар қазақ сахнасына жол тартты. Алайда бір олқы түсетін тұс, осы байқауларда жүлде алған санаулы шығармалар ғана сахналанды. Ал қалған шығармалар қайда? Олар неге ескерусіз қалып қойды? Алғашқы бәйгеге қатысқан 46 шығарманың бәрі бірдей осал деп айта аламыз ба? Ол шығармалар осылай сөреде шаң басып жата бере ме? Бізді толғандыратыны да – осы.
«Республикамыздағы опера және балет театрының екеуі тәуелсіздік кезінде дүниеге келді. Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбектің «Қазақтың классикасы: бары мен жоғы» атты мақаласында келтірген деректерге сүйенсек, соңғы жиырма бес жылда екі-ақ қазақтың операсы жазылып, сахнаға қойылыпты. Жазылғандар көп шығар, ал сахнаға шыққаны екеу ғана. Соңғы он бес жылда еліміздің композиторлары он бес балет жазды. Бірде-біреуі сахнаға қойылған жоқ. Міне, біздегі статистика – осы. Драматургтеріміз бар, пьесалар жазылуда. Жүлде алған пьесадан кенде емеспіз. Бірақ театр қауымы пьеса жоқ деуден танбай келеді» дейді Амангелді Мұқан. Демек, бұл қазақ театрында әлі де әттеген-айлардың көптігін білдірсе керек.
Тәуелсіздік кезеңінде өнердің үлкен бір саласы – киноөндірісте де сан түрлі реформалар жүргені ақиқат. Алғашқы кезеңдерде кино саласы біршама қиындықтарға тап болып, экономикалық жағдайы да бірден түзеліп кеткен жоқ. Бұл туралы киноның тағдыры мен талғамына шолу жасаған Айдана Мұратқызы айтып өтті. «2011 жылдардан бастап қана қазақ кинематографиясы жаңаша қарқын ала бастады. Себебі, бұл – қазақ кино үрдісінің күрт дамуға бетбұрыс жасаған жылы еді. Тәуелсіз Қазақстан киноүдерісінде классика мен артхаус, коммерциялық пен авторлық бағыттарындағы фильмдер бір-бірімен тайталаса дамып келеді. Әрқайсысы әртүрлі тақырыпты алға тартып, қазақ кино кеңістігіндегі өзекті мәселелерді арқау етуде. Мысалы, нағыз ұлттық идеология сапындағы картиналарды түсіруші топ тарихты жаңғыртып, жастардың бойына рухани-патриоттық қасиетті сіңіру мақсатында ең өтімді әрі өзекті тақырыпты таба білді. Олар сюжеттегі негізгі акцентті оқиғаға емес, ондағы адам тағдырына құрып, яғни, тұлғаларымызды дәріптеу арқылы, тарихи кезеңді қамти білді. Себебі, тұлға тағдыры арқылы түрлі оқиғаларды да, саяси, әлеуметтік жетістік пен кемшіліктерді де көрсете алатындығын ұғынды. Нәтижесінде, 2011 жылдан бастап «Елбасы жолы» киноэпопеясы, «Жаужүрек мың бала», «Махамбет», «Біржан сал», «Құнанбай», «Аманат», «Анаға апарар жол» атты фильмдер жарыққа шықты» дейді.
Қазақ киносы ширек ғасыр ішінде күрделі эволюциялық жолдан өтті. Тіпті жаңа сатыға көтерілді десек те болады. Жанрлық жағынан да толыға түсуі – тәуелсіздіктің жемісі. Соңғы жылдары қарқындап дамып келе жатқан қазақ киносының бүгінгі беталысы жаман емес. Бастысы, ұлттық фильмдердің саны артқаны. Қазақ киносының сапасының да жоғарылағаны. Ұлттық кино толыға түссе, ұлттың ұпайы да түгенделе түспек.
Түйін:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өнер мен әдебиетте жас, кәрі деген өлшем жоқ. Талантты, талантсыз деген ғана өлшем бар» деген екен. Шындық – осы. Сөзіміздің түйінін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанның сөзімен түйіндегіміз келіп отыр. «Ақын-жазушылар, өнер адамдары завод-фабрикаларды, сан алуан ғимараттарды, мал-мүлікті, магазиндер мен кітапханаларды, мәдениет ошақтарын жекешелендіріп алған жоқ. Сондықтан да ашқұрсақ. Олар коммерциядан да бейхабар. Қаламгер мен өнер адамының қара басы мен талантынан басқа ешнәрсесі жоқ. Сондықтан да кейбір шенеуніктер 777 жазушы неге классик болмайды деп ойлайды. Ол мүмкін емес. Олардың бәрі халқының рухани сұранысына орай қалам тартып жүр. Ұсақ-ұсақ бұлақтар жиылып келіп, асау өзенге ұласады. Қазақ әдебиеті бар, қазақ өнері бар, қазақ оқырманы бар. Әдебиет саласында 38 мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар. Демек, жақсыны көре білейік, талантты демей білейік! Қазақ әдебиеті – ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің әдебиеті мен өнерімен құнарлана түседi
Гүлзина БЕКТАС
aikyn.kz
[:]