[:kz]
Оқушының ата-анасы автопарк басшысына шағымданып, кондукторды жұмыстан шығарды.
Оралда кондуктор күннің қатты суық екеніне қарамастан, 8 жасар оқушыны автобустан түсіріп кеткен, деп хабарлайды КТК арнасы.
Орал қаласында №2 автобустың кондукторы 8 жастағы баланы жол ақысын төлемегені үшін қоғамдық көліктен түсіреді. Осы жағдайдан кейін оқушы үйіне жылап келген. Оқиға №31 орта мектеп аялдамасында болған.
«Менің ақшам бар еді. Қалтамнан алайын дегенімде жоғалғанын байқадым. Кондуктор ұрысып, мені түсіріп тастады», — деді Ерасыл есімді оқушы.
Ата-анасы баласы сабақтан уақытылы келмеген соң алаңдай бастайды. Мұғаліміне хабарласқанда ол Ерасылдың автобусқа отырып кеткенін айтады. Сосын Ерасылды іздей бастайды. Оқиғаның мән-жайын естіген соң оқушының ата-анасы автопарк басшылығына шағым түсірген.
«Кешкі сағат сегіз жарымда ұлым үйге келді. Ол бәрін айтып берді. Кондуктор үшін баланың өмірі 40 теңге тұра ма?» — деді Ерасылдың анасы Сандуғаш Шойынжанова.
Осы шағымнан кейін қызметтік тексеріс жүргізіліп, «Орал техникалық қызмет» ЖШС басшылығы кондуктордың кім екенін анықтады. Кондуктор өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта жұмыстан босатылды
kyn.kz
[:]