АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Оранған қыз шешінген қыздан қауіпті…[:]

[:kz]

Қазақ қызының етек жеңін жинап, әуретін жабу үшін орамал тағуы үлкен бір мәселеге айналды. «Бұрынғы қазақ қызы мұндай киім кимеген» деп ұрандатқан қазақ түнде тәнін саудалайтын қазақ қызына дәл осылай алаңдай қоймайды. Түнгі көбелек атанған қазақ қыздарының саны азаймай керісінше көбеюі – осының дәлелі. Шынымен де, қазақ қызының шешінуі, тәнін, ар-намысын саудаға салуына қой мінезді момын қазақтың еті де үйренгелі қашан?! Өз қызымыз ашық-шашық жүрген кезде  өзгенің қызы әуретін жапса, «арабтанып кеткен, біздің ата-бабамыз бұлай киінбеген» деп тап бір ата-бабамыздың қасында отырып шежіре жазғандай сөйлейміз-ау келіп.

Иә, біздің тарих талай рет өзгеріске ұшырап, талай рет талас-тартыстар орын алды. Қазақ қызы орамал тақты ма, тақпады ма деп пікір айтушылардың өз дәлел, деректері де жоқ емес. Сондықтан бұл пікірді басқа жағынан алып қарайықшы. Қазіргі қазақтың ұлт болып қалыптасуына, ұлтын сүйген азаматтардың көбеюіне, сонымен бірге жалпы қазақ қоғамына қайсысы өз залалын тигізеді? Осы сұраққа жауап беріп көрейікші. Сонымен бір жақты пікір қалыптаспас үшін екі тараптың да пайдасы мен зиянын сараптап көрелік.

Оранған қыз. Қазір әлемдік бір түйіткілді мәселеге айналған хиджаб пен жат ағым болып саналады десем, ешкім қарсы келе қоймайтын шығар. Иә, мен бұл екі ұғымды бірге қарастырудан гөрі бөлек айтуды жөн көрдім. «Хиджаб» деген сөзді естіген кезде шаштары тікірейіп, үлкен жарылыс болатындай қорқатын қазақтарды қоғамда жиі болмаса да, анда-санда кездестіріп қалатынымыз шындық. Қазақтардың көбісі хиджаб деген арабтың сөзі болғандықтан да жатсынып жүрген секілді. Алайда қазақ тіліндегі сөздердің көбісі араб тілінен енгенін естен шығаруға да болмайды.  Қазіргі кезде қазақтың төл сөзіндей болып кеткен қарапайым кітап, мұғалім секілді сөздер араб тілінен енгендігін және де қазіргі кездің өзінде өзге тілдегі сөздер қазақша аударылмай, сол қалпында қолданып жүргендігімізді ескеретін болсақ, бұл қалыпты жағдай болып саналды. Бірақ «қызға қырық үйден тыйым» деген қазақ өз үйіне қонақ болған қызының әуретін жабатын хиджаб атты киімді кигенше кіндігін ашып, санын жалтыратып жүргенін құп көреді. Орамалды қыздардың барлығы бірдей қауіпті деп те, тәртіпті деп те айта алмаймын. «Адам аласы ішінде» демекші, олардың бойынан да пендешілік, кемшіліктерді көріп жатамыз. Сондықтан бұл да – қалыпты дүние.

Орамалды қыздың пайдасы сол – олар өз әуретін жауып, бөтен еркектің мойнына асылмайды. Тағы да ескерте кетейін, адамдардың барлығы бірдей деп айта алмайтынымыз секілді орамалды қыздар да бірдей емес. Сонымен бірге олар ата дінімізді дұрыс ұстанған болса уақытша жұмыс, ақшадан гөрі өз ұрпағының тәрбиесі мен отбасына көбірек көңіл бөледі. Орамалды қыздардың арасында некесіз бала туды дегенді мен әлі күнге дейін естіген жоқпын. Олар некесіз бала тумайды деп нақты айта алмасам да, олардың саны әлдеқайда аз деп айта аламын. Себебі оранған қыздың біреуі некесіз баланы дүниеге әкелген болса, бұл оқиға халықтың арасында дау туғызбай қоймайды. Нақты айтатын болсақ, олар қоқысқа тасталатын сәбилердің санын көбейтіп отырған жоқ. Бұл да қазіргі заманның, қазақ қоғамының үлкен мәселесі болып саналады. Әуретін жауып, сұқ көздерден сақтанған қызға пиғылы бұзық еркектердің көзі түспейді. Нақты айтатын болсақ, зорлық көрген қазақ қыздарының саны кішкене болса да азаяды. Әуретінің қамын жеген қазақ қызының басты пайдасы ұлтының намысына кір келтіруден аулақ болады. Өз қызымыздың намысы биік болса ғана ұлтымыздың намысы аяққа тапталмасы анық.

Оранған қыздардың зияны сол жат ағымдағыларды мысалға келтіреміз. Олар қазақтықтан бас тартып, өз ұлтынан безінеді. Иә, қарапайым адамдардың арасында қоғамға, ұлтқа зиянын тигізетіндер болатыны секілді бұл қалыпты жағдай. Сондықтан орамалмен емес, жат ағымдағылармен күрескеніміз абзалырақ болар еді. Жат ағым деген кезде сақалдылар мен хиджабтағыларды елестейтіндер де қоғамда жиі кездеседі. Олардың көзқарасын өзгерту үшін сақал қоятын жігіттер мен орамалды қыздар өздерінің ата дінінен адаспай, өздерін қарапайым қоғамдық орындарда, оқуда да, жұмыста да яғни, кез келген жерде өздерін мінсіз етіп көрсетуге тырысу керек секілді.

Шешінген қыздар. Кіндігі мен санын ашқан қыздар өзінің стилін заманауилыққа баласа да, олардың киімдері қазақилыққа жат дүние. Осындай кезде сақал мен орамалға қарсы болған, қазақ деп ұрандатып жүргендерді таппай қалатынымыз өкінішті. Олардың үндемейтін себебі өз қыздары, қарындастары немесе әпкелері ашық-шашық киінеді. Олардың бастарын бұғып, пікірталастан бастарын ала қашатыны да сондықтан деп ойлаймын. Күндіз сандарын жалтыратып, кіндігін жылтыратып жүргендердің көбісі түнде тәнін саудаға сатып, қалтасына жеңіл жолмен ақшаны салып алатыны да жалған емес. Мен бірден жалаңаштанған қыздардың зиянынан бастадым, себебі олардың пайдасынан зияны көбірек деп есептеймін. Қазір сәбиді қоқыстан немесе әжетханадан емес көшеден тауып алғанымызға қуанатын болдық.  Ашық-шашық, алба-жұлба киінетін қыздардың көбісі бала-шағасы бар отбасын бұзатыны да жасырын емес. Бұл жерде орамалды қыздардың кейбір еркектерге 2-ші әйел болып күйеуге шығатынын тілге тиек етудің қажеті жоқ. Себебі тоқал мен бәйбіше тақырыбы мүлдем басқа мәселе.

Енді бұл қыздардың пайдасын теріп көрейік. Ашық киінген қыздар жай ғана сән қуып, батысқа еліктеген болуы да мүмкін. Иә, әрине батысқа еліктеуді «жай ғана» деуге келмес, сөйтсе де, сәнге құмартқан қыздарды жаман деуге де болмайды. Таяқтың екі ұшы болады. Сол сияқты олардың да жақсы жағы бар шығар. Заманға қарай киіну керек деп есептейтін қыздар жаңалыққа, өзгеріске құмар болады. Олар өзге тілді жетік біліп, білім жағынан деңгейі жоғары болуы әбден мүмкін. Бұл жерде орамалды қыздарды да білімсіз деуге болмайды. 

Енді жоғарыдағыларға қарап ойланып көрейікші. Бізге қазір жаңашылдық та керек, әрине. Бірақ біздің қазақ қоғамы сәнге құмартып, өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қыздан гөрі, өз абыройын сақтап, ұлттық болмысты жоғары көтеретін қызға зәру. Осындайда біз қайтсек, ұлтымызды сақтап қаламыз деген сұрақтың жауабы қыздарымыздың тәрбиесіне мән беру болып саналатын секілді. Біздің қазақта «далаға шықсам бәрі қап, үйге келсем өз әйелім сұлу» деген астарлы сөз бар. Бұл сөз бұрынғы кездегі қазақ әйелдерінің қалай киінгенін білдіріп тұрғандай. Егер де көшедегі қыздарымыз әуретін жауып, абыройын ойлап жүретін болса, өзге отбасы шайқалмайды, сәбилер қоқыстан табылмайды деген сөзді дәлелдей түседі.  Қазақ қызы тазалықтың, пәктіктің символы болып қалыптасатын болса, еліміз көптеген сорақылықтардан ада болатын еді.

Әсел Болатқызы

«Қамшы» сілтейді

Сурет qamshy.kz сайтынан алынды

[:]