АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Ораза ұстап жүрген мектеп оқушыларының көбеюі ел үшін үлкен трагедия!» — Жанұзақ ӘКІМ[:]

[:kz]

 

«Мектеп жасындағы балалардың, өсіп келе жатқан жастардың ораза ұстап, оны бір дәреже көруі заманауи өмірге қайшы». Бұл пікірді белгілі қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Қоғам қайраткерінің айтуынша, Рамазан айында «жаппай ауыз бекіту» орта ғасырлардағы Пайғамбарлар дәуірін, яғни  діндердің енді-енді пайда болған үңгірлік кезеңін еске түсіреді. Осының салдарынан дәл қазіргі біздің қоғам соңғы 15-20 жылда кері кетті.

«Жас балалар қазір діннен не түсінеді? Олар ешнәрсе түсінбейді, оларға ораза ұстау бір дәреже сияқты болып көрінеді. Ал шындығына келсек, мына соңғы жарты ғасырдан астам уақытта Батыс елдері, яғни дамыған елдер қоғам алға дамуы үшін «дін мен әдебиеттің» түкке қажеті жоқ екенін түсінді. Қоғамды дамытатын ғылым, білім, инновация. Осы үш нәрсе. Дамыған елдер мен дамушы елдердің айырмашылығы тек осыған байланысты. Ислам елдерінде 57 ел бар. Онда 2,5 млрд-қа жақын халық тұрады. Бірақ, атақты философ Хуанның айтуынша «Осы ислам елдерінің ешқайсысы демографиялық елдердің қатарына кірмеген және ешқайсысы алдынғы дамыған 20 мемлекеттердің қатарына кірмейді», — дейді Жанұзақ Әкім. 

Оның сараптауынша, ислам елдерінде білім мен ғылымға мемлекеттен бөлінетін қаржы Батыс елдерге қарағанда 20 есеге аз.

«Соның салдарынан ислам елдері білім, ғылым, технологияға қол жеткізе алмай отыр. Мысалы, ең дамыған осы елдердің ішінде мұнай сатып күн көріп отырған Сауд Арабиясы, Дубай болса, солардағы халықтың, яғни жергілікті арабтардың жартысынан астамы сауатсыз, әлі күнге дейін әріп танымайды. Діннің не істейтінін көрдіңіз бе? Ислам елдері Түркиядан басқасының барлығы III ғасыр бойы отар ел болды. Олар неге құл болды? Себебі, оларда отарлаушылармен күресетін білімі де, ғылымы да болған жоқ. Сол ғылым арқылы шығарған қаруы да жоқ ел халқын да қорғай алмайды, мемлекеттік жүйелер де ислам елдерінде қалыптаспайды», — дейді қоғам қайраткері. 

Жанұзақ Әкімнің айтуынша, бұл жерде басты мәселе — дінге қарсы қоюда емес. Бұл үлкен статистика.  2,5 млрд халықтың, 57 елдің статистикасы…

«Статистиканы алдай алмайсың. Соңғы мың жылда ислам халифатынан кейінгі кезеңде ислам елдері бәріне құл болып, артта қалып қойды. Ал біздің қоғам жәйлап-жәйлап «талибандардың қоғамына» қарай кетіп бара жатыр. Мынау салафизм, ваххабизм деген т.б. көптеген экстремистік діни ағымдарды қабылдаған жастарға білімнің түкке де керегі жоқ, ғылым керегі жоқ. Сол бес уакыт намазын оқып, оразасын ұстаса, соған мәз болып жүреді. Ондай балалардан не шығады? Мектеп бітіргесін, университет бітіргесін анау базардағы арба сүйреушілер ғана шығады. Олар керісінше жас кезінде дүние жүзін аралап, ғылым, білім, оқу іздейтін кезде біреудің жаназасын шығару, тағы бірдене сияқты ешқандай мақсат-мұратсыз жүрген жастарға айналады», — деп күйінді Жанұзақ Әкім.

Елдің жастары сондай мемлекетте болашақ жоқ…

«Керісінше, біздің мектеп, университеттер анау Билл Гейтс, Стив Джобс сияқты мықты рационализатор, ғалым, инженер, менеджерлерді дайындауы керек! Тек сонда ғана елдің болашағы болады, оны барлық дүниежүзі түсініп болды. Ал біз әлі түсінгіміз келмейді. Одан кейінгі назар аударар бір нәрсе, мына денсаулыққа қатысты әртүрлі үгіттер жүріп жатыр ғой. «Ораза керемет, денсаулыққа пайдасы жақсы» дейді. Енді салмағы артық адамдар т.б. қант диабеті деген сияқты ашығу арқылы салмағын түсіріп жеңілдеп, жүрек ауруларының азайтуға әсер етуі мүмкін. Бірақ, ислам елдеріндегі мұсылмандардың орташа жасы сол 60 жастың айналасында. Ал 120 млн-нан астам халқы бар Жапонияда орташа жас – 86-87 жас. Батыс елдерінің орташа жасы – 84-86 жас. Бізден шамамен 25 жылға артық өмір сүреді. Мұсылмандар зейнеткерлікке жетпей о дүниеге кетіп жатыр. Неге? Себебі, көбі кедей, қайыршы. Кейбіреулерінің еңбек өнімділігі өте төмен. Адам капиталы жоқтың қасы. Медицинаның деңгейі де, білім деңгейі де өте төмен. Бұл үлкен жаһандық статистика», — дейді Жанұзақ Әкім. 

Сонымен қатар ислам елдерінің жер асты байлығы әлемдегі елдердің жер асты байлығының 70 пайызын құрайды. Бірақ білімге, технологияға, ғылымға қол жетпегеннен кейін олардың жалпы ішкі өнімі анау дүниежүзіндегі елдермен салыстырсақ, ислам елдері Африка, Оңтүстік Америка сияқты кедей, қайыршы елдерден 10 есе кедей.

«Яғни ислам елдерінің жалпы ішкі өнімі әлемдік экономиканың 7 пайызын ғана құрайды. Ал жер асты байлығы 70 пайызды құрайды. Анау Кондолиза Райс деген АҚШ мемлекеттік хатшысы: Араб мемлекеттері лигасында сөйлеген сөзінде: «Осы Араб мемлекетері лигасы елдерінің жалпы ішкі өнімінің барлығын жинағанның өзінде, Еуроодақтағы  5 орын алатын аграрлық Испаниямен ғана тең» дейді. Бұл дегенеміз, діннің алып келген жемісі. Ал біздің қазақ осылай діннің артынан кететін болсақ, онда сол талибандар сияқты соның айналасында жүрмекпіз. Иран болсын, Ирак болсын, Сирия болсын қай-қайсы да онып тұрғаны шамалы. Сол Иракта мысалы, Садам Хусейннің кезінде млн-нан астам әскер болды. 50 млн-дай халқы болды. АҚШ-тың әскерлері соларды 21 күн ішінде тас-талқанын шығарып, жаулап алды. Ол не деген сөз? Ол миллиондық армия түкте істей алмайды. Себебі, олардың қаруы жоқ, технологиясы жоқ. Біз де қазір тап сондай жағдайдамыз…», — дейді ол.

Оның айтуынша, бұның барлығы дінге қарсы айтылып жатқан уағыз емес. Бұл статистика. Біздің елде шынымен халықты қорғайтын армия жоқ. Жастардың тірлігі болса мынау…

«Біріншіден, мынау әсіре діншілдік надандыққа алып барады. Надан адам қайыршы болады, кедей болады. Надан халық дамымайды, тойшыл болады, кезбе болады. Еңбек ете алмайды. Біз қазір осындай моральдық норма дайындадық, тәрбиеледік. Білім министрінен бастап Білім басқармалары барлығы ешқандай жұмыс істеп жатқан жоқ. Неге? Мысалы, білім деңгейінен Қазақстан халықаралық рейтингтерде 102 елдің ішінде 98 орын алады екен. Мынау Гондурас, Камерун сияқты ең артта қалған елдердің қатарында. Екінші рейтингте де сол 73 елдің ішінде 69 орынды алады. Неге осындай жағдайға жеттік? Себебі, білімді дәріптемейміз. Білімнің қоғамға пайдасын айта алмаймыз. Мына Білім министрлігінің жұмысы ең алдымен —  білім мәселесі, тәрбие мәселесі қазақта ұмытылған… Біздің қазақ халқы тәрбие дегенді жүйелі түрде түсінбейді. Мысалы, балаға мал сияқты қарайды. Ол тыныш отырса, аузына бірдене салып берсем, соны тәрбие деп ойлайды. Жоқ ол тәрбие емес. Ол мылқау болып өседі. Біздегі жастардың көбі осындай», — дейді қоғам қайраткері.  

Мысалы, жапондар былай тәрбиелейді: «Егер ата-ана өмір бойы балаларына еңбек ететін болса, онда оның немерелері қайыршы болып кетеді» дейді.

«Біздің қазақта бәрі керісінше. Біздегі ата-аналар бар тапқан-таянған табыстарын өздеріне жұмсаудың орнына сол баласына беруге тырысады, оқытады. Міне, осы Тәуелсіздік кезінде 16 мың жастар «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқыды. Бірақ осылардың ішінде халықаралық деңгейде шыққан бір мықты ғалым, бір мықты менеджер немесе бір инженер жоқ. Неге? Себебі, біз шетелге қанша қыруар ақша шығарып, балаларымызды оқытсақ та, оларды «білім алып кел» деп жіберген жоқпыз. «Ғылым үйрен» деп оқытқан жоқпыз. Барып диплом не болмаса сертификат алып кел дедік. Тіл оқыған, курстардан өткен түкке тұрғысыз қағаздарды алып келдік. Соған 30 жыл бойы малданып жүрдік, әлі де солай кетіп бара жатырмыз. Мәселенің күрделілігі осыда… Білім министрлігі бар, оның жанында академиялар бар, университеттер бар. Бұлардың қазір анау мешіт немесе мавзолейден еш айырмашылығы жоқ.  Себебі, университеттің өзінде бізде білім деңгейі өткен ғасырдың II жартысында қалып қойған», — дейді ол. 

Жанұзақ Әкімнің пайымдауынша, университетте қазіргі заманауи пәндер оқытылмайды.

«Мысалы, адам капиталын дамыту, инновация салалары, кванттық физика, химия, биология, қоғамдық сана, психология деген пәндер осындай осындай пәндердің ешқайсысы біздің университетте өтпейді. Осыдан келеді де, мына қоғам біздің дәстүрді өздеріне ыңғайландырып алады. Себебі, олар тәрбие, білімге ұмтылмайды. Кешегі коронавирустың кезінде қашықтықтан оқыту салдарынан білім деңгейі қазақ мектептерінде түсіп кетті. Ал орыс, аралас мектептерде білім деңгейі түскен жоқ. Неге? Себебі, біз көңіл бөлмейміз. Білім керек екен, ғылым керек екен деп ертеңгі күнді ойламаймыз. Сол балалардың намазын тыныш оқып, оразасын ұстап жүргеніне мәз боламыз. Молдалар адамдарды қорқыту үшін өз уағыздарында көбіне о дүние туралы айтады. «Сен егер дұрыс өмір сүрмесең, о дүниеге барғанда тозаққа түсесің» дейді. Біздің молдалардың оқып жүрген уағыздарынан басқа ешнәрсе ала алмайсың. Ол ешнәрсе бермейді, бар мақсаттары адамды қорқытып құл қылдыру ғана. Адам осыдан кейін «мен тек Құдайдың құлымын» деп мәз болып, соны дәреже көреді…»,- дейді Жанұзақ Әкім. 

Ол кімнің құлы болса да, құлдың аты құл. Жастар құл емес тұлға болып өсуі керек. Білімді тұлға болып өсуі керек. Сонда ғана елдің болашағы болады.

«Енді бұл мәселені әр қазақтың отбасында қарауымыз керек. Біздер «анау Пайғамбар анадай болған, мына Пайғамбар мынадай болған» деп дінді бір өмірдің бір кредосына айналдырып, сонымен жүрміз. Ол нағыз өмір емес! Нағыз өмір міне, қанша жыл өмір сүресің? 70 жыл ма, 80 жыл ма? Осы өмірінде адам ретінде не істейсің? Өзіңнен кейінгі ұрпақтарына қандай тәлім-тәрбие бересің? Қазақтың отбасында қазақ тілін неге үйрете алмай отырмыз? Надандықтан, психологиядағы құлдықтан… Өз ана тілінде сөйлеуге жарамай отырған адам ол мал, ол адам емес. Ол мәңгүрт. Міне қазіргі Украинадағы соғыста отарлаушылар сондай мәңгүрт, сатқын құлдарды өз мақсаттары үшін пайдаланады. Оларда Отан болмайды, оларда туған жер деген болмайды. Біз қазір осындайларды  өсіріп жатырмыз. Сондықтан халық болып, ел болып ойлану керек. Ойлану емес іске кірісу керек. Бала қай тілде сөйлеп өседі, сол ұлтқа қызмет етеді. Қандай мақсатпен өссе, еліне дәл солай қызмет етеді», — дейді ол.

Дін халықтың миын улайтын мықты идеологиялық құрал екенін әр отбасы түсінуі керек.

«21 ғасырда дінді дәріптеуден алдынғы қатарда шыққан ел жоқ. Мәселе керісінше. Сондықтан қазіргі мына әлемдегі шығатын кітаптардың 98 пайызы білім, ғылым, технология, техникаға арналған. Тек 2 пайызы ғана гуманитарлық салаға бағытталған. Неге? Себебі, қажеттілік сондай. Білім, ғылым, техника, технология — қоғамды дамытатын салалар, сондықтан оған қажеттілік гуманитарлық салаға қарағанда 50 есе көп.  Осы жағын ойлап, қорытынды жасауымыз керек. 90 жылдары балабақшалардың барлығы жабылды. Бастауыш мектептердің көбін жаптық. Неге? Себебі, бізге білім керек жоқ. Қазіргі Қазақстандағы мектептердің деңгейін салыстырмалы түрде қарасақ, Назарбаев зияткерлік мектебі бар, қазақ-түрік лицейі бар, орыс, аралас, қазақ мектептері. Жалпы 5 түр бар дейік. Осының ішінде қазақ мектептері ең соңғы орында. Неге? Себебі, біз 30 жылда қазақ тілін үйрететін бірде-бір дұрыс әдістеме жасай алмадық. Біздің білім, ғылым, ана тілге қатысты жеткен жетістігіміз осы. Ал дінге келгенде алға жан салмаймыз», — дейді Жанұзақ Әкім. 

Сирияға соғысуға 400-ден астам адам отбасыларымен кетті. Дін жастардың бүкіл денесіне, миына сіңіп болған. Осылайша қоғам надандана береді…

«Осыдан құтылу үшін алдымен Үкімет жұмыс істеу керек, белгілі бір саясат болуы тиіс. Соңғы 3 жылда білім жағдайы осылай болса, жалпы қоғамның кедейленуі 30 пайызға асты. Неге? Жұмыс жоқ. Жаңа кәсіпорындар ашылмайды, т.б. Біз мына түрімізбен мемлекет құра алмаймыз. Міне, 30 жылда Қазақстан мемлекет құра алмайтынын көрсетті. Әне бір отбасы бәрін ұрлайды, соның айналасындағылардан бастап барлығымыз соған қарап отырамыз. Мұндай қайыршы надан халық өз еліне ие бола алмайды, экономикасын басқара алмайды. Анау қаңғырып келген Машкевич сияқты тағы басқа алаяқтар бұл елді қай уақытта да билейді. Себебі біздің қоғам надан ғой, діннен  басқа оған ешнәрсе керек жоқ. Сондықтан бұны дереу доғару керек. Көзі ашық адамдардың бәрі түсінеді, ал өз еліне, өзіне, отбасына, халқына қастандық жасаймаймын десең, мұны тоқтатып, білім, ғылым, инновация, адам капиталын дамыту сияқты адамға керек дүниелермен айналысу керек», — дейді ол. 

Бақыт деген не? Барлық адамдар бақытты болғысы келеді. Бақыт деген шама-шарқын келгенше ауқатты тұру. Ол үшін еңбек өнімділігі жақсы болуы керек. Бақыт —  отбасының тыныштығы, отбасының бақыты, өмір ұзақтығы деген сияқты критерийлерден құралады.

«Адам бұл өмірге келгенде бақытты болғысы келеді. Бір ғана мақсат бар. Дүмше молда немесе  басқа бірдене болам деп келмейді ғой. Сол үшін оқиды, сол үшін еңбектенеді, маймылдан айырмашылығы адамның тілі және еңбегі. Осымен айналысу керек. Ал ораза ұстап, діннің артынан кеткендер ондаймен айналыспайды. Тап осындай ақпараттың заманында, бейбіт кезде оқуға, білімге, ғылымға мүмкіндік ашылғанда біз жастарды қайыршы қылдырып өсіріп жатқанымыз қылмыстан да жаман, мемлекеттік сатқындықтан да жаман. Осыны түсіну керек! Анау атақты Тоныкөк пен Күлтегіннің кезінде, 8 ғасырда оларға діндарлар келіп, былай айтатын көрінеді: «мына дінді Түрік қағанатына қабылдаңдаршы». Сол кезде сұрақ қойыпты: «Түркілерге мына дін береді» деп.  Сосын түсіндіреді ғой: «анау мынау о дүние деп». Сосын әскер басшысы тұрып шығып ұран тастаған екен, сөйтіп барлық сарбаз әп-сәтте бір қатарға тұрып: «Міне, рух деген мынау. Сенің дінің тап осындай рух бере мае» дейді? Аналар «Жоқ, ондайды бере алмаймыз» дейді. Шынына келгенде, сол исламды түркілер сақтап қалды. Сұлтан Бейбарыстар. Бәрі көшпенді. Ислам өз-өзін қорғай алған жоқ, себебі дін рух бермейді», — дейді Жанұзақ Әкім. 

Мемлекетті басқаруды, әскердің мықты болуын, заманға сай білімнің мықты болуые т.б. мәселені дін шеше алмайды.

«Христиандар Американың екі құрлығын отарлаған кезде Африкадан қара нәсілді адамдарды тасыды, олардың көбісі суға кетті, 49 млн-нан астамын қырды. Американың үндістерін қырып салды. Сол кезде христиандар ойланыпты:«Әй біздің Құдай қайда? Неге тоқтатпайды мынаны, бізге айтатын біреу бар ма?» деп… Сонда Голландияның бір шіркеуі ғана «осы қанды соғыс дұрыс емес» деп бүкіл дүние жүзіне айтыпты. Қалғанының бәрі қолдаған. Яғни сол кезде христиандар түсінген екен. Құдай егер болса, бізді тоқтатар еді, яғни ол жоқ. Шіркеу деген ширма, мешіт те тап солай. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақтың 40-50 пайыздан астамы аштан қырылып қалды. Неге? Ол надандықтан, білімнің жоқтығынан. Малдарын тартып алды да, халық аштан қырылды. Барлығы ол кезде «Құдай қайда? Неге қорғамайды» деп сұрақ қойды. Алдымыздан осындай сындар шығатын болса, біз ойландық па? Құр сандырақтың керегі жоқ. «Анау Құдай бар, мынау жоқ. Ана пайғамбар мынандай, мынау тәңіршілдік, мынау пәлең» деп. Әркімнің жүрегінде иманы болады, моральі болады. Өмірлік ұстанымдары болады», — дейді ол.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, Құдай деген әркімнің жүрегінде…

«Ал әркім дінге беріліп кеткен қоғамдарға сол Ауғанстан керемет мысал ғой. Әне жарты жылға жетпей, не телеарна жоқ, не интернет жоқ, әйелдер қоғамдық жүұмысқа шектелді, паранджаларын киеді, орта ғасырға түсті де кетті 2-3 ай ішінде. Бітті надан қоғам солай болады. Сондықтан діннен сақ болу керек. Біз зайырлы мемлекетпіз бе? Сол заңды сақтау керек. Қазір мектеп, университет мешіттің бір түріне айналып кетті. Ол екеуі мүлде екі бөлек нәрсе. Қаптаған мұғалімдер не істеп жүр? Түк істеп жүрген жоқ. Өз қызметтерін істеп жүрген жоқ. Білім беріп жатқан жоқ, тәрбие беріп жатқан жоқ. Ата-аналары да сол. Бұл Қазақстанның бізге көрсетіп жатқан надандығы… Біздің қазақ қоғамының алға емес артқа жылжығу дайын тұрғаны… Бұл үлкен трагедия.», — деп аяқтады сөзін Жанұзақ Әкім.

«Адырна» ұлттық порталы

[:]