АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Оразада арақ-шарап сатпаңдаршы!»: Атыраулық қариялар бастама көтеріп, дүкендерді аралап жүр[:]

[:kz]

Оразада арақ-шарап сатпаңдаршы! Атыраулық ақсақалдар осындай бастама көтеріп, қаладағы дүкендерді аралап жүр. Алайда экономистердің де уәжі бар. Кеңес дәуірінде ішімдікке тыйым саламыз деп, империяның экономикасын әлсіретіп алған екен.

Атыраулық қариялар қасиетті Рамазан айында қаладағы дүкендерді аралап, арақ-шарап сатпаңдаршы деп үгіттеп, өтініш айтып жүр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Қасиетті айда Құран түскен. Осындай қасиетті айда арақ-шарап сатпасаңыздар деген ұсыныс ретінде, әрі өтініш», — дейді қариялар. 
Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің жанынан құрылған ақсақалдар алқасының бастамасы кешелі бері әлеуметті желіде тарап жатыр. 

«Біздің мақсатымыз қасиетті Рамазан айында кәсіпкерлер арақ-шарапты сатпауға үлес қоссын деп, Алланың разылығы үшін үндеу тастап жатырмыз. Енді біз қала бойынша 4-5 дүкенді араладық. Көбісі қоштап жатыр. Сатушылар болған соң, «басшыларымызға айтып көреміз» деп айтып жатыр. Сол шараны әрі қарай ақсақалдар, кәсіпкерлер қолдап әкетсе, нұр үстіне нұр болатын еді», — Сұлтан Бейбарыс мешітінің ақсақалдар алқасының мүшесі Болат Жарылғасов.

«Мүмкін ақсақалдардың ісін тек Рамазан айында ғана емес, басқа уақыттарда да дәріптеп, жастардың санасына осы нәрселерді құю керек шығар. Бірақ жалпы алған кезде, азаматтық-демократиялық қоғам ретінде, әркімнің өзінің жеке ұстанымы бар. Яғни кәсіпкерлік жағынан болсын, адами жағынан болсын», — дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқан.

Ал экономист Жангелді Шымшықов қызық дерек айтады. Кеңес дәуірінде Горбачевтің тұсында спирттік ішімдікке тыйым салатын науқан басталып, соңы алып империяның құлауына әкелген. 

«Сол кезде Кеңес одағының бюджетіне ең бірінші түсім мұнай-газдан, екінші түсім арақ-шараптан болды. Ал Горбачев пен Легачев екеуінің қитұрқы саясатымен бүкіл жерде алма ағаштары, жүзім өсетін плантациялар құртылып, жойылды. «Спиртті ішімдіктермен күресеміз» деп, сол күресі аяғында КСРО-ның ыдырауына әкеліп соқты. Сондықтан ол ұсақ-түйек мәселе емес», — дейді экономист. 

Экономистің сөзінше, қазірде біздің көптеген кәсіпкерлік субьектілері, дүкен, дәмханалар осы арақ-шарап сатып күн көріп отыр. Олардың дені ораза айында біраз пайдадан қағылады екен. 

«Дәмханалар, мейрамханалар, барлығы зиян шегеді. Бір ай, яғни 30 күннің ішінде олар қаншама пайдадан қағылады. Ол бір. Екіншіден, тыйым салынса да, тыйым салынған нәрсе әрқашан да жұрттың бәріне дәмді болып көрінеді. Ол кері әсерін жасауы мүмкін», — дейді Жангелді Шымшық.

Әзірге атыраулық ақсақалдардан басқа өзге өңірлер мұндай акцияны бастаған жоқ. Ұсыныс айтылған дүкен иелері де қариялардың өтінішіне не иә, не жоқ деп жауап бергенін естіген жоқпыз. Айта кетейік, биыл ораза айы мамырдың 6-ынан басталды.

stan.kz

[:]