[:kz]
Бәріміз білетіндей Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тілі бар. Олар — ағылшын, француз, испан, араб, орыс және қытай тілдері. XXI ғасырдың табалдырығын аттағалы осылардың ішінде тек орыс тілінің ғана кежегесі кейін тартып тұр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, жеңген елдер қатарында болған КСРО кезінде орыс тілі шынымен әлемдік тілдер тізіміне лайық болатын. Алайда Кеңес одағының орнын басқан Ресей іргелі елдің істерін сәтті жалғастыра алған жоқ.
Өткен ғасырда орыс тілін қолданушылардың саны аз емес еді. Он бес одақтас елдің ресми тілі болды. Ал бүгінгі таңда орыс тіліне бұндай мәртебені Ресейден бөлек Қазақстан, Баларусь және қырғызстан елдері ғана беріп отыр. Кеңес одағының қолқа-тамыры іспетті Украинаның орыс тіліне қандай мәмле танытып отырғанын айтудың өзі артық. Жақында ғана Президенті «орысша сөйлегісі келетіндер Ресейге барыңдар» деп ашық айтты.
Енді салыстыру үшін БҰҰ-ның ресми тілі санатындағы өзге тілдердің жай-күйін айта кетейік. Ағылшын тілінің әлемдегі бірінші тіл екені екібастан түсінікті. Бұдан бөлек, француз тілінің Африка құрлығындағы бұрынғы отар елдеріне үстемдігі әлі кеми қойған жоқ. Халықаралық деңгейде аса маңызды тіл. Сол секілді испан тілінің Оңтүстік Америка елдеріндегі үстемдігі де әлі салтанат құрып тұр. Аса үлкен мұсылман әлеміне арқа сүйеген араб тілі мен сауда соғысында сапалы-сапасыз тауарларымен әлемді жаулап келе жатқан қытай тілінің де тынысы тарыла қоймайды. Демек, біздің елде мәртебесі мемлекеттік тілден де жоғары тұратын орыс тілі жақын болашақта БҰҰ-ның ресми тілдер тізімінен шығып қалуы да ғажап емес.
Біздің бұл сөздерді жазуымызға себеп болған жағдай, кеше Қырғызстанның белсенділері орыс тілінің ресми тіл статусын алып тастау жайлы референдум өткізуді талап етті. Баста айтқанымыздай орыс тіліне шексіз мәртебе беріп отырған төрт елдің тағы бірі бұл майданнан бас тарпақ. Ат төбеліндей айыр қалпақты ағайындарымыз отарлықтан арылу жолында тағы бір қадам жасағалы отыр. Тіпті ел халқының 40%-ын орыстар құрайтын Латвия елі де биылдан бастап мектептерде орыс тілінде сабақ болмайтынын мәлімдеді. «Недеген батыл шешімдер» деп тамсанып ғана отырамыз. Мемлекет құраушы ұлт ел халқының кем дегенде 70%-ын құраса да Мәскеуге мөлтеңдеп біз отырмыз әлі. Мүмкін құлаған КСРО-ның жұртында орыс тілінің жоқтаушысы болып Қазақстан мен Беларусь ғана қалар. Ресейге адалдығынан айнымай.
Кез-келген тілдің құлдырауына саяси және экономикалық жағдай әсер етеді. Бүкіл батыс жұртының ортақ жауына айналып, сансыз санкцияның астында қалған Ресей саяси тұрғыда да, экономикалық тұрғыда да оңбай таяқ жеп отыр. Басқаша айтқанда орыс тілінің басты көр қазушысы Ресейдің өзі болып отыр. Астана мен Минсктің адалдығынан мін табылмаса да, Мәскеудің «мықтылығынан» сын табылып отыр. Өзіне шын берілген қос «інісін» қайда апарып соғары дәл қазір белгісіз. Бір анығы алдағы уақытта Ресейге ергеннен жақсылық аз деп есептеуге болады.
Ресейдің демографиялық жағдай да орыс тілінің қолданылу аясы кеми түсетінін дәлелдеп отыр. Мамандардың есептеуінше Ресейдің халық саны осы ғасырдың соңында 60-65 миллионға дейін кемиді екен. Сол кезде тіпті Йе́мен елінің халық саны Ресейден асып кетуі мүмкін. Бұған себеп, әлемде туу көрсеткіші өлу көрсеткішінен 2.6 есе көп. Ал Ресейде керісінше үш адам дүниеге келгенде бес адам өмірден озады екен.
Сонымен көршісін құдайындай сыйлаған қазақ Мәскеуді махаббатпен қолдап отыр. Кезінде орыс тілін мемлекеттік тіл санаған он бес елдің он бірі өз жолын тапқанын айттық. Енді қырғыздар да тіл тәуелсіздігін алуға шындап кіріспек. Мүмкін енді аз уақытта орыс тілінің жақтаушысы болып ошақтың үш бұтындай Ресей, Беларусь, Қазақстан үштігі ғана қалар. Ресей мен Беларусь бұрыннан бауырлас ел. Ал қазаққа не жоқ?! Кезінде КСРО тарағанда одақтас елдердің ішінде ең соңғысы болып тәуелсіздік жариялаған едік. Енді орыс тілінен де ең соңғы болып бас тартамыз ба?! Әлде мүлде бас тартпаймыз ба?…
Қуаныш Қаппас
Abai.kz
[:]