[:kz]
Қай ортада болмасын өсек тасығанды ұнататын, өсек айтпаса, ауырып қалатын адамдар болады. Олардың өсегі кейде зиянсыз, ал кейде адамға үлкен зияны тиеді. Сонда адам неге өсек айтады, өсекшіге қалай тойтарыс беруге болады?
Психологтардың сөзіне сүйенсек, өсекке көбіне өзіне сенімі аз, үрейге берілгіш, көре алмаушылығы басым, өзін көрсеткісі келіп тұратын адамдар бейім тұрады. Кейбір өз ұстанымы жоқ, сенгіш адамдар ондайлардың өсегіне сеніп, жазықсыз адамнан арасын алыс салады. Ал енді біреулер болса, сондай өсекке сенгісі келіп тұрады, өйткені оның өзі де өсек «объектісін» бұрыннан ұнатпауы мүмкін.
Қандай да бір өсекке іліккен адам ол жөнінде естіген сәттен-ақ өзін-өзі қолға алуы керек. Үрейленбеңіз, жағдайды ушықтырып алмау жағын ойлаңыз. Өсекші үшін сіздің ашуланғаныңыз маңызды, ол содан рахат алады. Оның үстіне өзгелердің сізді қосыла өсектейтін сәтін асыға күтетінін де ұмытпаңыз. Жұртқа мұндай жағдайдың болмайтынын сездіріңіз, сонда олардың қызығушылығы су сепкендей басылады. Яғни өсекке селт етпеу, оны елемеу, үнсіз қалу – оның одан әрі қарай таралуына тосқауыл болатын бірден-бір жол.
Ал егер сіз үнсіз қала алмайтын жан болсаңыз, онда өсек таратушымен жұрттың немесе бір-екі адамның көзінше сөйлесіңіз. Әңгіме кезінде өзіңізді сенімді, салмақты, тіпті көңілді ұстауға тырысыңыз. Ең бастысы, ақталмаңыз, өсекшіге көбірек сұрақ қойыңыз. Өсекші осыдан-ақ өзінің әрекетінің түкке тұрғысыз болып қалғанын ұғады.
Өсек әрі қарай таралмас үшін оның неден шыққанын анықтап алуға тырысыңыз. Өз бастан өткергендеріңізді әркімге айта бермеңіз.
С. ИКРАМҚЫЗЫ
.zamana.kz
[:]