[:kz]
Еліміздің шығыс өңіріндегі Өскемен деп аталатын қаланың атауы карталарда, ресми ақпарат көздерінде әлі күнге дейін Усть-Каменогорск болып жазылып жүр. Бүгінде қала атауын өзгерту туралы ғалымдардың дәлелдемелері жоқ емес, бар. Қарап тұрсақ, қазақ тіліндегі «Өскемен» сөзінің ешқандай мәні жоқ екен. Ол бар болғаны «Усть-Каменогорскінің» қазақшаланған нұсқасы.
Шығыс Қазақстан облыстық ономастикалық комиссиясының мүшесі Бердібек Бияров жер-су атауларының лингвистикалық ерекшеліктерін зерттеуші маман ретінде мынадай пікір білдіреді: «Кезінде Усть-Каменогорск атауын Тасқорған деген атқа ауыстырсақ деген пікір айтқан едім. Оған себеп қаланың тасты таулармен қоршалып тұруы, кезінде бекініс ретінде салынуы, «қорған» сөзінің көне түркіде «қала» мәнін беретіндігі және Ресей зерттеушісі Миллердің 1723 жылдары ол жерден үш үлкен сақ қорғанын табуы сияқты деректер еді. Егер Тасқорған болса, Талдықорған, Жаңақорған, Шолаққорған сияқты атаулар типіне енетін еді» дейді ғалым.
Зерттеушінің пікірі ойға қонымды. Бірақ мұндай пікірлер тек қағаз жүзінде қалып жатқаны өкінішті. Өскеменнің атауын өзгерту мәселесі жай әңгіме күйінде болмаса, облыстық ономастикалық комиссияға ресми құжат түспеген.
Тарихқа зер салсақ, Өскеменге қала мәртебесі 1868 жылы берілген екен. Содан бері оның өзгермей келе жатқаны аян. Еліміз тәуелсіздік алып, оған ширек ғасырдан асса да Усть-Каменогорск болып келеді. Кезінде «Усть-Каменогорск» деген атауды өзгертуге үзілді-кесілді қарсылық білдіргендер табылды. Енді үш жылдан кейін Өскеменнің 300 жылдығын осындай атаулы деректермен тойлап жатсақ, еш таңдануға болмайды.
Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Әлібек Қаңтарбаев: «Жер, көше атаулары осылай өзгермей тұра бере ме? Облыс басшылығына хат жаздым, талай рет айтылды. Ешкім селт етпейді. Өзге жерлерде ауыстырып жатады, бізде үнемі мораторий…» деп жағдайды қамыға жеткізді.
Осыдан біраз жыл бұрын Президенттің Семейге барған сапарында айтқан бір-ақ ауыз сөзінен кейін «Семипалатинск» атауы «Семей» болып шыға келді ғой. Ештеңе бүлініп, ешкімнің көзі шыққан жоқ. Осындай нақты батыл қадам Өскеменге жетпей тұр. Мәні-мағынасы жоқ, фонетикалық өзгеріске түскен атауды Қазақстан картасына қашанға дейін жазамыз. Қаланың өзіне, шығыс өлкесіне әбден-ақ жарасатын әдемі атаудың қажет болып тұрғаны сөзсіз. Енді батыл қадамдар керек. Өз елімізде кешегі Кеңестік заманнан қалған атауларды бірте-бірте өзгертуге тиіспіз. Өйткені өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Олар қай атаудың тарихымен тәрбиеленбек? Ұлттық сана-сезімдері, елге, жерге деген патриоттық қасиеттері дұрыс қалыптассын десек, мәселенің мәнісін атауды өзгертуден бастайық.
Ғабдул-Ғазиз Есембаев
Ана тiлi газетiнен алынды
[:]