[:kz]
Мемлекет қаржысын үнемдеу үшін науқастарға жағдай жасалмау керек пе?
Өскемендегі облыстық тері-венерологиялық диспансерде емделіп жатқан жұрт ондағы жағдайдан жандарының түршігетінін айтып шағымданады. Айтуларынша ғимарат ескі. Қазір қабырғадағы балшықтары қопарылып түсіп, төбесінің де кетеуі кеткен. Ғимараттың қазіргі жағдайын кіре берісінен-ақ аңғаруға болады. Дәл есіктің жанындағы терезенің өзін қара қағазбен қаптап қойыпты. Тіпті түріне қарап, оған бір емес, бірнеше ондаған жылдар болған ба дерсіз?!
Ғимараттың төбесі 2009 жылы жаңартылған.
Бұрын бұл ғимаратта балабақша болған екен. Ғимаратқа түрлі тері ауруларын емдейтін диспансердің келіп орналасқанына ширек ғасыр уақыт болған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Тек төбесі ғана 2009 жылы жаңартылыпты. Осындағы емделушілер енді міне, сол «ЕСКІЛІК» есімізді шығарды дейді
Тәуліктеп тұрып, апталап жататындардың жағдайына мән берілсе ғой деген емделуші Клара НҰРТАЗАЕВА:
– Мына XXI ғасырда мынадай жердің жағдайын бірінші рет көріп тұрмын. Жағдай онша жақсы емес. Міне, жатқан бөлмеміздің түрі мынау. Облыс орталығындағы аурухана деп айтуға ұяласың. Ал науқастар үшін қайнаған су жоқ. Балаларымызға әкелген тамағымызды қайда жылытып берерімізді білмейміз. Төсегіміздің тура бел ортасында темір. Дұрыс жата алмаймыз. Матрастары ескі. Әйтеуір қызметкерлер тазалап қойған екен, – дейді.
Бас дәрігердің айтуынша, жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Тек былтырғы жылы басқа ғимаратқа көшіп кетеміз бе деген үміт басым болып, қалпына келтіру ісін кеш бастапты. Соның салдарынан кейбір бөлмелер жөнделмей қалып қойған. Десе де, жөндеу жұмысына кететін шығын да мекеме үшін аз емес көрінеді.
– Сегіз миллион аз ақша емес. Мен үшін бұл көп ақша. Мекеме қызметкерлерінің жалақысы мен науқастардың тамағы және еміне кететін бір айлық қаражат сомасына жақын. Себебі, бір бөлмені жөндеу үшін шамамен 120 мың теңге жұмсалады. 2016 жылдың көктемінен бері әне көшеміз, міне көшемізбен жүрміз. Көшіп кетсек, жөндеу жұмысы бекер болады ғой. Мемлекет қаржысын босқа шашқым келмейді. Егер қоныс аудармасақ, толық жөндеуге тура келеді, – дейді, облыстық тері-венерологиялық диспансердің бас дәрігері Рысбике ЖАМАНБАЛИНОВА.
Жалпы мұнда жылына 1300-ден астам адам ем алады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы да көші-қон мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бірақ нақты қай уақытта шешілетіні белгісіз. Ал кетеуі кеткен ғимараттың қабырғаларынан бөлек мұндағы жиһаздардың жағдайы да мәз емес. Сонау өткен ғасырда, келмеске кеткен Кеңестер кезінде жасалған дүниелердің тоз-тозы шығып тұр.
zhasalash.kz
[:]