АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Өскеменнің әкімі Досжанның тілегін орындап үлгере алмады[:]

[:kz]

Өскемендік оқушы Досжан ДУЛАТҰЛЫ ауласындағы ойын алаңының ескіргенін айтқан видео үндеуі қала әкімі Жақсылық ОМАРДЫ БАҚ-ның бірінші бетіне жарқ еткізіп шығарып еді. Шенеуніктің арнайы балаға келуі декаративті демократия орнаған елде айтулы оқиға болды. Әттегенайы әкім бала тілегін орындап үлгере алмады. Бойын жарнамалаудан аулақ ұстаған жандар бір күнде Досжанның арманын орындап кеткен. Бірақ Өскеменнің шешен тілді әкіміне өкінетіндей жөн жоқ. Қалада Досжан сынды мыңдаған оқушылардың тілектері жоқ емес.

Досжан өзінің ауласындағы ойын алаңының тозып тұрғанына қиналып, өтінішін әлеуметтік желі арқылы жалпақ жұртқа жеткізген болатын. Мұны көрген журналистер жергілікті биліктен бұрын қимылдап, ойын баласының базынасын айтқан еді. Содан кейін қала әкімі Жақсылық ОМАР барып, баламен арнайы кездескен.

Қала басшысы сол кездесуінде: – қалада мыңдаған аула бар. Олардың көбі жарты ғасырға жуық уақыт жөндеу көрмеген. Мәселені кешенді түрде шешу үшін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен «Менің аулам» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Пәтер иелері кооперативі өтініш берген барлық аула бюджет есебінен толықтай жөнделетін болады. Өкінішке қарай, дәл осы «Маяковский 20» мекенжайындағы аула былтырғы жылы өтінішті дұрыс бермеген екен. Соның салдарынан аула жөнделетіндердің тізіміне енбей қалған – дегенді.

Алайда, баланың айтқан базынасының орынды екенін ескерген шығыстағы бас шаһардың басшысы қала бюджетінен үнемделген қаржы есебіне ауланы жөндеуге уәде берген. Себебі 2019 жылы жөнделетін аулалардың тізімі бұған дейін бекітіліп қойған. Мұны естіген ойын баласы да, ата-анасы да келер күнге үміт артып қала берген еді.

Бірақ бұл жолы қайырымды жандар уәдені осылай үйіп төккен құзырлы орган қызметкерлерінің алдын орап кетіпті. Қазір бұл ауланың келбеті әбден өзгерген. Жаңа орындықтар қойылып, ескірген темірлер боялған. Әткеншек пен сырғанақ тебетін қондырғы да жаңадан орнатылыпты. Досжанның ата-анасының айтуынша, бұл жұмыстарды ат-жөндерін құпия ұстаған қайырымды жандар Елордадан арнайы келіп, жасап кетіпті.

Фотоларды автор ұсынды.

Жас Алаш

 

[:]