[:kz]
Жақында Желіде қарт әжесі, зағип анасы мен екі кемтар ағасымен «үй» деуге келмейтін жерде тұрып жатқан 9 жастағы Оразымбеттің оқиғасы елді елең еткізген еді. «Бір-ақ арманым бар, оны орындасаңыздар, өзім де қайтарып беремін» деген Оразымбеттің сол арманы бүгін орындалып отыр. Оған Шымкент қаласынан үй берілді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Естеріңізде болса, бұған дейін «Харекет» қайырымдылық қорының құрылтайшы, актер Мадияр Серікпаев Оразымбеттің отбасы тұрып жатқан үйді көрсеткен болатын. Кадрлардан үй кіреберісінде оталған ағаштар жиналып тұрғанын көруге болады, ал есіктен кіре бергенде сылағы түсіп, бұзылайын деп тұрған қабырғаны байқайсың. Оған қоса бұл жерді жалға алып отырғаны айтылады.
«Анамның көзі көрмейді, ағам ауру, әжем де қартайып келе жатыр», — деген еді Оразымбет.
Сол күні актермен бірге Оразымбеттің үйін көруге барған қордың Шымкент қаласы жане Түркістан обылысындағы жауапты өкілі Серік Дарбышевтың сөзінше, анасы 8-9 жасында шешек ауруымен катты ауырып, көзі көрмей қалған, ал екі ағасы туғаннан кемтар.
«Мүгедектік бойынша жәрдемақы мен әжесінің зейнетақысына күн көріп келген. Анасы мен әжесі бармаған, баспаған тауы жоқ, еш жерден жәрдем ала алмағанын айтты. Әкесі жоқ, жетпейтін қу дүние, жұмыссыздық, ішімдікке салынып, тастап кеткен екен», — дейді ол.
Оразымбет қазір 4-сыныпта оқиды. Серік Дарбышевтің сөзінше, үлгерімі жақсы, алғыр, өз жасынан ерте жетілген, ой өрісі кең бала. Ол картоп қуырып, ботқа жасап, кеспе баса да алады екен.
«Баланың ақшаны сосын қайтарып беремін дегены сөзі жаттанды емес, өз ойын айтып отыр, бұл Мәкең екеумізді тебірентіп жіберді», — деп қосты ол.
Бар болғаны екі аптаның ішінде Оразымбет пен оның отбасы үйлі болды.
Оларға «Харекет» қоры халықтан жиналған ақшаға Шымкенттен 30 миллион тұратын 5 бөлмелі жер үй алып берді.
Үй маңында мектеп, балабақша, аурухана бар, газ, жарық, су сияқты коммуналдық қызметтер қосылғаны хабарланды.
Одан бөлек Оразымбетке 5 миллион теңге сертификат берілді, ол 18 жасқа толғанша шешілмейтін депозит. Мұны кейін оқуына, үйленгенге және басқа да қажеттілігіне жарата алады.
9 жасар баланың ендігі арманы — анасының жарық дүниені кайта көргенін қалайды екен. Қор өкілінің сөзінше, алдағы дүйсенбіде анасын дәрігерге көрсетіп, жазылуға мүмкіндік болса ота жасатып береді.
Суреттер: «Харекет» қорынан
[:]