АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Өз диқаныңның капустасы шіріп жатқанда Қытайдың сапасыз көкөнісін неге тасимыз?[:]

[:kz]

Қазір үйдің қасындағы «Атак» дүкенінен капуста сатып алдым. Килограмы 50 рубль, яғни, 294 теңге. Салыстырмалы түрде «Атак» дүкенінде өзге дүкендермен салыстырғанда көкөніс арзан.
Орыстар — капустаны көп жейтін халық. Наташа деген құрбымыз үйге келген сайын «капуста бар ма?» деп сұрайтын. Капустаны кесіп-кесіп тарелкаға сап, құры өзін жеп отыратын. Наташа кейін біздің пəтерге көшіп келді. Капуста жемейтін күні жоқ еді. Бұл енді басқа əңгіме.
Оңтүстікте 250 мың тонна капустаны диқандар өткізе алмай отыр екен. Обал! Əкем бала кезімде диқаншылықпен айналысты. Қауын-қарбыз ектік. Біздің Жетісайдың ыстығына шыдау мүмкін емес. Басымыздан күн өтіп, аузымыз кеуіп, шөлдеп, шалдығып, азаптанып ектік. Алыс жекжатымыз үлкен КамАзға «мына қарбыз ұзақ жолға жарайды, жарамайды» деп таңдап, артып кеткен. Қарызға!
Айналасына паңданып қарап, күйеуіне қайта-қайта бұйырып сөйлеп тұрған қара əйел бір көргеннен ұнамады. Адам танимын ғой. Сөйлеген сөзінен, өзін ұстауынан пасықтығы көп əйел екенін сездім. Пасық адамдарды жек көрем. «Біз қауын-қарбызды күннің астында терлеп-тепшіп, басымыздан күн өтіп ектік. Ақшамызды əкеп беріңіз» дедім. Мен оқушы кезімде мұғалімдерім айтпақшы «қақшаң, қаңшаң ететінмін». Əйел «еңбектеріңді жемейміз» деп сайқалдана күлді. Əкеме «ақшаңызды осы уақытта береміз» деп тілхат жазып берген. Сол күйі ақшаны қайтарған жоқ. Əкем бізге солар ақшаны берсе, мектепке күшті форма əперуге уəде беріп еді. Бала болсақ та, біздің еңбегіміз, төккен теріміз көп еді.

Мына диқандардың да балалары басынан күн өтіп, аяғына тікен кіріп, таңертең бес-алтыда көзін тырнап ашты-ау. Оларға да əкесі капустаны сатса, еткен еңбектеріне бір нəрсе əперуге уəде берді-ау.
Біздің бала кезіміздегі жағдай əлі өзгермеген. Диқанның құқын қорғайтын, оның өнімін сатуға көмектесетін мемлекет жоқ. Өз диқаныңның капустасы, басқа да өнімі шіріп жатқанда Қытайдың сапасыз көкөнісін неге тасимыз?
Былтыр Шымкентке бара жатқанымда Сарыағаштан мінген əйел «капустаны ерте егіп, сатқандар болмаса, көптеген диқандар капустасын өткізе алмай малға береді. Өзімізде былтыр пайдадан гөрі, шығынға баттық» деді. Əйелдің ауыр бейнет салған əжімді бетіне аяй қарағаным болмаса, оны жұбата алмадым.
250 мың тонна капустаны бүкіл Қазақстанға таратудың жолын Ауылшаруашылық министрі тез арада қолға алу керек. Əлем экономикалық дағдарысты бастан кешіп отырғанда 250 мың тонна капустаны шірітіп қою — ақымақтық. Егер диқандардың мəселесін шеше алмаса, бұл мемлекеттің болашағы жоқ. Диқандар еккен өнімді қалай таратуды білмейтін билік отыз дамыған елге кіру туралы ертегі айтпай-ақ қойсыншы, а?
Мына індеттің экономикалық зардабы бəрінен ауыр. Əлемде дағдарыс. Бізге барынша ауылшаруашылығын дамыту керек.

Ая Мантай
Фейсбуктегі парақшасынан

 

[:]