АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Өз елімізде өгейдің күйін кешуде[:]

[:kz]

«Замана» газетінде тұрмыс тауқыметін тартқан және қоғамдағы әділетсіздікке тап болған жандар жайлы аз жазған жоқ. Сондықтан олардын  редакциясына шешілмеген мәселелерін айтып хабарласушылар көп. Солардың бірі – алматылық Қуаныш Бекмұрзаев (суретте). Бұл жігіт төрт жылдан бері балаларына туу туралы куәлік ала алмай жүр екен. 

«Менің шаңырақ құрғаныма бес жыл болды. Келіншегім Қапарова Айша Жомартқызы Тараз қаласында туылған. Біздің екі перзентіміз бар. Қызым Кәусар биыл 4 жасқа толды. Ал ұлым Расул 1 жастан асты. Бірақ әлі күнге дейін олардың туу туралы куәліктері жоқ.
 
Мәселе тым арыда. Айша өмірге келгенде ата-анасы ажырасып кеткен екен. Анасы оны босана салысымен әпкесіне тастап, Ресей жаққа кетіп қалған. Сол жақта тұрмыс құрған деп естиміз. Ал Айша мұғалім болып істейтін нағашы әпкесінің қолында тәрбиеленген. Сол жақта мектеп бітіреді. Кейін кәмелет жасқа толғанда қандай да бір себеппен оған жеке куәлік берілмепті. Өйткені туу туралы куәлігі жасанды, базада жоқ дейді. Тап осы себеппен біз заңды некеге тұрып, тиісті куәлігімізді ала алмадық. Тек мешітте шариғат жолымен неке қидырдық. Балаларымызға да осы себеппен метрике ала алмай отырмыз. Перзентханадан оларды анықтама арқылы шығардық. 
 
Біз бұл мәселе бойынша талай рет Тараз қаласына барып қайттық. Онда бірнеше мекеме мамандарының алдынан өткенімізбен, бәрі де «Базада жоқ. Бұл метрика жарамайды», – деген жауаппен кері қайтарады. Қайда барып, не істеу керектігін түсіндіретін адам таппай талай сандалдық. Жөн-жобасын көрсетіп, жол сілтейтін адам болсай-шы. Алматыдағы ХҚКО арқылы да ол жаққа бірнеше рет сұрау салдырдық. Бәрі нәтижесіз. Алматы мен Тараздың ортасында шапқылай беруге біздің уақытымыз да, қаржымыз да жоқ. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз, отбасым менің құрылыста жалданып істейтін азғантай табысыма қарап отыр.
 
Былтыр қызым Кәусарды балабақшаға бермекші болғанбыз. Құжаты жоқ қызды кім қабылдасын? Ал келер жылы ол мектепке баруы керек. Баламызды да балабақшаға орналастырсақ, Айша жұмысқа шықса, қиналған күндеріміз артта қалатын шығар деп армандаймыз. Бірақ біздің бұл жоспарымызға құжат жоқтығы қолбайлау болып отыр. Біледі, көмектеседі деген адамдарға барсақ, пара сұрайды. Сонда біз не істейміз? Қайда барып, кімге шағымданамыз? Әйелім мен балаларымның қашанға дейін адам санатында жоқ болып жүре беретіні белгісіз. Бұлай жалғаса берсе, Кәусарым келесі жылы мектепке бара алмай қала ма деп уайымдаймын. Құжатымызды реттеуге көмектесетін жанашыр туыс немесе таныс тағы жоқ. Өйткені өзімнің де тағдырым әйелімдікіндей. Жалғыз ағам абақтыда жатыр.
 
Жанымыз қиналған соң тым болмағанда құжат алуға көмектесетін шығар деген үмітпен Айшаның әкесін іздеп бардық. Жамбыл облысының Құлан ауданында тұрады екен. «Білмеймін. Шатағым жоқ», – деп шығарып салды. Осылайша тірі жетімнің күйін кешкен біз Қазақстандағы 18 миллион халықтың санатында жоқпыз», – деп қынжылады Қуаныш. 
 
Озық отыз елдің қатарына қосылды деген Қазақстанда жеке және туу туралы куәлік алу үшін төрт жыл сандалып, санға қосылмай, санақтан тыс қалу деген сұмдық емес пе? Бұған кім жауапты? Қуаныштың құжатсыз жүрген келіншегі мен балаларына көмектесетін жан бар ма екен бұл елде?
 
Д. ӨМІРБЕК.
 
Қуаныш Бекмұрзаевтың байланыс телефоны – 8-707-704-23-94.
 Zamana.kz 

[:]