[:kz]
Отандық танымал кәсіпкер әрі блогер Марғұлан Сейсембай ерекше дауыс иесі Димаш Құдайбергенге әлемдік жұлдыз атану үшін не істеу қажет екенін айтты. Ол әйгілі хиттерді орындап танылған тума талантқа үлкен белестерді бағындыруда алдымен өз репертуарын жасап шығаруға кеңес берді деп жазады KAZ.NUR.KZ «Марғұлан не дейді?» атты бағдарламаға сілтеме жасап.
Марғұлан Сейсембай Youtube желісінде өзінің жұлдызды отандасының бүгінгі жетістігі үшін аса қуанышты екенін айтып, оған қатысты бар ойын ақтарды.
Танымал блогер Димаш Құдайбергенге әлемдік жұлдыз болу үшін жетіспейтін нәрселерді тізіп шықты.
«Димаштың Нью-Йорк қаласындағы «Барклайс» орталығындағы концертіне 50-ден астам елдің өкілі жиылды. Ән кешінде 18 мыңға жуық адам болды. Димаш әдеттегідей, залды таңдай қақтырды.
Негізі Димаш Құдайберген қазақ ұлтының аса ерекше феномені болып табылады. Оның бойында барша музыкалық және әншілік таланттар бар.
Мен Димаш Құдайбергенге тәнті жандардың бірімін. Димаш биыл Ресейдегі «Жыл әншісі» атанды, Еуропа бойынша турне жасады. Ал жыл соңын АҚШ-тағы концертімен аяқтады.
Мен Димаштың әлемдік үлкен белестерді бағындырғанын қалаймын. Менің ойымша, оған үш нәрсе жетіспейді:
Біріншісі — өз репертуары.
Ол бөтен әншілердің емес, өз әндерін шырқаса деймін. Оның ғажайып даусына сай әдемі-әуенді әндер жазатын композиторы болса, жақсы болар еді.
Екіншісі — оның коммерциялық табысқа жетуі.
Оның әндері коммерциялық тұрғыдан пайдалы болып, дискілері әлем бойынша миллиондап сатылса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ, бұл жайт оның өз репертуары пайда болғанда ғана мүмкін деп ойлаймын.
Үшіншісі — әлемдік деңгейдегі Грэмми мүсіні.
Егер, Димаш осы үш істі атқарса, Майкл Джексон мен Селин Дион секілді жұлдыздармен бір қатарға шығады» , — деді блогер.
[:]