[:kz]
Екінші дүниежүзілік соғыстағы сұмдықтар жайлы жазылып келе жатыр, жазыла да бермек. Бүгін Qamshy.kz ақпарат агенттігі Исраэль Альбертоның 91 жасына дейін ешкімге айтпай келген шындығы туралы оқырман назарына ақпарат ұсынбақ.
91 жастағы қарт көрген сұмдығы жайлы балаларына да тіс жармаған. Күн сайын түсіне енетін адам көнгісіз қорлықта, Освенцим лагерінде ол бір жылға жуық уақытын өткеріпті.
«Бізді Аушвиц-Биркенауға дейін 13 күн бойы вагонда алып жүрді. Вагон мал тасымалдауға арналған еді. Жол бойы өлі-тіріміз ешкімді қызықтырмады. Тек нацистер ара-тұра өліктерді шығарып тастауға және там-тұмдап су беруге ғана есікті ашатын», — деп еске алады қарт кісі көрген азабын.
Аушвицке 13 күн жүріп келген 16 жастағы Исраэль нағыз азаптың енді ғана басталатынын бала түйсігімен сезген. Межелі жерге жеткенде вагон есігін ашқан немістер тұтқындағыларды «Шығыңдар, шошқалар!» деп балағаттап, әлсіз байғұстарға ит қосып, одан қалды аяқпен тепкілеп қорлаған.
Камераға қамала салысымен немістер тұтқын әйелдердің балаларын тартып алып, жұмысқа жеккен. Ал тұтқындардың ең әлсіз табы – қарттарды қинап, мазақ қылған. Кейде бала ерткен шал-кемпірлерді де аяусыз қинаған.
Газ камерасында өлген адамдардың мүрдесін сүйреп алып шығып, тісін қағып, шашын қырғаннан кейін крематорийге жіберген.
«Кейде тірі балаларды да пешке лақтырып жатқанын көз көрді», — дейді қарт тұтқын.
1945 жылы кеңестік әскерлер немістер шекарасына жақындаған сайын тұтқындарға да қысым арта бастады. 18-қаңтардан бастап 60 мың тұтқынды үлкен алаңға жинап, қолдарына бір-бір кесек нан беріп, отқа айдапты. Бес шақырымға жуық жолды 22 градус аязда «өлім маршымен» жүріп өту бұйырылған деседі көзкөргендер.
Содан соң тұтқындарды пойызға тиеп, Маутхаузен концлагеріне жөнелткен.
«Вагонда отыру мүмкін емес. Егер сәл тізе бүксеңіз, аязда сіресіп қатып қаласыз. Ашып айтқаным үшін кешірім өтінем. Бірақ біз жылыну үшін өз зәрімізді ішкенбіз», — дейді Исраэль Альберто.
17 жастағы бозбала қос концлагерьде күн көрген. Өзінің айтуынша, оны жұмысқа жарамдылығы ғана құтқарып қалған. Жұмысқа жарамсыз кішкентайлардың бәрін газ камерасына кіргізіп, қинап өлтірген. «Өлім лагері» атанып кеткен Маутхаузенде Исраэль Альберто 5-мамырға дейін, барша тұтқындар босанғанға дейін болған.
[:]