АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Өздерің түсініп, жазыңдар»: қазақ мектептерінің оқушыларына орысша тапсырма берілген[:]

[:kz]

 

Алматыда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың Бостандық аудандық кезеңіне қатысқан қазақ мектептерінің оқушыларына тапсырма орыс тілінде берілген. Бұл туралы тілшілерге жазушы Мереке Құлкенов айтып берді, деп хабарлады paryz.kz, Almaty телеарнасына сілтеме жасап.

«Немерем қазақ тілінде білім алады. TAMOS Education мектебінде 10 сыныпта оқиды. Бостандық ауданы бойынша құқық пәнінен өткізілген олимпиадаға қатысты. Алайда олимпиададан шыққан соң, немерем тапсырманың біреуі орыс тілінде берілгенін айтты. Олар себебін сұраса, «орыс тілінен қазақша аударып, өздерің түсініп, жазыңдар» деген жауап алған. Бұл – ана тілімізді екінші қатарға қою деген сөз. Мұны тоқтататын кез келді», – дейді жазушы.

Ал Бостандық ауданы білім бөлімі басшының міндетін атқарушы Бақытбек Бостандықұлы бұл туралы ешқандай ақпарат не шағым түспегенін айтты.

«Олимпиада тапсырмаларын біз дайындамаймыз. Оны «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы дайындайды. Олар ондай қателік кетуі мүмкін емес деп отыр», — дейді Бақытбек Бостандықұлы.

Қалалық Білім басқармасының «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының директоры Айгүл Қасымбек болса, бұл мәселе бойынша тексеру жұмыстары басталғанын айтқан.

 

«Бізге тапсырмаларды республикалық «Дарын» орталығы жібереді. Бұл мәселе бойынша ертең аудандық білім бөлімінің басшысымен кездесеміз, тексереміз. Егер нақтыланса, мұғалімдерге тәртіптік жаза беріледі. Ата-аналарды да шақырдық, олардан кешірім сұраймыз», — деді Айгүл Жұмабекқызы.

 

[:]