АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Өзімшілдік пе, өкпешілдік пе?[:]

[:kz]

medium_brҚазақстанда туған үйден безетін жасөспірімдер көбейіп барады

«Жоғалып кеткен», «үйінен шығып кетіп қайтып оралмаған», «ата-анасынан қашып кеткен»… Осындай сарындағы ақпараттардан құлақ тұнады қазір. Үйіне апталап, тіпті айлап ат ізін салмайтын мектеп оқушылары мен студенттердің көбеюіне не себеп? Тәрбиенің тізгінін босатып алған ата-ана айыпты ма, әлде кінә қит етсе күйзеліске түсетін, айдалаға сенделе жөнелетін жастардың өзінде ме?

Әлемде 3 минут сайын бір адам хабарсыз кетеді екен. Жылына орта есеппен 2 миллионға жуық адам із-түссіз жоғалады. Ізім-ғайым жоғалып кеткендер біздің елімізде де аз емес. Ресми дерек Қазақстанда 4 мыңнан астам адамның ұшты-күйлі жоғалып кеткендер тізімінде тұрғандығын айтады. Ең алаңдатарлығы, елде хабар-ошарсыз кеткен балалардың саны артып барады. Статистикаға сүйенсек, 2014 жылы Қазақстанда жоғалған балалар саны 5 мыңға жеткен. Елімізде 16 жасқа дейінгі зорлық-зомбылыққа тап болған балалардың саны 2011 жылы 148, 2012 жылы 236 болса, 2014 жылдың жарты жылдығының өзінде 184-ке жеткен екен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың бала, АҚШ-та 1,5 млн бүлдіршін, Ресейде 15 мыңға жуық бала жоғалады екен. Салыстырмалы түрде қарап, біздің дерекке шүкіршілік етсек те, адамдардың жоғалуы бейжай қарайтын жайт емес.

Із-түзсіз кеткендерді іздеумен айналысатын сала мамандары жоғалған адамдарды үйдегi жанжалға байланысты кетiп қалғандар, тәрбиеге мойынсұнғысы келмейтiндер, психикалық ауруға шалдыққандар, жұмыс iздеп кеткендер және қылмыскерлердiң құрбаны болғандар деп бірнеше топқа бөледi. Осыдан бірер апта бұрын Алматыда қымбат фотоаппаратымен бірге ұшты-күйлі жоғалып кеткен жігітті психикалық аурулар қатарына жатқызуға болатын шығар. Өйткені ойынға тәуелділік – адам психикасындағы ауытқулардың белгісі. Ұлын шарқ ұрып іздеп, таба алмаған Гүлбану Қосылбекова Алматы қаласы Әуезов аудандық ІІД қызметкерлерінің көмегіне жүгінген болатын. Үйінен шыққан күйі қайтып оралмаған жігітті анасы жылап-еңіреп екі апта іздеді. Жүйрік ой сан-саққа жетелеп,  жалғыз ұлымнан айрылып қалсам не болады деген үрей маза бермеген. Жоғалған жігіт арада 12 күн өткенде бір-ақ табылды. Ол екі апта бойы компьютерлік клубта ойынның қызығына батып отыра берген. Тәртіп сақшыларымен бірге Алматыдағы ойын клубтарының бәрін шарлап шыққан әйел ұлын аман-есен көргеніне шүкірлік етті. Гүлбану Қосылбекованың айтуынша, баласы  үйден алып шыққан қымбат фотоаппаратты ломбардқа өткізіп, ақшасын оңды-солды шашқан. Ал ақша таусылған соң қаңғыбасқа айналыпты. Біреудің киімін киіп, көшеде тамақ сұрап жеген күндері де болған. Кейін достары ақша жинап беріпті. Ол ақшаны да компьютерлік ойынға салған. «Бәлкім құмар ойыннан емдейтін психолог-мамандарға жүгіну керек шығар. Баламды ойынға тәуелділіктен қалай емдейтінімді білмей отырмын», – дейді шарасы таусылған ана.

Жуырда дәл осындай оқиға Ақсу қаласында да тіркелді. 12 қазанда кешқұрым үйінен шығып, екі күн бойы оралмаған 11 жасар ұлын іздеген ана полицияға арызданған. Сыныптастарынан жауап алу кезінде оның досымен бірге компьютерлік клубта түнегені белгілі болды. Түнде есігінде қара құлып тұрғандықтан, ойынхана ішіне кіре алмаған тәртіп сақшылары таңертең клуб ашылғанда жеткіншектерді сол жерден тапқан. Бұл дерек кәмелетке толмағандар құқықтары және ісі бойынша қалалық комиссия отырысында қаралды. Компьютерлік клубтың иесіне қатысты кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында жүргені үшін ҚР әкімшілік құқық­бұзушылық кодексінің 132-бабына сәйкес әкімшілік өндіріс қозғалып, іс сотқа жіберілді. Балаларды жүгенсіз жіберген ата-аналар да жауапқа тартылды. Олар кәмелетке толмағандар түнгі уақытта көңіл көтеретін мекемелерде заңды өкілсіз жүргені үшін ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабы 1-бөлімі бойынша 3 АЕК көлемінде айыппұл төледі.

 

Өз үйі – өлең-төсегі емес

 

Балалардың үйден кетуіне ата-ананың мейірімсіздігі мен қатыгездігі де себеп болып жатады. Әсіресе, өгей әке-шешеден көрген қысым салдарынан үйден безетін жеткіншектер көбейген. Мәселен, өткен аптада отбасындағы ұрып-соғулардан мезі боп, қалтасындағы аз-маз қаражатымен Талдықорғаннан Алматыға қашқан бозбаланың шарасыз күйі жүректі ауыртты. Ақшасы жолына ғана жетіпті, барар жер, басар тауы болмағандықтан «Сайран» автовокзалында түнеп, тамақ қалдықтарымен жан сақтаған. Қалалық ІІД жергілікті полиция қызметкерлері оны сол жерден тапты. Баланың айтуынша, 2014 жылы қаңтарда әкесі қайтыс болған. Бұрыннан ішкілікке құмар анасы одан бетер араққа салынып, басқа бір еркекпен көңіл қосыпты. Жасөспірімнің сөзіне қарағанда, өгей әкесі мас боп келіп, баланы сабауды әдетке айналдырған. Кейіннен оған анасы да қосылып қысым көрсетіпті. Сол кезде бозбала қашып кетуге бел буған екен. Инспекторлар баланы жасөспірімдерді уақытша бейімдеу орталығына алып барды. Ата-анасына қатысты нақты бір шешім шыққанға дейін ол сонда болмақ.

Үйлерінен қашатын жасөс­пі­рімдердің көбею дерегі Атырау қала­сының тәртіп сақшыларын да алаңдатуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс көрсеткіші 30,7 пайызға азайғанымен, із-түзсіз кететін балалар саны артқан. Бір жыл ішінде осындай 32 факті тіркелген: 22 қыз бен 10 бозбала үйлерінен қашқан. Полицейлер олардың бәрін ата-аналарына табыстаған.

Ал Астана қаласында өткен жылдың алғашқы төрт айында 20 бала үйлерінен кетіп қалған. Қалалық тәртіп сақшыларының айтуынша, олардың бәрі дін аман табылыпты. Астана қаласы Ішкі істер департаментінің Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің басшысы Азамат Садықовтың айтуынша, көп жағдайда балалар үйлерінен жақындарымен тіл табыса алмағандықтан кетіп қалып жатады.

Көпшілік арасында өтпелі кезең деп айдар тағылған жас мөлшері кезінде жасөспірімдердің психологиялық тұрғыдан әлсіз келетіні, бұл уақыт аралығында ата-аналар балаларының мінез-құлқындағы теріс өзгерістерге кешіріммен қарайтыны белгілі. Алайда әке-шешенің балаға шектен тыс өбектеуі кейде кері әсерін тигізіп жатады. Ата-ана сәл дауыс көтерсе, өзін жақындарына жат сезінетін, болмашы айқайды көтере алмай, үйден безуге дайын тұратын бозбала мен бойжеткеннің көбеюі сөзімізге дәлел бола алады. Мысалы, осы жылдың тамыз айында жоғалып кеткен 13 жастағы жасөспірімді бүкіл Қапшағай халқы іздеді. Кейін оның анасымен ренжісіп, Алматыға кетіп қалғаны белгілі болды. Қаланың демалыс аймағында жалдамалы жұмыс істейтін әйел Қапшағайда тұрғысы келмеген ұлына дауыс көтеріп, өзінің рұқсатынсыз ешқайда шықпауын бұйырған көрінеді. Шешесіне өкпелеген жасөспірім мегаполиске қашып кеткен.

 

Үй болуға асыққан жеткіншектер

 

Үйден қашатын жасөспірімдердің арасында бесіктен белі шықпай жатып ересек өмірге асығатын қыз балалар да көп. Мәселен, өткен жылы 14 жастағы оңтүстікқазақстандық оқушының бір апта бойы ұшты-күйлі жоғалуы ақпарат құралдары арқылы күллі қазақстандықтардың құлағына жетті. Ата-анасы мен тәртіп сақшылары ғана емес, бүкіл Қасымбек датқа ауылының тұрғындары жабылып іздеген Гүлнұр Өміртаева өзге ауылдағы сөз байласып жүрген жігітіне кетіп қалған. Алайда соңғы 4 айда телефон арқылы үзбей байланысып, бірге болуға серттескен бозбала қыздың үйден қашқанын білгенде одан бас тартыпты. Біреудің малын бағып жүрген қаршадай бала кәмелетке де толмаған екен. Ақырында не ауылына бара алмай, не жігітімен қала алмаған қыз бой тасалап кеткен.

Осы оқиғадан кейін Гүлнұр оқитын мектептің мұғалімдері оның анасымен қарым-қатынасы жайлы біраз сырдың шетін шығарды. Тым жұпыны баспанада шиеттей бала-шағамен тұрып жатқаны Гүлнұрға ауыр тиіп жүретін дейді ұстаздары. Оған қоса мектепке анасынан таяқ жеп келетін кездері де аз болмапты. Киім-кешек, ішер асына дейін мектептен алып жүргені бойжетіп қалған қыздың намысына тиіп, қашуға итермелеген болар деп топшылайды мұғалімдер.

«Гүлнұр бір жолы: «Апай мені балалар үйіне өткізіңіздерші. Мен үйде тұра алмаймын, менің үйде ешқандай жағдайым жоқ, азаннан кешке дейін тірлік істеймін. Сабақ оқуға мүмкіндігім жоқ» деп жылап қалды», – дейді Сайрам ауданындағы №29 мектеп директорының орынбасары Айшат Өтжанова.

Сайрам аудандық ІІД қызмет­керлері облыстық, қалалық, аудандық басқарма бөлімшелеріне сілтеме жолдап, жоғалған қызды Шымкенттегі мейрамханаларды жағалап, жұмыс іздеп жүрген жерінен тапты. Ол тәртібі қиын жасөспірім ретінде мектеп есебіне алынды.

Гүлнұрды әлі бала деп ақтап алармыз бәлкім. Алайда ақыл тоқтатып, ес біліп қалған кейбір жеңілтек бізбикелер де  ата-ананы зар қақсатып, із-түзсіз жоғалуды әдетке айналдырған. Мәселен, биылғы жылдың басында 19 жастағы астаналық бойжеткен жұмысқа кеткен күйі үйіне қайтып оралмай, үй ішін сары уайымға салған еді. Үш күннен соң Астана ІІД жеке құрамының көмегімен табылған Гүлшат Қазбекова тәртіп сақшыларына өзінің жеке өмірін қалыптастырып, туыстарынан бөлек тұрғысы келгенін айтыпты. Осы уақыт аралығында ол Астана қаласында жалдамалы пәтерде беймәлім жігітпен бірге тұрып келген.

 

Аман кетіп, табытпен оралды

 

Ұл-қызының балалығын да, шалалығын да кешіретін ата-ана бауыр еті – баласының амандығын ғана ойлайды. Өйткені әуелі хабар-ошарсыз кетіп, кейін үйіне табытпен оралатын жасөспірімдер жайлы жаманат хабар көп қазір. Жуырда үшті-күйлі жоғалып, үш күннен соң өлі күйінде табылған алматылық Әлішер Әлиасқаровтың қазасы БАҚ арқылы көпке мәлім болды. 28 қыркүйек күні колледжден шығып, із-түзсіз жоғалған студентті іздестіруге оның туыстары мен тәртіп сақшыларынан бөлек, қалалық еріктілер де жұмылды. Іздеу тобы Әлішерді мәйітханадан тапты.

Сәуір айында сүйген қызымен ұрысып қалғаннан кейін жоғалып кеткен оқушының ата-анасы да қара жамылды. Теміртаулық жасөспірім өзі ұнатып жүрген сыныптас қызбен ренжісіп қалғаннан кейін үйден шығып кетіп, қайтып оралмаған.  Екі аптадан кейін Вадимның денесі қаладағы бос қалған дүкен ғимаратының жоғарғы қабатынан табылды.

2016 жылдың көкек айындағы тағы бір қайғылы оқиға Өскемен қаласында болды. 14 жастағы Медет Маратов Прапорщиково ауылындағы өзі оқитын мектебінен 20 сәуір күні шығып кетіп, үйіне сол күйі оралмаған. Араға екі тәуліктен аса уақыт салып полицейлер оның өлі денесін тапты. Медеттің анасы ұлы жоғалған күні-ақ ішкі істер органдарына арыз жазған. Өйткені баласы мектептен ешқашан кешігіп келмейді екен. Ал егер достарымен футболға немесе серуендеуге баратын болса, алдын ала ескертіп отыратын дейді ол. Өкінішке қарай, анасы Медет жайлы тек өткен шақта айтуға мәжбүр. «Сақтансаң – сақтайды» дейді қазақ. Қайғылы оқиғаға душар болмас үшін ата-ана баласының әсіре еркелігін, қыңыр қылығын тыюды, қауіпсіздігін  қамтамасыз етуді кейінге ысырмаса екен. Әйтпесе тым кеш қалуы мүмкін.

[:]