[:kz]
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазақстандықтарды құттықтай келе, Құрбан айт қарсаңында мал бағасын шарықтатпауға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сурет: ҚМДБ сайтынан
Бас мүфти отандастарды қасиетті мерекеде пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеді.
«Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ пен Алланың амандығын тілеймін! Көрші мен дос-жаранға, туыс пен бауырға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беру – ертеден келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын», — Серікбай қажы Ораз.
Сондай-ақ, ол Құрбан айт мерекесі кезінде құрбандық шалу арқылы мұсылмандардың Аллаға жақындай түсетінін айтты. Айт мерекесінде жағдайы бар кісілердің құрбандық шалып, оны қарауы жоқ қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып сауап жинау – ізгі іс екенін айтты.
«Бірақ айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдайлар жиі кездеседі. Осы орайда, отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылық мерекесі», — деді төраға.
Сөз соңында ол қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-әжелер мен бауырлардың ниетінің қабыл болуына тілектестігін білдірді.
[:]