АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үзбей оқыған дұға[:]

[:kz]

Ең сенімді хадис кітаптарында кездесетін бұл дұғаны бізге атақты сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) жеткізген. Ол: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бұл дұғаны міндетті түрде, күн сайын таңертең және кешке үзбей оқитын еді», − деген.

Сонымен қатар, Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен бір хадисте сахабалардың бірі: «Ең абзал дұға қандай?» − деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Алладан дүниеде және ақыретте кешірім мен есендік сұраған дұға», − деп жауап берген. Әлгі адам осы сұрағын үш рет қайталап сұраса да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәл осы жауабынан танбаған. Сөйтіп, сөзінің соңында: «Дүниеде және ақыретте күнәларың кешіріліп, есендік берілсе, нағыз бақытқа бөленгенің» − деген.

Осыған байланысты Тирмизидің «Сунән» атты хадис жинағындағы бір хадисте хазірет Аббас (р.а.) өзінің қартайып ажалының жақындағанын айтып, Пайғамбарымыздан Алла Тағаланың құзырында сауабы мол болған бір дұға үйретуін қайта-қайта өтінеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Алладан дүниеде және ақыретте есендік тіле», − деген. Сондай-ақ, аталмыш еңбекте Әнәс ибн Мәлик (р.а.) жеткізген басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Азан мен қамат арасында оқылған дұға кері қайтарылмайды», − дегенде, сахабалар: «Сол уақытта не деп дұға етейік?», − деп сұрайды. Сонда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға: «Алладан дүниеде және ақыретте есендік тілеңдер», − деп жауап береді.

 

 

 

 

Оқылуы:

Лә иләәһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, лә иләәһә иллаллаһу уахдәһу, лә иләәһә иллаллаһу лә шәриикә ләһу, лә иләәһә иллаллаһу ләһулмульку уә ләһул-хамду, лә иләәһә иллаллаһу уә лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһи. Аллаһуммә инни әс’әлукәл ‘афиятә фиддүниә уәл-әәхира. Аллаһуммә инни әс’әлукә әл‘афуа уәл-‘афиятә фи диини уә дүниәйә уә әһли уә мәәли, Аллаһуммә-стур ‘аураати уә әәмин рау‘ати.

Аллаһумма-хфаз ни мин бәйни йәдәйиә уә мин халфи уә ‘ан йәмиини уә ‘ан шимәәли уә мин фәуқи уә ә‘ууз у би‘аз амәтикә ән уғтәәлә мин тахти.

Мағынасы:

Алладан басқа тәңір жоқ, Алла – ұлы. Алладан басқа тәңір жоқ, Ол – жалғыз. Алладан басқа тәңір жоқ, Оның ешбір серігі де жоқ. Алладан басқа тәңір жоқ, бар мадақ пен бар билік Аллаға тиесілі. Алладан басқа тәңір жоқ, бар күш те, қуат та бір Аллаға тән. Уа, Аллаһым, бір Өзіңнен дүниеде және ақыретте есендік тілеймін! Уа, Аллам, бір Өзіңнен дініме, дүниедегі тіршілігіме, отбасыма және мал-мүлкіме кешірім мен есендік тілеймін! Уа, Аллам, кемшіліктерімді жасыра гөр және барлық қорқыныштарымды сейілте гөр! Уа, Аллам, мені алдымнан, артымнан, оңымнан, солымнан әрі төбемнен төнетін барлық қауіп-қатерлерден қорғай гөр! Сондай-ақ, аяқ астынан опасыздыққа ұшыраудан бір Өзің сақтай гөр! 

 

muslim.kz

[:]