[:kz]
Қаржы пирамидасын құрды деп күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев бұл іске қатысты өз шындығын айтты. Ол компанияны құрмағанын және басқармағанын, өзі де ақша салып, алданып қалғанын мәлімдеді. Әйткенмен, “Mudarabah Capital” компаниясының жарнамалық ролигіне түскенін растады. Ол құзырлы органдардың әділ тергеу жүргізетініне сенім білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Мен ұзақ уақыт бойы үндемедім, бірақ айтылып жатқан әңгіме шектен шығып барады. Видеоны соңына дейін тыңдап, қорытынды жасаңыздар. Бұл елде кез-келген адам күдікті бола алады. Ешкім ақиқатты табуға тырыспайды, барлығы бір-біріне жабады.Сіздердің шындықты білгендеріңізді қалаймын. Мен өмірімде көрмеген және танымайтын адамдармен келісе отырып, жұмыс істедім деп күдікке іліндім (Құрманғалиев, Мансұров, Рахимова, т.б.).
Компанияның халал екеніне шынайы сеніп, осы жолдағы адамдарға қосылдым. О баста олармен бірге мешіт салуға келдім. Ал сыртымнан жасаған әрекеттері маған беймәлім. Компания ұйымдастырушыларының алдап соққанын, ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі компанияны қаржы пирамидасы деп танығанын білсем, бұл адамдармен ешқашан байланыспас едім. Мен оны қайтемін? Жұмысым, отбасым, аяққа тұрғызуға тиісті 5 балам бар», — деп жазба қалдырды Төребаев желідегі парақшасында.
Видеода актер компанияның құрылған күні мен өзінің ақша салған күніне қатысты құжаттарды көрсетті. Ол бойынша, Mudarabah Capital компаниясының негізі 2020 жылдың 25 мамырында қаланған. Ал Төребаев аталған ұйымға 2020 жылдың 10 қарашасында кірген.
«Мен пирамиданы құрған да, басқарған да жоқпын. Мені компанияның формалды мүшесі ретінде тек 10 қарашада тіркеді. Ол кезде компанияның құрылғанына жарты жыл болған», — деді Төребаев.
Актер аталған ұйымға 10 млн теңге салғанын, өзге салымшылардың ақшасын алмақ түгілі, өз қаражатын әлі күнге дейін қайтара алмағанын жеткізді.
Сондай-ақ, Төребаевтың айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылдың 27 қазанында Mudarabah Capital компаниясынан қаржы пирамидасының белгілерін байқап, құзырлы органдарға тиісті құжатты жіберген. Алайда полицейлер дер кезінде әрекет етпеді, деп ашынады актер.
Бұдан бөлек, Төребаев актер ретінде екі жарнамалық роликке түскенін растады.
«Бірақ ол мен компанияға кіргенге дейін және екі роликте де компанияға кіруге шақырған жоқпын.
Мен кіргенге дейін компания мешіт салып, қайырымдылықпен айналысқан. Сондықтан да сендім. Өйткені өзім Аллаға сенетін адаммын», — деген Төребаев сөз соңында құзырлы органдар әділ тергеу жүргізетініне сенім білдірді.
[:]