[:kz]
Танымал ресейлік әнші Полина Гагарина отандасымыз Данэлия Төлешованы Қытайда өтетін I am a Singer жобасында өнер көрсетуге шақырды. Полина жоба барысында Данэлия және тайваньдық әншімен бірге ән шырқамақ, деп хабарлайды Stan.kz.
«Мен Қытайдың Чанша қаласындамын. Мұнда Полина Гагаринаның шақыртуымен келдім. «Мен әншімін» жобасының ақтық кезеңінде Даррен Спантомен бірге өнер көрсетеміз», — деп қуанышын жеткізді Данэлия желідегі парақшасында.
Данэлия сөз етіп отырған финалдық кезең ертең, 12 сәуір күні көрсетіледі.
Естеріңізде болса, бұл жоба 2017 жылы Димаш Құдайбергеннің есімін әлемге танытқан болатын. Жақында Димаш Singer-2019 жобасында қонақ ретінде өнер көрсетті.
[:]