АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz] Полицейдің ісі жұрттың зығырданын қайнатты [:]

[:kz]

 

 

 

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жұрттың полицейлерге деген зығырданын қайнататын бейнежазбалар көптеп жарияланып жүр. 

Өткен аптада шыққан сондай видеоны бірер күннің ішінде ғана 100 мыңнан аса адам көрді. Бұл көрініс өте көп талқыланды, желі пайдаланушылардың басым бөлігі полицейлерге деген ашу-ызасын білдірді.

Оқиға Павлодар қаласындағы бір дәмхананың жанында болыпты,­ ол соған таяу жердегі бір мекеме кеңсесінің сыртқы бақылау камера­сына түсіп қалған. Онда мынадай көрініс бар: Жол үстінде патрульдік қызметтің «УАЗ» автокөлігі тұр. Одан түскен үш-төрт полиция қызметкері сол маңдағы аялдама сияқты жерде отырған төрт жасөспірімге жақындайды. Көлікке отырғызбақ болғанда олар көнбейді. Содан араларында жанжал туындайды. Бейнежазба дыбыссыз болғандықтан кімнің не айтып жатқаны түсініксіз. Әйтеуір полицейлердің оларды көлікке күштеп отырғызып әкетуге әрекеттенгені, ал жәбірленушілердің жұлқына қашып, қарсыласқаны көрініп тұр.

Полицейлердің екеуі қатардағылар болса керек, олар камуфляж формасында, қалған екеуінің погонды екені аңғарылады. Бір кезде осы погондылардың біреуі әлгілердің бірімен алысып жүріп оны жығып, тепкілей бастайды. Осы кезде жәбірленушілердің бірі оған көмекке ұмтылады.

Бұл кезде погондылардың екіншісі қарсылық көрсетіп жүргендерге кезек-кезек көзді жасаурататын газ шашып, көзін аша алмай қалған біреуін сойылмен сабалай жөнеледі. Сойылмен сан мен тізеден бар күшін салып соққылап жатыр. Жәбірленуші бір кезде жанталаса оның аяғынан көтеріп қалып құлатады. Ал ол болса, тұра салып, әлгіні қайтадан соққының астына алады. Көзін аша ал­май, басын көтере алмай қалған адамды басынан қайта-қайта аямай тебеді. Оның басы бетон қабырғаға қалай соғылып жатқаны анық көрініп тұр. Әлгі полицей мұнымен қоймай, айналып келіп оны бүйірден теуіп жатыр. Бұдан кейін ол басын көтере алмай отырған тағы бір жәбірленушіге жетіп барып, оны бетінен аямай соққылайды.­

Оқиға соңы полицейлердің әлгілерді көлікке тиеп алуымен аяқталған.­

…Міне, бейнежазбада осындай көрініс бар. Бұл жерде қайсы жақтың кінәсі көбірек екенін кім білген, бастысы, полиция қызметкерінің соншалықты қатыгездігі, әрекетсіз қалған, өзіне қол көтермеген, қару кезенбеген адамды аямай тепкілеуі жұрттың зығырданын қайнатып отыр. Міне, осындайлардың кесірінен полицияға деген теріс көзқарастың өршитіні анық. Сондықтан да бейнежазбаны көрген адамдардың басым бөлігі полицияның атына небір ауыр сөздерді бағыттапты.­

Тағы бір айта кетерлігі, бұл оқиға кейіпкерлері түгелдей өз қандастарымыз сияқты, осыған орай кейбір өзге ұлт өкілдерінің намысқа тиетін «бірің өліп, бірің қал» дегендей пікірлері де жүр.

Жалпы, бұл оқиға неден басталды, немен аяқталады – ол жағы алдағы күндері белгілі болып қалар. Әзірге погонды полицейлердің уақытша қамау абақтысына тоғытылғаны туралы айтылып жатыр. Облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен полицейлердің төртеуі де жұмысынан босатылған, олардың тікелей басшыларына қатаң тәртіптік жаза қолданылыпты.

Біз бұл оқиға полицейлерге де, қарапайым азаматтарға да сабақ болар деп ойлаймыз. Полиция мен тұрғындар бір-біріне бітіспес жау емес қой.

Н. ӘБДІ.

Орыс мектептерін бір-біріне қосып жіберсе болар еді

«Теміртау қаласында 31 орта мектеп бар, – дейді Әбдісәли Дәулетбаев. – Соның 22-сі – орыс мектептері. Кейбір 1500 – 2000 оқушыға арналған орыс мектептеріндегі оқушылардың саны бар болғаны 200 – 300-ге әзер жетеді, оның да жартысынан астамы қазақ балалары.

Осыған байланысты көптеген орыс мектептерінде бос тұрған кабинеттер көп, тіпті ондай кабинеттерді жеке меншікке жалға беріп те қойған. Оның есесіне қазақ мектептерінде сыныптарға бала сыймай, екі кезекте оқиды, сыныптан тыс тәрбие сағаттарын өткізуге бос кабинет табылмай қиналып жатады.

Бірақ сол орыс мектептерін жауып, бір-біріне қосып, босаған мектептен қазақшасын ашуды ешкім ойлап жүрген жоқ».

Санат НАСЫР.

 

Этика дегенді қашан үйренеміз?

Екі айдан асты, кәсіппен айналысып жүрмін. Нақ­тырағы, «общепиттің» қыр-сырын меңгеріп, отбасылық кафенің бітпейтін күйбеңіне кіріп кеттік.

Жә, айтайын  дегенім бұл емес. Не айтасың дейсіз ғой? Сол баяғы мәдениет жайында. Иә, айта берем!

Кафеге күн сайын сан түрлі адам келеді. Күліп қарсы алғанымызбен тез шығарып  салып құтылуға асығатын жағдай көп. Неге дейсіз ғой?

Мәдениетсіздігімен шаршатады ғой бұл жазғандар. Отырған жерінде қақырынып-түкіріну, насыбайды былшылдатып, темекісінің көк күлін шашу сияқты әрекеттері әбден әлекке салды. Әйтпесе алдына күлсалғыш, жанына қоқыс жәшігін қоямыз-ақ. Енді неге орындамайды сол оп-оңай ережені? Дастарханды шоқпен күйдіру, көрпе-жастықтың тігісін сөгу, ішкен-жегенін төгу… Бұл дүниені түзетуден артық азап бар ма?!

Еркектердің әрекеті осы болса, әйел дегеніңізді қоя беріңіз. Баласының бұтындағы памперсті «дүниесімен» бірге үстелдің астына тығуы, бала-шағасының шашып-төккені аздай, өз «салфеткаларын», сөмкесіндегі қырық жылдық қоқысын қоса тастап кетеді.

Пісте әкеліп шағу деген сұмдық бар тағы. Ал әжетхана – бөлек тақырып. Ол жерде де жеке бастың гигиенасы сақталған емес. Негізі мәдениет сол жерден басталмаушы ма еді өзі? Қашып-пысып темекі тартады, ұят-ай, «подаркасын» шұңғылға тастап, канализация жұмысын тоқтатады. Одан су  тасып, бұл да бір азап.

Алдында шелек тұр. Артқа бұрылып қиналмасын деп қақ шекесінің тұсына жәшік қойдық. Пайдасы жоқ.

Дастарханда тұрған майлық есепсіз жұмсалғанымен қолдың майы неге орындық тысына сүртілетінін әлі түсінбеймін.

Сонда бізде қарапайым ғана мәдениет жоқ па? Ау, қоғамдық жерде, дәмханада өзін қалай ұстау керегін расымен білмей ме бұлар, жоқ әлде әдейі істей ме?

Айта берсе, бітпейтін  жаман әдеті көп жұрттың. Ау, айналайындар-ау, этика дегенді қашан үйренеміз? Әр отбасында балалар өзін қоғамдық орында қалай ұстауы жайында сөз болады емес пе? Сонда не дейді екен? Бірақ өзін-өзі дұрыс ұстай алмаған адам өзгеге не дейді?

Айтсаң – аузың, жыласаң, көзің жаман…

Ақмарал АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ

zamana.kz

[:]