Әбу Насыр Әл-Фараби
(870-950)
Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағынын көкіреп ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтарм бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал ұлы жерлесіміз — Әбу Насыр әл-Фараби.
Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Әл-Фараби 870 жылы Сыр бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі, Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің то-лық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби, яғни әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Бұл қаланың орны қазіргі Шәуілдір ауданы, Шымкент облысының территориясында. Сол түста өмір сүргендердің қалдырған нұсқаларына карағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Замандастары жазған шежірелер бойынша алғанда, оның арғы аталарының есімдері таза Түркі тілінде келтіріледі.
Әл Фараби, Әбу-Насыр (Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-Түрки) (870-950) — Аристотельден кейін дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым. Энциклопедист, ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі – ғалымның жан-жақты тұлғасын көрсетеді. Деректерде сауатын Түрікше ашқаны, өзін ақын және күйші, әнші ретінде танытқаны айтылады. Оның өлеңдерінан үзінділер де сақталған. Фарабидің күйшілік өнері туралы әңгімелер көптеп кездеседі.
Туған жері Сырдария бойындағы ерте заманда түркі халықтарының орталығы болған Отырар қаласы. Отырарды арабтар «Фараб» деп атаған. Қай жерден шыққанын білдіру үшін аты жөніне өзінің туған мекенінің атауын тіркейтін сол заманның дәстүрімен ұлы ұстаз Фараби аталған. Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат түрк» атты еңбегінде Фараб қаласының түрікше аты «Қарышоқы» деп көрсетеді.
Әл Фараби заманында бүкіл ОртаАзия мен Түркістан Араб халифатының ықпалында болған. Соған байланысты қала халқы сауда саттық мәселесінде ислам қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Соның ішінде рухани, ғылыми тіл араб тіл болған. Сондықтан осы қалада сауат ашып, осы қалада білімге, ғылымға деген құмарлығы оянған Әл Фарабидің осы үш тілді жетік білуі заңдылық еді. Ол кейін білім ғылым іздеп, көп жерді аралайды. Ақыры сол кезде әлемнің ғылым дүниесінің орталығы болған Бағдадқа келіп, сонда тұрақтап қалады. Сол кездің әйгілі ғалымдарымен кездесіп, олармен сырлас болады.
Одан кейін ғылыми жолға түсіп, Грек, латын, санскрит және басқа тілдердіүйренеді. Ол өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырады. Одан қалған ғылыми еңбектердің өзінің саны жүзден астам. Сол еңбектерді ғылым салаларына қарай бөлетін болсақ, олар мынандай: астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия риторика, философия болып келеді.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай Қазақстан ғалымдары да ұлы ұстаздың бай мұрасын жинап, зерттеп тануға өз үлестерін қоса бастады. Қазір Қазақстан Ғылым академиясының кітапханасында Әл Фарабидің елу шақты еңбегі бар. Олардың ішінде басқа тілге аударылмаған, ғалымдар арасында осы күнге дейін белгісіз болып келген: «Алмагеске түсініктеме», « Геометриялық сызықтар жасаудың әдістері», «Астрология», «Китаб әл мусики әл кабир» секілді әрқайсысы бір бір ғылымның шыңын көрсететін аса ірі туындылары бар. Мұның сыртында соңғы жылдары Қазақстанның Иранда алғашқы Төтенше және Өкілетті елшісі болған ғалым Мырзатай Жолдасбеков тауып әкеліп, Алматыдағы Әл Фараби атындағы ұлттық университеттің кітапханасына тапсырған Әл Фарабидің қолжазбалары — өз алдына бір пара қазына. Олардың көшірмесі (он үш қолжазба) бүгінде Еуразия ұлттық университетінің Отырар кітапханасында сақтаулы.
Өмірінің соңына қарай Әл Фараби Мысыр, Шам, Халеб қалаларында болып, ақырында Шам шахарында келіп, сонда тұрақтайды. Осында қайтыс болады. Оның денесі Шам шахарының Кіші қақпа (Баб ас Сағир) жағындағы зиратқа қойылады.
Әл Фарабидің ісін жалғастырған, ғылымға берілген шәкірттері көп болған. Олардың ішінен, ең алдымен, Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна) есімін атауға болады. Кейінгі кездегі шығыс ғалымдары оларды бөліп жармай «Қос Фараби» деп те атайды. Сондай ақ еңбектері ұлы ұстаз еңбектерімен сабақтасып жатқан ұлы ғалымдар Беруни, Бозжани, Омар Һайямдар да өздерін Әл Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Бұл Ұлы Ғұламаның өзінен кейінгі талай Ұлыларға да үлгі болғанын көрсетеді.
А. Н. Бернштам, шекарадағы аса манызды мекен және керуен жолдарының торабы болған Отырарға орта ғасыр авторларының көп назар аударғанын атап көрсетеді. Географиялық көрінісі түрліше бұл өнір суармалы егіншілікпен айналысуға да қолайлы болған.
А. Н. Берштамның айтуынша, Отырар қаласы орналасқан аса құнарлы алқапта қазақ халқының арғы ата-бабалары, қырдағы көшпенділер мен қала тұрғындары жиі карым-катынас, тығыз байланыс жасап отырған деп пікір қорыту әбден орынды.
Кеңінен мәлім екі дерек бар: 1218 жылы монғолдар шапқынышылы кезінде қала қиратылды, бұл «Отырар ойраны» деп аталды, қала қайтадан тез қалпына келеді. Онаң соңғы әйгілі мәлімет 1405 жылғы ақпанда мұнда Әмір Темір қайтыс болды. Отырар жайында біздің қолымызда Ибн Хаукальдың, Абул Фиданың, қытай деректемелерінің мәліметтері бар. Отырар жөнінде Птоломейде де айтылған. Отырардағы кітапхана, ел ауыздағы аңызға қарағанда, кітабының — саны жағынан атақты Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орында болған. Қаланың ең ақырғы күйреуі 18 ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына байланысты.
Бірақ Отырар Қазақстан территориясындағы бірден бір мәдени орталық емес-ті. Зерттеушілердің кажырлы еңбегі арқасында республиканың археологиялық картасында басқа да мәдени орталықтар (Тараз, Сығанак, Түркістан, Мерке, Исфиджаб және басқа қалалар) болғаны көрсетілген. Сондықтан, біз осы территорияны мекендеген тайпалардың сонау арғы заманда қалыптасқан өскелең өнері, қол өнері, ғылымы, түркі тілдес жазуы болған деп қазір батыл айта аламыз.
Осы жазба әдебиеттің пайда болған кезін, ол біздік заманымыздан 300-400 жыл немесе одак да көп бұрын қалыптасты ма деген мәселені келешекте тарихшылар мен тіл мамандарының анықтауына тура келеді. Міне, сондықтан да, қазақ топырагынан шыққан ғалымдар Әбу-Насыр әл-Фараби, Исхақ әл-Отрари, Исмаил әл-Шаухари, Жемал әл-Түркістани, әл-Сығнақи, әл-Қыпшақи, Қадырғали Жалаири және басқалар жазған еңбектердің белгілі бір мәдени негізде дүниеге келуі әбден табиғи нәрсе. Осынау санлақтардың ішінде жалпы әлемге әйгілі алып тұлға ретінде көзге көрінетін әл-Фарабидің орны ерекше.
Ал енді әл-Фарабидің антика дәстүрімен байланыстылығынан, осының арқасында оның Аристотельден кейінгі «Екінші Ұстаз» атанып, даңққа бөленгенін айтатын болсақ, әл-Фараби жастайынан ақ ұлы Аристотельдің, Платонның, ерте дүниедегі Грецияның басқа да философтарының шығармаларымен түп нұсқасынан танысқаны жөнінде бізде деректер бар.
Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол, жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнін көптеген орталықтары: Хорасанда, Бағдадта, Дамйскіде (Шам), Алеппада, Каирда (Мысыр) болған. Өз өмірінің көп жылдарын ол, араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған, Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен аброй-беделге ие болды. Бірақ өресі тайыз кертартпа хадисшілер оны жек керіп, күндей бастаған, әсіресе, олар әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені, оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден іздеп табуға мезгейтін еді. Ақыр сонында әл-Фараби лажсыздан Бағдадтан кетеді. Өзінің «Фусул ал-мадани» («Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері») деген соңғы шығармасында ол: «Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс»,— дейді. Әл-Фараби александриялық (мысырлық) ғалымдар, яғни бір кезде Александриядан ығыстырылған несторианшыл христиандар тұратын Хоранға келіп қоныс тебеді. Өмірінің соңғы жылдарын Алеппо мен Дамаскіде өткізеді, мұнда ол солтүстік Сирияның жетекшісі саяси қайраткері Сейд ад-Дуаль Хамданиге аса кадірлі болды. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында кайтыс болды. Бейіті қазір Сирия жеріндегі Баб әс-Сағир зиратында жатыр.
Біздің заманға әл-Фарабидің тек негізгі шығармалары ғана келіп жетті. Ол шығармалардың ежелден бері-ақ жұртшылыққа танымал болып, философиялық және ғылыми ойдың одан кейінгі дамуына тигізген әсері толассыз.
«Мүсылман Ренессансы» деген атауға ие болған сол заманға тән белгілері оның шығармаларымен белгілі бір дәрежеде өз орнын алады. Әл-Фарабидің шығармаларында көне замандағы дәстүрдің және «Бірінші Ұстаз» деп шығыста аталып кеткен Аристотельдің тарих барысында қалдырған әсері, неоплатонизмнің несторионшылдықтың әсері және исламның әсерімен Аристотель идеяларының өзгеруі айқын көрінеді. Әл-Фарабидің Аристотельге бас игені сөзсіз. Сол сияқты ол Аристотель идеяларының ең жаксылары мен бағалыларын әрдайым таңдап ала бермейтіні де даусыз. Бірақ біз үшін ерекше бағалы жағы сол — ол Аристотель ілімінің формалдық жағымен ғана шектелмейді, ол диалектика элементтеріне, мәселені қарама — қарсы қоюына белгілі дәрежеде көңіл бөледі, сыртқы дүние мен сезім мүшелері арқылы жүзеге асатын байланыс таным логикасының ірге тасы болып табылатынын дәлелдейді.
Фараби Аристотельдің, Әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді. Мәселен, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейщнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш— 160, ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров—- 200 трактат деп көрсетеді.
Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «категориялар», «метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» мен 4 сопылық еңбектеріне түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де мәні — маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда зор роль атқарды.
Сондықтан да XI ғасырда өмір сүрген Фарабидің ізін қуушы атақты Ибн-Сина (980—1037) тек Әбу Насыр түсіндірмелері аркылы ғана Аристотель еңбектерінің ойын ұғып, қуанғанынан қайыршыларға садақа үлестіргені жайлы жазған екен.
Анығырақ айтсақ, Аристотель шығармалары сол кездің өзінде-ақ араб тіліне аударылып үлгіргенді. Араб шығысында Аристотельдің кейбір құнды ойлары бұрмаланып көрсетілді. Бірақ көп еңбектері тәржімаланбағандықтан ұлы грек философиясының ойын түсіну қиын болды. Сондықтан да, көп тілдерді жетік білген ұлы ғалым жерлесіміз Аристотель шығармаларына араб тілінде түсіндірме жазуды үйғарды. Сөйтіп, ол ұлы философтың мұраларын жаңсақ пікірлерден тазартып, өз қалпында дұрыс түсіндіре біліп, өзінің бірінші ұстазға деген ғылым саласындағы үлкен адамгершілік, азаматтық іс әрекетін таныта білді. Сондықтан да, шығыс философтары оны «Ал муалим ас-саны» — «екінші ұстаз» деп атаған.
Ұлы Бабамыз Аристотельдің философиясын дамыта отырып, өз тарапынан да «Ғалымдардың шығуы», «Ғалымдар энциклопедиясы немесе тізбегі», «Кемеңгерлік меруеті», «Ізгі қала тұргындарының көзқарасы», «Музыканың үлкен кітабы», «Философияны аңсап үйрену үшін алдан ала не білу кажеттігі жайлы», «Ақылдың мәні туралы», «Әлеуметтік-этникалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», т. б. көптеген философиялық еңбектер жазған. Фараби ғылымның философиялық-логикалық ірге тасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т. б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор. Тарихқа неғұрлым терең үңілген сайын, біз жеке ұрпақтардың, тайпалар мен ұлттардың мәдениеті мүлде оқшау дамиды деген «теорияның» негізсіздігін соғұрлым айқын көріп отырмыз. Дүние жүзі мәдениетінің дамуында із қалдырған сол көрнекті қайраткерлер, шындығында, адамзат мөдениетінің бірлігін паш етіп келеді. Әл-Фараби осындай дүние жүзілік тарихи тұлғалардың санатына қосылады. Ол туған елінің мәдени байлығын, иранның, үндінің ежелгі дүние мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Дәл, сондықтан да, ол таяз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле білді, өзінің ойлау жүйесін сындарлы да икемді ете білді. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала білді, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір білім саласы жоқ деуге болады.
Араб шапқыншылығы Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймағындағы территорияда феодалдық қатынастардың дамуына дем берді. Терең ішкі қайшылықтар, еркін қауым мүшелерінен феодалдарға тәуелді адамдарға айналған шаруалар қозғалысы және басқа да тәуелді күштер халифаның ыдырауына себепкер болғанымен, феодалдық қатынастардың дамуын тоқтата алған жоқ. X ғасыр мәдени өрлеу заманы болды. Бұл Европадағы қайта өркендеу заманына ұқсас мұсылман Ренессансы деп аталды. Осы өрлеуге ықпалын тигізген жағдайлардың қатарында сауаттылықтың біршама кең өріс алғанын, қолжазба жинау, аудару ісінің жолға қойылғанын, жеке меншік және қоғамдық кітапханалардың құрылғанын атап өтуге болады.
Егер Қазақстан, Орта Азия және Таяу Шығыс елдерін сипаттайтын әлеуметтік, этникалық және мәдени процестердің барлық айқыш-ұйқыш қиын өрнектерінің бетінде әл-Фарабидің саяхат сапарларын көрсетсек, осының өзі IX—X ғасырлардағы мәдени байланыстардың мүмкін жолдарын тамаша етіп көрсеткен болар еді. Мүмкін, осының өзі, араб халифатының ішінде шетке тарту әрекеттеріне және оның іс жүзінде күйреуіне байланысты, сол заманда Оңтүстік Қазақстан «Мұсылман дүниесі» деп аталатын дүниенің мәдени-саяси өмірінің көшіп келіп отырған орталықтарының біріне айналғанын көрсеткен болар еді. Бұрынғы орталықтар, өзінің бір замандағы саяси маңызынан айырылса да, мәдениет ошақтары ретінде сақталғанын көрген болар едік. Мұның бәрі сол замандағы Шығыста Екінші ұстаз аталынып кеткен әл-Фарабидің философиялық көзқарастарынан көрінеді.
Әл-Фараби сарай төңірегіндегі тынышсыз өмірден аулақ болғанды ұнатып, өзіне тамаша лауазымдар ұсынып жатса да, күніне бір дирхемге қанағат тұтып, қарапайым ғана өмір сүрді, өйткені, осы жағдай оны, алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіншілік берді. Оның әшекейге толы бейнесін жасау ақиқаттан алыстау болар еді. Нақ осы сияқты, әл-Фарабиді қазақ етіп көрсетуге тырысу да жасанды әрекет болады. Ол заманда ұлт болып бірігу процесі аяқталудан әлі тіпті алыс еді.
Фактілер негізіне сүйене отырып, әл-Фараби кейін қазақ халқының құрамына қосылған түркі тайпасынан (Қаңлы-қыпшақтардан) шыққанын, оның туған қаласы қазір Қазақ жерінде екенін және ол Шығыс халықтарынын мәдениетіне жақын қатынасы бар қайраткер болды дей аламыз.
Тәжіктердің, өзбектердің, қазақтардың, түрікмендердің, қырғыздардың, ұйғырлардың мәдениеті, дәстүрі және тұрмысы өте ерте заманнан бері ортақ болуына байланысты, олар ерекше бірыңғай мәдени аймаққа жатқан. Атап айтқанда, көшпелі мал шаруашылығын жүргізудің бұл екі түрі тіпті таза күйінде бола бермеген. Оңтүстік Қазақстандағы қалалар көшпелі және отырықшы халықтарды байланыстырушы буындар болып келген.
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың орта ғасырлық қалаларының және мекенді жерлерінің қалдықтарын археологиялық жағынан зерттеулер орта ғасырлықтың алғашқы дәуірінен бастап (VI—VII ғ.) Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен Орта Азия қалаларының экономикалық және мәдени жағынан біріне-бірі өзара әсер етіп отырғандығын көрсетеді. Бұған, әсіресе, сауда қатынасы қолайлы жағдай жасаған. Батыс пен Шығысты жалғастырған ұлы Жібек жолын, Мервті, Самарқанды, Бұқара мен Чачты (Ташкент), Таразбен, Исфиджабпен және Отырармен байланыстырған керуен жолдар мен жалғыз аяқ жолдарды атап көрсетуге болады. Бұл кездерде архитектура, қол өнерінде бәріне ортақ канондар қалыптасады. Бірақ олардың бір-бірімен ұқсастығына қарамастан, әрбір аймақта өзіне ғана тән ерекше мәдени дәстүрлері қалыптасқан. Бұған айғақтың бірі — Айша Бибі мазары. Дала елі мен отырықшы халықтың егіншілік пен көшпелі шаруашылықтың ұштасқан жеріне, сол замандағы аса маңызды сауда жолдарының тоғысқан жеріне осы сынды кесек тұлғаны шығаруы тегін емес.
Әрине, әл-Фараби туған қаласының дәстүрлерінен әлдеқайда кең келемді дәстүрлерді бойына сіңірді. Өйтпейінше, оның есімі дүние жүзі мәдениеті алыптарының қатарына жазылмас еді. Оның қызметі өзінің сыртқы бейнесі жағынан араби тілдес, Ислам мәдениеті деп аталатын мәдениеттің аймағы шеңберінде кең өріс алды.
Мәдениеттің кейінгі дамуына, соның ішінде, Шығыс, Орта Азия, Қазақстан, Кавказ халықтарының мәдениетіне әл-Фарабидің жасаған ықпалы әр тарапты болды және ұзақ уақытқа созылды. Барлық этникалык топтардың, соның ішінде, түркі тектілер өкілдерінің «мұсылман» Шығысының мәдени өміріне белсенді түрде қатысуы әдеби тілді халықтық негізде дамыту әрекеттеріне қолайлы жағдай туғызды. Түркі тілінде Махмуд Қашқаридің және Жүсіп Баласағұнның шығармаларынан тамаша энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің рационалистік және гуманистік идеяларының іздері айқын көрінеді.
Бақыт дегеніміз — ол абсолюттік игілік. Фарабидің айтуынша, адамдар көп нәрселерді өзінің өмірінің мақсаты мен негізі деп ойлайды. Олар — өзіне ұнайтын, керекті нәрселер, мысалы: ақша, атақ, тағы басқалары. Адам бақытты ешбір жағдайда басқа күш арқылы емес, тек теориялық ақыл парасат күші арқылы ғана пайымдайды. Бақытты дұрыс түсінетін адамдар — данышпан адамдар.
Фарабидің қолжазбалары дүниежүзінің көп кітапханаларына тарап кеткен және сол жерлерде сақтаулы тұр. Сол сияқты көптеген ғалымдар Фарабидің асыл мұраларын зерттеп, оқып үйренуде. Фарабидің көп шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде басып шығаруда жергілікті ғалымдарымыз да, өз үлестерін қосуда.
1975 жылы Мәскеу және Бағдад шаһарында халықаралық аренада Абу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100-жылдық мерейлі тойы атап өтілді.
Республикадағы Қазақ Мемлекеттік Университетіне, Шымкент шаһарындағы Мәдениет институтына әл-Фараби есімі беріліп отыр. 1991 жылы Қазақ Мемлекеттік Педагогикалық Университетінің ректоры профессор Т. С. Садықовтың қолдау ынтасымен тұңғыш рет Алматы, Шымкент шаһарларында Қазақ-Американ мәдени практикумы аясында Фараби мұрасынан алған Фараби оқуы болып өтті. Мұнда рухани мұраларымыздың, мәдениетіміздің өзара әсері, байланыстары мәселелері талқыланды.