Әбу Насыр әл-Фараби – ХХІ ғасыр айнасында
(Анель Әзімханның «Әл-Фарабидің философиялық тартуы» кітабы жайлы ойлар)
Қазақстан Республикасының 15 жылдығы қарсаңында Алматы қаласы әкімшілігінің бастамасымен, ұлы ғалым Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фараби ат-Түрки дүниетанымын тұтастай талдауға арналған кітап жарық көрді.
Автор Анель Ағынқызы әл-Фараби дәуіріндегі исламдық мәдениет жетістіктерін және ғалымның өзінің ғылыми, философиялық ойдың дамуына қосқан үлесін бедерлейді. Суреттеме мейлінше терең әрі ойландырарлық болып шыққан. Әл-Фараби энциклопедизмі ғаламның ұлылық суретін ашу үшін қызмет етеді. Мұндағы құбылыстар арасындағы байланыс ай асты және ай үсті әлемінің барлық деңгейлерінде, ғылым мен адамзат еңбегінің бар салаларында қамтылады. Әл-Фараби еңбектерінің ішіндегі «Мінсіз қала» тектес мейлінше әйгілісі – «Музыканың үлкен кітабы». Әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабындағы» терең теориялық жайттар, кітапта көрсетілгендей, дерекнамалық және өнертанушылық маңызға ие.
Кітаптың аты әл-Фарабидің философияға деген көзқарасымен сабақтас. Ойшыл үшін философия – даналықтың даналығы, ғылымның ғылымы. Ой мен әрекет арақатынасы оның «философ теорияландырушы ғалымнан гөрі адамгершілік заңын ескеретін адам болса керек» деген сөздерінен көрініс тапқан.
Ғылыми басылым болғанына қарамастан, автор тұжырымдары республикамызда және одан тыс жерлерде Әбу Насыр тұлғасына немқұрайды қарамайтындар үшін қызықты. Біздің ойымызша, автордың ислам мәдениеті мен ежелгі өркениет байланысын айқындау тұрғысындағы тарихи оқиғалар мен адамзат ойының өркендеуін сабақтастықта қарастыруы ұтымды шыққан.
Кітап беттеріндегі ислам мәдениетінің әлем тарихындағы елеулі орны туралы ой ерекше қуатпен көрініс тапқан. Бұл аталған мәселенің қазіргі терроризм мен ислам жөніндегі арналар көлеңкесінде қалып қоюымен де мәнді. Кітаптың бүкіл құрылымы «ислам негізі, оның рухани күш-қуаты мен пәлсапасы терең адамгершілік мағынасына ие» деген ойды желі етеді. Кітап астарында Таяу Шығыста болып жатқан қайғылы оқиғалар тудырған дерт қылаң береді.
Жазушы Араб халифатының рухани, саяси және экономикалық дәйектерін зерделейді. Ислам мәдениетінің діни-рухани ұстанымдары осы өркениеттің бірінші мейлінше мәнді сипаттамасы екендігін автор дұрыс аңғарған. Ислам мемлекетіндегі барлық негізгі институттар мен қоғамдық құндылықтар Құран метафизикасынан бастау алған. Мұхаммед араб тайпаларының басын жаңа қоғамдастыққа – уммаға біріктірді. Соның негізінде мемлекеттік билік пен идеологияның жаңа формасы қалыптасты. Өзге мемлекеттік ілімдермен салыстырғанда, ислам мемлекет пен діни қауымдастықтарды қосты. Автор исламның озық, басым қырларын анықтаудың маңыздылығына мән береді. Араб халифаты дәуірі сауда-саттықтың дамуымен, қалалардың бекуі және өркендеуімен ерекшеленетіні белгілі. Мемлекет билігі византиялық және сасанидтік дәуірлер дәстүрін ұстанды. Таяушығыстық мәдениеттер жиынтығы қоғамдық өмірдің барлық аяларында байқалды және бұл еңбек пен ғылымның бар салаларының дамуына, таралуына игі ықпал жасады. Орта ғасырда ежелгі дамыған өркениеттердің философиялық, діни, ғылыми және басқа ілімдерін сақтап, таратушы ислам мәдениеті болды.
Кітапта әл-Фарабиге апаратын дәстүрлер кезегі Әбу Насырдың тірі замандастарымен байланысты болғандығы айқындалады. Автор Әбу Насырдың білімді тікелей сол ілімді таратушылардан алуға талпынғандығына назар аударады. Ол әр түрлі өркениеттер тоғысы жүзеге асып жататын жерлердің рухынан сусындады. «Фараб пен әлем азаматы» деген бірінші тараудың аты ойшылдың түркі мәдениетімен, исламмен және ислам өркениетіне тән дәстүрлер қазынасымен тамырлас рухани көкжиегін кескіндейді.
Еңбекте заманауи философия үшін өзекті мәселе болып табылатын дін мен философия қатынасы пайымдалады. Қазіргі уақытта философия көп жағдайда діни-рухани ілімнің дамуы аясында қарастырылады. Сондай-ақ философия тарихы, соның ішінде мұсылмандық философия ауқымы діни және теологиялық мәселелер есебінен кеңейе түсуде.
Кітап әл-Фараби мұрасының сан алуан философиялық және ғылыми мәселелерін қозғайды, зерттелуге кезек күтіп тұрған бірқатар мәселелер анықталады. Кітап мазмұнынан туындайтын түйінді ойлар ғылым мен жоғары оқу орындары қауымдастығының, студент жастардың ерекше қызығушылығын туғызып отыр. Бұл еңбек әдістемелік мәдениетіміздің сатылап өсуіне септігін тигізіп қана қоймайды, сонымен бірге Қазақстанда азаматтық қоғам құру мәселелеріне қатысы бар оқырмандардың басым көпшілігіне пайдалы болмақ.
Қорытындылай келе, кітап қазақ тіліне аударылып, оқырман қауымға жетсе деген тілек білдіргіміз келеді.
Ж.АЛИЕВ, Қазақстан Халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі хатшылығын меңгеруші, философия ғылымдарының докторы, профессор;
Р.АЛШАНОВ, ҚР ЖОО ассоциациясының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор;
Ш.ИБРАЕВ, Қ.А.Йассауи атындағы ҚХТУ ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор