АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Адамның тірек – қимыл жүйесі қызметінің ерекшеліктері

Жоспар

 

 

Адамның тірек – қимыл жүйесі қызметінің ерекшеліктері

Кеуде сүйектері

Сүйектердің өзара байланысу түрлері

Сүйектердің өзара жалғасуы

Сүйектің құрамы

Сүйектің өсуі

 

 

АДАМНЫҢ ТІРЕК-ҚИМЫЛ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТІНІҢ  ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

  Тірек-қимыл жүйесінің маңызы. Барлық тірі организмдерге тән қасиет – қимыл-қозғалыс. Қимыл-қозғалыс организмнің өсіп, дамуына әсер етеді. Оның адам денсаулығын сақтаудағы маңызы аса зор.

    Қаңқа мен бұлщық ет тірек-қимыл жүйесін құрады. Тірек-қимыл жүйесі тіректік, қозғалтқыш және қорғаныш қызметтерін атқарады.

   Адамның қаңқасы. Адамның қаңқасында 200-ден астам сүйек бар. Қаңқаны омыртқа жотасы, кеуде қуысы, бас сүйек, иық, жамбас белдеулері, аяқ-қол сүйектері  құрайды.

   Сүйектің пішіні және оның үлкен-кішілігі, олардың орналасуына және атқаратын қызметіне байланысты. Сүйектердің  кейбіреулері мүшелерді қозғалысқа келтіретін иін, екінші біреулері тірек қызметін атқарады. Сүйектердің бір-бірімен  дәнекер ұлпасы арқылы немесе шеміршекпен байланысуын жалғасу дейді. Омыртқа жотасы  бір-бірімен осылай байланысады. Дәнекер ұлпаның иірімделген  жұқа қабаты сүйекті өзара тығыз, мықты етіп байланыстырады. Олардың аралығындағы шеміршек адам жүргенде, жұмыс істегенде, дене селкілдегенде тиетін соққыны бәсеңдетеді.

   Тұлға қаңқасы – омыртқа жотасынан, қабырғалардың және төстіктен тұрады. Омыртқа жотасы немесе омыртқа бағаны – мойын, арқа, бел, сегізкөз, құйымшақ болып бөлінеді. Адамның омыртқа жотасы 4 иілімнен тұрады: оның екеуі алға қарай, екеуі- артқа қарай иіледі (48-сурет).

    Омыртқа жотасы 33-34 омыртқадан құралады. Әрбір омыртқа  денеден және бірнеше өсіндіден тұрады. Омыртқалар бірігіп, жұлын жолын немесе жұлын өзегін түзеді. Омыртқа жотасындағы өзекке жұлын орналасады. Омыртқа доғасында бірнеше өсінді болады: артқы, екі қарама-қарсы, екі жоғарғы және төменгі буын өсінділері (49-сурет).

 

 

 

 

    Омыртқа жотасының  бірінші омыртқасы ауыз омыртқа (атлант) деп аталады. Ауыз омыртқасында дене және  өсінділер  болмайды, сондықтан оның пішіні сақина сияқты. Оның екі ойығы бар, олар арқылы бас сүйегіне жалғасады (50-сурет).

   Кеуде сүйектері.  Кеуде қуысында жүрек, өкпе, кеңірдек, өңеш, үлкен қан тамырлары, лимфа жолдары және жүйке талшықтары болады. Адам тыныс алғанда – кеуде қуысының көлемі ұлғаяды, ал тыныс шығарғанда көлемі кішірейеді де, ондағы мүшелердің жұмысына әсер етеді.

   Он екі қабырғаның дөңес басы арқа омыртқаларының  ойысына бекіп, екінші жағынан шеміршекті төссүйекке жалғасады да, кеуде қуысын құрайды.  Төстікке жетпеген екі жұп қабырға қысқа күйінде тұрады. Бұларды аралық қабырға  деп те атайды. Қабырға ұзын, тұтас, жалпақ сүйектерге жатады (51-сурет).

48-сурет. Омыртқа жотасы және омыртқалардың байланысы.

 

Иық белдеуі иық және қол сүйектерінен тұрады. Иық белдеуі арқылы қол сүйектері байланысады. Бұғана мен жауырын бірігіп, иық белдеуін құрады. Бұғананың бір басы төстікпен, екінші басы жауырынмен буын арқылы жалғасады. Кеуденің сыртқы жағына орналасқан жалпақ, үшбұрышты сүйек жауырын   деп аталады. Қол сүйектері тоқпан және кәрі жіліктерден тұрады. Кәрі жілік шынтақ және шыбық сүйектен тұрады. Білезік сүйек, алақан және саусақ сүйектері қол басы болып саналады.

    Жамбас белдеуі жамбастан  және  аяқ жіліктері мен  табан сүйектерінен тұрады. Жамбас белдеуі жалпақ жамбас сүйегінен, ортан жіліктен, тізе, қақпақ сүйегінен (тобық), асықты жіліктен, өкше сүйектен (толарсақ), табан сүйектері  мен башпай сүйектерінен құралады. Жамбас үсйегі артқы жағынан сегізкөзбен  берік тұтасып, алдыңғы жағынан өзара байланысады.

   Бас сүйегі ми сауыты мен бет сүйегі бөлімдерінен тұрады. Ми сауыты жұмыртқа пішінді. Оның ішіндегі ми сүйегінің қарақұс тесігі арқылы омыртқа жотасындағы жұлынмен жалғасады. Ми сауыты өзара берік және қимылсыз байланысқан сүйектерден – төбе, самай, маңдай, шүйде (қарақұс), жақ сүйектерден  құралады. Бет сүйектері жұп: үстіңгі және астыңғы жақ сүйектерден тұрады. Жақ сүйектерде тістің түбірі орналасатын ұяшықтар болады. Жас нәрестенің басында шеміршектердің түйіскен жерінде пайда болатын былқылдақ дене еңбек деп аталады.Бала бір жасқа толғанда төбе сүйегінұлпалар қаптайды. Мешелмен ауырған баланың еңбегі кешірек қатаяды.

 

 

  Сүйектердің өзара байланысу түрлері.Сүйектердің қозғалмалы байланысын буын дейді. Организмде сүйектердің өзара жалғасуының үш түрі болады: қозғалмайтын,қозғалмалы және жартылай қозғалмалы. Сүйектің қозғалмайтын жалғасуына- бас сүйегі, жамбас сүйегі; жартылай қозғалмалы байланыс түріне- омыртқа жотасы; сүйектердің қозғалмалы байланыс түріне буын арқылы жалғасатын, яғни қол сүйектері, иық пен аяқ белдеулері, қабырғалар жатады. Қозғалмайтын және жартылай қозғалмалы жалғасатын сүйектер денеде тіректік қызмет атқарады және оған белгілі пішін береді, кеңістікте оның тұру қалпын көрсетеді. Жартылай қозғалмалы жалғасатын сүйектер және оларға бекитін бұлшық еттер организмді қозғалтып, қимылға келтіретін мүшелер болып саналады. Мұндай жағдайда жартылай қозғалмалы жалғасатын сүйектер рычагқа айналып кетеді (52-сурет).

52-сурет.  Буынның түрлері және сүйектердің өзара байланысу түрлері.

   Сүйектердің өзара жалғасуы.  Сүйектердің дәнекер  ұлпасы немесе шеміршек ұлпасы арқылы байланысын  қосылу деп атайды. Сүйектердің қосылуының ерекше түрі бас сүйегінде кездеседі. Оны сүйектің тігісі деп атайды.  Сүйектердің шеміршек ұлпасы арқылы қосылуы омыртқа жотасында кездеседі. Олардың серпінді және малы омыртқалардың қосылуы адам жүргенде, жұмыс істегенде омыртқа жотасының  икемділігін қамтамасыз етеді және дененің тербелісі, қозғалысы кезінде соққыны бәсеңдетіп отырады. Буындар дененің көптеген сүйектерін жалғастырады, сан алуан қимыл-қозғалыс түрлерін жасауға мүмкіндік береді.   Әрбір буынның құрылысы күрделі. Буын екі немесе бірнеше сүйекті қосады. Сүйектің қосатын үстіңгі беті буын қалтасымен қоршалған. Буын қалтасының ішінде шеміршек сүйек, қоймалжың сұйықтық және май ұлпасы бар. Буын қалтасы немесе оның қабығы (капсула) екі қабаттан тұрады: сыртқы қабаты – талшықты, ішкі қабаты- буын сұйықтығы. Талшықты қабат – дәнекер  ұлпасынан, сіңірден тұрады. Ол — өте берік, мықты қабат. Ішкі қабаты- эпителий ұлпасының  ерекше түрінен құралған. Бұл ұлпа аса маңызды буын сұйықтығын  бөледі. Буын сұйықтығы үйкелісті кемітіп, сүйек ұшының ойығында еркін қозғалысты қамтамасыз етеді, дененің қозғалысын жеңілдетуде маңызды рөл атқарады. Сүйектің құрылысы әртүрлі. Сүйектер ұзын, қысқа, жалпақ та болуы мүмкін. Ұзын сүйектер – жілік деп аталады (53-сурет).  Бұл сүйек тығыз заттан тұрады. Оның іші қуыс, қуыста майы көп  дәнекер ұлпасы – жілік майы болады. Жіліктің екі басы сүйек кемігінен түзіледі. Жіліктің басы шеміршек арқылы бөлініп тұрады. Жілік денеге таяныш болады.

    Қысқа сүйектер денеге мықтылық қасиет береді және иілімді жерлерде орналасады. Олар: омыртқа, табан мен қол сүйектері. Жалпақ сүйектер жұқа болады. Бұларға: бас сүйегі, жамбас, кеуде қуысындағы қабырға, жауырын, самай, бет және жақ сүйектері жатады.

 

 

 

   Сүйектің құрамы. Сүйек – дәнекер ұлпасының бір түрі. Ол — өте тығыз ұлпа. Сүйек сыртқы жағынан жұқа сүйек қабығымен қапталады. Сүйек клеткалары мен олардың өсінділерін клетка-аралық  сұйықтық толған өте ұсақ өзекшелер қоршап жатады. Осы сұйықтық арқылы сүйек клеткалары қоректенеді және тыныс алады. Сүйек клеткаларының өзегі арқылы қан тамырлары мен жүйкелері өтеді. Сүйектің құрамы 30% органикалық және 60% бейорганикалық заттардан тұрады. Оның құрамында не бары 10% су болады.  Органикалық және бейорганикалық заттар сүйекке иілгіштік, серпінділік және мықтылық қасиет береді. Егер сүйекті біраз уақыт тұз қышқылына салып қойса, ол жұмсарады. Оны жіп сияқты түйіп, байлауға болады. Себебі, оның құрамындағы минералды заттар тұз қышқылының әсерінен еріп, ерітіндіге бөлініп, органикалық заттар ғана қалады.  Егер сүйекті жағатын болсақ, органикалық қосылыстар жанып, су буланады. Сүйек құрамында тек минералды заттар ғана қалады. Сүйектің қаттылығы, негізінен, бейорганикалық заттарға байланысты. Адамның жасы  ұлғайған сайын минералды заттар көбейеді, сүйек сынғыш болады.

    Сүйектің химиялық құрамына ішкі секреция бездері әсерін тигізеді. Қалқанша безінің маңындағы бездердің гармоны сүйектің органикалық және бейорганикалық құрамын реттейді. Қалқанша маңы бездерініің жұмысы күщейгенде, сүйекті минералды затар (кальций карбонаты мен фосфаты) нәжіс пен несіп арқылы шығып  кетеді. Ал қалқанша маңы бездерінің жұмысы нашарласа, онда сүйектің өсуі және дамуы тежеледі.

    Сүйектің өсуі.  Сүйектің ұзарып, жуандап өсуі, шеміршек ұлпасы клеткаларының бөлінуіне және сүйек ұлпаларына айналып отыруына байланысты. Адамның қаңқасы 22 – 25 жаста қалыптасады. Гипофис гормоны жетіспегенде немесе жоқ болғанда, шеміршек клеткаларының көлемі үлкейеді, құрамында минералды зат азаяды. С витамині жетіспегенде, сүйек ұлпасының химиялық, морфологиялық (құрылымы) және қызмет атқару жүйелері бұзылады. Қаңқаның дұрыс дамуына Д витамині (әсіресе бас сүйегіне, омыртқаларға, қабырғаларға) әсер етеді. Мешел ауруымен ауырған баланың аяғы қисық, басы және қарны үлкен болады. Сүйегінің құрамында минералды заттар үш еседей аз болып, витамині мөлшерден көп болса, сүйектің өсуі бұзылады. Д витаминінің жетіспеуі ересек адамдарда, әсіресе әйелдерде кездеседі. Жас босанған әйелдерде Д витаминінің жетіспеуінен сүйек аздап қисаяды. Д витаминінің жетіспеуі күн сәулесінің аз болуына, тамақтың құрамында кальций мен фосфордың қажетті мөлшерінің өзгеруіне, ішек және бүйрек ауруларынан минералды заттардың сіңірілуінің бұзылуына байланысты.