Әйтеке би (1683 — 1722)
Әйтеке (шын аты Айтық) Бәйбекұлы кіші жүзден шыққан қазақтың атақты шешен – биі.
Қазақ шежіресінде Жанарыстың бір аталарынан Алшын, одан сарыбас, Пұсырман, Шіңгір, Төртқара шығады. Төртқарадан Қарашы, одан Сейітқұл. Сейітқұлдан сегіз бала болған. Соның бірі кезінде Самарқанды билеген Жалаңтөс батыр еді. Әйтеке сол жалаңтөстің немересі. Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туған. Ақша Жалаңтөс батырдың әкесі бір, шешесі бөлек туысы екен.
Әйтекеге шешендік, тапқырлық өнер бала кезінен дарыса керек. Қозы бағып жүрген жас кезінде Әйтеке үш аттылы жолаушыға жолығады:
— Ассалаумағалейкүм, ағалар?
— Әликімүссалам. Кімнің баласысың?
— Бәйбек баласымын.
— Бәйбектің баласы болсаң, білетін шығарсың, Қосуақ бидің ауылы қайсы?
— Айтайын, онда не шаруаларыңыз бар еді?
— Ойнап жүрген баламызды осы елдің бір адамының аты теуіп өлтіріп, соған құн даулап Қосуақ биге жүгінгелі келеміз.
— Қосуақ бидің үйі анау тұрған боз үй. Егер балаңызды ат босағада тепсе бүтін құн, жабықта тепсе жарты құн, түзде тепсе төрттің бірін аласыздар. Қосуақ би де осыны айтар, осылай демесе осып айтар, жолдарыңыз болсын,- депті әлгі бала.
Үш жолаушы Қосуақ бидің үйіне түседі. Әңгіме, билік сөз басталады. Би айыпкерді алдырады. Бүтін құн алмақ болған баланың әкесі:
— Баламды ат босағада тепті,- десе, екінші даукес:
— Жабықта тепті,- депті. Би айыпкерге «сөйле» дейді. Сонда айыпкер:
— Атым босағада да, жабықта да тұрған жоқ. Анадай жердегі кермеде байлаулы тұр еді. Біз үйде шай ішіп отырсақ, апыл-тапыл басып жүрген жас бала, аттың артына барып, құйрығынан ұстай бергенде, ат теуіп өлтіріпті. Бұған мен кінәлі емеспін. Баланың шешесі кінәлі.
Сонда Қосуақ би:
— Баланы ат босағада да, жабықта да емес, түзде тепкені анықталды. Айыпкер құнның төрттен бірін төлесін,- деп билік айтыпты. Сонда өлген баланың әкесі:
— Япырым-ай, осы билікті бізге жолда кездесіп, жөн сілтеген бір қойшы бала айтып еді. Түбінде сол бала елді аузына қаратқан би болар,- деген екен.
Әйтеке би үш жүзге озық, алғыр және терең ақылымен, тапқыр да ділмәр шешендігімен, әділ және түзу бидігімен белгілі болған қоғам қайраткері. Қазақ халқының қайғысына қайғырған, қуанышына қуанған, соғыста қолына қару алып алғы шепте жүрген жауынгер ұйымдастырушы.
Әйтеке Күлтөбедегі үш жүздің құрылтайына қатысқанда 25 жас шамасында екен деп шегелейді шежіреші қарттар. Шынында да үш бидің кішісі Әйтеке болған.
Билер тарихында қазақтың Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің орны ерекше. Бұл үшеуін өз дәуірінде елін, жерін шапқыншы жаудан қорғап қалуда, елдің, халықтың бірлігін, ынтымағын сақтауда, адамгершілік, парасаттылық, ата-баба намысын, дәстүр-салтын сақтауға зор еңбек сіңірген хандарға ақыл-кеңес берген билердің биі, ұлыстың ұлы биі, бас би, ата би, баба би, көсем би деп қадір тұтамыз.
Қазақ халқының бұл үш биі ел басына күн туған қиыншылық кезде де, билер кеңесі кезінде де, ел жиналған айт, ас, той тұсында да, жер дауы, жесір дауы, құн дауы көтерілген жерде де, бірге бас қосып ел тағдырын бірге шешісіп келген.
Кейде екі би бір шешімге келе алмай қалғанда, үшіншісі ортадан билік айтып дауды тындырып отырған.
Ертеде ұлы жүздің бір жігітіне атастырып құда түсіп қойған орта жүздің бір қызы арғынның жігітімен қашып кетеді. Екі ел арасында жесір дауы басталады. Бірінің жылқысын бірі барымталап кетеді. Төбелес, жанжал шығады. Екі жақтың кісілері Төле би мен Қазыбекке жүгініседі. Қазыбек:
— Аға болып алдымен туасың,
Барымталап жылқымды қуасың –
десе, Төле би оған:
Артымнан ерген еркемсің
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің?-
деп өкпе артады. Екеуі ұзақ-ұзақ сөз жарыстырады, бір мәмілеге келе қоймайды. Сонда ортадан Әйтеке би тұрып:
— Сабыр етіңдер, ағалар! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
— Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған бәлеге жолығады.
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле, сен жылқысын қайыр!
Қазыбек, сен жесірін қайыр!
деп, екеуін келістіріп, қол алыстырыпты. Ел Әйтекенің бұл билігіне риза болып, екі жағы бітімге келіп, тиышталыпты.
Әйтеке билікті мақал-нақылмен мәнерлеп айтатын, дауды әділ шешіп кесек-кесек сөйлейтін өте әділетті, білгір би болған.
Сондықтан да ол аға би атанып Кіші жүз елін ұзақ жылдар басқарған. Тәуке ханның Төле би, Қазыбек би сияқты кеңесші бас билерінің бірі, «Жеті жарғы» заңын жасасқан азамат. Әйтеке дана би ғана емес, ұлттық мақтанышымыз, қазақтың жүз жылда бір туар арысы, артына өшпес із қалдырған адал перзенті. Өз халқына, ел-жұртына адал еңбек еткен, оның іргелі ел болуын жатпай-тұрмай ойлаған мұндай тұлғалар арғы-бергі тарихымызда өте аз. Әйтеке сонысымен де ұлы адам.
Оның есімі қазақ даласының көгінде желбіреп тұрған аспан түсті туымыздай, әр қазаққа қымбат, әр адамға қасиетті есім.
Әдебиеттер:
Әбуталиев Н. Әйтеке би: Деректі әңгіме.- Алматы, 1995.-48б.
Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700) // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б.83-84
Әйтеке би Байбекұлы // Қазақстан: Ұлттық энциклопедия.- Алматы, 1998.- Б.651-652
Әйтеке би // Билер сөзі / Құраст. Т.Кәкішев.- Алматы, 1992.- Б.48-50
Кекілбаев Ә. Әйтеке би // Кекілбаев Ә. Заманмен сұхбат.- Алматы, 1996.- Б.87-117
Кекілбай Ә. Әйтеке би // Үш пайғамбар / Құраст.А.Нысаналы.- Алматы, 1992.- Б.115-151
Төреқұлов Н., Қазбеков М. Әйтеке би // Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендері.- Алматы, 1993.- Б.125-134
* * *
Ахметов О. Әйтеке би: Шығу тегі. 2. Халықтық қызметі. 3. Сөздері // Ана тілі.- 1992.- 15 қазан (№41).- Б.5
Әбутәлиев Н. Әйтеке би // Халық кеңесі.- 1995.- 21 қазан
Кекілбайұлы Ә. Әйтеке би // Қазақ батырлары.- 2000.- №7.- Б.3
Қуандықов Б. Әйтеке бидің қоғамдық-саяси көзқарасы // Заң газеті.- 2000.- 12 шілде.- Б.3
Мұратбаев Ж. Әйтеке би ғұмырының соңғы кездері // Қазақстан әйелдері.- 1998.- №5.-Б.8-9
Төреқұлов Н. Әйтеке би – Кіші жүзден шыққан қазақтың атақты биі // Халық кеңесі.- 1992.- 6 мамыр.
Төле би (1663-1756)
XVIII ғасырдағы ұлы тұлғаның бірі – Үйсін Төле би. Ол Әз Тәукенің тұсында «Жеті жарғы» атты заң жобасын жасаған қоғам қайраткері, ел ағасы. Төле Әлібекұлы қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Қазақ шежіресінде: Дулаттан Жаныс, одан Жарылқамыс, Жарылқамыстан Жанту би, одан Жайылмыс би, одан Құдайберді би («Тоғыз ұлды Құдайберді» деп те аталады). Сол тоғыз ұлдың бірі Әлібектен Төле би туады. Төле жастайынан ескіше оқып сауатын ашады. Арабша, парсыша тарихи кітаптарды, аңыз, хисса-хикаяларды көп оқиды. Бір жағынан қазақтың аңыз-әңгіме, өлең-жырларын, шежіре-тарихтарын ел арасынан тыңдап, әсіресе өзінің бабалары Жанту, Жарылқамыс билердің кесімді, тапқыр, өнегелі нақыл, шешен сөздерін ойында сақтап өседі. Төленің әкесі Әлібек те сөзге ділмар шешен би болған кісі. Төле бала әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды. Он бес жасынан ел билігіне араласып, өзінің ақыл, парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі.
Ол жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады.
Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
— Балам, мынаны сындырып көрші?
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
— Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? – Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:
— Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Сонда Төле бала:
— Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
— Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы,- депті.
Төле би Орта жүздің аға биі Қазыбек Келдібекұлымен, Кіші жүздің аға биі Әйтеке Бәйкенұлымен бірге қазақ ханы Әз-Тәукенің басты кеңесшісі болды. Төле бидің басшылық, шешендік дарыны Қазақ хандығы жойқын қолмен шабуылға шығып, қазақ халқын қырғаны, қалғанын «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыратқан кезде айқын көрінді. Ол сол кездегі қазақтың белгілі батырлары – Қабанбай, Бөгенбай, Ханкелді, Өтеген, Жәнібек батырлармен бірыңғай халық майданын құрып, азаттық күресін басқарады. Қазақ жерін басқыншылардан азат етуге басшылық етеді. Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар мен ертегі-әңгімелер сақталған. Оның атымен байланысты толып жатқан нақыл, мәтел сөздер, билік-келісімдер халық арасында кең тараған. Төле би өзі билік еткен Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Төле бидің басшылығымен (XVIII ғасырда салынған) ескі Ташкент қаласындағы Төле би (Қарлығаш) мавзолейі осы күнге дейін сақталған.
Төле бидің есімі тек Ұлы жүзге ғана емес, сондай-ақ Орта жүз бен Кіші жүздегі ірі-ірі тарихи оқиғалармен де тығыз байланысты. Сол үшін де Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары арасында да ол жөнінде аңыз-әңгіме, өлең-жырлар көп сақталған. Демек, ол тек Ұлы жүздің ғана ру басы, төбе биі болып қоймай, бүкіл қазақ елінің саяси, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген адам.
Төле би Әлібекұлы туралы тарихи құжаттар осындай аз ғана дерек қалдырса, қазақ ауыз әдебиетінде ол жөнінде ертегі, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер өте мол. Олардың көпшілігінде Төле ақылды, әділ, шешен әрі халық қамын ойлаған қайраткер бейнесінде суреттеледі. Шынында Төле би өз заманының ақылды, білімді, парасатты адамы болған. Аңыздардың айтуынша Төле орта бойлы, сымбатты, нұрлы кісі болған. Әулие-Ата маңында туғанымен көбінесе Ташкент төңірегінде, Жиделі-Байсын жерінде, Сыр өзені бойында көшіп-қонып жүрген. Көп тұрған жері – Шыназ (ескі Ташкент), сол жерде қайтыс болған. Сүйегі Ташкенттегі Шайхан-тәуірде, мешіт түбінде жерленген.
Төле би Әлібекұлы – Ұлы жүзді басқарған, қазақ хандығын мемлекеттік деңгейде нығайтысып, заңын жасасқан белгілі қоғам қайраткері, 1723-1730 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының азаттық күресін бастаушылардың бірі. Қазақ елінің бауырлас, көршілес елдермен татулығын жақтаған, елімізде халықтар достығын қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан көреген мәмлегер. Сондай-ақ, ол артына аталы сөз, үлгілі өнеге-өсиет қалдырған, өзінің даналық, тапқырлық әділ биліктерімен, шебер, көркем сөздерімен халық әдебиетін дамытқан, байытқан дарынды шешен, кемеңгер ойшыл.
Әдебиеттер:
Байболұлы Қ. Төле би: Дастандар.- Алматы: НБ-пресс, 1991.-316б
Нысаналы А. Төле би // Үш пайғамбар.- Алматы,1992.- Б.11-59
Төле би / Араб харпінен көшірген, құраст. және алғы сөзін жазған С.Дәуітов.- Алматы,1991.- 80б
Төле би Әлібекұлы // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы,1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б.77-79
Төле би // Билер сөзі .-Алматы,1992.- Б.10-23
Төле би Әлібекұлы // Түркістан: Халықаралық энциклопедия.- Алматы, 2000.- Б.581-582
Төреқұлов Н., Қазбеков М. Төле би // Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендері.- Алматы, 1993.- Б.44-88
* * *
Аманкелдиев Қ. Әулие атанған би // Қазақ әдебиеті.- 1991.- 18 қазан
Данышпан. Тағы да Төле би туралы // Егемен Қазақстан.- 1997.- 24 желтоқ.
Дәдебаев Ж. Төле би // Жас алаш.- 1991.- 18 қазан
Дәуітұлы С. Төле би: Жаңа деректер // Егемен Қазақстан.- 1998.- 15 шілде
Қалиев С. Шыққан күндей бұлттан // Парасат.- 1992.- №2.- Б.4-5
Нысаналин А. Төле би // Қазақ батырлары.- 2000.- №4.- Б.3
Сәттібайұлы К. Дала Демофеніне тағзым // Жас алаш.- 1994.- 15 ақпан
Төле би: Өмірбаяны // Ұлан.- 1993.- 25 маусым.
Қазыбек би
Келдібекұлы, Қазыбек би (1665—1765) — қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі.
Шыққан тегі Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан. Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тапқыр сөздерді көп білетін зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентай күнінен жаттап өскен ол ер жете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды. Осы өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би», «алты алаштың ардағы» деген атаққа ие болады. Содан болар Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш биге билету арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады.
Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында аянбай тер төгеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп қалғанда, оны босатып алуға белсене араласады.
Сондай ақ ол Ресей, Бұқар, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге де араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған, аразды татуластырып, алысты жақындастырып отырған. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деп, ол елшілік қызметті де мінсіз атқарған тұңғыш дипломат. Оның тұңғыш рет он сегіз жасында елшілікке атшы болып барып, басшы болып қайтқаны ел аузында әлі күнге аңыз болып айтылады.
1760 жж. Чиң империясы Қазыбекті өз жақтарына тарту мақсатымен оған елші жіберіп, мол сыйлықтар тартады. Бірақ ол Қытайдың қол астына қарауға қарсы болады. Сөйте тұрып, Абылайды Чиң империясымен тығыз қарым қатынас жасауға шақырады.
Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы қасында жүріп, хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әр кез батыр жинап, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай ақ ақылымен жол тауып, ел бірлігінің емшісі бола білген. Әбілқайырды өлтіріп, ел бірлігіне сызат түсуіне себепші болған Бараққа: «Сылтауратып сытыла алмайсың, не өліп тынасың, не жөніңмен жеңіп құтыласың, екінің бірі, Барақ» деуі,ақыр соңында оны мойындатып: «Уа, би аға! Айттың сен, көндім кебіңе» деуге мәжбүр етуі тек Қазыбектей айбыны ай жасырған текті бидің қолынан ғана келсе керек.
Шоқан Уәлиханұлының «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген еңбегінде:
Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз деп сұрағанда, ол: «Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таңқалуға болады. Оның бірі 90 туысын Қалдан Сереннің тұтқынынан құтқарған қаракесек Қазыбек те, екіншісі өзінің сондай тұтқындағы туысын құтқарған уақ Дербісәлі. Мұның алғашқысы Қалданға өзі барып, сұрап алды. Соңғысы өзінің аулында отырып, жауын қорқытып алды
деп жазады. Бұл заманында ақылымен қатарынан озған дана биіне ел басшысының берген нақ та әділ бағасы еді.