АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Ақша айналысын басқару және реттеу әдістері

 

Ақша айналысын басқару және реттеу әдістері.

         Ақша айналысы «ҚР Ұлттық банкі туралы» ҚР заңына сәйкес реттеледі. Ұлттық банк тұтынылатын банкноттар мен тиындардың қажетті мөлшерін анықтайды,олардың дайындалуын  қамтамасыз  етеді,  оларды  сақтаудың,  жоюдың  тәртібін  және  қолма-қол  ақшалай  қаражаттың инкассациясын белгілейді.

Қазахстан  Республикасы  ақшалай  банкнот  өндірісі  және  екінші  деңгейдегі  банктердің  инкассациясына  лицензия  беру  бойынша   өз  кушімен  енгізген  жаңалығына  байланысты  қолма-қол  ақша  ахуалы  1996 жылға дейінгі кезеңмен салыстырып қарағанда  түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Коммерциялық банктер корреспонденттік шоттардағы қаражат қалдығының шегінде қолма-қол ақша қалдығының лимиті белгіленбейді.

Осыған қарай Ұлттық банк ақша базасын шамасын Ұлттық банктің корреспонденттік шотындағы екінші денгейдегі банктердің қаражат мөлшерін реттеу арқылы, яғни банктердің өтімділігін реттеу арқылы реттеп отырады.

Бұл ақша – несие саясатының аспаптары арқылы жүзеге асырылады. Бұл аспаптар ақша базасының ұлғайған шегін көрсететін әрі ақша массасының ақша базасына қатынасы ретінде есептелетін ақша мультипликаторының шамасына өз әсерін тигізеді.

Ақшалай мультипликатордың шамасы міндетті резервтеудің нормаларына тәуелді, өйткені міндетті резервтер несие ресурстарының көзі ретінде, сондай-ақ айналымдағы қолма – қол ақшаның үлес салмағынан пайдаланылмайды. Бұны банктерден тысқары болатын айналымдағы қолма –қол ақшаның мультипликацияланбайтындығымен байланыстырып түсіндіруге болады. Ақшаның мультипликация қарқындылығы олардың экономикадағы айналыс жылдамдылығына әсерін тигізеді: мультипликация коэффициенті неғұрлым жоғары болса ақша массасы соғұрлым көп, айналыс жылдамдығы аз болады. ҚР Ұлттық банкі ақша айналысын және инфляция деңгейін реттеу үшін міндетті резервтер нормасы, қайта қаржыландырудың пайыздық мөлшерлемелерінің деңгейі, ашық нарықтағы операция, валюта нарығындағы операциялар арқылы өтімділікті қамтамасыз ету секілді ақша – несие саясатының аспаптарын пайдаланады.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп бергендей, банк резервтерінің міндетті нормаларының сәл ауытқуы ұсынылатын ақша мөлшерін елеулі өзгерістерге ұшыратады. Сондықтан да Орталық банк бұл аспапты жиі қолдана бермейді.

Міндетті резерв нормаларын шектен тыс жоғарылату іскерлік белсенділікті төмендетеді, банктер таратылған ресурстарды тиімді пайдалана алмайды, өйткені несие берілетін салалар азайып, айналыстағы ақша массасы кемиді.

Айналымдағы ақша массасын реттеудің тиімді құралына қайта қаржыландырудың пайыздық мөлшерлемесі жатады. Орталық банк бұл саясат арқылы коммерциылық банктерге несие береді.

Әлемдік тәжірбиеде коммерциялық банктердің тұрғысынан алғанда есептік мөлшерлеме дегеніміз – артық резервтердің шығыны болып табылады. Сол себепті де оны Ұлттық банк кемітеді, бұл өз кезегінде коммерциялық банктердің қарыз алуына жағдай жасайды. Осы қарыздың есебінен коммерциялық банктерге берілетін несие ақшаның ұсынылуына арттырады.

Ұлттық банк есептік мөлшерлемені көтеру арқылы банктердің қарыз алуын тежейді, бұл несие ресурстарының және банктерге берілетін несиенің мөлшерін азайтады, өз кезегінде айналымдағы ақшаның массасын кемітеді.

Ұлттық банк инфляцияны тежеу мақсатында қайта қаржыландырудың мөлшерлемесін 1994 жылдың қаңтар – ақпан айларында 270% деңгейінде, осы жылдың наурыз – тамыз айларында 300% деңгейінде белгіледі. Инфляцияның кемуі мен айырбас бағамының тұрақтануына қарай мөлшерлеме біртіндеп кеміді: 1994 жылдың соңында 230%, 1995 ж. – 52,5%, 1996 ж. Қыркүйек айында – 30%, 1997 ж. – 24%. Көріп отырғанымыздый, пайыздық саясат инфляцияны жылдам тежеудің әрі ақша айналысын реттеудің тиімді аспабы болып табылады екен.

Инфляция айтарлықтай төмен болған жағдайда пайыздық мөлшерлемелер экономикада ақша массасының өсуін ынталандыру мақсатында пайдаланылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда инфляцияның деңгейі 6 – 4 % жағдайында қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің деңгейі 7%-ке белгіленген.

Ашық нарықтағы операция айналымдағы ақша мөлшерлемесін реттеу процесінде айрықша орын алады. Бұл операция, бір жағынан, құнды қағаздарды Орталық банктің сатуын және сатып алуын ұйғарса, екінші жағынан, құнды қағаздарды коммерциялық банктердің, қаржы компанияларының, халықтың сатуын және сатып алуын ұйғарады.

Орталық банк құнды қағаздарды сату және сатып алу арқылы резервтерді банк жүйесіне таратады немесе оларды бұл жұйеден алып тастайды, осылай ету  арқылы ол айналымдағы ақша массасын көбейтеді немесе азайтады. Қазақстанда мұндай құнды қағаздарға мемлекеттік қазынашылық облигациялар жатады. Оны үкімет бюджет тапшылығын және ноталарды жою үшін Ұлттық банк арқылы шығарады. Ұлттық банк осы құнды қағаздарды сатып алған кезде коммерциялық банктердің ең аз шамадағы резервтерінің шамасы артып, клиентурамен жасасатын активтік қарыз операцияларын ұлғайтуға мүмкіндік алады, эмиссиясы артады.Ұлттық банк коммерциялық банктерге құнды қағаздарды сатқан жағдайда, керісінше, олардың резервтелген қаражат сомасы кемиді, ал банктерде несие ресурстары азайып, ақша массасы төмендейді. Соңғы жылдары (2001 – 2005жж.) ҚР Ұлттық банкі белсенді түрде пайдаланып жүрген ақша массасын реттеудің бір әдісіне ақша нарығындағы валюталық интервенция жатады.

Мұнай мен металдың әлемдік бағасының көп өсуіне байланысты Қазақстанға шетелдік валюталардың мол ағыны құйылды. Бұл ақша массасы мен оның құрылымына үлкен әсерін тигізіп отыр. Осыған байланысты Ұлттық банк соңғы жылдары валюта бағамын ақша нарығындағы интервенция арқылы реттеуге жиі күш жұмсап жүр. Ол шетелдік валютаны сатып алу арқылы өзінің валюталық алтын резервін ұлғайтты. Ол 2005 ж. басында 11,0 млрд. доллардан асты. Ұлттық банк, сондай-ақ, 5,0 млрд. АҚШ долларынан көп мөлшерде Ұлттық мұнай сақтандыру қорын құрды.

Экономиканың «тым қызып кетуі» теңгенің шектен тыс нығайтылуы және инфляцияны тежеу мен айналымдағы ақша мөлшерін реттеу секілді мәселелер осылайша шешілетін болды.

Ұлттық банк пен Қазақстан үкіметі елдегі ақшаның айналысын басқару мен реттеуде ақша – несие саясатының аталмыш құралдарын ептілікпен пайдаланып жүр.

 

 

 

 

Ақшаның формалары.

Ақша айналымының тарихы мынаны дәлелдейді, яғни ақша біртекті масса болып табылмайды. Ол өтуі бойынша және өмір сүру уақыты бойынша, сонымен бірге айналым шарттары бойынша алуан түрлі болып келеді. Іс жүзінде ақшаның формасы дегеніміз – ақшаның белгіленген типіндегі заттық айырбас құны, ол айналымдағы тұрақтылықты көрсетеді. Әр түрлі балама тауарларға, бағалы металдарға, қарыз міндеттемелеріне, банк депозиттеріне өзгере отырып, ақша өз формасын қалыптастырады. Ақша формалары ретінде алтын, күміс монеталар. Қағаз және несиелік ақшалар баршаға аян.

Ақшаның материалдық – заттық ерекшеліктеріне сәйкес оны толыққұнды және толыққұнсыз деп шартты түрде бөлуге болады.

Толыққұнды ақша – номиналды құны сатып алушылық құнымен сәйкес келетін ақша, яғни дайындау кезінде көрсетілген құн олардың құрамындағы металдың (алтын, күміс) құнына сәйкес келеді. Оларға алтын және күміс монеталар жатады.

Толыққұнды емес ақша – сатып алушылық құны ақша қатынастарының тасымалдаушысы ретіндегі тауар құнынан асатын ақша. Толыққұнсыз емес ақшаларға билондық монеталар, қағаз және несиелік ақшалар жатады.

Ақша өзінің даму эволюциясында мынандай сатыларды өтті:

  1. Металдық;
  2. Қағаздық;
  3. Несиелік;
  4. Электрондық ақша.

Металл ақшалар – бұл толыққұнды, нағыз ақшалар, олардың                                           номиналдық құны (оларға қойылған құн) нақты құнына, яғни өздері дайындалған металл құнына сәйкес келеді. Металл ақшалар(мыс, күміс, алтын) әр түрлі формада болады: алдымен бірлікті, содан соң салмақтық. Олар монета түрінде шығарылды.

Монета – бұл заңмен бекітілген формасы, сыртқы пішіні, салмақтық құрамы бар металдан дайындалған ақша белгісі.

Мемлекет монетадағы таза металдың құрамын, салмағын, массасын, типін, эмиссия ережесін және т.б. белгілейді.

Металл ақшалар өз дамуында ұзақ жол жүрді, яғни олар мыс монета түрінде біздің дәуірімізге дейінгі III – II ғасырларда Римде пайда болды. Ең алдымен белгіленген салмағы және пробасы бар және сәйкес таңбалармен (Мысыр, Рим, Вивилон) бекітілген металл құймалар айналымға шықты.

Алғашқы монеталар біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда Лидия мемлекетінде құйыла бастады, ал біздің дәуірімізге дейінгі 279-жылы Римде металдың стандартты бөліктері монета деп аталды.         

Өз бейінін монетада кескіндеген түлға А. Македонский болады.

Айналымға сәйкестендірілген, стандартты монеталардың еңгізілуі ақшалардың толық көлемде құн шамасының қызметі, айналым мен жинақтау құралы қызметін атқаруы үшін жағдайлар жасады. Монеталар бағалы металдардан да, сонымен бірге өте арзан түсті металдардан және олардың қоспаларынан дайындалды.

Монеталар толыққұнды, сонымен бірге айырбастық болып бөлінеді. Толыққұнды монеталар бағалы монеталардан және олардың қоспаларынан дайындалады, олардың номиналдық құны нақты құнмен сәйкес келеді, олар ақшаның барлық қызметін атқарады.

Айырбас монеталары арзан түсті металдардың қоспаларынан дайындалады, олардағы номиналдық құн құрамындағы металл құнынан асып кетеді.

Монеталарды құю эмиссия ретінде қарастырылады. Эмиссия латындық «emissio» сөзінен аударғанда «шығару» деген мағынаны береді. Ақшаның эмиссиясы – бұл ақша белгілерінін барлық түрлерінің айналымға шығару, ол айналымдағы ақша массасын ұлғайтуға бағытталған.

Ақшаның рөлі тарихи тұрғыда алтынға бекітілген. Алтынның барлық басқа тауарлардан құнын өрнектеу қасиеті шынайы табиғи қасиет болып саналмайды. К.Маркс табиғат ақшаны жасамайды деп атап көрсеткен. Бұл қасиет алтынға қоғам тарапынан берілді. Алтын жалпы балама рөлін атқару үшін өте сәйкес келетін тауар болып саналады, ол мыналарға байланысты болады:

Біріншіден, тұрақты, әдемі, жеңіл, шығынсыз бөліну сияқты табиғи қасиеттеріне;

Екіншіден, оның жоғары құны бар, яғни басқа металдармен салыстырғанда, оны өндіру үшін көбірек уақыт шығыны кетеді.

Алтынды өндіру — өте қиын әрі капитал сыйымды жұмыс. Мысалы, 1кг алтынды алу үшін орташа тереңдігі 3000м жердің 100 тонна тау кенін өңдеу керек.

Алтынның негізгі өндірушілері болып Оң түстік Африка Республикасы (әлемдік өндірістің 1/3 бөлігі), Ресей, Өзбекстан саналады.

Қазақстанда көптеген алтын кеніштері бар, шамамен алғанда алтынның жылдық өндірісі 30 тоннаны құрайды.

Тауарлық өндіріспен айналым көлемдерін кеңейту айырбас операцияларының өсуіне әкеледі. Толыққұнды ақшалар шектеулі саны және жоғары шығындарына байланысты шаруашылықтың өскелен сұранысын қанағаттандыра алмайды. Алтын өндіру тауар өндірісін қуып жете алмады, ақшаға деген сұранысты қамтамасыз ете алмады, сонымен бірге жоғары құндылығы бар алтын ақшалар құны бойынша аз айналымды қамтамасыз ете алмады. Сондықтан оны өзінің орынбасарларымен (құн белгілері) алмастыру қажеттілігі туындады, олардың  номиналды құны оларды өндіруге кеткен еңбектің шынайы құнынан жоғары болады.

Оларға ұсақ монеталар, қағаз және несиелік ақшалар жатады.

Қағаз ақшалар – нағыз ақшалардың өкілдері. Тарихи тұрғыда қағаз ақшалар металдық айналымнан туындады және бұрын – соңды айналымда болған күміс және алтын монеталардың орынбасарлары ретінде әрекет етті. Айналым барысында металл ақшалар көшті және тозды, бастапқы формасы мен құнын жоғалтты, сонымен бірге оларды сақтау, тасымалдау және тауарларды көп мөлшерде сатып алу кезінде пайдалану өте ыңғайлы. Осыған байланысты оларды нағыз ақшалардың орынбасарларымен, яғни қағаз ақшалармен алмастырудың объяктивті мүмкіндігі туындады. Олардың мәнісі мынада, яғни олар мемлекет тарапынан мәжбүрлі бағаммен шығарылатын ақша белгілері болып табылады.

Қағаз ақшалардың өзіндік құны жоқ, егер оларды шығару шығындары болса, онда олар номиналды құнға сәйкес келмейді. Мысалы, 5 мың теңгелік қағаз ақшаның бір купюраны шығару шығындарына тең құны болуы мүмкін, ал ол шығын тиын ғана тұруы мүмкін. Бұл купюраға 5 мың теңгелік құны бар тауарды сатып алуға болады.

Табиғаты бойынша қағаз ақшаларға тұрақсыздық тән екендігін атап өту керек. Олар үнемі ақша айналымы арнасында жүреді, оларды толтырады және шектен тыс эмиссия негізінде ақша массасының айналымда жүрген тауар массасына сәйкес келмеуі нәтижесінде құнсызданады, сәйкесінше ол инфляцияға әкеледі.

Әрбір егеменді мемлекет өзінің ұлттық валютасын, яғни өз атауы бар, әртүрлі купюрамен бағаммен қағаз ақшаларын шығарады. АҚШ өз валютасын – доллар, Ресей – рубль, Қазақстан – теңге деп аталады. Қағаз ақшалардың кемшіліктері де бар. Олардың ең бастысы мынада жатыр, яғни біріншіден, оларды ұрлап алу ете оңай, екіншіден, оларды тасымалдау өте қымбатқа түседі.

Өндірістің дамуы, коммерция және банктік несиелеу саласының кеңейюі нәтижесінде металл ақшалар тауар айналымының қажеттіліктерін қанағаттандыруды тоқтатты және оның орынбасарларымен қатар несиелік қағаздар пайда болды.

Қағаз ақшалар сатып алу және төлем құралдары ретінде мемлекет қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін арналған. Қазақстандағы олардың эмитенттері болып Ұлттық банк есептеледі. Шығарылған ақшаның номиналды құны және оларды шығару құны (қағаз шығындары, басып шығару) арасындағы айырма мемлекеттік бюджетке кететін эмиссиялық табысты құрайды. Қағаз ақшалар екі қызметті ғана атқарады: айналым құралы және төлем құралы.Олар алтын стандартты алып тастағаннан кейін ішінара жинақтау қызметін атқара алады.

Қағаз – ақша айналымы үнемі көмекші сипатта болады. Қағаз ақшалардың ұзақ, дербес айналымы мүмкін емес, өйткені олардың жоғарыда көрсетілген кемшіліктері бар. Сондықтан олармен қатар несиелік ақшалар әрекет етеді.

Несиелік ақшалар – айналымдағы толыққұнды ақшаларды алмастыратын және несие белгісі ретінде әрекет етуші қағаз ақша белгілері. Олардың өзіндік құны болмайды, балама тауарда көрсетілген құнның өрнегі. Несиелік ақшалардың ннегізгі эмитенті болып банк жүйесі есептеледі.

Тауарларды сатып алу бойынша ірі мәмілелерге банктердің несие беруі қағаз ақшаларды алмастырады, яғни несиелік ақшалар тауар айналымының қажеттілігін қанағаттандырады.

Несиелік ақшалар өз дамуында мынандай сатылардан өтті: вексель, банкнота, чек, электронды ақшалар және олардың соңғы түрі – несиелік және пластикалық карточка.

Вексель – бұл вексель айналысының заңымен бекітілген мерзім ішінде онда көрсетілген соманы сөзсіз төлеу жөніндегі қарыздық міндеттеме. Вексельдер жай және аудармалы деп бөлінеді. Жай вексельді қарыз алушы береді. Бұл вексель берушінің сөзсіз міндеттеме, ол вексель ұсынушыға белгіленген соманы төлеуі тиіс.

Аудармалы вексель (тратта) – вексель беруші кредитордың (трассант) қарыз алушыға (трассат) белгіленген мерзімде көрсетілген соманы үшінші тұлғаға (ремитентке) төлеуі жөніндегі бұйрығы. Вексель бойынша төлем аваль (вексельдік кепілдік) көмегімен төленуі мүмкін, ол қосымша беттегі вексельде және аллонжда «аваль ретінде есептеу» деген жазумен ресімделеді.

Вексель абстрактылығымен, яғни құжатта мәміле түрі жөніндегі ақпараттың жоқтығымен; вексельдің міндетті төлемін көрсететін даусыздығымен; айналымдылығымен, яғни вексельді төлем құралы ретінде басқа кредиторларға беруге болатындығымен сипатталады.

Демек, вексель несие және ақшалық есеп айырысу құралы ретінде әрекет етеді. Ол несиеге қойылған тауарларды  кепілді вексельдік міндеттемемен төлеуді қамтамасыз етеді.

Векселіді пайдалану айналым шығындарын  үнемдеуге ықпал етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда вексель астық шаруашылығында қолданылады. Вексель берушілер ретінде астық егуші шаруашылықтар есептеледі, олар Азық-түлік корпарациясына жанар-жағар май, тұқым, тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алу үшін вексель береді, олар күзде астықпен қайтару міндеттемесін өз мойына алады.

Вексельді айналым нәтижесінде банкноттық айналым пайда болды .

Банкнота — бұл эмитент банктің міндеттемесі. Ол вексельден екі маңызды көрсеткіш бойынша ерекшеленеді: біріншіден, мерзімділігі бойынша: вексель белгіленген мерзімге шығарылады, ал банкнота шексіз мерзімге беріледі; екіншіден, қамтамасыз етілуі бойынша: банкнота мемлекет кепілдемесі бойынша елдің Орталық банкімен айналымға шығарылады, ал вексельді жеке кепілдеме бойынша жекелеген заңды және жеке толға шығарады.

Қазақстандағы банкноттардың эмитенті болып Ұлттық Банк саналады, олар Республиканың аумағында ұлттық ақша болып табылады. Тауарлар немесе алтын түріндегі материалдық қамсыздандырылмаған, бірақ банкноттардың несиелік негізі бар, өйткені олар банктік несиелеу ережесіне сәйкес айналымға шығарылады және қарыздық (ссудалық) қордың элементі болып табылады.

Банкноттық айналым кеңістіктегі несиелік ақшалардың әрекет етуін кеңейтуге мүмкіндік берді және де банкноттардың айналыс құралы қызметін атқаруын камтамасыз етті. Несиелік ақшаның келесі түрі чек болып табылады.

Чек – бұл талап бойынша құрылған қатаң есеп берудің ақшалай құжаты, онда чек берушінің (шот несиенің) чекте көрсетілген соманы чек ұсынушыға (ұстаушыға) банктің төлеуі жөніндегі сөзсіз бұйрығы бар. Ол қысқа мерзімді әрекетті ақшалай құжат ретінде заңды төлем құралы мәртебесін иеленбейді. Ол ел ішінде және халықаралық есеп айырысуларда қолданылады. Негізінен чектер ақшалай және есеп айырысу чегі болып бөлінеді.

Ішкі айналымдағы чектер банктерден қолма – қол ақшаны алу үшін; тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысу мақсатында; банктердегі шоттар бойынша аударымдар жасау арқылы жүзеге асырылатын қолма – қолсыз есеп айырысу формасы ретінде қолданылады.

Есеп айырысу чектері ордер сипатында болады. Шот иелеріне арнайы чек кітапшалары беріледі. Чектік есеп айырысу кітапшаларындағы чектер тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін қолданылады.

Банк Қызметіне миханикаландыру мен автоматтандыруды енгізу, банкті есеп айырысу тәжірбиесінде ЭЕМ мен компьютерлерді кең қолдануға өте электронды ақшалардың пайда болуына ықпал етті, яғни компьютер жадындағы шоттарда ақшаның болуы, қолма – қол ақшалар мен чектерді несиелік карточкалармен алмастыру. Олар клиенттің шоты негізінде орнатылған микросызбасы бар пластикалық карточка түрінде банк тарапынан шығарылады. Пластикалық карточкалардың иелері тауарлардың сатып алып және қызметтерге төлем төлеп кана қоймай, сонымен бірге тұтынушылық мақсатта банктерден қысқа мерзімді несиелерді де ала алады қазіргі таңда пластикалық карточкалардың бірнеше түрлері колданылады, олардың ішінде банктік және саудалық карточкалар өте кең тараған.

Электрондық төлемдер жүйесі қоғамның өте кең тобының өміріне тікелей ықпал етті. Көптеген дүкендер пластикалық карточкалар көмегімен сатып алуларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, қажетті сома тауарларға төлеу үшін сіздің шотыңыздан алынады.

 

 

 

    Несие формалары

Несие формасы – бұл несие қатынасының сырттай нақты көрініс табуы. Ол несие қатынасының мәні мен ұйымдастырлуын синтездейді. Несие қатынасының формасы мен мазмұны ажырағысыз әрі диалектикалық жағынан біртұтас болады. Несие қатынасының формасы оның мазмұны мен дамуына сәйкесуі керек.

Таңдап алынған жіктеу өлшеміне қарай несиенің мынадай ең маңызды формаларын бөліп көрсетуге болады.

— қызмет ету саласына қарай – ұлттық  және халықаралық несие;

— несие мәмілесінің объектісіне қарай – ақшалай және тауарлық несие;

— несие қатынасының субъектісіне қарай – банктік, коммерциялық, халықаралық, тұтынушылық несиелер.

Несиенің тауарлық формасы тарихи жағынан алып қарағанда оның ақшалай формасынан бұрын пайда болған. Ежелгі тарихтан білетініміздей, адамдар тұтынуға қажетті артық үнімдерін бір – біріне өсім алумен қарызға берген.

Несиенің тауарлық формасы осы заманғы іс – тәжірибеде төлемдерінің мерзімін ұзартумен тауарларды сатудан, машина мен құрал – жабдық, тұрмыстық тауарлар, саймандар лизингісінде қолданылады. Қазақстанда тауарлық несие фермерлер мен шаруа  қожалықтарына көктемде тұқым түрінде беріледі.

Несиенің тауарлы формасының негізінде ақшалай несие формасы пайда болып, дамиды. Ол осы заманғы нарықтық шаруашылықта артықшылықтарға ие, типтік форма болып табылады. Несиенің бұл формасы ұлттық және халықаралық экономикалық айналымдардың шегінде пайдаланылады.

Несиенің тауарлық және ақшалай формаларымен қатар олардың аралас формасы да қолданылады.