АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Акция және Облигация

Акция және Облигация

 

Акциялар

 

     Акция – үлесті немесе меншікті куәландыратын бағалы қағаз. Ол иемденушісіне компанияның капиталының, мүлкінің, кірісінің бір бөлігіне заң жүзінде меншік құқын береді. Компания қанша уақыт жұмыс істеп тұрса, акция да сонша уақыт қолданылады. Бірақ осы уақыт ішінде акцияның иесі сан рет өзгеруі мүмкін. Акционердің акцияны шығарған компанияға қайтаруға құқы жоқ. Акционерлік капитал бөлінбейді. Акционер оны тек екінші нарықта сатуына болады.

     Акцияны шығару мына жағдайда болады:

     — меншікті акцияландырғанда, яғни акционерлік қоғам құрып, оның жарғылық капиталын қалыптастырғанда;

     — бар компанияны акционерлік қоғам ретінде қайта құрғанда;

     — жарғылық капиталды қосымша молайтқанда.

     Атап айтқанда, жарғылық капитал деген шығарылған акциялардың бастапқы жиынтық құны. Ол, өз кезегінде, айналымдағы капитал (жай және артықшылықты акциялар) және компанияның портфелінде қалған бағалы қағаздар болып бөлінеді. Оларды компания кез-келген уақытта өз ойынша пайдалана алады.

     Акция белгілі бір жағдайда акционерлік қоғамның өз капиталын ұлғайтуға және оны инфляциядан қорғау үшін жұмсауға болатын бағалы қағаздардың бірден-бір түрі. Акция компанияның акционерлер алдындағы қарыз міндеттемесі. Компанияның өз акциясын қайта сатып алатын құқы бар. Бірақ бірсыпыра елдердің заңында, егер корпорацияның төлем қабілеті жоқ болса, онда ол акциясын қайта сатып алатын құқықтар айырылады деген де ереже бар. Дәл осы жағдай, егер қайта сатып алу корпорацияның төлем қабілетін нашарлататын болса да қаралған. Заң жүзінде акцияны бөлуге де болады. Айналымдағы әрбір акцияны бірнеше бөлікке бөлуге болады.

     Акция бірнеше түрге жіктеледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

     Бір жағынан, бір акционерден басқа біреуге беру тәсілі бойынша: атаулы және иесі ұсынушы болып екіге бөлінсе, екінші жағынан, корпорацияны басқаруға қатынасу құқығы бойынша – жай және артықшылықты акция деп те екіге бөлінеді. Корпорация тек өзінің жарғысында бекітілген акцияларды ғана шығара алады.

     а) Атаулы акция – иесі міндетті түрде корпорацияның реестрінде тіркелуі тиіс акция. Акционерлер кітабында қанша және қай уақытта алғандағы туралы жазылған акция иесі ғана акционер деп есептеледі.

     б) Ұсынушыға арналған акция – иесінің аты-жөні корпорация кітабында тіркелмеген акция. Кітапта ұсынушыға арнап шығарылған акцияның жалпы саны ғана көрсетіледі.

     Ал басқару жағынан корпорацияларға қолында атаулы акциясы бар акционерлер қолайлы. Себебі ол акционерлік капиталдың қозғалысын және бағалы қағаздардың қозғалысын және бағалы қағаздардың кейбір акционерлердің қолында шоғырлануын, олардың бұл мемлекеттен кеткенін реттеп және бақылап отыруға мүмкіндік береді. Акционерлердің көзқарасы тұрғысынан қарағанда, әсіресе, қысқа мерзімді мүддені көздеген акционерлер ұсынушыға арналған акцияны қолдайды. Себебі еш жерде тіркелмеген бұндай акцияларды екінщі нарықта еркін сатуға болады. Ал атаулы акцияны еркін қолма-қол ақшаға айырбастауға болмайды, сондықтан олардың өтімділігі акционерге кейбір жағдайда қолбайлық туғызады. Акцияның осы екі түрін жүзеге асыру жолы да әртүрлі:

    — Біріншіден, сату механизмі бойынша. Атаулы акцияның иесі оларды компаниядан сатып алғанын куәландыратын барлық акция санына бір толтырылған сертификат алады. Бұл акцияларды сатқанда сертификаттың сырт жағында екі жақтың қолы қойылған «индоссамент» деген белгі қойылады. Содан соң акционерлердің тізіміне өзгеріс енгізу үшін сертификат корпорацияға жіберіледі. Содан кейін ғана акциялардың жаңа иесі акцияларға жаңа сертификат алады.

     Ұсынушыға арналған акцияны сатқанда оларды бір иемденуші тікелей, яғни қолма-қол екіншіге береді.

     — Екіншіден, акцияның осы екі түрінің жаңа данасын иемденушілер құқын белгілеу тәртібі да әртүрлі. Бұл туралы атаулы акция иесі корпорациядан хабарландыру хат алса, ал акцияны ұсынушыға бұндай механизм жүруі мүмкін емес. Ұсынушы акциясында кесіп алатын купоны болады. Соны толтырғаннан кейін корпорацияға жіберіп, өзінің меншік құқын іске асырады.

     — Үшіншіден, ұсынушы акциясының номиналы өте жоғары болмайды, бірақ ол көп тиражбен шығарылады, ал атаулы акцияның номиналы әртүрлі мөлшерде бола береді.

     Корпорацияны басқаруға қатынасу құқығы бойынша жай және артықшылықты акциялар болып бөлінеді. Жай акцияларды иеленушілердің корпорацияның тапқан пайдасының мөлшеріне байланысты дивидендтер алу құқы, жиналыстарда дауыс беру арқылы корпорацияны басқаруға қатысу құқы және корпорация жабылып қалған жағдайда несие берушілермен есеп айырысқаннан кейін мүліктің бір бөлігін алу құқы бар. Құқықтар акция мөлшеріне сәйкес көлемде жүзеге асырылады.

     Әрбір акция өз иесіне бір дауыс үлесін береді. Сонымен бірге жай акция дивиденд алуға кепілдік бермейді. Себебі дивиденд корпорацияның шаруашылық нәтижесіне байланысты. Дивиденд корпорацияның таза пайдасының бір бөлігі, басқаша айтқанда, дивиденд төлеу пайданың салық төлегеннен қалған қалдығын бөлуге негізделген. Дивидендтің мөлшеріне күшті өзгерістердің әсер етуі кездейсоқ жәйт емес.

     Жай акцияны меншіктенушілердің өкілеттіліктері мыналар:

  1. Директорлар кеңесін сайлауға дауыс беруге және сол кеңеске өзі сайлануға құқықты. Директоратқа сайланғанда кейбір корпорацияның жарғысында кей жағдайда мүлік цензі көрсетіледі, яғни үміткердің қолындағы жай акцияның ең төменгі қажетті мөлшері көрсетілуі тиіс.

     Директорлар кеңесі корпорация атынан бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлама береді. Ол жыл сайын өтетін жиналысқа мына хабарларды: корпорацияның жылдық есебін; жылдық балансты және таза пайданы бөлу жобасын дайындайды.

     Директорлар корпорацияны басқаруды ұйымдастыруға, менеджерлерді жұмысқа қабылдауға және шығаруға, сыйлық белгілеуге жауап береді. Олар капитал құрамының өзгеруін қадағалап, корпорация табысын бөлумен де шұғылданады. Табысты бөлу – корпорация меншігін оның акционерлер арасында дивиденд ретінде үлестіру деген ұғым. Бұл туралы директорлар кеңесі хабарлап тұрады, ол компанияның міндеті.

     Директорлар кеңесінің басты мақсаты менеджелердің өз міндетін орындауын қадағалау. Менеджерлердің міндетіне төмендегілер жатады: міндетіне бой ұсыну, яғни өзінің өкілдік шеңберінде қызмет істеу; адал ниеттілік міндеті; корпорацияның адалдық міндеті. Ондай адалдық мүдделерін таластыруға, директорларға қарыз беруге корпорацияның мүмкіндіктерін өз пайдасын қолдануға және онымен бәсекелесуге жол бермейді.

  1. Дивиденд алу құқығы. Дивиденд мөлшері корпорацияның жылдық айналымына байланысты анықталады. Оны тоқсан сайын төлеуі мүмкін. Дивидендтің бірнеше түрі бар:

     қолма-қол төленетін дивидендтер. Бұл табысты бөлудің ең кең тараған түрі. Ол бір жай акция есептеліп төленеді;

     — мүліктік дивидендтер. Табысты бөлудің мүлікті формасы акционердің қолындағы акция саны пропорционалды анықталады. Корпорация дивидендтің бұл типін әдетте өзі жабылу кезінде қолданады;

     — акция формасындағы дивидендтер. Бұл қосымша акциялар акционерлер арасында акционерлердің қолындағы акция санына пропорционалды бөлінеді. Дивиденд төлеудің бұл түрі компанияның өзін-өзі қорғап қалуын қамтамасыз етеді.

     Қолма-қол төленетін дивидендтер балансты активімен пассивін және қолма-қол ақша қаражат қозғалысы ведомостын тексергенннен кейін ғана жүзеге саырылады. Дивиденд дұрыс төленбеген жағдайда корпорация жауап беруге міндетті. Сонымен бірге дивиденд акционер табысының тек бір ғана бөлігі. Оның екінші бөлігі акция бағасының өзгеруіне байланысты қалыптасады.

  1. Жай акция бойынша меншік құқын басқара беру. Өзінің үлестік құқын акционер акциясын ия сатып, ия сыйға беріп, ия өсиетке қалдырып жүзеге асырады. Акция кепілдікке де, яғни банктен несие алғанда да, беріледі.
  2. Корпорациядағы акционерлердің мүліктік мүддесін қорғауға дауыс беру құқы. Бұған, мысалы, жаңа бағалы қағаздар шығару, корпорацияның активтерінің бір бөлігін сату сияқты мәселелер жатады. Активтер болып корпорацияның барлық қозғалмайтын және қозғалатын меншікті: жер, мүлік, қолма-қол қаржы және с.с. есептеледі.
  3. Корпорацияның қаржылық есебін тексеру құқы, мысалы, акционерлердің реестерін тексеру. Жылма-жыл корпорация президенті әрбір акционерге хат жіберуі тиіс. Акционер баланстың активі мен пассивін, салық ведомостысын бақылауы мүмкін.
  4. Шектеулі міндет құқы. Басқаша айтқанда, корпорация банкротқа ұшырағанда акция сатып алуға шығарған акционердің ақшасын қайтаруға ешкім кепілдік бермейді.
  5. Корпорация жабылған кезде оның активінің бір бөлігін алу құқы, яғни жабылу дивидендін алу құқығы. Корпорацияның міндеттерін өтеу тәртібі бойынша, ең алдымен корпорация мемлекеттің және адвокаттардың, содан соң белгілі-бір тәртіппен өзіне акция берушілердің, ал ең соңында артықшлықты акция иелерінің және жай акция иелерінің талабын орындайды.

     Директорлар кеңесі, жоғарыда айтып кеткеніміздей, корпорация акционерлерінің жылма-жыл өтетін жиналысында сайланады. Дауыс берудің екі әдісі болады. Тікелей дауыс беру жай көп дауыс алу деген ұғым. Ол әрбір акционердің қолындағы акция санына тең дауыс беру. Сонымен қатар дауыс беруде сенімхатты да пайдалануға болады. Акционерлердің жиналысында біреудің акциясы негізінде басқа біреу сенімхатпен дауыс беруіне өкілеттік алады.

     Әрбір корпорация «А» және «Б» сериялы жай акцияларды шығара алады (егер ол оның жарғысына қарсы болмаса). Әлбетте, «А» сериялы акция корпорация құрылтайшыларына, яғни оның жарғысына қол қоюшыларға, ал «Б» сериялы басқа инвесторларға тиесілі. «А» сериялы акцияны иемденушілердің құқығы және көптеген дивиденд алатын мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндік тәуекелдікке берілген төлем тәрізді. «Б» сериялы акция бойынша дауыс бермейтін акция (олар акционерлерге дауыс құқын бермейді) және дауыс құқы шектеулі акция шығару жағдайлары орын алуда.

     Көптеген корпорациялар жай акция бойынша номинал құнын бекітеді. Ол акцияның титулында көрсетіліп, хабарлама сипатында болады. Ол бір акцияға шаққандағы жарғылық капиталдың мөлшерін көрсетеді. Номинал құны акцияның нарықтық бағасының одан әрі қозғаласына ешқандай әсер етпейді. Ол акцияны тек алғашқы орналастырғанда ғана маңызды роль атқарады. Номинал акцияның эмиссиялық бағасы.

     Егер акция көпшілікке сатылып кетсе, онда оның бағасын (курсын) сатуға қатысқан барлық инвесторлар қалыптастырады. Акцияның нарықтық бағасын сатушының төмендеткен төменгі бағасымен және сатып алушының  төлейтін жоғары бағасы анықтайды. Акцияның нарықтық бағасын ия корпорация, ия басқа біреу белгілейді.

     Акцияның эмиссиялық және нарықтық бағаларынан басқа, оның баланстық бағасы да болады. Ол қаржы есебінің құжаттары негізінде анықталып, бухгалтерлік немесе «кітаптық» баға деп аталады. Ол активтің таза құнын (корпорация активінен минус оның пассиві) орналастырылған акция санына бөлгенге, немесе бір акцияға келетін акционерлерге тиесілі капиталдың көлеміне тең.

     Корпорация жай акцияның номиналын көрсетпей де шығаруға құқығы бар. Онда ол нарықтық бағамен (курспен) сатылады. Бұл жағдайда акцияның сертификатында компанияның капиталы бірнеше үлеске акциялар акционерлерге активтің белгілі-бір  бөлігін (номиналдық құнының емес) алуға кепілдік береді.

     Артықшылықты акциялыр (немесе преференционалды) – меншік туралы ерекше сертификат. Олар корпорация пайдасының деңгейіне қарамастан белгіленген мөлшерде неғұрлым нақты дивиденд төленуін қамтамасыз етеді. Преференционалды акция дұрыс құқын бермейді. Ол дауыссыз бағалы қағаз. Оған байланысты артықшылық дауыс құқы жоқтығының орнына төлеу ретінде жүреді.

     Артықшылықты акция иемденушісін қорғау үшін акцияның осы түрі бойынша дивидендтер әрқашан жай акциялар бойынша дивидендтер беруден бұрын төленеді. Сондықтан бұл акциялардан гөрі жай акция иемдену кауіптілеу. Артықшылықты акциялар номинал құны көрсетілген және көрсетілмеген болып екіге бөлінеді. Бірінші жағдайда дивиденд акцияның номиналына байланысты процент түрінде есептеледі. Ал номиналсыз артықшылықты акциялар сирек кездеседі, оларда дивидендтің нақты ақшалы мөлшері көрсетіледі. Акция номиналының оның нарықтық бағасына әсері жоқ.

     Жай акция бойынша төленетін дивидендтер сияқты артықшылықты акция бойынша да дивидендтер таза пайдадан төленеді. Артықшылықты акция, әдетте, — атаулы бағалы қағаз. Корпорация бұл акцияның бірнеше сериясын шығаруы мүмкін. Әрбір сериясының әртүрлі көлемдегі артықшылығы бар. Олар әр сериялы акцияның сертификатында көрсетіледі.

     Егер корпорация артықшылықты бір емес көп сериясын шығаратын болса, онда оны біреуін бірінші артықшылықты деп, ал келесісін екінші артықшылықты деп анықтауы керек. Сондықтан осы акциялардың тек бір сериясының ғана басқа серияларынан гөрі артықшылығы болады. Ол артықшылық әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырылады, дивиденд алғанда, активтерді бөлгенде немесе осы екі жағдайды қоса алғанда.

     Артықшылықты акциялардың өзі, бірнеше түр тармағына бөлінеді. Оларды былай топтастыруға болады – қатысушылар және қатыспаушылар, кумулятивті және кумулятивтік емес, конвертабельді және конвертабельді емес. Артықшылықты акциялардың аталған түрлерін шығару мүмкіндігі корпорацияның жарғысында қаралады. Акциялардың бұлай бөлінуінің себебі акция иемденушілердің артықшылықтарды пайдалануына байланысты. Олар:

     — Үстеме пайданы бөлуге қатысу;

     — Хабарланып, бірақ төленбеген дивиденд алу мүмкіндігіне келешекте қатысу;

     — Акцияны басқа түріне айырбастау мүмкіндігі.

     Қатысушылар артықшылығы өз иемденушісіне үстеме пайданы бөлуге қатысуға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, корпорация жарғысында жай акция бойынша төленетін дивидендтің көлемі белгіленген, ал пайда одан жоғары болса, одан ол артықшылықты акция бойынша төленетін дивидендтің мөлшерін жоғарылатады. Олардың арасындағы ара қатынасын компанияның өзі белгілейді.

     Қатысушылар акциясы иесі ешуақытта белгіленген деңгейден артық дивиденд алуға құқы жоқ. Егер артықшылықты акциялар кумулятивтік болса, онда бұрын хабарланған, бірақ кейбір себептермен төленбеген, дивидендтер міндетті түрде келесі жылы төленеді. Ол жай акциялар бойынша дивиденд төлеу хабарланбастан бұрын жүзеге асыралады, яғни төленеді. Кумулятивтік емес акциялар бойынша төленбеген дивидендтерді келесі жылдың дивидендтіне қосуға болмайды.

    Конвертабельді артықшылықты акциялар өз иемденушілеріне кейбір жағдайларда (егер олар корпорация жарғысында көрсетілген болса) осы корпорацияның жай акцияларының белгілі-бір мөлшеріне айырбастауына мүмкіндік береді. Айырбастау жөніндегі талап осы типті акция шығарған кезде жазбаша түрде корпорация кітабында көрсетіледі. Артықшылықты акциялардың көбісі конвертабельді. Ал конвертабельді емес акциялар өз статусын өзгертуге мүмкіндігі жоқ.

     Артықшылықты акциялардың өте сирек кездесетін түр тармағының бірі – дивиденд төлеуі кейін қалдырған акциялар. Олар корпорация құрылтайшыларына ғана арнап шығарылады. Олар бойынша дивиденд тек жай акциялар бойынша төленетін дивидендтің ең жоғары квотасы төленіп болғасын ғана беріледі. Содан қалғаны атаулы акция иелеріне бөлінеді. Егер компанияның ісі өрлеп тұрса, бұл акциялар өте тиімді.

     Егер компанияның жарғысында оның директорлары корпорация капиталын құруға және қатысуы керек делінсе, онда – директорлық  квоталы акция деп аталатын артықшылықты акцияның арнаулы түрі шығарылады.

     Нарықтық экономикасы дамыған елдерде артықшылықты акциялар саны әлбетте барлық акциялардың 10 %-нен аспайды. Демек, корпорация қаржысында олардың үлесі өте төмен. Дегенмен де, артықшылықты акциялардың корпорация ісін басқаруда маңызы орасан зор. Олар акционерлік қоғамның жиналысында дауыс беретін жай акция иемденішілердің санын өзгертпей-ақ қосымша капитал тартуға мүмкіндік береді.

     Қорыта айтқанда, жай акциялар бойынша дивиденд корпорацияның нәтижелі қызмет істеуіне байланысты болса, ал артықшылықты акциялар бойынша корпорацияның шаруашылық қызметі нәтижелі болмағанына қарамастан алдын ала жоспарланған кіріс бойынша нақты мөлшерде дивиденд төленеді. Әрине нақты төленген дивиденд жылдық жұмыс нәтижесіне байланысты түскен кіріс мөлшерін өсіруі де мүмкін және керісінше, бөлінген пайданың мөлшерін кемітуі де мүмкін.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2.2 Облигациялар

 

     Облигация деп эмитенттің белгілі-бір шартты орындауға, яғни алған ақша сомасын қайтаруды және белгіленген сыйақыны (мүддені) төлеуді міндеттенген жазбаша қарыз құжатын айтады. Ол корпорацияның активіне қарсы қойылады. Облигация арқылы тартылған капитал акционерлік капитал деп есептелмейді. Облигация шығару – қосымша капитал тартудың бір нысаны. Эмитенттің жалпы шығыны облигацияны шығаруға және оларды орналастыруға жұмсаған жылдық шығынға тең болады.

Облигация мерзімдік қарыз міндеттемесі болғандықтан оның кепілі болып эмитенттің жалпы кепілдігі саналады. Ол кепілдік – эмитенттің банкротқа ұшырап, өз міндеттемесін орындай алмаған кезінде – корпорация мүлігінің бір бөлігін иемденуі облигация ұстаушының құқығы. Облигация да акция сияқты корпорацияны инвестициялаудың ең маңызды көзі. Дегенмен бұл екі бағалы қағаздардың бір-біріне түбегейлі өзгешеліктері бар. Ол өзгешеліктердің маңыздылары мыналар:

  1. Облигация иемденушісі корпорацияға несие беруші болып табылады. Ал облигация корпорацияны несиелендіргеннің куәлігі. Өз кезегінде, акционер корпорацияны меншіктенушінің бірі. Акция сол меншіктенушінің куәлігі тәрізді.
  2. Облигацияны иемденушісіне сыйақы (мүдде) төленеді. Оның мөлшері бекітілген және нақты анықталған. Бұл бағалы қағаз өзінде көрсетілген белгілі-бір анықталған уақыт аралығында ғана кіріс түсіреді. Облигация бойынша сыйақы (мүдде) басқа өтелетін дивидендтерден бұрын төленеді. Корпорацияның сыйақыны (мүддені) уақытында төлеу алмауы оны банкрот деп танылуына тең. Акционер де дивиденд түрінде төлем алады. Бірақ дивиддендтің мөлшері тіркелмейді және ол арнаулы уақытта төленбейді. Егер корпорация дивиденд төлеу туралы хабарламаса, онда акционер корпорацияға қарсы ешқандай шара қолдана алмайды.
  3. Басқа несие беруші сияқты, облигация иесінің дауыс беру құқы жоқ. Ол акционерлер жиналысына, сонымен қатар, корпорация басқаруға да қатыспайды. Оған керісінше акция иесінің корпорацияның мүліктік мүддесін қорғауда шешуші дауыс құқығы бар.
  4. Облигация бойынша мезгіл-мезгіл төленетін сыйақы түріндегі пайда купонға алмастырылады. Купон деп облигациядан жыртылып алынатын талонды айтады. Онда сыйақы (мүдде) мөлшері көрсетілген. Төленген сыйақының орнына облигациядан купонды жыртып алады. Облигацияда бірсыпыра дементтер көрсетіледі: номиналы, купондық мөлшер,өтеу туралы нұсқау, эмиссия шарты қамтамасыз етілуі, рейтинг.

 Номиналы деп облигацияның бетінде көрсетілген ақша сомасын айтады. Оны облигация иесі өтеу мерзімі келгенде алады.

     Купондық мөлшер – жыл сайын эмитент төлейтін облигацияның номинал құнына байланысты келісім сыйақы (мүдде) – төлем. Жыл сайынғы купондық мөлшер бөлініп төленуі мүмкін, мысалы, жарты жылғы бір рет немесе тоқсан сайын бір рет. Әлбетте, төлем мына интервалмен орындалады: қаңтар-шілде, ақпан-тамыз, наурыз-қыркуйек, сәуір-қазан, мамыр-қараша, маусым-желтоқсан. Одан басқа айдың жұлдыздары да айнаға түскен сәуледей қайталанады. Мысала, 5 қаңтар – 5 шілде, 20 наурыз – 20 қыркуйек және с.с.

     Өтеу күні – компанияның сатып алушы облигацияны номиналына тең соманы қайтарып жалпы сыйақы төлеуді тоқтататын күнтізбектегі күн.

     Эмиссия шарты – ашықтан-ашық облигация шығару мәмілесі. Ол қарыз алушымен траст компаниясының шарты бойынша шығарылады. Траст компаниясы корпорацияның инвесторлары алдында оның кепіл болып, облигация ұстаушылардың мүддесін қорғап эмитенттің өз міндеттемелерін орындауын қадағалап отырады. Траст компаниясы эмитенттің қаржы құжаттарын және оның инвестициялық жобасының бизнес-жоспарын тексеріп, содан кейін ғана ризашылығын береді. Осыған байланысты эмиссия шартына траст компаниясы бірсыпыра ұсыныс енгізді.Олардың ішінде жиі кездесетіндері мыналар:

     — Ең аз өтімділік;

     — Борыштың ақырғы деңгейі;

     — Активтерді сатуға тыйым салу;

     — Төленетін дивиденд мөлшерін шектеу.

     Өтеу туралы нұсқау – эмиссия шартындағы тармақ. Ол бойынша эмитент облигацияның номиналдық құны және сыйақы төлейтін арнаулы қор құрады. Ол қор траст компаниясының бақылауында болады.

     Эмиссия шартында облигацияны уақытынан бұрын сатып алу бабы да болуы мүмкін, яғни эмитенттің өз облигацияларын қайтарып алу құқы. Әдетте, ондай жағдай облигация шығарылғаннан кейінгі алтыншы жылдан басталады. Уақытынан бұрын қайта сатып алғанда облигацияның бағасы оның номиналдық құнынан жоғары болады.

     Қамтамасыз етілген облигациялар – оларды шығарғанда кепілдікке корпорация активтері немесе мүлігі салынады. Облигация қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген болып бөлінеді. Қамтамасыз етілген облигация корпорацияның негізгі активтерін талап етуге құқық беріп және сонымен бірге оның негізгі меншігінің облигацияға салынғанын көрсетеді. Егер корпорация тағайындалған мезгілде өз облигациясын өтей алмаса, онда оны ұстаушылар кепілдікті өз пайдасына сатуға құқы бар. Қамтамасыз етуге қозғалмалы, қозғалмайтын мүліктер және басқа бағалы қағаздар салынады. Осыған байланысты мынадай айырмашылықтарды атауға болады:

     — Қозғалмайтын мүлікке салынған облигациялар. Оларды қамтамасыз ететін жай және арнаулы мүліктер (мысалы, жаңа салынған өндіріс орны);

     — Басқа компаниялардың траст жағдайында сақталатын акциялары және облигацияларымен қамтамасыз етілген осы компанияның облигациялары;

     — Қозғалмалы мүлікпен қамтамасыз етілген облигациялар. Оларды сенімхатпен басқа біреу иемденуіне құқылы.

     Қамтамасыз етілмеген облигациялар – жалпы кепілдігі бар, басқаша айтқанда, эмитенттің жақсы атағымен шығарылған қарыз міндеттемесі. Ол болашақтағы шаруашылық ісінен түсетін табысты үміттеніп шығарады. Корпорация банкротқа ұшыраған жағдайда ол облигацияларды арнаулы түрде өтейді.

     Облигацияның рейтингі – олардың инвестициялық сапасын арнаулы фирмалардың бағалауы. Әлбетте облигациялардың барлық шығарылған серия бағаланбай, тек екінші нарықта кең көлемде сұранысқа ие болатындары ғана бағаланады. АҚШ-та, мысалы «Стэндарт энд пур» және «Мудиз инвесторз сервис» компаниялары рейтинг анықтаумен шұғылданады. «Мудиз» компаниясы облигацияны бағалауды төмендегі түрде жүргізеді:

     — Ааа — өте жоғары сапа;

     — Аа – жоғары сапа;

     — А – ортадан жоғары;

     — Ваа – орта сапа;

     — Ва – алыпсатарлық элементтері бар;

     — В – инвестицияға қажет белгілері жоқ;

     — Саа – төмен сапа;

     — Са – белгілі-бір мөлшерде алыпсатарлық;

     — С – ең төмен сапа.

     Акция сияқты облигациялардың да номиналы және нарықтық бағасы болады. Оның номиналына байланысты процентпен көрсетілген нарықтық бағасы облигацияның курсы деп аталады. Егер нарықтың бағасы номиналынан жоғары болса, онда облигация сыйлықпен сатылды деп атайды. Егер номиналының бағасы төмен болса, онда облигацияның жаңа иесі оны дисконтпен, яғни бағасын төмендетіп сатып алады. Облигацияның нарықтық бағасы қандай болса да сыйақы оның номиналына байланысты есептеледі.

     Облигацияның нарықтық бағасы, бір жағынан, заемды шығару жағдайына, екінші жағынан, нарықтағы әруақытта әр түрлі болып қалыптасатын жағдайға байланысты анықталады. Егер нарықта купондық бағасы жоғары жаңа заем пайда болса, онда ол жағдай айналымдағы облигацияларға екі түрлі әсер етеді.

     Біріншіден, егер жаңа жағдайлармен шығарылған заемдар өте көп болса, онда бұрын төмен бағамен шығарылған облигациялардың курсы төмендейді. Қысқаша айтқанда, олар дисконтпен сатылады. Себебі ондай облигациялар тек номиналы бойынша өтеледі. Оның арасындағы айырмашылық жаңа иемденушіге өте төмен кіріс түсіреді.

     Екіншіден, егер жаңа облигациялар аз болса, олар номиналынан жоғары курспен сатылады. Ол облигацияның жаңа және бұрынғы иелерінің кірісін теңестіреді.

     Инвесторлардың облигациядан алатын пайдасы купондық төлеммен дисконттық айырмашылықтан түсетін кірістен құралады.

     Жай акциялар тәрізді облигациялар да иесі ұсынушы және атаулы болып екіге бөлінеді. Иесі ұсынушы облигациялар еш жерде тіркелмейді, ол бойынша сыйақы ұсынушы субъектке төленеді. Ондай облигациялардың әрқашан купондық парағы болады. Сыйақы өсім төлейтін күні облигация иесі купонды қыйып алып, оны өтеуге тапсырады. Ал атаулы облигациялардың иесі корпорацияда тіркеуден өтеді. Сыйақы төлейтін күні корпорация оларға процент алу үшін чек толтырып береді.

     Заемның мерзіміне қарай корпорация облигациялары:

     — Қысқа мерзімді – 1 жылдан 3 жылға дейін;

     — Орта мерзімді – 3 жылдан 7 жылға;

     — Ұзақ мерзімді – 7 жылдан да көп жылға дейінгі болып 3 бөлінеді.

     Корпорация облигациялары сонымен қатар купондық кірісті төлеу жөнінен де бөлінеді.

     Біріншіден, купондық төлем мөлшері нақты бекітілген облигациялар. Олар уақытынан бұрын қайтарылып алынуы мүмкін.

     Екіншіден, купондық төлем мөлшері өзгермейтін облигациялар. Бұл типті облигациялардың ерекшелігі оның купондық төлем мөлшері ақша нарығында негізгі төлем мөлшеріне байланысты өзгереді. Бірақ, өзгермелі курсты облигация ұстаушылары корпорация жарғысында көрсетілгеніндей, өз мүддесі несие берушілердің ең соңында жүзеге асырады.

     Үшіншіден, купоны нөлге тең облигациялар. Бұл типті облигациялардың айырмашылығы – олар бірінші орналасқанда номиналынан төмен бағамен, ал өтелгенде – номиналымен сатылады. Басқа сөзбен айтқанда, облигация ұстаушы сыйақыны облигацияның айналым мерзімі ақталғасын алады.

     Облигациялар айырбасталымды және жай облигациялар болып та бөлінеді. Айырбасталымды облигациялар айырбасталымы артықшылықты акцияларға өте ұқсас. Олар келісімге сәйкес осы корпорацияның артықшылықты немесе жай акцияларына алмастырылуына мүмкіндігі бар. Бұл айырбасталымды акцияға инвестордың қызығушылығын арттырады. Ал жай облигациялардың бұндай құқығы жоқ.

     Қорыты айтқанда, корпорация өз жұмысын ақша шығарумен де, сонымен қатар облигация шығарумен қаржыландырады. Дегенмен, акциядан гөрі, облигация шығару корпорацияға қауіпті. Себебі облигациядан пайда түспесе де, жыл сайын корпорация облигация бойынша төлем төлеуге міндетті. Ал акция бойынша блгіленген соманы төлеуге міндетті емес. Егер компанияның дивиденд төлеуге ақшасы болмаса, ол акционердің жеке сәтсіздігі.

     Сонымен бірге облигация шығару корпорацияға қауіпті болғанымен, ол өте арзан. Ұзақ мерзімде төленген дивидендтер сомасы жыл сайын төленген сйыақы сомасынан әлде қайда көп болады деп ұйғарылады. Инвесторлар көзқарасы бойынша акция шығару қауіптірек, демек облигация – тиімді. Сондықтан тәуекелмен қосымша шығын шығарып болған жоғары пайда түсіруіне көзі жетпесе оларды сатып алмайды. Сонымен, егер компания бағалы қағаздардың екі түрін де қатар шығарса, онда акционерлерге төлейтін төлем, облигация иелеріне төлейтін төлемнен жоғары болады деген болжамға байланысты.