АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Әл-Фарабидің саяси көзқарастары

 

 

Әл-Фарабидің саяси көзқарастары

Жоспар

І. Кіріспе

 

ІІ. Негізгі бөлім

а)Әл-Фараби дүние жүзі мәдениеті мен ғылымының негізін салушы

б) Әл-Фарабидің ұстаздық шеберлігі

в) Әл-Фарабидің еңбек тәрбиесі туралы саяси көзқарасы

 

ІІІ. Қорытынды

 

  1. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

І. Кіріспе

 

Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағынан көкірегі ояу, көзі ашық ойшыл азаматтарымыз бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге танылғандары да аз емес. Солардың бірі — бәрімізге танымал ұлы жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби.

 Бірнеше ғасырдан бері Әл-Фараби мұрасы әлемдік көркем ойға өз үлесін қосқан педагогикалық мұраның қатарында көрінді. Осындай биік рухани өсу  біздің қазақ педагогикасының өткені мен оның даму тарихына,яғни Әл-Фараби мұрасына қатысты екені ақиқат.Сондықтан да оның қазіргі кездегі мұрасы сан-салалы гуманитарлық –педагогикалық арналары бойынша қазақ ғалымдарының зерттеуімен Әл-Фарабидің әрбір ғылымының арнасы айқындалып,ол біздің еліміздің рухани игілігіне айналуда.                                                                          Фарабидің өмірі жөнінде бізге жеткен мағлұматтар үзік-үзік,аңыз-шыны аралас болып келеді.

     Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты -жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы.     Әл-Фараби 870 жылы Сыр бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі, Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби, яғни әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Бұл қаланың орны қазіргі Шәуілдір ауданы, Шымкент облысының территориясында. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған нұсқаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.                                                                                                                                                                                                                            Зерттеулерге қарағанда оқу-ағарту жүйесінің дамуы мен пайда болуы орта ғасырлар заманындағы ғұлама оқымысты,ұлы энциклопедист Әл-Фарабидің ғылыми мұраларымен тығыз байланысты.Оған американдық ғалым Николас Решердің еңбектері дәлел.Ол ұзақ ізденістің нәтижесінде 1962ж.ағылшын тілінде «Фарабидің аннотацияланған библиографиясы» деп аталатын Әл-Фарабиді зерттеулер үшін құнды кітап жариялады.Мұнда мың жыл бойы Әл-Фараби жөнінде кім не жазды,оның шығармалары қай тілге аударылды,оның мұрасы жайында алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстар жөнінде айтып,мәселелер қойылды.

 

 

 

 

 

 

 

1 Әл-Фараби дүние жүзі мәдениеті мен ғылымының негізін салушы

 

Әбу Насыр Мұхаммед ибн Узлағ Тархан Әл-Фараби (870-950 ж.) ойшыл, философ, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лиангвист, логик, музыка зерттеушісі. Қазіргі Шымкент облысының жеріндегі көне Фараби (бертін замандағы Отырар) қаласында туған. 20 жасына дейін сонда оқып тәрбиеленіп, кейін Самарқанд, Бұхара, Хиуа және мұсылман шығысының көп жерлерін аралаған, ұзақ уақыт бойы араб халифатының саяси, мәдени орталығы – Бағдатта тұрған. Арабтың мәдениеті мен ғылымы дәуірлеген шақта сонда оқып, білім алып, ғылыми жұмыстармен айналысқан. Өмірінің соңғы жылдарын Каирда, Алеппода, Дамаскіде (Шам шахарында) өткізген.

Фараби есімі дүние жүзі мәдениеті мен тарихынан берік орын алады. Оны Шығыстың Аристотель деп атаған. Артында қалған ғылыми мұрасы өте мол. Екі жүз қырыққа жуық трактат жазған. Олар ғылымның алуан түрлі саласын — философия мен логиканы, математика мен физиканы, астрономия мен ботаниканы, минералогия мен лингвистиканы, медицина мен музыканы қамтиды. Осынау ұлан-ғайып еңбектерінің ішінде философия мен әлеуметтанудың, этика мен эстстиканың проблемалары үлкен орын алады.

Фараби шығыс перипатетизмнің аса көрнекті өкілі, араб тілінде әлемге тараған прогресшіл қоғамдық философияның негізін салушылардың бірі. Ол философияның, логиканың, әлеуметтанудың, этика мен эстетиканың әр түрлі саласына сан қырлы үлес қосты.

Этика Фараби мұрасының ішінде үлкен орын алады. Этиканы ол ең алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Жақсылық мазмұн-мағынаның бір бөлігі, сондықтан ол материяның өзінде бітіп қайнап жатыр. Ал жамандық, жақсылық сияқты емес, ол болмыс жоқ жерден пайда болған дейді. Ұлы ғалымның осынау этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жад иесі атаулының биік, шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Бірақ жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам баласы  ізгі мұратына жетеді деп қарайды  (Әл-Фараби, Әлеуметтік-этикалық трактаттар.- А., 1973, 132 б). Фараби бұл салада жасаған қорытындының басты түйіні — білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде, Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тараған. Ол ақыл мен ой білімінің биік мәнін халықтар арасындағы туысқандық достастықтың принциптерін егіле жырлады, адамгершілік, мораль мәселесін діни тұрғыдан берілетін негіздеу екенін көрсетті.

      Тиісінше еңбек ету денеге күш береді, ал шектен тыс артық немесе жеткіліксіз еңбек күшті қайтарады немесе әлсізді әлсіз халінде қалдырады…

… Біз ержүректілік жақсы адамшылық қасиет дейміз және бұған қатерлі істердің тұсында көрінетін біршама батылдық жасау арқылы немесе ұстамдылық көрсету арқылы жетуге болады дейміз. Бұл істерде болатын шектен тыс батылдық көзсіз батырлыққа соқтырады, ал батылдықтың жетіспеуі қорқақтыққа соқтырады, ал бұл — жаман адамгершілік сапа. Міне, осы адамгершілік сапалар қалыптасқан кезде, олардан осыларға сәйкес әрекеттер туады.

Ақшаны үнемдеуде және жұмсауда көрсететін шамаға қарай жомарттық туады.Шектен тыс үнемшілдік және ақшаны кем жұмсау сараңдыққа соғады, ал мұның өзі адам басындағы жаман қасиет. Шектен тыс артық жұмсау және жеткілікті дәрежеде үнемшіл болмау ысырапшылыққа соқтырады. Осындай адам басындағы қасиеттерден келіп, тиісті әрекеттер туады.

Рақатты шамамен пайдалану нәпсіге ұстамдық жасау арқылы келеді, ішіп-жемге, әйел жынысына ұстамдылық. Осы рақатқа шектен тыс берілу тойымсыздыққа, қомағайлыққа соқтырады, ал бұлардың жетімсіз болуы рақатшылық сезімінің жоқтығын көрсетеді, мұның өзі жазғыруға лайықты қасиеттер. Адам басындағы осындай қасиеттерден тиісті әрекеттер туады.

Сөзге тапқырлық — жақсы адамшылық қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе. Адам өз өмірінде оқтын — оқтын дем алуға тиісті, ал мұнда шектен тыс кетушілік жанға рақат немесе қалай болған күнде де кеселсіз. Әзілде тең ортасын ұстай білу сөзге тапқырлыққа жатады, шектен тыс көп әзіл мазақтаушылыққа соғады, ал мұның жетіспеуі әзілдің жоқтығына әкеп соқтырады. Әзіл дегеніміз адамның сөзінен, ісінен немесе пайдалануынан көрінеді. Мұндағы шама емін — еркін, көңілді де әңгімешіл адамға сөйлеуге және тыңдай білуге мүмкіндік береді.

Адамның өз ожданы алдында адал, шыншыл болуы адам өзіне- өзі ізгі қасиетті болуынан, жүріс — тұрысы ізгі болуынан ғана туады.

Ал егер өз бойында жоқ бола тұрып, адам өзін ізгі қасиетті адамға, жүріс-тұрысы жөнді адамға жатқызса, онда ол адамда өзі туралы жалған пікір туғандығы.

Егер адам өз бойында жоқ нәрселерді өзіне жатқыза беретін болса, онда ол адамда көлгірушілік пайда болады.

Досгерлік — адамшылықтағы жақсы қасиет, бұл өзі адамның басқа адамдармен тиісті шамада қарым — қатынас жасауынан тұрады, осының арқасында ол өзінің жүріс — тұрысынан, сол адамдармен әңгімесінен жақсы ләззат алады. Бұл жөнінде артық кету — жарамсақтыққа соғады, ал достыққа кемтар болу – тәкаппарлыққа итереді. Ал енді осы ретте ол басқаны ренжітетін іс жасаса, онда бұл дүрдараздыққа апарып соқтырады…

Енді бізге қандай шебер әдістің жәрдемімен жақсы мінез -құлыққа жететінімімізді қарастыруымыз керек. Алдымен біз түрлі мінез — құлықтарды атап шығуымыз керек және түрлі мінез — құлықтан туатын әрекеттерді атап шығып, тек осыдан кейін өзіміздің мінез — құлқымыздың қандай екенін және өзімізде әуелден бар мінез — құлықтың не жақсы, не жаман екенін қарастырып, тұжырым жасауға тиіспіз. Мұнымен танысуымыз үшін біз қандай әрекеттер жасағанда өзіміздің жақсы қанағат алатынымызды және тағы қандай әрекеттеріміз тұсында азап шегетінімізді қарастырып, тұжырым жасап алуымыз керек. Осымен танысып болғаннан кейін, біз бұл әрекеттердің жақсы не жаман мінез — құлықтан туатынын қарастырамыз. Егер сол әрекеттср жақсы мінез -құлықтан туатын болса, онда мінез — құлқымыз жақсы екені дегеніміз, ал егер жаман мінез — құлықтан туса, онда біз мінез — құлқымыз жаман екен дейміз.Біз осылай етіп өзімізге тән мінез — құлықты білеміз.

Дәрігер тәннің халіне жататын нәрселер арқылы тәннің саулығымен танысады, егер тән саламат болса, онда сол халді сақтаудың тәсілдерін қолданып, ал егер ол дімкәс болса, онда сол кеселді жоюдың тәсілдерін қолданады, дәл сол сияқты, егер бізге жақсы мінез — құлық тән болса, онда біз соны өз бойымызда сақтаудың тәсілдерін қолданамыз, ал егер мінез -құлқымыз жаман болса, онда оны жоюдың тәсілдерін қолданамыз.

Жаман мінез — құлық — рухани кесел. Бұл кеселді жою үшін тән кеселін емдеуде қолданатын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуіміз керек.Одан соң біз өз бойымыздағы жаман мінез — құлықты қарастырамыз, оның артықшылықтан немесе жетпей жатқандықтан туғанын анықтаймыз. Содан соң тағы  да жаңағы дәрігер сияқты, егер тән қызуы тым көтеріңкі болса немесе тым төмен болса, оны дәрігерлік өнерде белгіленген мөлшерге қарай өз шамасына түсіретін сияқты, нақ сол сияқты біздің мінез — құлқымызға артық кету немесе кем түсу тән болса, біз осы кітапта белгіленген мөлшерге қарай, өз шамасына түсіреміз.

Тең орта шаманы табу алғаш қарағанда өте қиын болғандықтан адам өзінің мінез — құлқын нормаға келтіруге немесе мүмкіндігінше нормаға жақындатуға бағытталған амалдарды пайдаланады. Мысалы, тәнді орташа жылылықта ұстау қиын, бұл үшін тәнді сондай жылулыққа жеткізуге мүмкін қазірше жағдай жасайтын амалдар пайдаланылады. Мінез-құлықтың орташа шамасына жету үшін қолданылатын амалдар өзімізде дағдыға айналған мінез- құлықты қарастыру болып табылады, егер мінез — құлқымызға тән нәр артық кету болса, онда біз өзімізді осыны қарама — қарсысынан, атап айтқанда жетімсіз болудан түсетін әрекеттерге баулимыз, егер мінез – құлқымызға  жетімсіздік тән болса, онда өзімізді артық кетуге сәйкес әрекеттерге баулимыз. Біз осыны біраз уақыт жасаймыз. Содан соң біз өзімізде қандай мінез — кұлық шыққанын қарастырып ойластырамыз.

Қалыптасып шыққан мінез — құлық үш қилы халдің бірінде  болады: не орташа халде, не орташадан асыңқы халде немесе орташаға жақын халде.

Егер ол хал орташаға жақын болса, бірақ екінші қарама — қарсы жағына қарай жақындап, онан асып түспесе, онда қашан орташа халге жеткенше, тағы біраз уақыт сол әрекеттерді жасай береміз.

Ал егер екінші шетіне қарай жақындап, орташадан ауып түссе онда бірінші қилы мінез — құлыққа тән әрекеттерді жасаймыз да, осыны біраз уақыт істеп, содан кейін істің қандай халде екенін қарастырып көреміз.

Жалпы алғанда, әрбір тұста, біз өзіміздің жан дүниемізді бір жағына ауытқып кетті деп тапсақ, біз екінші шетіне тән әрекеттерді жасаймыз және орташа мөлшерге жету үшін немесе соған жақындату үшін, сол әрекеттерді алдын — ала орындай береміз.

Әл — Фараби айтқан адамшылық қасиеттердің кейде басқа жаман әдеттерге ұқсас болуынан сақтану керектігін атап кеткен. Мысалы, көзсіз батырлық ерлікке ұқсас, ысырапшылық жомарттыққа ұқсас, әзіл- қойлылық өткір тілге ұқсас, жарамсақтық доскерлікке ұқсас, өзін — өзі кемсіту кішіпейілділікке ұқсас, көлгірсу адамдағы адалдыққа ұқсас. Осы шеткеріліктердің ішінде жаратылысымыз бойынша өзіміздің бейімдірек тұратындарымыз бар болғандықтан, біз бұлардан сақтануымыз керек. Қатерлі істің тұсында батылдығымыз жетпей қалушылық, жаратылысымызда өзіміз бейім тұратын сараңдық бұған мысал бола алады. Ал өзіміз неғұрлым бейімдірек тұратын және оның үстіне орташа мөлшерге ұқсас боп тұратын шеткеріліктен одан бетер сақ болуымыз керек. Мысалы, әзілқойлылық — әзілді шектен тыс қолданудан болады. Ал әзілдеу оңай болғандықтан, біз соған бейім бола бастаймыз. Енді бізге қалаған бір шеткеріліктен екінші шеткерілікке немесе орташа мөлшерге ауысуды жеңілдету үшін қандай амалдар бар екенін білу. Осы амалды білмей тұрып пікір ғана айту, сірә, жеткіліксіз болып шығар.

Жаман әрекет жасау оңай сияқтанып көрінеді, өйткені мұндай әрекет бейне жан рақатын әкеледі, ал егер әрекет бізге жан азабын ала келеді деп есептесек, онда жақсы мінез — құлыққа ие боламыз… Сондықтан да өзіміздің бар әрекетімізбен соған жетуге тырысамыз. Сезім арқылы, есту, көру арқылы, дәм сезіну немесе иіс сезу арқылы келетін жан рақаттары бар. Ал тағы бірнәрсені түсінудің арқасында алатын рақаттар бар, мысалы, бұған жататындар үстемдік, билік ету, жеңу, білу т.б.

Біз көпшілік жағдайда әрқашан сезімдік рақатты зерттейміз. Сонан соң не өзіміз үшін, не дүние үшін керек болатын қажетті әрекеттің себебі болып табылатын рақаттар болады. Өзіміз үшін қажет дейтіндеріміз — өз өмірімізге қажетті тамақ, дүние үшін қажет дейтініміз-көбею, өрбу. Сондықтан да біз өмір мақсаты осыларда тұр деп, бақыт дегеніміз, атап айтқанда, осы деп ойлаймыз, әрі бұған себеп-осы түсініктер біз үшін неғұрлым таныс, түсінікті,ұғымды. Бірақ қарап, ойластыра келгенде, игіліктердің молына жетуге бөгет жасайтындар және бақытқа ие еткізетін нәрселерге жетуге бөгет жасайтындар, атап айтқанда, осылар екені анық болады. Сезімдік рақат бізді жақсы әрекеттер жасауға итеретінін көрсек, біз соны істеуге бейім тұрамыз. Адам осы рақаттардан бас тартуға немесе белгілі бір мөлшерде соларды азайтуға қабілетті болса, мұның өзі оны мадақтайтын мінез — құлықтарға бір табан жақындатады.

Әрекеттерден кейінгі көретін рақаттар, сезімдік рақаттар болса да немесе түсіну арқылы болса да не осы әрекеттердің артынша келеді немесе біраз уақыт өткеннен кейін келеді. Әрекеттерден кейін көретін жан азаптары турасында дәл осыны айтуға болады.

 

 

 

 

 

2.Әл-Фарабидің  ұстаздық  шеберлігі.

 

    Ұстаз шеберлігі дегеніміз — тек мұғалімнің жан-жақты және методикалық сауаттылығы ғана емес, ол әр сөзді бойға сіңіруі, ұстаздық әдеп жайын сөз еткенде біз әрдайым ғалымдардың зерттеулеріне назар аударамыз. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда «Ұстаз», «Тәрбиеші, «Мұғалім» деп қастерлі мамандық сыр сипаты 200-ден астам компоненттерден тұрады екен. Осы ұстаз өнегісінің, озат үлгісі жөнінде ғұлама ғалым Әл-Фарабидің айтуы бойынша нағыз ұстаз ғана айтқанын екі еткізбейтін, ешкім шағым жасауға батылы бармайтын, білімі телегей — теңіздей, ақыл-ой парасаты да, ерік- жігеріне де ешкім тең келе алмайтын адам. Осындай қасиеттері бар ұстаз ғана шәкіртке үлгі-өнеге көрсетеді, ол халықты соңына ертіп, оның мұң-мұқтажын, талап- тілегін орындай алады.

   Әл-Фараби түсінігінде, ұстаз да қала басшысы сияқты ел жетекші, халық қадірлісі. Медресе балаларды оқытып, тәрбиелесе, қала бастығы олардың ата-анасына өнеге көрсетеді, халықты ізгі қасиеттерге баулиды. Олай болса мұның екеуі де «сегіз қырлы, бір сырлы» қай жағынан да болса барша халықтан қош ілгері тұрған кісілер. Сондықтан бұл екеуіне де мынадай 12 түрлі қасиет сәтті қабысып келсе нұр үстіне нұр болған болар еді:

  1. Тән ерекше жетілген түрлі іс-әрекетті нәтижелі етіп орындауға ыңғайлы бейім болуы;
  2. Нені болса да жақсы айырып, тез тұжырымға келе алатын;
  3. Өзінің түсініп, сезгенін   көріп,   білгенін   есіне   жақсы   сақтай алатын;
  4. Көреген ойлы, талғампаз, ақылды адам болуы;
  5. Ойын анық, дәл бере алатын, көркем сөйлей алатын шешен;
  6. Ілім-білімді, оқу-ғылымды   жан   тәнімен,   ұңғыл-шұңғылын      ақыл-ой жұмысының үлкен бейнетін тек ләззат санайтын адам;
  7. Қайда жүрсе де өте ұстамды;
  8. Өтірік-өсекті, мылжыңдықты   жек   көріп,      шындықты,      әділдікті   бар ынтасымен сүйе білу;
  9. Өр кеуделі, жан мен арын бірдей кіршіксіз ұстайтын адам;

10.Мал-мүліккке, дүние-жиһазға, мәнсіз ұсақ тіршілікке қызықпау; 

11 .Табиғатынан әділ, шынайы, шыншыл;

12.Басқаға дау,  өзіне де  қиянат қыңыр-қиқар болмай,  әркез шешімге келе алатын байсалдығы мен батылдығы  қатар жүре алатын, қорқыныш пен үрейге жол бермейтін адам;

   Осылайша бабамыз Әл-Фараби өнегелі ұстаз бен әділ билеушіге ортақ 12 қасиетке мән береді де, бұған қосымша жұртты аузына қаратқан даналық, заң мен әдеп-ғұрыптарға жетістік, іс-әрекеті осыларға сәйкес.                      Жаратылысында әрбір адамға өз тіршілігі үшін және ең жоғары  кемелділік дәрежесіне жету үшін көп нәрсе керек, ал мұны ол жалғыз жүріп таба алмайды және бұған жету үшін ол қандайда бір адам қауымын қажет етеді, осы қауымдағы    адамдардың    әрқайсысы    оған    қажетті     нәрселердің жалпы                                                                                                                      жиынтығынан қандай да бір затты тауып беріп отырады. Оның бер   жағында әрбір адам өзінен басқа екінші адам жөнінде де нақ осындай күйге түседі. Міне, сондықтан да бір — біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нәрселерінің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестіктері ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәрежесіне жете алады. Осындай қауымның барлық мүшелерінің іс — әрекеті жиналып келгенде олардың әрқайсында өмір сүру үшін және кемелділікке жету үшін керекті нәрсенің бәрін тауып беріп отырады. Міне, сондықтан да, адамзат индивидтері көбейе түсіп, жер жүзіндегі әр түрлі мекендерге қоныс тепті, осының нәтижесінде адам қоғамдары пайда болды.

   Әл-Фараби ұстаз бен шәкірт арасындағы ара- қатынастарды олардың моральдық қатынастың қандай болу керектігін де ескерген. Ұстаз өз шәкірттерінен адалдық, сыпайылық, ізгілік, әділдік сияқты қасиеттерді көргісі келсе, онда оның өзінде де осы қасиеттер болу қажет. «Мұғалімдік» (ұстаздық) еткен адамның өлшеуі тым өкпелі болмасын және тым асыра босаңсытқан төмендікпен де болмасын. Егер тым қатты үнемі ызғармен болса, онда оқушылар мұғалімді жек көретін хәлге жетеді. Егер тым босатып жіберген кішіпейілдік болса, онда оқушылар жағынан мүғалімдерді кем санау, оның ғылымына жалқау қарау қаупі тұрады деп жазды өзінің «Философияны үйрену үшін алдын-ала не қажет» деген еңбегінде.

    Ешбір жанға бағынбайтын басшы — адам, міне, осындай. Ол — иман, ол -қайрымды қаланың бірінші басшысы, ол — халықтың басшысы және жер жүзін мекендейтін елдің басшысы. Өз бойында туа біткен он екі қасиетті ұштастырған адам ғана осындай бола алады. Біріншіден, бұл адамның мүшелері мүлдем мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелердің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы тиіс, сонда егер, осы адам әлде бір мүшесінің жәрдемімен әлденендей бір іс істемек болса, ол мұны оп — оңай атқаратын болады; жаратылысынан өзіне айтылғанын бәрін жете түсінетін, айтылған сөзінің сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай — жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; өзі түсінген, көрген, есіткен және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын болуы керек; әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгенін айдан — анық айтып бере алатын тілмар болуы шарт; өнер — білімге құштар болу, оқып -үйренуден шаршап шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай бұған оңай жететін болуы керек: тағамға, ішімдік ішуге, сыр — сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болуы керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт; шындықпен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік — жалған мен суайттарды жек көру керек; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жаратылыстан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуы тиіс; дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да белгілеріне жирене қарау керек; жаратылысынан әділеттілікпен әділеттілерді сүйіп әділетсіздікпен озбырлықта және осылардың иелерін жек көруі керек; жақындарына да, жат                                                                                                                                           адамдарға да әділ болып, жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білгенінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыру қажет; әділ болу керек, бірақ қыңыр болмауы керек, әділеттілік алдында ойыс мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздікпен пасықтық атаулыға мүлдем рақымсыз болуы шарт; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқынышпен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек.

… Кімде — кім туған кезінен бастап және жас жеткіншек шағында жоғарыда аталаған шарттарды бойына дарытқан болса және есейгеннен кейін басқа алты шартқа сай келетін болса, біріншісінің орнын басатын екінші басшы сол болады:

—    Бірінші шарт — дана болу.

—    Екінші   шарт   —   қалаға   арнап   бірінші   имамдар   белгілеген   заңдарды, ережелер мен әдет — ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іс -әрекетін осыларға сәйкес жүргізу.

—    Үшінші шарт — бұрынғылардан тиісті заң сақталмаған жағдайда, бірінші имамдардың үлгісімен әрекет жасай отырып, бұл жөнінде тапқырлық көрсету.

—    Төртінші    —    бірінші    имамдар    аңдай    алмаған    нәрселерді,    бұрыннан қалыптасып қалған жағдайды да, болашақ оқиғаларды да қалаған кезінде танып — біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу; өзінің осындай іс — әрекетінде ол халықтың әл — ауқатын жақсартуды мақсат етуге тиіс.

—    Бесінші — бірінші имамдарының заңдарын және солардан кейін, солардың үлгісі   бойынша   өзі   белгілеген   заңдарды   орындауға   жұртты   өз   сөзімен жігерлендіре білу.

—    Алтыншы — әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болу, оның бер жағында әскери өнерді қызмет бабындағы өнер ретінде біліп алу…

   Фараби ең әуелі ұстаз, ағартушы, оның бүкіл философиялық ізденістері мен пайымдаулары адамды барынша кемелдендіру, дамыту мақсатына арналған. Ол-адамдарды шынайы бақытқа жеткізу жолдарын табуды мұрат тұтады.

   Ұстаздың айтуы бойынша адам ғылым, философия, тәрбие арқылы кемелдікке жетеді. Ол шартты түрде адамды нағыз бақытқа, мұратқа бастайтын негізгі кредосы — адамдар бақыт жолында өзара көмек, достық, бейбітшілік қатынаста өмір сүруі ләзім.

    Бала тәрбиесі қоғам мен халықтың балаларды оқыту жөніндегі қамқорлығы, жастарды халық өміріне байланысты білімдермен қаруландыру, балаға оның жеке және жас ерекшеліктерін ескеріп шын жүректен қамқорлықты қарым-қатынас мұның бәрі ұлы ұстаздың педагогикалық жүйесінің құрамды бөлігі. Халықтан алып пайдаланылған көптеген ережелер оның ілімінің демократикалық, гуманистік өзегін құрады және оның педагогикасының озық бағыттылығын күшейтеді.

    Әрине, ұлы педагогтің халықтық тәрбие дәстүрлерін алып пайдаланып және өз жүйесіне негізін салып қана қоюымен шектелмеуі әбден табиғи жағдай.

 

3.Әл-Фарабидің еңбек тәрбиесі туралы саяси көзқарасы

 

     Белгілі тарихи жағдайларда ғана көрініп және жойылып отыратын басқа қоғамдық құбылыстарға қарағанда тәрбиенің мәңгібақи категория қатарына жататындығы ғылымда әбден нақтыланған. Сонау Орта ғасырларда адамзат| ілімінің молайып, ақыл- парасатының жетілуін, оқу-ағартудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын анықтауда орасан зор еңбек сіңірген ғұламалардың бірі, еңбек тәрбиесінің және оның теориясын жасаушылардың бірегейі Әбу Насыр Әл-Фараби екені мәлім./2/

    Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама берген. Фараби өмір сүрген дәуірде педагогика ұғымы болмағаны белгілі. Алайда ол оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. Еңбектің өзі — өнер. Ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысьн қалыптастырады, — деген болатын Фараби. Ол еңбек өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырды. Адам еңбегі бағытталған нәрсенің бәрі еңбек заттары деп аталады. Оның еңбек туралы бұл тұжырымдарын күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан ғалымдар бар.

     Еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда ол Аристотель негізін салған теорияның анықтамасына сүйенеді. Демек, ол қандайда болсын құбылысты түсіндіруге бағытталған ұғымның, идеяның, белгілі бір саласының мәнді байланыстары мен заңдылықтары жөнінде толық түсінік беретін ғылыми білімді қорытудың ең жоғарғы формасы деген қағиданы ұдайы басшылыққа алған Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын «Өзінің ішкі құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын біртұтас білім жүйесін құрайды «деп тұжырымдайды.

   Фараби «еңбек ету, сапалы болу, адамгершілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет » деген ғылыми тұжырым жасады. Фараби адамды табиғат, адам, жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі дейді. Адам туралы материалистік бағытты ұсынған Фараби адам еңбек ету нәтижесінде жоғары сатыға көтерілетінін алға тартады.

    Әл-Фараби тәрбие үрдісінде «Қатты әдіс» пен «Жұмсақ әдісті» ұштастыруды талап етеді. Ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтап кеткен. Қазіргі тәрбие үрдісі тұрғысынан қарағанда «қатты әдіс» деп отырғаны жазалау, ал «жұмсақ әдіс» деп отырғаны-мадақтау. Демек, Фараби педагогикалық ықпал ету әдістерін алғаш ұсынған, оның тиімділігін дәлелдеп кеткен ғалым.

    Фарабиден қалған ғылыми еңбектің саны жүзден астам. Сол еңбектерді ғылымдар саласына бөлсек, олар мыналар: математика, логика, музыка, астрономия, дәрігерлік, лингвистика, поэзия-риторика, педагогика, т.б. (Фараби заманында бұлар ағартушылық ғылым деп аталған.) Оның пікірінше, оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғышарты етіп алады. «Тәрбиені неден бастау керек», Философия-меңгеру, білім-тәрбие алу, еңбекке үйрену, философияны меңгеру тәрбие әдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Осы негізде ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтайды. «Ғылымдар тізбегі», «Ғылымдардың шығуы» еңбектерінде ғылымдарды үйрену, үйрету реттерін белгілейді және тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің тарихи тағылымын, үлгісін болашақ ұрпаққа өнеге, тәлім етіп қалдырады.

    Әл-Фараби жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін адамды (ұстаздық ететін адамды) өте жоғары бағалаған. Оның ойынша, тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) — «мәңгі нұрдың қызметшісі».

   Фарабидің шәкірті, оның ілімін әрі қарай жалғастырушы Ибн-Синаның «Фарабидің тәрбие тағылымдарының ең маңыздысы әрбір жеке адамды еңбекке тәрбиелеу болды. Өйткені, еңбексүйгіштік, еңбек ете білуге және еңбекке ынталы болуға тәрбиелеу. Ол кімде-кім өзінің тіршілігі үшін, өзіне пайда келтіретін еңбекпен айналысқанда ғана нағыз ел адамы бола алады деген өмірлік өсиет қалдырып кетті»— деуі бекер емес.

      Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегінде барлығы еңбектің нәтижесі дей келіп, адамның өзін танымақтығы жөніндегі ойларын «Өсімдік жаны», «Хайуан жаны, Адам жаны» деп жүйелейді. Адам жаны (интеллектіге), оның ішкі және сыртқы сезім мүшелеріне (хауас) талдау бергенде де, жүрекке үнемі шешуші мән беріп, ерекше даралай көрсетіп отыратыны бар. Жалпы жан қуаты жөнінде танымға бұлай қарау Фараби ілімінің ғылымилылығы оның тәлімділігін көрсетеді. Ибн Синаның айтуынша Фараби көзқарастарында бірінші орында еңбек тұрған.

     Ұлы ойшыл Фараби тарихи шындықты, еңбекті, тәрбиені, оның ішінде еңбек тәрбиесін адамның игілігі, бақыты үшін қолдануды армандады. Адамның игілікке жету жолдары туралы ойларын Фараби (сол кездің өзінде) экономиканың, саясаттың, мемлекеттік құрылыстың, отбасы тәрбиесінің, еңбек тәрбиесінің меселелеріне байланыстыра отырып аса қажет мызғымас берік негізге сүйенеді. Сондай-ақ ол қоғамды ақылмен дұрыс басқарудың шарттары жөнінде батыл пікір айтқан ғұлама ғалым. Өйткені адам бақытты болуға лайық және сол бақытын табуға тиіс. «Адам өз заманында жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәнісінде бақытты өмір сүре алады «дейді данышпан. Сөйтіп, Фараби адамның өмірлік іс-әрекетіне үлкен мән бере отырып, еңбек қана адамды жануарлар дүниесінен бөліп, оқшау көрсететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Адамзат қоғамының өмір сүруіне ең керектісі оның материалдық тұтыну қажеттері дегенді бірінші орынға қойып, осынау маңызды мәселе төңірегіндегі теріс көзқарастарды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

      Фараби адамдар бір-бірімен келісіп, тіл табысып отыруы керек деп есептейді. Әділеттіліктің қалыптасқан нормасы, әмбебап заңдар қажеттігін ескерте келе, ол заңдардың тәрбие арқылы жүзеге асатынын дәйектейді. Оның ойынша, еңбексіз заң да, қоғам да ілгері дами алмайды. Ұлы ойшылдың заң күші туралы осы айтқандарынан қоғамдық келісімдер туралы идеяның алғашқы ұрығы жатқандығын аңғару қиын емес. Бұл идея Еуропада кеңінен өріс алды. Кейбір шығармаларында Фараби өз тұсындағы қоғамды астыртын ғана сынап отырады. Ондағы етек алған озбырлықтар мен қаталдықты, ақыл мен адамгершілік, еңбек тәртібі ұстанымдарының орасан бұрмалануынан деп түсіндіреді.

      1478-1535 жылдар арасында өмір сүрген ағылшынның атақты утопист-  социалисі Томос Мор қайта өрлеу дәуіріндегі еңбек пен еңбек тәрбиесінің  жүйесін Әл-Фараби іліміне негіздеп жүргізген. Осы жылдары басқа Еуропа  елдерімен салыстырғанда Англияда капитализм тез қарқынмен дамыды. Тоқыма өндірісінің дамуына байланысты қой өсіру кең етек алды, жерсіз қалған шаруалар мен қолөнершілердің күйзеліске ұшырауына себеп болды. Томос Мор еңбекшілердің тұрмысының нашар екендігін көрсетіп, Фараби ұсынған еркін суын аңсады. Ол еңбек тәрбиесін еркін еңбек негізінде жасаған » Үш білімі және оның тараулары» еңбегіне сүйеніп балаларға қоғамдық тәрбие, бастауыш білім беруді жақтады, оқудың ана тілінде оқытылуын қолдады. Ол дене тәрбиесіне үлкен мән берді. Алғаш рет еңбекке тәрбиелеуді ұсынды. Мор барлық балалар ауыл шаруашылығы мен қолөнердің бір түрімен шұғылдануы керек деп түйді.

     Еңбек және еңбек тәрбиесінің ғылыми негізін қолдауда XII ғасырда жазылған «Фарабидің энциклопедиясы» атты еңбектің маңызы орасан зор. Әсіресе, мұның трактат ретінде ғылым тарихында алатын орны айрықша. Бұл трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы», т.б. аттарымсн Шығыс және Батыс елдерінде өте ертеден-ақ мәлім болған. Бұдан көп ғұламалар тәлім алған.

    «Фарабидің энциклопедиясы» сол кездің өзінде (XII ғасырда) арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, ислам, түркі, т.б. тілдерге тәржімаланған. Роджер Бэкон, атақты Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) және басқалар тікелей соның әсерімен өздерінің көпке мәлім энциклопедиялық еңбектерін жазды.

   Бұл еңбектің құндылығы, оны басқа халықтардың өз қажетіне жаратып, оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ынта-жігерін арттыру мақсаты көзделгендігінде.

     Әл-Фараби — жаратылыстану ғылымының негізін салған ғұламалардың да бірі. Ол математиканы жаратылыстану ғылымының басты саласы деп санады. Біз қазір техникалық ғылымдарды жаратылыстану ғылымының басты саласына жатқызамыз. Фарабидің «Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе» деп аталатын еңбегінде барлық құбылыстарды табиғат — жаратылыстану әлемінің ауқымында дамитынын дәлелдеп көрсетеді.Трактаттарында қоғамдағы барлық кұбылыстар мен өзгерістер таза адал еңбектің жемісі деп тұжырымдады. Сөйтіп «Адамды адам еткен — еңбек » қағидасының да негізін салып берген. Ал логикалық еңбектерінде еңбек пен еңбек тәрбиесінің даму элементтері кездеседі. Әсіресе «Ғылымдар тізбегі», «Алмагеске түсініктеме», «Астрология», «Философияны үйрену үшін не білу керек» еңбектерінде еркін еңбектің маңызы мен мәнін талдап ашып көрсеткен.

     Әл-Фарабидің еңбектеріне, оның қоғамды дамытудағы ой-пікірлеріне, тәрбие талаптарына сүйене отырып Әбу-әл-Уафа, Ибн Сина (Авецина), Әл-Бируни, Омар Хаям сияқты Шығыс ғұламаларымен қатар Роджер Бэкон, т.б. жаратылыстану ғылымдары бойынша шығармалар жазған. Әл-Фараби медицина саласына арнап «Адам ағзалары» және «Темперамент туралы» еңбектер жазды. Бұл еңбектерінде медицинаның теориялық мәселесін тереңнен қозғап, медицина өнерінің мәнін, міндет-мақсатын анықтап беруге тырысады. Мәселен, медицина саласын дамытуды — «таза» еңбектің жемісі дейді де, пайдалы қоғамдық еңбекті (тіршілік — еңбегі) дамытудың, өмір сүрудің құралы деп қарастырады. Әл-Фарабидің философиялық және натурафилософиялық еңбектерінде жаратылыстанудың көптеген мәселелеріне тоқталады. Ал ғылыми-философиялық еңбектері оқу-тәрбие мәселелеріне арналған. Оның пікірінше оқу, білім алу, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесі  мәселелерімен тығыз байланысты. Ол білім алу мен оқу еңбегін пайдалы еңбекке жатқызады.

     Фарабидің ғылыми мұралары — орта ғасырдағы олқылығы (оқу, білім алу, еңбек ету) сол дәуірдің жемістері. Сондықтан да оның әлеуметтік-этикалық, эстетикалық, этнопедагогикалық тұжырымдары сол дәуірдің дәстүріне тәлімше әуендес болып келеді.

    Орта ғасырлық ғұлама жалпы теориялық ой-пікірдің жетістіктерін жаңғыртып, жетілдіре түсті. Халық даналығы туғызған данышпандық пікірлерге ден қойды. Нәтижеде өзінің философиялық тән тұжырымын жасап, қоғам туралы ілімді, этика мен эстетиканы, этнопедагогиканы дамытты. Аристотелдің еңбектеріне сүйене отырып, антика заманының теориялық озат ой-пікірлерін сыннан өткізіп барып, оның қажеттігін алды және заманның ілімін белгілі бір жүйеге салды.

     Фараби мұрасының ішінде этнопедагогака үлкен орын алады. Ол этиканың жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырды. Этнопедагогиканы халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізетін ілім деп санады. Бұған оқу, білім алу, тәрбие беруді жатқызды. Ұлы ғалымның осындай этникалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы деп түсіндірді.

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

  Сонымен қорыта келгенде, Фараби еңбектерінің, оның өз дәуірі үшін жасаған шығармашылық, тарихи, ғылыми мұраларын зерттеп, кейінгі ұрпаққа қалдырған оқу-ағарту, білім беру ілімінің мәні мен мазмұнының гумандылық маңызы ерекше.

      Әл-Фараби шығармашылығын зерттеудің жаңа көк- жиектерін атауға ең бастысы Батыс пен Шығыстың диалогына, әртүрлі елдер мен халықтардың дүниетанымдарының өзара жақындай түсуіне, адамзат баласы енді аяқ басқан жаңа мыңжылдықта бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына септігін тигізетіні де ақиқат.

      Әл-Фараби ілімі тәрбиенің әрбір қоғам кезіндегі (феодализм, капитализм, социализм) әлеуметтік мәнін ашты. Оның ілімі тәрбие, еңбек, адамгершілік, гумандылық, ақыл-ой тәрбиесінің теориялық негізін қалыптастырды.

     Еңбек әр қоғамда қоғамдық құбылыс ретінде өзгеріп отырады, еңбек-еңбек тәрбиесінің мазмұны мен мәнін өзгертеді.

    Игілік, байлық атаулы -өткінші дүниенің, пәнидің ғана өлшемі, ал ізгілік бақыт ұғымдары — мәңгіліктің бақилықтың жолы. Ізгілік-имандылықтың сәулесі. Жүрегінен иманы тайған, нәпсісін ынсабын тыймаған жан адамзат баласына жазмыш ілім-білімді, тағлым тәжірибиені ізгілік жолына емес, кесірлі кесапатқа, теріс пиғылға пайдалануы мүмкін, жүрегін таза ұстап, иманына кіршік түсірмей, рухани кемелдікке талпынған тұлғалар ұлы жаратушы деңгейіне жақын сатыға көтеріліп, жер бетіндегі тіршілік сырын бағамдай алады.

      Әл-Фараби өзінің «Риторика», «Поэзия өнері туралы», «Бақытқа жол сілтеу» туралы трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық туралы білім категорияларының бетін ашып, солардың негізін дәлелдеп берді.

         Әл-Фарабидің гуманистік идеялары әлемге тез тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Әл-Фараби көркемдік, сұлулық хақында былай дейді: ол — өмір шандығының өзіне тән қасиетті, болмыстың, нақты құбылыстардың әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік тән мен жан қасиеттерінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.

     Әл — Фараби тәрбиеге гумандылық бағыт берді,ол барша адам баласын достыққа, адамгершілікке шақыра отырып, адамзат баласын мұрат — мақсатына жеткізуді көздеді.Фараби ағартушылық пен парасаттылықты жақтаған үлкен гуманист. Ол халықтарды бейбіт өмір сүруге шақыра отырып, адам баласын білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер.

          Шынында да туған даламыздың құнарлы топырағы рухани суат көзі болып ашылып, әлемде сирек ұшырасатын кемеңгер тұлғаларды жарық дүниеге әкелгені ақиқат.               

 

 

 

 

                         Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1) Көбесов А.

 «Әл – Фараби» Алматы «Қазақстан », 1971

2) Көбесов Ауданбек

 «Әбу Насыр Әл – Фараби» Алматы – 2004

3) Көбесов А.

 «Әл – Фарабидің ашылмаған әлемі» Алматы – 2002

4) Бейсенов А.

 «Әл – Фарабидің тұжырымдары» // Ақиқат. – 2006. — № 6. -70 -73б

5) Әуелбеков Ә.

 « Әл – Фараби — ұлы ұстаз ғұлама.»

 // Оңтүстік Қазақстан. 2006. – 18 наурыз.

 6) «Ұлттың ұлы ұстазы: (Әл – Фараби туралы)»

 Егемен Қазақстан. 2003- 12 желтоқсан

 7) « Әбу Насыр Әл – фараби» // Алдаспан. – 2003. — № 1-2.- 7 бет.

 8) Медетбаев Т.С.

 « Әл – Фарабидің әдеби — ғылыми мұрасы».

 Автореферат». – Алматы, 1998 ж.

9) Қазақстан ұлттық энциклопедия

10) «Әл – Фараби», 1 том . Алматы, 1998 ж.

11) Қари Қ.

 «Әл – Фараби еңбектері елге қайта ма?» // Жас қазақ. – 2006. -27 қазан. 9б.

12) Мұсаева Н.

 «Шығыстың Аристотелі (Әл – Фараби туралы)»

 // Оңтүстік Қазақстан. -2006. – 16 наурыз

 13) Ещанова К.

 «Әл – Фараби ұстаз психологиясы хақында»

 // Оңтүстік Қазақстан. 1977, 10 желтоқсан

 14) Жарықбаев Қ., Алытов Н.

 «Әл – Фарабидің психологиялық көзқарастары хақында.»

 // Оңтүстік Қазақстан., 1971, 9 июль.