«АЛАШТЫҢ» ЖОЛЫ
Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы – тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өйткені, ол қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қозғалыс еді. Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы – қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылық пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет идеясын құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұғанға дейін болмағаны тарихтан белгілі. Олар сол тұста кездескен қиындықтардың барлығын жеңе білді, түпкі мақсатқа жету үшін, қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба білді. Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. ХХ ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі – тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» – деп көрсеткен болатын.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ қоғамында ұлттық идея жөнінде әңгіме басталып, ол толастар емес. Бұл заңды да. Заңды болатын себебі, ұзақ уақыт отарлық құрсауында қамалған, егемендігін енді орнықтырған, жаһандану алдында тұрған халықтың есті ұрпағы ұлтын ұйыстырар идея іздемек. Бұл жөнінде қазіргі қоғамда әрқилы көзқарастар өріс алып отырғаны мәлім. Осы орайда бұл мәселеге қатысты көрнекті алаштанушы М.Қойгелдиевтің мына бір пікірін келтіре кеткен жөн. Ғалым былай деп жазады: «Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытындылап, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті». Әлбетте, Алаш қозғалысы кезеңі мен бүгінгі кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін жақсы түсінеміз. Айтпағымыз, Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан туындайтын қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін қазақ ұрпағының бойына сіңіру сияқты іргелі мәселеде Алаш зиялыларының сан-салалы мұрасынан, олардың ерен іс-қимылдарынан алар тағылым мол. Сондықтан да Алаш қозғалысына өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны бүгінгі заманымызбен үндес өміршең көзқарастар жиынтығы ретінде бағалап, яғни бүгінгі тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатқандығына мән беріп, одан өрісті өнеге, ғұмырлы ғибрат алғанымыз ләзім. Бұған мемлекеттік деңгейде де, зиялы қауым тарапынан да ерекше көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймыз. Сондай-ақ, Алаш қозғалысының қарқынды жүруіне ерекше еңбек сіңірген, тіпті оның дүниеге келуіне атсалысқан бірқатар тұлғалардың есімдері арагідік болмаса, өз деңгейінде айтылмай да, бағаланбай да келе жатқанына назар аударуымыз қажет. Өйткені, Алаш қозғалысы дегенде, көбінесе, біздің есімізге бірнеше белгілі қайраткерлер ғана түседі. Алаш қозғалысымен бірге, мәселен, оның көрнекті қайраткерлері Уәлитхан Танашевтың, Жанша Сейдалиннің, Айдархан Тұрлыбаевтың, Ыбырайым Жайнақовтың, Асылбек Сейітовтің, Тел Жаманмұрыновтың, Аспандияр Кенжиннің, Базарбай Мәметовтің, Иман Әлімбековтің, Әлжан Байғориннің, Садық Аманжоловтың, Мұқыш Боштаевтың, Дәулетше Күсепқалиевтің, Ережеп Итбаевтың, Хамит Тоқтамышевтың, Сейілбек Жанайдаровтың, Нұрғали Ипмағамбетовтың, Әзімхан Кенесариннің, Сейдәзім Қадырбаевтардың да ұлт пен тарих алдындағы еңбектеріне лайықты баға беру, құрмет көрсету – біздің тарихи жадымыздың беріктігі мен азаматтық адалдығымыздың айғағы болмақ. Есімдері аталмаған қаншама азаматтар ХХ ғасыр басындағы отаршылдық қамытындағы халқы үшін бастарын бәйгеге тікті. Олар сол ерен істеріне марапат алмақ түгілі, жеке бастарына қауіп төндіріп алды. Советтің зымиян саясаты бастапқыда ыдырату мақсатында Алаш қайраткерлерін бауырына тартқан болып, диктатурасы күшейгенде оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Алаштың атымен ұлы іс бастаған оның қай тұлғасы да құрмет пен марапатқа әбден лайық. Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі – олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына айналдыру. Бұл, түптеп келгенде, өзіміздің ұлттық санамызды қалыптастыру, ел алдындағы перзенттік парызымызды орындау, ұрпағымызға ұлағат дарыту болмақ.
Еліміздің тәуелсіздігі тарихымызды түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге кең мүмкіндік ашып отырған қазіргі кезеңде ұлт ретінде қалыптасу жолында бедерлене байқалған тарихи белестердің сыр-сипатын зерделеу барынша терең ғылыми ізденістерді қажет етуде. Әлбетте, бұл Алаш қозғалысын зерттеуге де тікелей қатысты. Айтулы қозғалысқа тек саяси-қоғамдық тұрғыдан ғана баға беру тарлық етеді. Қозғалыстың өз дәуіріндегі тарихи мәні айқындалып келеді дей отырып, оның рухани жаңғырығының дәйектей түсер тұстары мол. Мәселен, оны аса ірі рухани-мәдени құбылыс ретінде кешенді түрде қарастырып, осы құбылыстың әлеуметке, жеке тұлғаға ықпалын анықтаудың концептуальды жолдарын қарастырғанымыз абзал. Ең алдымен, Алаш қозғалысының қазақ баласына, адамға, тұлғаға, содан шығып, әлеуметке деген көзқарасын дәйектеуіміз керек. Алаш қайраткерлерінің, қаламгерлерінің еңбектерімен танысқанда, олардың ой-пікірлеріндегі гуманистік аңсарды аңғармау мүмкін емес. Әрбірден соң, қозғалыстың өзі – адамға, ұлтқа деген жанашырлықтан туған гуманистік әрекет. Ұлттың еркіндігі мен азаттығы, оны құрайтын жеке адамдардың бақыты мен теңдігі ұранын көтерген қозғалыс – білімі кемел, ой-өрісі кең, мәдениеті жоғары, адам мен қоғамның мәселелерін жетік білетін ұлтшыл ғана емес, гуманист азаматтардың белсенділігінен туғанына күмән келтірмесек, онда бұл тарихи-саяси құбылыстың діңгегі – елжандылық пен адамсүйгіштік екендігіне шүбә келтірмегеніміз жөн. Алаш қаламгерлері шығармашылығында қазақ әдебиетінде толымды түрде ана тақырыбы, әйел теңдігі мәселесі – басты тақырыптардың біріне айналды. Ізгілік пен адамгершілікке құрылған осы туындыларда гуманистік идеал, гуманистік ой алдыңғы қатарға шығып, ұлттың адамсүйгіштік қасиеттері бейнеленді.
Қандай да болмасын халықтың ұзына бойғы тарихында гуманизм идеялары бір кезеңде алдыңғы қатарға шығып, ұлттың жаңғыру дәуірін жасайды. Бұл – батыстық ғылымда әлдеқашан дәйектелген, мойындалған құбылыс. Оны Еуропада «Ренессанс» деп атап, азаматтық тарихта да, әдебиет, өнер, мәдениет тарихында да арнайы тарау ретінде зерттеудің тұрақты нысанына айналған. ХІҮ ғасырда Италияда, ХҮ-ХҮІ ғасырларда Испанияда, Францияда, Голландияда, Португалияда т.б. Еуропа елдерінде кең қанат жайған Ренессанс Батысты жарық пен шуаққа қарай тартты.
Қазақ ғылымында «Ренессанс» мәселесі жүйелі түрде зерттелінген емес. Бұл Жаңғыру немесе Қайта өрлеу құбылысының қазақ топырағындағы болмысы жөніндегі пікірлерде, біздің пайымдауымызша, осы құбылыстың туу негіздері, өрістеу арналары, дәстүрлері мәселелерін жіліктеуден гөрі, ренессанстық сыбағаны жекелеген тұлғаларға сыйлау жағы басым болып отыр. Ренессанс жеке бір адам шығармашылығының жемісі емес, ол – тұтас шоғыр еңбегінің табысты нәтижесі. Қазақ Ренессансының басы Абай екендігі академик С.Қасқабасовтың «Абай поэзиясының ренессанстық сипаты» атты мақаласында ғылыми тереңдікпен дәлелденген. Ең данышпан қазақ бастауында тұрған ұлы гуманистік аңсарды дамытқан, нағыз ренессанстық деңгейге жеткізген – Алаш қайраткерлері. Қазақ баласына Абайды ең алғаш таныстырған да Алаш зиялылары, Алаштың Әлиханы, Ахметі, Міржақыбы. Елі мен жерінің тәуелсіздігі жолында іздене отырып, сол күрес жолында Алаш зиялылары өздерін де, өз замандастарын да, өзінен кейінгілерді де қайраткерлік жағынан да, қаламгерлік жағынан да дайындады, жетілдірді деуге болады. Алаштың ренессанстық сипаты Ұлы ұлтшылдық дәуір ғана туғыза алатын Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Халел, Мұхаметжан, Жанша, Ғалел, Әлімхан т.б. қайраткерлерді, Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар сияқты алып талант иелерін қалыптастырды. Бұл ұлтшылдық адамсүйгіштік, отансүйгіштік сезімдерінен ой мен іске айналған табиғи талпыныс болатын. Яғни, Алаш қайраткерлерінің ұлтшылдығы өз дәуірі туғызған, қазақ ұлтының алдына сол дәуірдің өзі қойған сауалдарға пікір жүзінде де, әрекет барысында да берген жауабы еді. Бұл жөнінде Мәннан Тұрғанбайұлы былай деп осы құбылыстың сырын толық жеткізе алған: «Қазақ қатарға кіріп жұрт болсын деген кісі тәрбиенің жолынан айрылмасқа керек, әуелі қазаққа өзінің кім екенін, адамшылық құқығын білдіруге, онан соң жақын ағайын, туғандарын сүйгізіп, міндетсіз қызмет қылдыруға, онан соң Отанын танытып, жақсы көргізуге, ұлт жұмысы, жұрт намысы деген сөзді тоқып көңіліне кіргізуге, сонан соң дүниедегі барлық адам баласы бауыр екенін білдіріп, көпшіл адамды сүйгіш қылуға тырысу керек. Ұлтшылдық(ты), кісішілдікті айыра білмеген, бас пайдасынан басқаны ойына алмаған, дін хұқымі шариғатқа бас иіп іске асырмаған, әдебиеттен жырақ жатқан қазақ секілді жұртты салғаннан көпшіл қылам демей, әуелі ұлтшыл қылу керек». Осы тұста жазылған көркемдік бағыты жағынан ағартушылық, сыншыл реализм, сентиментализм, романтизм шегінде туған өлеңдер мен поэмалар, әңгімелер, алғашқы қазақ романдары Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деген ұлы гуманистік декларациясын жалғастырған, оны жаңа ұлт-азаттық мазмұнмен өрістеткен көркем дүниелер болды. Олардың негізгі арқауында адамның ішкі жан дүниесі бейнеле отырып, оның күйзелісіне рақыммен қараған шынайы адамсүйгіштік пафос жатты. Алаш зиялыларының гуманизмі – олардың қайраткерлік әрекеттерінің де өзегі еді. Мұндай гуманизм болмаса, олар ұлт тағдыры жолындағы жанкештілік әрекеттерге де бармас еді. Алаш қайраткерлерінің осы тұстағы ұлт мүддесі жолындағы әрекеті мен мақсатына беріктігін шынайы әрі терең көрсеткен «Қалам қайраткерлері жайынан» мақаласында А.Байтұрсынұлы дәуір куәгерінің көзімен былай деп жазады: «…қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес: кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес». Ахаңның айтып отырғаны адам баласының өз ұлтының тағдырына деген табиғи жанашырлығы, адамгершілігі. Осыны советтің оспадар саясаты бейнебір адамға тән емес теріс әрекет ретінде бағалады. Ар білімін насихаттаған Шәкәрім қажының, «Адамдық диқаншысы» болған Ахаңдар тобының ұлы гуманизмін көруге советтік саяз саясаттың өресі де жетпеді, бағыты да келіспеді.
Алаш қозғалысының – қазақтың Жаңғыру дәуірі болғандығын, оның елім деген, жұртым деген азаматтардың басын қосқандығымен де дәлелдеуге болады. Абылай заманында сыртқы жаудың қауіп-қатерінен басы қосылған қазақ, Кенесары, Махамбет, Абай дәуірінде «Бас-басына би болған» қазақ Алаш тұсында бас біріктірді, ой біріктірді, қимыл біріктірді. Оның негізінде Отанына, сол Отанының ұрпағына деген ұлы жанашырлық жатты. Бұл нағыз Ренессанстың тамыры боларлық гуманизм еді. Алаш қозғалысының қазақ Ренессансы болғандығына бұл құбылыстың мәнінен бейхабар адам ғана келіспейді. Алаш қозғалысын Ренессанс ету – біздің қалауымыз бен еркіміз емес. Ақиқаты солай. Алаш қозғалысын ренессанстық құбылыс ретінде профессор Д.Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» монографиясында қарастырған болатын. Қазіргі кезеңде Алаш қозғалысының ренессанстық сипаты қазақ ғылымы шұғылданатын іргелі мәселеге айналуы тиіс деп ойлаймыз.
Алаш қозғалысына, одан туындаған Алаш партиясына, Алашорда үкіметіне баға бергенде біз мына мәселеге де көңіл аударуымыз керек сияқты. Патшалық Ресейдің үш генерал-губернаторлығына, қазақтың үш жүзіне бөлініп өмір сүріп жатқан алып даланың оқыған азаматтары ұлт тарихында тұңғыш рет тізе қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, туған жұртының азаттығы үшін саяси жолда бас біріктірді. Батысы Бөкей Ордасынан шығысы Жайсаңға дейінгі, солтүстігі Омбыдан оңтүстігі Ташкенге дейінгі аралықтағы ұлтын ерекше сүйетін, оған шын жаны ашитын қазақтар Алаш ұранының астынан табылды. Мұндай саяси-қоғамдық мәндегі ұлы істе ұйысу – ілгерідегі ғасырларды қоспағанда, тіпті берідегі Шоқан мен Абай заманында да болған емес. Яғни, Алаш қозғалысы дәуірі – қазақтың ұлт ретінде бірігу, тұтасу, етене араласу дәуірі болды. Бұл – ерекше бағаға ие боларлық айрықша жағдай. Оған Қазақстанның төрт түкпірінің барлығын қамтыған облыстық, уездік, болыстық қазақ сиездері, Алаш бағытын қолдаған ірілі-ұсақты басқосулар, жер-жерде құрылған қазақ комитеттері мен бөлімдері куә.
Бұл біріктіру, тұтастыру үдерісі қиындықпен жүрді. Алаш қозғалысы тарих сахнасына шыққанда 1867-1868 жылдардағы жаңа низамнан кейін бүкіл қазақ даласында отаршылдардың бөліп алып билеу саясатының әбден күш алған кезеңі еді. Оған жергілікті аймақтардағы орыс шенеуніктері мен әскерилерінің бір қазақты ру-руға бөліп, болыстыққа таластыруы, ең шұрайлы жерлерге келімсектерді орналастыруы сияқты ұлттың ұйысуына кедергі келтірер отаршылдардың жоспарланған саяси-әлеуметтік шараларын қосыңыз. Міне, осы отарлық саясат, бір жағынан, Алаш қозғалысының өзін соған қарсылық ретінде дүниеге әкелсе, екінші жағынан, оның кеңінен өрістеуіне де үлкен бөгесін болып келді. Бұл Алаш қозғалысының басында тұрған азаматтардан жан-жақты білімді, ерен ерікті, мұқалмас қайратты талап етті. Алаш қайраткерлері осы үлкен сынды абыроймен орындай алды. Өз заманының мүмкіндіктері ауқымында олар ұлттық мұратты ту етіп, қазақ даласын Алаш рухына бөледі. Кешегі Кенесары заманында басылған кеуде мен еңсені көтерді. Отаршылдардың арбауындағы ұйқылы елді оятты. Сөйтіп, елді бірлікке шақырды, халықты еркіндікке сендіре алды. Бұл нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны еді.
Алаш жетекшілерінің ұлт-азаттық ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын қолдап, солармен бірге қимыл жасады. Қозғалысқа қатысты құжаттардан Алаш қайраткерлерінің оларды іске жұмылдырып, қажет жерінде тиісті тапсырмалар беріп отырғандығын байқауға болады. Алаш қозғалысына қатысқан 17-25 жас аралығындағы жастардың ішінен кейін көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар шыққаны белгілі. Айталық, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, М.Әуезов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Қ.Сәтпаев сияқты аса көрнекті есімдердің азаматтық, шығармашылық тұлғасы Алаш қозғалысы тұсында қалыптасқаны белгілі.
Алаш қозғалысы – бір жылдың немесе екі-үш жылдың жемісі емес, өзінің бастау көздерін 1917 жылдан әлдеқайда бұрын алатын ішкі эволюциялық жолы бар дайындалған, пісіп-жетілген ұлы қозғалыс еді. Оны Алаш тарихын зерттеген зиялы қауым өкілдері айтып жүр. Алаш қозғалысының басталу кезеңі жөнінде әңгіме болғанда, көбінесе, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарқаралы құзырхаты айтылады. Біздің ойымызша да, Алаш қозғалысының өріс алуы осы тұстан басталады. Оның саяси-тарихи себептері ретінде, ең алдымен, осы тарихи кезеңде ұлт мәселесін көтере алатын, оны қалың бұқараға жеткізе алатын ұлттық зиялы қауымның қалыптаса бастағандығын айтамыз. Сондай-ақ оған Ресейдегі буржуазиялық төңкерісті, патша манифесін қосып айтуға болады. Ал жалпы қазақтың басын қосу, сол үшін сиез ашу, белгілі бір ұйым құру мәселесіне келсек, онда бұл мәселеде қазақ өкілдері қатысқан 1905-1906 жылдардағы Бүкілресейлік бірінші-үшінші мұсылман сиездерін, 1906-1907 жылдары Ресейдің бірінші-екінші мемлекеттік думаларына Ә.Бөкейханның, А.Бірімжановтың, А.Қалменовтың, Б.Қаратаевтың, М.Тынышбаевтың, Б.Құлмановтың, Ш.Қосшығұлұлының т.б. қазақтардың сайланғандығын айтуға болады. Міне, осы топ және оған қосылған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары қауымдасып, ортақ мүдде төңірегіне шоғырланды. Осы арада 1905 жылдың желтоқсан айында Орал қаласында Ә.Бөкейхан, Ж.Сейдалин, Б.Қаратаев, Б.Сыртанов, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбаевтардың қатысуымен болған бес облыс қазақтарының сиезін айтып өткен жөн. Әрине, бұл сиез, кейінірек өткен сиездер сияқты, іргелі мәселелер көтермесе де, қазақ зиялыларының топтаса алатын мүмкіндігін көрсете алған ең алғашқы басқосу болатын. Ал елдің басын қосып, халықтың мұң-мұқтажын айтуға тиісті және оны шешудің жолдарын айқындамақ сиез ашу мәселесі, әсіресе, 1913 жылдан бастап жүйелі түрде көтеріле бастағандығын байқаймыз. Тарихи деректерге сүйенсек, патша жандармериясының ақпарат хаттарында сиез өткізудің бастамашылары ретінде Жанша Сейдалин, Райымжан Марсеков, Бақытжан Қаратаев, Барлыбек Сыртанов көрсетіледі. Осындай бірнеше құжатта сиезді ұйымдастырушы ретінде Жанша Сейдалиннің есімі жиі кездеседі. 1913 жылы «Айқап» журналында сиез шақыру жөнінде Ж.Сейдалин «Азып-тозып кетпеске не амал бар?» атты үндеу іспетті хатын жариялайды. Бұл хатта сиез шақыру мәселесінде Б.Қаратаевтан, Б.Құлмановтан, Ә.Бөкейханнан, А.Байтұрсынұлынан, Р.Марсековтен, М.Тынышбаевтан, С.Лапиннен, Х.Досмұхамедұлынан, Ә.Алдияровтан, М.Сералиннен, Жанайдаровтан, М.Дулатовтан, Б.Есмахановтан, З.Сейдалиннен, Б.Сыртановтан, Ж.Ақпаевтан хат күтетінін жазады. Ж.Сейдалиннің бұл хатына Ә.Бөкейхан ашық хат түрінде жауап жазады. Ол хатын: ««Айқапқа» Жиһанша мырза хат жазып отыр. Қазақ баласы бас қосса, қазақ жұмысы жақсы орынға барар еді дейді. Қазақ баласы бас қосып, шаруа, жұрт пайдасын сөйлеп, іс қылып тырбанса, бірте-бірте қазақ баласы ілгері басуға басқыш табылар еді деп біз де ойлаймыз» – деп бастап, сиездің қажеттілігін дәлелдей келе: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сертті сөздерімен хатын аяқтайды. Міне, осы жылдан бастап пікір жүзінде көтеріле бастаған жалпықазақ сиезін ашу мәселесі 1917 жылға дейін жалғасты. Өйткені, патшалық Ресейдің отаршылдық қатал саясаты қазақ зиялыларының бұл мақсатын іске асырмай келді. Оны жүзеге асырудың сәті Ақпан төңкерісінен кейін ғана мүмкін болды. Орыс патшасы тағынан түскен төңкерістен кейін Қазақстанның әр түкпірінде қазақ азаматтық комитеттері құрыла бастады. Оның жұмыс істеуіне Уақытша үкімет комиссарларының оң ықпалы тиді. Мәселен, Ә.Бөкейханның Уақытша үкіметтің Торғай облыстық комиссары болуы, М.Тынышбаевтың Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі болуы. Аталған жылдың сәуір-мамыр айларында Торғай, Жетісу, Орал, Омбы, Семей қалаларында облыстық қазақ сиездері өтті. Бұл облыстық сиездер ұлт-азаттық қозғалыстың қарқын алуына ықпал ете отырып, шілде айында өткен бірінші жалпықазақ сиезін дайындады. 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында өткен бұл сиез мемлекеттік құрылыс, саяси партия, Құрылтай жиналысына, Мұсылмандар кеңесіне депутаттар сайлау, партия бағдарламасын дайындау мәселелерін көтерді. Біздің ойымызша, сиездің басты маңыздылығы – хандық дәуірден кейін барша қазақтың бас көтерер көрнекті тұлғаларын біріктіріп, ірі елдік мәселелерді шешуде олардың бірлік жолынан табылатындығын дәлелдеген сенім шарасы болуында да еді.
1917 жылдың 5-13 желтоқсанында өткен екінші сиез қазақ автономиясын жариялады, халық кеңесін сайлады, Алашорда үкіметінің төрағалығына демократиялық, баламалы жолмен Әлихан Бөкейхан сайланды. Алаш қозғалысы, ендігі жерде саяси күшке, қолында билігі бар үкіметке айналды. Бұл аз уақыт болса да империя құрсауынан шыққан халықтың өз мемлекеттілігін қалыптастыруға жасаған тарихи қадамы болатын. Осы кезеңдегі тарихи құжаттардан, баспасөз материалдарынан жалпы қазақ қоғамының Алаш идеясына тартылғанын, Алаш үкіметін қолдағанын аңғаруға болады.
Қозғалыстың өрістеуіне ислам дінінің маңызы ерекше болғандығын ұмытпауымыз қажет. Алаш қайраткерлерінің имандылығы мен кісілік қасиеттері – олардың мұсылманша тәрбие, білім алғанынан дарыған табиғи қасиет. Ұлт-азаттық күрестің ішінде ислам дінінің көптеген ірі өкілдері болды. Сондай-ақ, қозғалыстың қарқынды жүруіне, зиялылардың бас біріктіруіне Мұсылман сиездерінің, Мұсылман фракциясының, «Шура-и-ислам» сияқты қоғамдық-саяси ұйымның рөлдері айрықша байқалды. Бірінші, екінші жалпықазақ сиездерінде дін мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болды. «Алаш» партиясы бағдарламасына дін ісі жеке тарау ретінде енгізілген болатын. Сонымен бірге, дін бірлігі сол тұста қазақ, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан т.б. ұлттардан шыққан елшіл қайраткерлердің ортақ мүдде тұрғысынан серіктесіп, өзара байланыста болуларына, ұлт тәуелсіздігі мәселесі төңірегінде ұйымдасуларына айтулы ықпал жасады.
Алаш құбылысы – сол тұстағы қазақ қоғамының барлық жағын қамтыған салалы, саралы құбылыс. Бұл құбылыс, сондай-ақ, қазақ өмірінің өткенін безбендеуге ден қойған, бүгінгісін таразыға салған және болашаққа бағыт айқындаған, тәуелсіздікті ғана мұрат еткен қасиетті құбылыс. Алаш қозғалысы сол тұстағы қазақтың саясат, әдебиет, өнер қайраткерлерін, дінбасыларын, оқымыстыларын, бақуатты азаматтарын медицина, техника, ауыл шаруашылығы, экономика, заң, әскери салалардағы мамандарын топтастыра отырып, өздері өмір сүрген тарихи-қоғамдық болмысқа реформа жасауды мықтап қолға алған, жігері мен сенімі жеткілікті, бағдарламасы айқын, мақсаты зор қозғалыс болатын.
Алаш қозғалысының көпжылдық тарихында және облыстық, жалпықазақ сиездерінде Алашорда үкіметінің жұмысында үнемі басты назарда болған мәселенің бірі – жер мәселесі. Оны Алаш көсемдері өте жақсы түсінген болатын. Айталық, сол дәуірде Ә.Бөкейхан: «Жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің ең зоры» деген болатын. Бірінші жалпықазақ сиезінің қаулысында: «Қазақ халқы өзіне еншілі жерге орнығып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін» делінсе, бұл «Алаш» партиясының бағдарламасында: «Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орнасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу» делініп бекітіле түсті. Ашашорда үкіметі автономия жариялай отырып, оның бірінші бабында: «Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Әмудария бөлімдеріндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес облыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға…» деп жер тұтастығын басты мәселе ретінде бекітті. Алашорда үкіметі 1918 жылы 24 маусымда «Алаш автономиясының жерінде жер пайдалану туралы Уақытша Ереже» өзінің мазмұны мен пәрмені жағынан маңызды құжаттардың бірі болды. 11 баптан тұратын бұл Ережеде жерді пайдаланудың негізгі тәртібі көрсетілді. Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қалуында Алаш қайраткерлерінің орасан зор еңбегі жатыр. Олардың кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе, А.Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болды.
Қозғалыстың өрістеуіне ақын-жазушылардың қаламгерлік те, қайраткерлік те үлестері айрықша болды. Біздің ойымызша, Алаш қозғалысы дәуірі – ұлттық жазба әдебиетінің тарихындағы ерекше жылдар. Қазақтың жазба әдебиетінің өмірге келуінің бастапқы кезеңі Абай заманымен байланысты болғанымен, оның буыны бекіп, бұғанасы қатуы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарына келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жазба әдебиетке Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы т.б. кейбір жекеленген әдебиет өкілдерінің шығармашылығы мысал бола алса, келесі ғасырдың басында жазба әдебиет өкілдерінің саны еселеп артты. Жазба әдебиеттің жарық көретін қалыптары – баспасөз, кітап басу ісінің дамуы жазба әдебиетті өркендете түсті. Ендігі жерде әдебиет оқырманға арнала бастады. «Айқап» журналы, «Қазақ» т.б. газеттер көркем ойды мыңдаған оқырманға жеткізушіге айналды. Үшіншіден, көркем проза, драма, әдеби сын үлгілері туып қалыптасты. Әдеби сынның қалыптасуы, оның шығармаға, әдеби мұраға, әдеби процеске баға беруі – жазба әдебиеттің есейе бастағандығының айғағы болды. Абай шығармаларының тұңғыш жинағының жарық көруі – жазба әдебиеттің қалыптасуына игі ықпал етсе, Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахаңның «Масасы» әдебиеттегі ұлтшылдық, елшілдік ұрандарды күшейтті. Сөйтіп, бұл жаңашыл дәстүрді Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар, Бейімбет секілді жас дарындар соны көркемдік сапада, тың қырынан жалғастырып әкетті. Соның нәтижесінде, Алаштың қалам қайраткерлері қазақтың тұңғыш романдары мен драмалық шығармаларын, алғашқы әдеби-сын мақалаларын дүниеге келтірді. Қазақтың сөз өнерін жанрлық жағынан да, идеялық-көркемдік жағынан да байытып, жазба әдебиетін қалыптастырды. Шамасы он-он бес жылдың ішінде Алаш қаламгерлерінің ерен қабілеті, ұлтына деген ерекше махаббаты, туған жұртының бүгінгісіне көңілі толмаған күдігі мен азат болашағына сенген үміті кейінгілерге үлгі боларлық әдеби туындыларды өмірге әкелді. Алаш ұранды әдебиеттің беті мен екпіні, бағыты мен мазмұны Ахаң бастаған қазақ ақын-жазушыларының ұсталып кеткен кезеңіне дейін, яғни 1920 жылдардың соңына дейін жалғасты. Сол екпін, сол бет, сол бағыт қашанда ұлтына перзенттік сүйіспеншілігі мен адалдығын сақтаған қаламгерлердің шығармашылығында баяу болса да қан тамырындай бүлк-бүлк соғып жатты. Алаштық саралы жолдан ауытқыған советтік әдебиет әсіре қызылдың тез оңатынын сезбестен, адамға емес, саясатқа қолбалалық, құлдық сапарын айғай-шумен, беттен алумен бастап, бір кісінің ғұмырындай ғана өмір кешті. Әуелден таза, әуелден көркем, әуелден адамға, ұлтқа деген жанашырлық пен ізгілікке, шуақ пен мейірімге толы «Алаш әдебиеті» аталатын алып бәйтерек қайта жаңғырып, ізгілік тұқымдарын шаша бастады. Ендігі жерде қазақ баласы жасағанынша жасайтын оның байтақ та баянды мәңгілік өнегелі сапары басталды.
Қандай ұлттың болмасын мәдени деңгейін көрсететін факторлардың бірі – театр өнерімен байланысты екендігі мәлім. Бұл жолда да Алаш зиялылары «тұңғыш деген» атаққа ие. Айталық, Б.Серкебаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов қазақтың алғашқы драмалық шығармаларын жазса, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» тұңғыш театрлық қойылым болғаны белгілі. Ал, Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен мемлекеттік ұлт театры тұңғыш шымылдығын ашқан болатын. Жалпы өз заманында Алаш өкілдері ұлт мәдениетін, өнерін танытуға, насихаттауға қатысты бірқатар тағылымды шаралар атқарды.
Алаш қайраткерлерінің тіл саласындағы тағылымын биік бір асқарға теңесе болғандай. Сол асудың төңірегінде Алаш зиялыларының қазақ тілін дамытудағы еңбектерін ерекше бөле-жара айтуға болады. Алаш зиялыларының дербес мемлекеттілікке ұмтылыстарында қазақ тілінің мәртебесі туралы да ойлар менмұндалап тұрды. Оны олардың сол тұста жазған мақалаларынан және А.Байтұрсынұлының, С.Сәдуақасұлының Оқу комиссариатында басшылық еткен кезіндегі іс-қимылдарынан аңғаруға болады. Тіл – ұлт руханиятының негізгі өзегі екендігі де Алаш зиялыларының қоғамдық ойларынан және көркем шығармашылығынан көрініп жатты. Тілдің қоғамдағы орны мен рөлі жөніндегі қисынды пікірлер Ахаң бастаған алашшылдардың мақалаларынан көрініп жатты. Сондай-ақ, туған тіл тақырыбы ұлтты ұйыстырушы, халықтың төл болмысын айқындаушы фактор ретінде қазақ поэзиясында, әсіресе, М.Жұмабаев, С.Торайғыров өлеңдерінде ерекше леппен жырлана бастады.
Абай заманында өмірге келіп, өркен жая бастаған жазба әдебиеттің нағыз бағбаншылары Алаш ұранды әдебиет өкілдері болды. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ғ.Қараш, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, М.Әуезов, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Күлеев т.б. Алаш қозғалысының белді, белсенді мүшелері қазақтың жазба әдебиетін тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік тұрғыдан байытты, кеңітті. Яғни, негізінен ауызша айтылып, тыңдалып жүрген көркем сөз үлгілері хатқа түсіп, жазу түрінде газет, кітап беттеріне көше бастады. Бұл әдебиеттің өмір сүру, таралу типін ғана өзгертіп қоймай, ең бастысы, жазудың мәдениетін арттырды. Көркем ойды жеткізудің тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерін еселеді. Соған орай жаңа көркем түрлер пайда болды, тың сөз тіркестері мен сөйлемдер жасалды. Жазба әдебиет үлгілері дайындықпен, қажетті материалдар жинаумен, ұзақ толғанумен жазылатын дүниелер болғандықтан, мұнда ұлт тілінің барлық байлығы мен бейнелілігін сарқа пайдалануға зор мүмкіншіліктер туды. Туған тілінің осы мүмкіншіліктерін тумысынан талантты, ұлтына ұлы махаббаттары табиғи Алаш ұландары ұтымды пайдалана алды. Сөйтіп, қандай да бір қасаңдықтан ада, адами құндылықтарды ту еткен, халқының халіне, ұлтының ұйысуына зерек ой, адал ниетпен көмкерілген көркем туындылар дүниеге келді. Бұл «Алаш әдебиеті» деп аталатын жаңа әдеби дәуірдің бастапқы кезеңдерінде ұраншылдық, насихатшылдық басым болғанымен, шамамен жас дарындар Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезовтердің шығармалары жазыла, жарық көре бастаған тұстан бері қарай көркемдігі кемел дүниелер бой көрсете бастады. Осы эволюциялық жол – Алаш әдебиетінің тез өсіп, жедел жылдамдықтармен ілгерілегенін көрсетеді. Оның мысалы, «Оян, қазақ!» пен «Батыр Баян», «Қорғансыздың күні», «Ақбілек» аралықтары.
Қазақтың жазба әдеби тіліндегі публицистикалық стильдің қалыптасуы 1905-1918 жылдар аралығында баспасөз құралдарының көбейе түсуімен түсіндірілетіндігі белгілі. Осы тұстағы баспасөз беттерінен тіліміздегі публицистикалық стильдің қалыптаса бастағанын көреміз. «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Алаш», «Жас азамат» газеттерінен және «Айқап» журналынан т.б. баспасөз құралдарынан қазақ сөзінің қоғамдық-әлеуметтік саланың әртүрін көрсететін лексиканың стильдік реңктерге ие бола бастағанын байқаймыз. Осы баспасөз беттерінде саяси-қоғамдық лексикамен бірге, мәселен, жаңа мазмұндағы салтанатты стильдің де ерекше үлгілерін аңғарамыз.
Алаш қозғалысы қазақтың жазба тіліндегі құжат тілінің де белгілі бір қалыптарын түзді. Айталық, уездік, облыстық, жалпықазақ сиездерінің хаттамалары, қаулылары, «Алаш» партиясының бағдарламасы, қатынас хаттары құжат тілінің жаңа бағыттағы лексикасын қалыптастырды. Бұған қоса, Алаш қозғалысы дәуірінде эпистолярлық жанрдың қауырт дамығанын әбден аңғаруға болады. Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Шоқайдың, М.Тынышбаевтың, Ж.Сейдалиннің, Х.Досмұхамедұлының, М.Дулатовтың т.б. хаттары осы жанрдың тарихындағы үздік үлгілер.
Жазба әдебиетіміздің тарихындағы алаштық кезеңді зерттеуде қазақ лексикасының зор мүмкіндіктерін айқындайтын мысалдар жеткілікті. Сөз қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау – олардың ұлттық ойлау жүйесін, сондай-ақ Батыс пен Шығыс ілімін ізденгіштікпен зерделегенін байқатады. Алаш қайраткерлері мен қаламгерлерінің бұл жоралы жолы із-түссіз кеткен жоқ. Оның тамаша дәстүрлері өзінен соңғы сырты советшіл әдебиеттен көрініс тауып жатты. Бұл да зерттелуін қалап тұрған үлкен тақырыптың бірі.
Алаш қозғалысын қазақ руханиятындағы тағылымды орасан құбылыс болды десек, соның бір парасы – қазақ әдеби тілінің жаңа сатыға көтерілуімен сабақтас.
Қазақ қоғамының оянуына, сілкінуіне сол кезеңдегі қазақ баспасөзі өлшеусіз үлес қосты. Бұл қатарда ұлттық қозғалыстың серпінді болуына, қарқынды өрістеуіне зор ықпал жасаған «Қазақ» газеті алдымен аталады. Ахаң басында тұрған бұл ұлы басылым Алаш идеясын қазақ сахарасына тарата отырып, өзінің зор миссиясын абыроймен орындады. «Қазақтан» кейінгі алаштық идеяны Х.Ғаббасов пен Р.Марсеков шығарушылары болған «Сарыарқа» газеті және М.Шоқай шығарған «Бірлік туы» газеті өрістетіп отырды. Бұл газеттер қазақ баласының бойына ұлттық сезімді, ұлттық ождан мен абыройды сіңірді.
Қазақ ғылымының тууына Алаш зиялыларының тікелей ықпалы тигені бәрімізге белгілі. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының басында Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы тұрса, медицина, биология, табиғаттану салаларынан Х.Досмұхамедұлы, математикадан М.Дулатов пен Ә.Ермеков, психологиядан Ж.Аймауытов, педагогикадан М.Жұмабаев, ауыл шаруашылығынан Т.Шонанұлы, Қ.Кемеңгерұлы арнайы еңбектер жазды. Қазақ жазуының, ұлт грамматикасының дүниеге келуіндегі Ахаңның еңбегі айрықша аталады. М.Әуезовтің сөзімен айтсақ: «…Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегін, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын». Алаш зиялылары қазақ ғылымын қалыптастыра отырып, оның терминологиясын да жасағанын және оның өміршең болғанын да атап өткеніміз дұрыс.
Алаш қозғалысы қазақтың тарих ғылымын дүниеге әкелді. Өткенді аршу, бағзы өмірдің даму тұстарын санадан өткізу сияқты еңбектер – ұлттың есейе бастағандығының белгісі. Өткенге көз салу, оны бүгінмен, болашақпен байланыстыру – оқуы мен мәдениеті өскен елдің белгісі. Міне осындай ұлттық рухани жаңғырудың басында Алаш қайраткерлері тұрды. Бұған Шәкәрімнің, Ә.Бөкейханның, М.Тынышбаевтың, Х.Досмұхамедұлының, Қ.Кемеңгерұлының, С.Асфендияровтың жазғандары куә. Халқымыздың өткен тарихына үңілгенде олар ең алдымен Абылай, Шоқан, Абайдың есімдерін ұлықтады. Ал өз заманының тұлғаларын бағалауға келсек, мәдениет көзімен қарағанда Әлиханды Семей жұртшылығының қарсы алуы, Ахаңның елу жылдығын зиялы қауым болып арнайы атап өтуі – Алаш қайраткерлерінің жаңа өркениеттік жолға бет алғандығын көрсетеді. Осының барлығы Алаш қозғалысы дәуірінің – қазақтың өткенін бағалаудың, өз заманын зерделеудің ұлт тарихындағы алғашқы кезеңі болды деп тұжырым жасауға мүмкіндік береді.
«Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы мемлекет үшін қажетті саяси, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық атрибуттарды қалыптастыруды қажет етті. Алаш қайраткерлері бұл салада да өнімді еңбек етті. Олардың қазақ ұлтын ұйыстырудағы, оятудағы бірнеше жылдық пәрменді әрекеттерінде жоғарыда аталған қажеттіліктер көрініп жатты. Мемлекеттің іргесін қалау мәселелері Ә.Бөкейханның, М.Шоқайдың, Ж.Досмұхамедұлының, М.Дулатовтың, Б.Құлмановтың, Ғ.Бірімжановтың, Ж.Ақбаевтың, М.Тынышбаевтың, Ж.Сейдалиннің, У.Танашевтың, Х.Ғаббасовтың, А.Тұрлыбаевтың, Ы.Жайнақовтың т.б. жазған еңбектері мен атқарған істерінен айқын аңғарылып жатты. Алаш қайраткерлерінің облыстық, уездік сиездер мен комитеттерді, жалпықазақ сиездерін ұйымдастыруы, сол тұстағы Уақытша үкіметпен келіссөздері, бағдарлама дайындауы, қаулы-қарарлар қабылдауы – олардың қаншалықты дәрежеде саяси өте сауатты қайраткер болғандықтарын көрсетеді. Алаштықтар Қазақстанның сол тұстағы шаруашылық жайын саралай отырып, соған орай экономикалық дамудың бірқатар жолдарын да мегзеді. Бір қызығы, сол кезеңде олар Қазақстанның астанасы жөнінде де орынды мәселе көтерді. Айталық, 1917 жылы Семейді «Алаш астанасы» деп жариялап, оған «Алаш» деген атау берді.
Алашорда мен Түркістан мұхтарияты жетекшілері арасындағы мәселеде олардың арасында бірлік болмады немесе әрқайсысы өздерінше дербес мемлекет ретінде өмір сүргілері келді деудің реті келіңкіремейді. Өйткені біріншіден, олар қазақ елінің тәуелсіздігі жолында бір бағыт ұстанды, екіншіден, олар ортақ мүдде төңірегінде ұйыса алды. Оған М.Шоқай, М.Тынышбаев т.б. Түркістан қайраткерлерінің Алаш сиездеріне қатысуы, М.Дулатов, Т.Құнанбаев сияқты Алаш өкілдерінің Сырдария қазақтарының сиезіне арнайы баруы, бірлікке шақыруы, ақпан төңкерісінен соң Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Дулатов бірлесіп үндеу жариялауы т.б. ірілі-ұсақты байланыстар тарихы бізге Алаш пен Түркістанның мызғымас бірлігін айғақтайды. Үшіншіден, егер кеңестік билік қазақ даласында орнамағанда, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері қалайда бірігіп, туған елінің тәуелсіздігін ту етіп, Қазақ мемлекетін құрар еді. Бұлайша ой қорытуымызға пікірімізге сол дәуірдегі сыртқы саяси жағдайлар да, қазақ тұрмысының ішкі қоғамдық қажеттіліктері мүмкіндік береді. Сондықтан да тарих жүзінде оларды дербес нысан ретінде қарағанымызбен, өткен ғасырдың басында ең ұлы идея – ұлт бостандығын көтерген екі ірі қозғалысты, Алашорда мен Түркістан мұхтариятын бөлуге әсте болмайды.
Ұлт тағдырына қатысты кез-келген өміршең идеяның із-түзсіз жоғалып кетпейтіні сияқты алаштық идея да ұлтжанды азаматтардың ойында жүрді. М.Шоқайдың эммиграцияда жүргендегі еңбектері, М.Әуезовтің шығармашылығы, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеулері, І.Есенберлиннің, М.Мақатаевтың, Ж.Нәжімеденовтің, Қ.Мырзалиевтің, О.Сүлейменовтің, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауинның, Қ.Жұмаділовтің т.б. ақын-жазушылардың көркем туындылары, Қытайдағы, Еуропадағы қазақ диаспорасының санасындағы ұлттық идеялар, Желтоқсан көтерілісі сияқты көрнекті мысалдар Алаш идеясының, азаттық идеясының тәуелсіздікке дейін үзілмей келе жатқандығын аңғартады.
Алаш қозғалысының тарихы – отандық ғылым үшін қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Ұлтының мәңгілігін ойлаған ұлы азаматтардың жүріп өткен жолын, ерлікке татырлық еңбектерін бағалау – есі бар ұрпақтың жадынан шықпайтын қастерлі борышы деп білеміз. Бұл бағытта осы уақытқа дейін бірқатар үлкенді-кішілі ізденістер жасалды. Әсіресе, К.Нұрпейісовтің, Ғ.Ахмедовтің, Р.Нұрғалидың, М.Қойгелдиевтің, Т.Омарбековтің, Ү.Субханбердинаның, Т.Жұртбайдың, М.Әбдешевтің, М.Құл-Мұхамедтің, Ө.Әбдиманұлының, Ғ.Әнестің, Д.Қамзабекұлының, М.Тәж-Мұраттың, А.Ісмақованың, Ә.Қараның, Д.Аманжолованың, А.Махаеваның, Д.Сүлейменованың, К.Ілиясованың, Қ.Сақтың т.б. еңбектері – алаштануға қосылған қомақты үлес. Алаш тарихы, әлбетте, сан тарапты зерттеулерді қажет етеді десек те, біздің ойымызша, қазіргі кезеңде Алаш қозғалысының мәнін, идеяларын халық санасына сіңіру – қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі. Өйткені, Алаш қозғалысының идеялары – ұлтымыз үшін ең қасиетті, ең қымбатты құндылық – тәуелсіздігімізді нығайтумен сабақтасып жатыр.
Ата-бабаларымыздың қазақ елінің тәуелсіздігі мен азаттығы жолындағы күрестері, істері, ұрандары – бүгінгі ұрпаққа үлгі һәм аманат. Қазіргі қол жеткен еркін шағымызды баянды ету үшін біз азаттық жолы арман болған ата ұрпақтың аманатына берік болуды борышқа айналдыруымыз қажет. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің көкесі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру. Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды десек, онда сол орасан мақсатты орындау үшін қазақтың тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрі, айналып келгенде, қазақты ел ететін, мемлекет ететін рухани олжасы Қазақстанда айрықша орынға ие болу керек. Сонда ғана ұлттығымызды әлемге әйгілейтін, жасампаздығымызды жаһанға жариялайтын тұрпатымыз бен тұлғамыз айқын көрінбек. Тағылымды істі аманат ретінде қабылдау – алаш баласының әуелгі қасиеті, дәстүрлі жоралғысы десек, Алаштың жолы, Алаш қайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстындардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал.
Қазақстанның белгісі қазақ болса, қазақтың белгісі – қазақ тілі.
Хасан Оралтай