ЖОСПАР
КІРІСПЕ
І. Арал теңізінің экологиялық ахуалы
ІІ. “Возрождение” аралы алапат апаттың араны
ІІІ. Қатерлі ауруларға шалдыққан аралдықтар
ҚОРЫТЫНДЫ
Арал проблемасы бүкіл дүние жүзі халықтарын алаңдатуда
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Кіріспе
Қазіргі таңда табиғатқа түсіп отырған ауыртпашылықтың дәрежесі орасан екендігі соншалық, егер оны қорғауға тиісінше шұғыл көңіл бөленбесе, мұның ақыры апатқа әкелуі әбден мүмкін. Өйткені қоршаған ортаның ластануы ауқымы халықтың денсаулығы мен еңбек қабілетіне қатер төндіретіндей дәрежеге жеткендігі анық.
Арал — Қазақстан жеріндегі Қызылорда және Ақтөбе облыстары мен Өзбекстан жерінде, Тұран ойпатының шөлді белдемінде, Үстірттің шығыс шетінде орналасқан тұйық көл. Алабындағы қарқынды антропогондік әрекеттерге дейін ( 1960 – 70 ж. ) дүние жүзілік теңіз деңгейінен 53,0 м биіктікте жатқан. Осы деңгейдегі айдынының ауданы аралдарымен қосқанда 66,1 мың км кв, орташа тереңдігі 16,1 м, ұзындығы 428 км, ені 235 км, су жинау алабының ауданы 69 000 мың км кв. болған. Сол кездерде жылына 50 — 150 мың балық ауланса, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. Алабындағы шаруашылық мақсаттарға үздіксіз су алу барысында 1998 ж. теңіз деңгейі 18 м — ге төмендеді. Аралдың ауыр ахуалын Кеңес үкіметі кезіндегі ең жоғарғы лауазымды мемлекет және партия қайраткерлері білді. Бірақ, біле тұра тақап келе жатқан апат туралы ащы шындықты халықтан жасырды. 1988 жылы Көкарал аралы Оңтүстік құлықпен қосылып кетті. Нәтижесінде теңіз 2 суқоймаға – Үлкен Арал және Кіші Аралға бөлініп қалды. Суы тайыз, тартылуы да қарқынды Кіші теңіз – Қазақстан жағында, ал Үлкен теңіз — Өзбекстан жағында қалды.
Арал теңізі көне замандардан белгілі. Ежелгі гректер мен римдіктер теңізді Каспийдің “сақ шығанағы” деп есептесе, А. Македонский кезінде Окс теңізі ( Окс – Сырдарияның грекше аты ) деп атаған. Кейін Птоломей оның географиялық орнын анықтаған. Арал теңізінің Хорезм, Жент, Кердері сияқты аттары да бар. Араб саяхатшылары Әбу Али Ахмед ибн Русте, Әбу Исхақ әл — Истахри, Әбу Абдаллаһ, Мұхаммед әл — Идриси, Әбу – л — Фида, сондай — ақ Әбілғазы жазбаларында Арал туралы деректер көптеп кездеседі. Теңіз табиғатын жан — жақты зерттеу Ресей империясының шығысты отарлау саясатын жүргізу кезінде іске асырыла бастады. 1848 – 49 ж. әскери теңізші, әрі зерттеуші А. И. Бутаковтың экспедициясы Арал теңізінің су айдынын алғаш рет толық зерттеді, нәтижесінде 1850 ж. Аралдың алғашқы толық картасы жасалды. Теңіздің морфометриялық сипаттамаларын тұңғыш рет И. А Стрельбицкий анықтаған. 1874 ж. геодезист А. А. Тилло теңіз деңгейін өлшеп, солтүстік — батыс жағына қада орнатты. Теңіз суының химиялық құрамы туралы зерттеулердің нәтижесі 1870 – 73 ж. жарық көрді. 1900 – 1903 ж. теңіздегі және оның маңайындағы кешенді географиялық және гидрологиялық зерттеулер Л. С. Бергтің басшылығымен жүргізілді. Одан кеіінгі жылдары теңізді зерттеумен көптеген ғылыми — зерттеулер және жобалау институттары шұғылданды.
Қазақстанның, сонымен бірге бірқатар шет елдік ғылыми -зерттеулер мекемелері Арал теңізін зерттеу мәселесімен айналысты. Бірнеше халықаралық қоғамдар, ұйымдар құрылған. Арал ойысы жоғарғы плиоценде жер қыртысының төменге майысуы нәтижесінде қалыптасқан. Табанының бедері жота — жоталы жазық болып келеді. Деңгейі күрт төмендегенге дейінгі тереңдігі 20 – 25 м, бұл теңізде жалпы ауданы шамамен 2235 км кв. болатын 1100 аралдар тобы болған, кейін олардың бірқатары түбектерге айналып, құрлыққа қосылған. Кезіндегі ең ірі аралдары: Көкарал, Барсакелмес, Возрождение, т. б. Солтүстігінде биік және жайпақ жағалаулар кезектесіп отырады. Олар терең шығанақтармен тілімделген, шығыс жағасы жазық және құмды, шағын шығанақтар мен жаға маңы аралдары көптеп кездеседі, оңтүстіктегі жағасы Әмударияның атырауынан тұрады, батыс жағасының тілімденуі шамалы, бұл тұстағы биіктік 250 метрге жететін Үстірттің жарлауыт қабықтарынан тұрады. Арал теңізінде орталық Азияның 2 аса ірі өзені Амудария мен Сырдария құяды. Климаты континеттік, құрғақ, ауаның орташа температурасы жазда 24 — 26 С, қыста — 7,0 – 13,5 С. Жылдық жауын -шашынның орташа мөлшері шамамен 100 — 150 мм. Табиғи жағдайдағы теңіздің су теңдестігінің құрамы: көл бетіне жауатын жауын — шашынның мөлшері 5,9 км, өзен ағындысы 54,8 км, көл бетініен буланған ылғал 60,7 км. 1970 жылдан бастап көлге құятын өзен ағындысы жоққа тән болатындықтан, булануға кеткен шығынды толтыруға шамасы жетпейді, сондықтан теңіз суы жылдан — жылға тартылып келеді. Су деңгейінің маусымдық тербелісінің орташа мәні 25 см, көп жылдық ауытқуы 3 м — ге дейін жеткен. Соңғы кезде маусымдық құбылмалылық болмаса су деңгейінің көпжылдық ауытқуы көрсеткіші тек төменге бағытталған. Судың беткі қабатының теспературасы жазда 26 – 30 С, қыста 0 С — тан төмен. Қыс бойы теңіз айдынын толығымен мұз басады. Суының тұздылығы табиғи жағдайда 9 — 14 % болатын, соңғы он жыл ішінде 25 — 30 % — ке дейін өсті. Суы мөлдір, 25 м — ге дейінгі тереңдікті көруге болатын еді. Теңіздегі ағыстар сағат тілінің бағытымен айналым жасайды.
Арал теңізінің экологиялық ахуалы
Арал теңізінің жағалауында халық аз тұрады, жергілікті халық балық аулау, мал шаруашылығымен және көкөніс — бақша өсірумен айналысады. Арал өңірінің тұрғындары 1970 жылдарға дейін әлеуметтік — экономикалық тұрғыда жақсы қамтамасыз етілген тіршілік кешті. Теңіз өңіріедегі елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты жұмыс істеген.
1960 жылдырдан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдан Өзбекстан мен Тәжікістанда 1,5, Түркменстанда 2,4, Қазақсатнда 1,7 есеге өсті. Ал Амудария мен Сырдария бойындағы халықтар саны 1960 — 1987 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай, 1970 — 1980 жылдар аралығында Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Оның негізгі себептері — антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы суды көп қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі қарқындап дамыды.
Орта Азияда су баратын жердің бәріне дерлік мақта егілді. Жердің әр гектарына жүздеген килограмм минералды тыңайтқыштар, ондаған килограмм улы химикаттар қосылды. Әр гектардан 23 центнер мақта алу үшін, мөлшердегіден екі есе артық су жұмсалды. Осындай құйтырқы әрекеттердің негізінде Аралдың табаны жалаңаштана бастады. Жағалау, теңіз порттарынан 40 — 50 шақырымға ұзап кетті. Ауа райы өзгеріп, жан — жануарлар дүниесі құрып, жоғала бастады, 178 түрлі жануарлардың арасынан қазіргі күні 38 — і қалыпты.
Орта ғасырда Сейхун деп аталған Сыр өзенінің Фархад тауын жарып өтетін бір тармағына 1948 жылы Фархад ГЭС — і ашылса, бертін келе, алпысыншы жылдары, Шардары ГЭС — і, мұнан басқа – Тоқтағұл, Әндіжан, Шарбақ су қоймалары пайдалануға берілді. Бұл іс — әрекеттер көптеген суару — суландыру жүйелерін іске қосуға мүмкіншілік жасады. Жол жөнекей Сырдың суын әркім әлі келгенше жарып ала берді. Ақыр аяғы бір кездері кемерінен асып, төгіле аққан лай суының жойқын күшіне қарай Сейхун аталған. Мол өзеннің жұрнағы ғана Арал теңізіне жетіп жатты. Дәл осындай күйді теңіздің сыңарындай Амудария өзені де көріп жатты. Арал теңізіне негізгі суды әкеліп жатқан екі өзен жабылып, 60 — шы жылдардың басында 60 текше шақырым су берсе, 1980 жылдан бастап, жылына орта есеппен, 4 текше шақырым ғана су беріп келеді. Ал теңізге қажетті ылғалды беру үшін, кемінде жылына 40 — 45 текше шақырым су керек. Аралдың бұрынғы 66 мың шаршы шақырым су айдыныннан, қазір небәрі, шамамен 25 шаршы шақырымға жуық су айдыны қалып отыр.
Орта Азияның егіс далаларында көптеген жылдар бойы мақтаның “ Солыма ” деген ауруына қарсы ДДТ химикаты пайдаланылған. Ол адам үшін өте қауіпті, өзі табиғат аясында ыдырау дегенді білмейді. Сол ДДТ және де басқа да улы химикаттар, көптеген жылдар бойы егіс алқаптарынан ақаба күйінде ағып шығып, теңізге келіп қосыла берген. Кейінгі жылдарда Арал өңірінде – малға, балыққа, құсқа қорек болып, адамдарды асырап келген жүздеген табиғи көлдер тартылып кетті.
Аралдың балық аулау ауданында Арал теңізіне құятын өзендердің атырау аумағы кіреді. Балық өңдеу зауыттары бұрын Әмударияның атырауынан, Аван кентіне, Бөген ауылында, бұрынғы Ұялы және Ұзынқайыр аралдарында орналасқан болатын. Алған Амударияның атырау тұсы Арал теңізі аталып ( аралдардың өте көп болуы себепті ), кейін теңіз түгелдей Арал атанған.
Арал теңізі – Қазақстанның інжу — маржаны, шөл белдеміндегі бірден — бір көгілдір су айдыны еді. Мойнақтан Аралға дейін кемелер ерсілі — қарсылы жүріп жататын. Енді міне, Арал теңізінің деңгейі 23 метрге дейін төмендеп, оның су айдыны 30 — 200 км — ге дейін қусырылды. Табанының біраз аумағы қолдан жасалған шөлге айналып шыға келді, оған “ Аралқұм ” деген ат та беріліп үлгерді. Аралқұмда улы тұздардың миллиардтаған тоннасы шөгіп жатыр. Судың тұздылығы 40 пайызға артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану бұрын соңды болмаған көрсеткішке жетті. Тыңайтқыштарды қолдану 10 — 15 есеге өскен. Осындай анропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты. Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зиянды өте жоғары 2 млн. тонна тұз шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастайды.
Сонымен, Арал апатына себеп болған факторларға:
- жергілікті жердің тарихи — табиғи ерекшеліктерін ескермеу;
- ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау;
- суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу;
- жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдаланбау;
- табиғи ресурстарын пайдалануға жіберген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі болып табылады;
Осы аталған фактілер Арал теңізінің экожүйесіндегі тіршілік атаулыны экологиялық дағдарысқа әкелді. Бұл жағдайлар адам баласының қолдан істеген қателігі ретінде дүние жүзіне белгілі болды.
Арал өңірінде туындап отырған қазіргі экологиялық апаттар нышаны жыл өткен сайын теңіз суын тарылтуда. Оның фаунасы мен флорасы жойылып бітуге жақын. Топырақтың тұздалуы өте жылдам жүруде. Арал теңізінде балық өсіру шаруашылығы тоқталып, соңғы 1 — 2 жылда ғана қайта қолға алынды. Ондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Теңіз түбінен көтерілген улы тұздың мөлшері жылына 13 — 20 млн. тонна деп есептеледі. Тіптен, тұзды шаңдар әсері сонау Орта Азия республикалары аумағына жетіп, ауыл шаруашылығына зардабын тигізуде. Шаңды бұлттар – Памирдің, Алтайдың, Тянь-Шаньға барып түсіп, бастауын сол жақтан алатын өзендердің режимін де бүлдіріп отыр. Арал өңіріндегі климаттың өзгеруі шөл белдемінің табиғи ландшафтарын бірте — бірте күрделі, әрі қайтымсыз антропогендік экожүйелерге қарай ығыстыруда.
Бұл өңірдегі антропогендік факторлар ондағы тұрғындардың салт — дәстүріне, экономикалық — әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етуде. Жұмыссыз қалған балықшылар әлеуметтік жағынан қорғаусыз қалып, басқа аймақтар еріксіз қоныс аударуда. Бір кездері жайнап тұрған Аралдың құты қашып барады. Тұз жеп тастағандай сұрқай үйлер, судың жеткіліксіздігінен қурап кете жаздап тұрған тал-теректер. Өлі теңіздің маңайындағы бұрынғы қалалық портта, қаңсып-қираған балықшылардың кемелері. Арал маңында 29 сасық көлдер пайда болды. Ауыл аймақтардың малы содан су ішеді.
1980 жылдардың аяғында Арал — 88 атты экспедиция ұйымдастырылған болатын. Олар – Арал теңізі, Сырдария мен Амудария бассейндерінде 13 мың шақырым жер жүзіп өтті. Теңіз өз порттарынан 60 — 70 шақырым шегініп кеткенін анықтаған. Балықшылардың – трауерлері, шхуналары, катерлері, моторлы қайықтары мен баркастары, қу далаға айналған, теңіз табанында суырылған құмға жонын тосып, тот басып шіріп жатыпты.
Теңіздің деңгейі жыл сайын жарты метрге төмендеп барады, яғни қажетті шаралар қолданбаса ендігі оншақты жылда, Арал теңіз ретінде жойылып, әр жерде бөлек — бөлек ластанған бірнеше су қоймаларына айналып кетуі әбден мүмкін.
“Возрождение” аралы алапат апаттың араны
Арал теңізі және оның экологиясы туралы айтқанда “ Возрождение “ аралына тоқтамай өтуге болмайды. Возрождение аралы бұрынғы Кеңес Одағының 1992 жылға дейінгі ең құпия әскери нысаны болып келді. Онда орналасқан полигон 1980 — жылдардың соңына дейін бірнеше кодты атаулары бар биологиялық қару мен жабдықтарды сынақтан өткізіп отыратын жасырын мекенге айналды. Бұлар негізі “ Аральск – 7 ”, “ Бархан ” және “ ПНИЛ – 52 ” ( полевая научно — исследовательская лаборатория ) деп аталатын нысандар арқылы жүзеге асып жатты.
Ертеректе Арал теңізінің алып айдынында 300 – ден аса аралдар болған екен. Қазіргі таңда бұлардың арасындағы ең ірілері – Барсакелмес пен Көкарал жермен бір жағалауын ұштастырып, түбекке айналып кетті. Ал, бір кездергі Возрождение, Комсомол, Шағала, Константин және Лазарев аралдары үлкен бір аралға бірігіп, бүгінде Возрождение деген ортақ атқа иеленіп отыр. Бұл аралдың өзі Қарақалпақ жеріндегі Мойнақ қаласы тұсынан құрлықпен шектесіп кетуге шаққа қалып тұр.
Осы ретте Арал теңізі мен Возрождение аралының таяу ғасырдағы тарихына тоқталып өткеннің артықшылығы болмас. 1924 жылы республика орталығы Орынбордан Қызылордаға көшірілетін туралы шешім шыққаннан кейін бұрын Түркістан АССР — інің қарауында болған Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақ АССР – інің бағынысына ауысты. Ал, 1936 жылғы 5 желтоқсанда Қазақтан одақтас республикаға айналған кезде қарақалпақтар Өзбекстан республикасының әкімшілік құзырына қарады. Осылайша 1920 — шы жылдардан бастап 1936 жылға дейін Арал теңізі түгелімен біздің республиканың аумағына енді. Әлбетте, Возрождение аралы да бізге қарады. 1963 жылы Л. И. Брежнев Өзбектан мен Қазақстанның теңіз аумағындағы шекарасын терістікке қарай жылжытып, көршілерді теңіздегі үлес мөлшерін көбейте түсті. Сол тәртіппен Возрождение аралының 78,97 пайыз бөлігі өзбектер жағына қарап кетті.
Атақты аралдың қуатты әскери полигонга айналуы теңіздің екі республика арасында бөлініске түскен 1936 жылымен дәлме — дәл келеді. Сол жылы Сталиннің бұйрығына сай айдын ортасындағы оқшау отау – Возрождение Қызыл Армияның Ғылыми — медициналық институтының пайдалануы үшін Қорғаныс министрлігіне берілді. Профессор Иван Великанов бастаған құрамы 100 кісіден тұратын бірінші экспедиция сол жылдың жазында — ақ аралға келіп жайғасты. Зерттеушіліер арнайы бағыттағы кемелермен және ұшақтармен қамтамасыз етілді. Олар бастапқы жылы туляремия мен соған ұқсас микроорганизмдердің таралуын бақылайтын тәжірибелерді жасап көрді. Бірақ, бұл экспедицияның ғұмыры ұзаққа созылмады. 1937 жылдың күзінде зерттеу орталығының жетекшісі мен бірнеше маман “халық жауы” деген жаламен ұсталып, атылып кетті.
Кеңес үкіметі содан кейін Возрождениеге тек 1952 жылы ғана назар аударды. Алдымен ресми түрде Аральск — 7 аталған биологиялық қаруларды сынақтан өткізетін полигон қалпына келтірілді. 1954 жылы Комсомол қатарға қосылды. Далалық ғылыми зерттеу зертханасы түрлі тәжірибелерді жүзеге асырып тұру мақсатында құрылды. Құрамында едәуір әскері бар № 25484 — санды әскери бөлім де аралға орналастырылып, ортақ жұмысқа жұмылдырылды. Зертхана кеңес әскерлерінің биологиялық қарулардың соққысынан қорғану әдісі жөнінде эксперимент жүргізумен шұғылданды. Мұнда сондай — ақ әскери техника, құрал — жабдықтар, қорғаныс киімдері үнемі сынақтан өтіп тұрды.
Возрождение аралындағы биологиялық қаруды сынау алаңы оңтүстік беттегі сынақ кешені мен солтүстік шеттегі әскери қалашық болып екі бөлікке бөлінді. Қалашықта казарма, тұрғын үйлер, бастауыш мектеп, балалар бақшасы, асхана, қоймалар және электр станциясы болған. Мұнда тұрған арнаулы құрам ұдайы сақтану шараларынан өтетін болған. Оларға жұмыстарына байланысты төлемақы төленіп келген. Тұрғын жайларға жақын маңға қоныс тепкен ПНИЛ зерханалары қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылып тұрған. Аралдың солтүстік бөлігіне сондай — ақ Бархан атты әуежай орналасқан.
Аралдың оңтүстік бөлігінің аспан астындағы сынақ алаңында биологялық қарудың аэрозол компоненттері моделінің тарауын, оларды табу тәсілдерін, түрлі типті биологиялық құралдары бар шағын калибрлі аэрозол бомбалары ауқымын сынау жұмыстары жүрді. Ашық аспан астындағы жарылыстар көбіне желдің оңтүстікке қарай соғып тұрған кезінде жасалған. Зерттеушілер биологиялық қару залалы осылайша аралдың теріскейіндегі әскери қалашыққа әсері болмауын көздеген. Ал арнайы бөлімшелер алдын — ала қауіпсіздік әрекеттерін орындап отырған. Алайда, аралда құпия жасалып жатқан мұндай әрекеттер аймақ тұрғындарына көп ұзмай белгілі болып қалды. Себебі, мұндағылар қанша жерден сақтық шараларын қарастырып, қымтану қимылдарын жүзеге асырса да сынақты залалды зардаптары айналаға таралмай қалмаушы еді. Сол сынақтардың соңын ала мұндағы адамдар арасында жедел бой көтеретін түрлі науқастар оларды еріксіз ойландырды. Мұнымен қатар далада жүрген жануарлар мен теңізде жүзген балықтың қырылу деректері кей жылдары қылаң беріп тұрды. Сондықтан Арал өңіріндегілердің бұл жағдайлардың сырын білуге құштарлық танытулары табиғи заңдылық болатын.
Сырдарияның зеңгір көкте жасын ойнатқан тұңғыш жарылыс 1956 жылғы 2 ақпан күні тіркелді. Сол күні Еділ бойындағы Капустин Яр атты полигоннан ұшырылған қуаттылығы 0,3 килотонна Р — 5М баллистикалық ракета есепті уақыт ішінде Арал теңізінің солтүстік жағалауындағы тақырдың үстінде от болып шашылды. Ядролық зарядпен оқталған бомбаның жарылуын қамтамасыз еткен “ Байкал ” атты бұл операцияның мұндағы жұртшылыққа қаншалықты зиян әкелгенін, қоршаған ортаға қандайлық залалы болғанын бүгінгі күн тұрғысынан анықтау бізге кәзір қиынға соғып тұр.
Себебі, ендігі жерде оқиғаны өз көзімен көргендерді табу оңай шаруалардың бірі емес. Бұдан қалды, Мәскеу кезінде осы жойқын жарылыс зардаптарын зерттеуге тыйым салған еді. Қазіргі уақытта бізге белгілісі, сол күндері Кремльдің Съездер сарайында КОКП — ның әйгілі ХХ съезі өтіп жатқан болатын. Оқиға орын алысымен еліміздің жоғарғы әскери қолбасылары коммунисттер форумын жүргізіп отырған мемлекет басшыларына операцияның “ сәтті ” өткендігін мақтанышпен баяндап жатты. Сөз ретінде айта кету керек, алғашында Байқоңыр полигоны да ядролық оқтұмсықты ракеталарды ұшырып тұрды. Дәл сол 1950 жылдардың ортасында бұл жерден алғаш рет континентаралық Р — 7 ракетасы зымырай ұшып, ядролық зарядты бомбаны бір қиырдағы Камчатка түбегіне жеткізді.
Арал аймағындағы ашық аспанның астында жүзеге асырылған келесі ядролық жарылыстар 1961 жылдың күзінде қыркүйек-қараша айларына тұспа-тұс келді. Әуелі қыркүйекте 50 шақырым биіктікке қуаты 11,40 килотонналық екі атмосфералық жарылыс жасалды. Екеуі де жерге жақын жарылғандықтан еш залалсыз кетпеуі мүмкін емес еді. Бұдан кейін қазан айында болған осындай екі жарылыс жоғарғы ауа қабатын қамтыды. Олар көк жүзіндегі 150 — 200 километр биіктікте шашылды. Ал, қуаты 1,2 килотоннаны құрады. Осылардың соңын ала қараша айында тағы үш жарылыс сынақтан өтті. Бұлар атмосфералық аумақтың 300, 150 және 80 шақырымдық өлшемдерінде орындалды. Атап өтетін бір жайт, осынау сынақтар кездерінде ядролық заряды бар екі континентаралық ракета әлгіндегі Капустин Яр полигонынан Арал мен Байқоңырға қарай үнемі ұшырылып тұрды. Олардың біріндегі ядролық заряд ұшып жеткен бойы міндетті түрде ауада жарылатын. Ал, екіншісін, Байқоңырдан қарсы ұшқан ракета қағып түсіретін. Сөйтіп, әрбір операцияның барысында екі бірдей міндет атқарылды. Бұл жарылыстардың бәрінің түпкі мақсаты Мәскеуді ядролық шабуылдан қорғап қалуға дайындықты жетілдіру болатын. Сонымен, бар — жоғы 3 айдың шамасында әуеде осындай 7 жарылысқа жол берілді. Бұған осыдан 5 жыл бұрынғы алғашқы жарылысты қоссақ, ұзын саны 8 — ге жетеді екен.
Қырық жыл бойы осындай ашық ауада жүргізілген сынақ кезінде, жұқпалы бактериялардың, полигон сыртына щығып кетпегендігіне қазір ешкім кепіл бола алмайды. Себебі, сол жылдары аралға жақын жерлерде, шала жансыр, ауру және өлген балықтарды, құстарды балықшылар көріп жүрген.
“ Возрождение ” аралында биологиялық қарулардың қалдықтары да көмілген көрінеді. Көп уақыт жүргізілген бактериологиялық сынақтардың залалы әлі зерттелген жоқ. Бүгінгі күні, бұл арал қараусыз жатыр. 1992 жылы Ресей әскерлері бұл маңнан толық кетісімен Өзбестан мен Қазақстанның аралға жақын маңайдағы елді мекендерінің тұрғындары осылай қарай тал — таяғымен ағылды. Олар әскерилердің тастап кеткен түрлі техникалары мен тұрмысқа керекті бұйымдарды талап алды. Жанар — жағар майдың мол қорына кездесіп, оны сауымдап тынды. Сосын түсті металл жинайтын топ шықты. Олар қарап жүрмей жер шұқып, топырақ қазды. Осының бәрінің залалды болуы мүмкін екендігі тастандыға қызыққан тобырды оншалық ойландырмады. Ал, дәрігер — ғалымдар полигон жерінде, бактериялық қаруға жататын вирустардың көмбесі болуы әбден мүмкін деген тұжырымдама айтуда. Ол вирустардың қайта тірілу мүмкіншілігі де бар, құстар арқылы құрлыққа да жетуі мүмкін. Оның үстіне “ Возрождение ” аралының айналасынан су кетіп, ол бірте — бірте құрлықпен жалғанып барады. Бұл өңірде, соңғы жылдары – оба, тағы басқа бұрын сирек тараған трансмассивтік ауру түрлерінің табиғи ошағы жанданғанын көрсететін нақты фактілер де аз емес. Мысалы, Арал өңірінде оба, аусыл аурылары кездесіп жатыр. Жұқпалы ауларды таратушы жәндіктердің бір ерекшелігі, олар бұл аурумен өздері ауырмайды екен. Сол кездері өрісте жүрген қойлардың жүндерінің сыпырылып түскенін, біразы баудай түсіп, қырылып жатқанын көргендер осы күні де бар. Аралдың терістік қапталындағы құмды далалық алқапты сол кездері кенеттен қарап болған киіктердің де сасыған иісі алып кеткен. Мұндай жағдайлар сонау алыстағы 1960 жылдардың басынан кейін тағы екі рет орын алған. 1978 жылы арал теңізінің арқа беткейіндегі қырда ақбөкеннің төсек болып жатқан сүйегінен аяқ басатын жер болмаған. Мамандар сол жылдары облысқа таяу маңдарда шамамен 300 мың қаралы киіктің белгісіз бір құбылысқа байланысты құрбан болып кетенін айтады. Дәл сондай оқиға 1989 жылы қайталанады. Бұл жолы шамамен 540 мың бас құралпындағы “ дала аруы ” көздері жәудіреп қылжиып қала берген. Тап сол жылдары Арал теңізінің айдынындағы балықтардың да қаптап су бетіне қалқып шыққанын мамандар айталы.
Жоғарыда айтқандай, Арал теңізі мен аудан елді мекендерінің төбесінде 8 мәрте жарылыс болғаны жазылды. Әрине, бұл зерттеушіліер арқылы белгілі болған деректер ғана. Ал беймәлімі қанша? Мұны ешкім қазір дәл тауып айтып бере алмайды. Ендеше, жоғарыдағы екі қырғын алдында да сондай бір алапат болмағанына кім кепіл?!
Қалай дегенде де, қырық жыл уақыт бойы адамзатты түрлі аурулар арқылы жаппай қыру тәжірибесі үздіксіз жасалып келген Возрождение полигон — аралымен ойнауға болмайды. Мұнда 1980 жылдардың соңына қарай қуатты инфрақұрылым құрылған еді. Жергілікті тұрғындар әбден тонап әкеткеннен қалған қаңқасының өзі оның ауқымды кешен болғанын байқатады. Бұл кеңестік әскери биологиялық бағдарламаға есепсіз қаржының жұмсалғанын пайымдау қиын емес. 1988 жылдың көктемінде АҚШ Үкіметі Возрождениеге қарсы дау шығарды. Сол уақытта Вашингтонға Кеңес Одағының 1972 жылғы Конвенцияны аяқасты етіп, сібір жарасының ажал шашатын жауынгерлік агенті – антракс деп аталатын түрін талдап жасап жатқаны туралы мәлімет түседі. Антракс – аса қауіпті биологиялық қару. Бұл өте ежелгі микроорганизм сұмдық қатерлі ауруды тез арада айналаға таратып, қоршаған ортаның күлпаршасын шығара алады. Ол топырақ қабатына шексіз уақыт сақталып жатып, ақырын жан — жағында өлімнің өзегін өркендете береді. Қолдануға дайын күйдегі антракстың түсі қызғылт ұнтақ болады.
Ең сұмдығы мынау. Америкалық “ The New York Times ” газетінің мәліметіне қарағанда, халықаралық деңгейде көтеріліп келе жатқан жаңағы дауды басу үшін КСРО жағы жиналып қалған көп тонна антраксты тез құртудың жолдарын қарастырады. Сосын Екатиренбург түбіндегі әскери кәсіпорынның мамандары айрықша құпия сақтай отырып, бұл сібір жарасын қоздырғышты тот баспайтын болаттан жасалған арнайы ыдыстарға салып, үстіне хлорлы әкті төгіп тастайды. Бұдан кейін ажал оғын сепкіш бұл ауыр жүк 24 вагонға тиеліп, сонау Орал бойынан Арал қаласына дейін жеткізіледі. Антракстің ендігі аялдар мүйісі Возрождение аралы болды. Қауіпті қоздырғыш мұнда жермен тасылып әкелінген соң 11 көрге ( могильникке ) көмілді. Енді олардың қаншалықты сенімді көмілгені, сыртқы ауаға тарау мүмкіндігі құпия қалпында қалып отыр. Белгілісі, әлденеше ғасырлар бойы бойындағы бактериясының күшін сол күйі сақтай беретін осынау қызыл ұнтақтардан біз құтыла алмаймыз. Және ол біздің бір бүйірімізде жатыр. Оның қашан бұрқ етері белгісіз.
Жалпы қазір Арал теңізінің аумағы биологиялық қарулардың әлемдегі ең көп көмілген қорымы саналуда. Америкалық жоғарыдағы беделді басылымның дерегіне сүйенсек, АҚШ жағы 1992 жылға дейін Кеңес Одағының Орта Азияда ірі көлемде антракс жасап келгенін білмеген көрінеді. Олар тек 1988 жылы ғана орбиталы жер серігінің көмегімен аралдағы айрықша белсенділікті ғарыш көгінен көргенін тіркеп қоя салған екен. Америкалықтар нағыз құжаттарды сол елең — алаң кездерде өз елдеріне эмиграцияға келген Степногорск биотехникалық орталығын басқарушы, әскери биолог полковник Қанатжан Әлібек арқылы қолдарына түсіпті. Арада үш жыл өткеннен кейін, 1995 жылы америкалық мамандар өзбек жағының шақыруымен аралға жасырын келіп — кетеді. Олар антракс көмілген туннельге тәжірибе жасап көреді. Сонда алған нәтиже бәрін естен тандырады. Антракстың түйіршіктері өте қауіпті дезинфекциядан өткізілгеніне және 10 жылдай уақыт көміліп жатқанына қарамастан, қуатын жоймаған болып шықты.
Қазақстан ғалымдары көңілі қалаған кісі Возрождениеден сібір жарасының штампын оп — оңай алып қайта беретінін айтады. Өйткені, аралды былай қойғанда ондағы нысандар мен түйіршіктер көмілген жерлер биіктің бақылауында тұрған жоқ. Мұның үстіне дәл осы атараптан мұнайдың мол қоры табылғаны айтылып жүр. Олай болса, енді таяу жылдарда арғы жағынан өзбектер келіп, бергі беттен қазақ қауымы барып, сол мұнайдың түбі көрінгенше жеті қат жердің қойнауынан сора бастайды. Бұл дегеніңіз шамалы жылдан соң арал талай адамның табаны тиетін үйреншікті мекенге айналады.
Қатерлі ауруларға шалдыққан аралдықтар
Қазақстан мен Өзбекстан жақтарының қаншама өтініш білдіргеніне қарамастан, сол жердегі зертхана сырын толық ашылмай отыр. Ресей әскерилері осынау территорияда көмілген сібір жарасы үшін ешбір жауапкершілікті мойнына алып та отырған жоқ.
Осы жерде ойға оралатын бір жәйт, соңғы жылдары облыстың Арал ауданы төңірегіндегі әр жерден бір бубонды обаның ошағы бұрқ етіп қалып жүр. Дәрігер қауым әзірге оны түйе үстіндегі бүргеден көруде. Ал, сол бүргеге осы аса қауіпті дерт қайдан жұқты екен? Осыны ойлаған жан бар ма? Бәленің бәрі аралда жатқан жоқ па? Болмаса әуеде жарылған атом жарылыстарының әсері қандай? Сол сияқты соңғы жылдары тайлы — таяғымен келіп, аралдан темір — терсек теріп жүрген жергілікті тұрғындардың ауру жұқтырып алулары да тым қиын емес қой. Қалай дегенде де, шырмауықтай шұбатылған шым — шытырық жұмбақтар көп. Енді оны түбегейлі шешу алдағы күндердің еншісінде болса керек.
Аралда сібір жарасы, яғни күйдіргі жұқпалы дертін тарататын бактериядан бөлек КУ безгегі, оба, қара шешек, ботулизм, шиқан, түйнеме, сал, маңқа, энцефалит, бөртпе сүзегі сияқты қатерлі аурулардың да көмілген нүктелері бар.
Жыл өткенсайын теңіз табанының кебуі, оның ұлтанындағы тұз, шаңдардың көбеюі, сол маңайдағы жерден өсіп шыққан өсімдіктер мен егістіктерге кері әсерін тигізуде. Бұл өңірде, Байқоңыр ғарыш орталығынан ұшып жатқан зымырандардың жерге кері қайта құлап түсуі де жиілеп барады. Құлап келе жатқан зымыранан өте улы гептил қосылысы төгіліп, ауаға тарап, оны ластап отыр. Кейін ол жаңбырмен бірге жерге түседі. Осылардың әсерінен, бұл өңірде бұрын — соңды есітпеген ауру түрлері көбейіп барады.
Қазіргі Арал өңірінде де адамдардың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Бұл өңірде соңғы мәліметтер бойынша туберкулез, бүйрекке тас байлану, сарысу, өкпе — тыныс жолдарының қабынуы, жүрек, өкпе қан қысымы, жұқпалы аурулар республиканың басқа өңірімен салыстырғанда жоғары көрсеткішті беріп отыр. Мысалы, Қызылорда облысында жыл сайын 850 — 950 адам онкологиялық сырқат бойынша есепке алынады. Осы облыс көлемінде бір ғана туберкулез ауруымен науқастанған адам саны 19,5 мың. Өкпе туберкулезі де көбейіп барады. 1994 — 1999 жылдар аралығында бұл жұқпалы ауру 1,5 есеге көбейген. Адамдардың өзіне — өзі қол жұмсауы да көп болып келеді, балалы әйелдердің 70 пайзы анемия ауруына шалдыққан. Ең қорқыныштысы, балалар арасында кеміс болып туылуы азаймай отыр. Қоян жырық, бес саусағы біріккен, бітеу көтеншек, қол аяғы кеміс туғандармен бірге сиям егіздерінің де туылуы кездесіп отыр. Бұлардан басқа балалардың рахит, жұқпалы сары аурумен ауыруы жылдан — жылға көбейіп барады. Мұндай ауру турлерінің жайылып келе жатуы келешек үшін өте қауіпті.
Бірқатар зерттеулердің нәтижелері бойынша, Арал өңірі апат аймағының тұрғындарының 91 пайызының қанында пестицидтердің бар екендігі, сондай — ақ ана сүтінің құрамындағы тұз бен пестицидтердің қалыпты жағдайдан жоғары екендігі анықталды. Соған орай бұл аймақта әлеуметтік — экономикалық және санитарлық -гигиеналық жағдайлардың нашарлауы байқалады.
Бір жағынан жұмыссыздықтың өсуі, халық тұрмысының төмендеуі, екінші жағынан азық — түлік бағасының күрт өсуі халықтың тамақтану жағдайын нашарлатты. Жеткіліксіз тамақтану экологиялық апат аймағы тұрғындары денсаулығының нашарлауының негізгі себептерінің біріне айналды.
Қорытынды
Арал проблемасы бүкіл дүние жүзі халықтарын алаңдатуда
Арал өңірінің экологиясы, Арал қасіреті республика аумағынан асып, бүкіл планетаның бас ауруына айналып отыр. Оны сауықтыру бағытында Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Қырғыстан Тәжікстан, Өзбекстан және Түркменстанның президенттері бірнеше рет кездесті. Оның біржола жойылып кетуі Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес, көптеген Шығыс елдерінің тыныс — тіршілігіне өзгерістер әкелмек. Ал әлемдік климаттың өзгеруі, шөлге айналу, атмосферадағы ауытқушылықтар, антропогендік экожүйелердің тұрақсыздығын тудырады. Арал мәселесі соңғы 10 шақты жылда географ және эколог ғалымдар арасында жиі — жиі пікірталастар туғызуда. Арал мәселесі туралы халықаралық конференциялар ұйымдастырылды. Өркениетті елдер қаржылай көмек көрсетуде. Олар негізінен Орта Азия республикалары, Ресей, АҚШ, Жапония, т. б. мемлекеттер.
Мемлекет басшыларының шешімімен, Арал бассейнін қалпына келтіру жобаларына қолдау білдіру туралы шаралар айқындалды.
Арал теңізі мәселелері жөніндегі келісім – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысымен Орталық Азия Елбасыларының 1993 жылдың қаңтарында Ташкентте қабылдаған шешімі бойынша 1993 жылғы 26 наурызда Қызылорда қаласында өткен Арал теңізі мәселелері жөніндегі 1 — інші конференцияда жасалған келісім. Ол “ Арал теңізі және Арал аймағы мәселелері, экологиялық сауықтыруды, аймақтың әлеуметтік — экономикалық дамуын қамтамасыз етуді бірлесіп шешетін ортақ шаралар туралы келісім ” деп атады. Келісімге Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев, Қырғыстан президенті А. Ақаев, Тәжікстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Э. Ш. Рамонов, Өзбекстан Президенті И. А. Каримов, Түркменстан президенті С. А. Ниязов қол қойды.
Келісімнің арнайы баптарында Арал теңізі бассейніндегі экологиялық дағдарысқа байланысты негізгі мәселелер нақты қаралды. Апаттың алдын алуға, қоршаған ортаны сауықтыруға және арал аймағының әлеуметтік — экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, денсаулық сақтау, тұрмыстық қажеттіліктерді өтейтін істерге тікелей назар аударылды. Келісімді орындайдың алғашқы шарты есебінде Халықаралық Арал қоры, арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылды, олардың ұйымдық мәселелері шешілді. БҰҰ — ның Бас Хатшысына Орталық Азия Елбасыларының атынан үндеу жолданды. Онда Аралды сақтап қалуға, Арал аймағының келесі мәселелерін шешуге арналған салаларға дүние жүзілік қауымдастықтың назары аударылды.
Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекет аралық кеңес – Арал мәселелерімен айналысатын Орталық Азия елдері Елбасылары кеңесінің атқарушы органы. 1993 жылдың 26 наурызында Қызылорда қаласында құрылған. Кеңеске Орталық Азияның әр республикасы үкімет басшыларының орынбасарлары бастаған 5 кісі және бақылаушы ретінде Ресей Федерациясының өкілдері енді. Мемлекет аралық кеңесті әр жылда Орталық Аизя елдері кезекпен басқаратын болып шешілді. Алғашқы кезек Өзбекстан Республикасына берілді. Кеңес өзінің атқарушы кеңестің, су мәселері жөніндегі, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми — техникалық және экологиялық даму жөніндегі комиссияларын бекітті. “ Сырдария ” және “ Әмудария ” бассейндік су шаруалары басқармаларын Кеңестің су мәселелері жөніндегі комиссиясы басқаратын болды. Кеңес өз жұмысын Халықаралық Арал қорымен және Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып жүргізді.
Арал теңізін сақтау жөніндегі халықаралық шаралар – Арал апатынан зардап шеккен елдер басшыларының іс — қимылдарына көмектесуге бағытталған алғашқы халықаралық келісім. 1990 жылдың 24 – 26 қаңтарында БҰҰ — ның қоршаған орта бағдарламасының (ЮНЕП) ұсынысымен жасалды. Бұл халықаралық құжат “ Арал теңізін сақтауға арналған нақтылы іске дайындыққа қатысу ” деп аталды. 1990 жылғы 11 – 12 қарашада Хаттамаға қол қойылып, келісім заңды түрде беікітілді келісім бойынша оқымыстылар мен мамандардың қатысуымен “Диагностикалық құжат” жасалды. Бұл ұлкен ғылыми -тәжірибелік зерттеу Арал апаты кеселінің бетін ашып берді, нақтылы іске бағдарлама жасауға себін тигізді. “ Диагностикалық құжат ” 1992 жылдың 4 тамызында ЮНЕП — тің басқаруымен Женева қаласында бекітілді, оған ҚР атынан Ұ. Қараманов, К. Салықов, Н. Мұқитанов қол қойды. Келесі сатыда Дүниежүзілік банк пен ЮНЕП, ПРООН, ЮНЕСКО, т. б. мекемелер қосыла отырып, орталық Азия елдерінің мемлекетаралық кеңесінің және Халықаралық Арал қорының басшылығымен “ Арал теңізі мәселелеріне нақтылы көмек Бағдарламасын ” іске қосты. Бұл тарапта 7 баңдарлама, 18 жоба жасалып, ауқымды жұмыс қолға алынды.
Осыған байланысты, кейінге ығыстыруға болмайтын нақты шара – осы өңірдің тұрғындарының халқының ахуалын жақсарту, жер асты суларын кеңінен пайдалану арқылы тұщы ауыз су жіберу, су құбырлары құрылысын жүргізу, “Көкарал” бөгеті құрылысын аяқтап, Кіші Аралды сумен толтыру.
Теңіздің тартылуы салдарынан, ауаның орташа ылғалдылығы 18 пайызға төмендесе, ауа райының жылы кезеңдері бір айға қысқарды. Бұл өлкедегі бұрынғы 3000 — дай көлден қазіргі таңда 85 — і қалды. Аралдықтардың қазіргі жоспары Кіші теңізді суға толтырып, оны бұрынғы қалпына келтіру. “ Көкарал ” бөгетінің құрылыс құрылыс жұмыстарын аяқтау. Егер, “ Көкарал ” бөгеті болмаса, сырдария суы Үлкен теңіздің тереңдіктеріне ағып барып, үлкен айдынға жайылып, бостан — босқа буланып, ауға ұшатын еді. Кіші теңіз тола бастағаннан бері, оның табиғи байлықтары да көбейе бастады. Оның болашағы баянды болу үшін, Кіші теңізге Сырдарияның суын көбірек жеткізу мәселесін түбегейлі шешу қажет.
Табиғат – бізге ата — бабамыздан мұраға қалған ең қасиеттіміз. Арал өңірін экологиялық апаттан құтқару үшін көпшіліктің күші, күресі қажет.
Қолданылған әдебиеттер
- “Экология және табиғатты тиімді пайдалану” Ә. Бейсенова, Т. Есполов
- Арал теңізінде орналасқан арал// “Егемен Қазақстан” 2004 жыл, 28 сәуір
- Арал аспанындағы атом жарылыстары//“Егемен Қазақстан” 2003 жыл, 29 қазан
- Арал өңірінің экологиялық проблемалары//”Атамекен” 2004 жыл, 24 маусым
- “Экология және таза су проблемалары” А. Баешов, Алматы 2003 жыл
- “Экология” Г. Оспанова, Алматы 2002
- Арал қайта тірілді//”Егемен Қазақтан” 2004 жыл,24 қараша
- “Экология негіздері” Ж. Жатқанбаев, Алматы 2004
- “Қазақстан” энциклопедия 2006
- “Экология” Байжомартов//Ақтөбе 2005