Жоспар:
Кіріспе————————————————— 2 – 3 б.
І. Негізгі бөлім:
1.1. Д.Рикардоның өмірінен мағлұмат——- 3 – 4 б.
1.2. Балама баға————————————- 4 – 5 б.
ІІ. Д.Рикардоның салыстырмалы артықшылық теориясы———————————————- 5 – 13 б.
2.2. Салыстырмалы артықшылық теориясының мәні————————————————— 14 – 21 б.
Қорытынды—————————————- 22 – 23 б.
Қолданылған әдебиеттер—————————— 24 б.
Кіріспе
Халықаралық экономикалық қатынастардың дәстүрлі және ең кең дамыған нысанына сыртқы сауда жатады. Дүние жүзінің барлық елдері үшін сыртқы сауданың рөлі ерекше маңызды.
Американ ғалымы Дж.Сакстың пікірінше «қандай бір ел болмасын оның экономикалық жетістігі сыртқы саудаға байланысты. Дүниежүзілік экономикадан оқшауланып, ешқандай ел дені сау, жөні түзу экономика жасай алған жоқ».
Халықаралық сауда – еңбек бөлінісі негізінде әр түрлі елдердің тауар өндірушілері арасында пайда болатын байланыстардың нысаны және олардың өзара экономикалық тәуелділігі.Ал егер нақты ғылыми тілмен айтатын болсақ, халықаралық сауда дегеніміз – дүние жүзі елдері арасындағы төлемді, жиынтық тауар айналысы.
Ғылыми-техникалық прогрестің ықпалымен экономикада жүріп жатқан құрылымдық өзгерістер, өнеркәсіп өндірісінің мамандануы мен кооперациялануы ұлттық шаруашылықтардың қарым-қатынасын күшейтеді. Мұның өзі халықаралық сауданың мейлінше дамуына мүмкіндіктер туғызады.
Сыртқы сауда айналым механизмі мен халықаралық сауданы реттеуді жақсы түсіну үшін, қазіргі сауда саясатының негіздері берілетін, ең маңызды халықаралық сауда теорияларымен танысу қажет.
Мемлекеттер не үшін саудамен айналысады? Елдер арасындағы сауданың негізін не құрайды? Деген сұрақтарға көптеген ғалымдар барлық тарихи кезеңдерде өз жауаптарын беруге тырысқан.
Сол ғалымдардың бірі – Давид Рикардо «Саяси экономияның және салық салудың принциптері» деген еңбегінде екі мемлекет арасындағы айырбас қай шектерде тиімді екенін және халықаралық маманданудың критерийлерін айқын көрсете отырып, салыстырмалы артықшылық теориясын көпшілікке ұсынды.
Міне осы жайлы біз сөз қозғаймыз.
1.1. Д.Рикардоның өмірінен мағлұмат
Давид Рикардо (1772-1823) Голландиядан Англияға эмиграцияланған ауқатты биржалық брокердің он жеті баласының ішіндегі үшіншісі болды. Ол он төрт жасында әкесінің қол астында бизнеспен айналыса бастады, бірақ жиырма бір жасқа келгенде оның еркінен тыс үйленеді, нәтижесінде әкесі одан бас тартады және мұрагерліктен айырады. Нарықпен бетпе-бет қалған Рикардо, құнды қағаздармен және жылжымайтын мүлікпен айтарлықтай сәтті айналысады: герцог Веллингтон Ватерлоо тұсында Наполеонның тас-талқанын шығарудан төрт күн бұрын, ол ағылшынның мемлекеттік құнды қағаздарын сатып алады. Олардың құнының көтерілуі Рикардоны өмірінің соңына дейін бай адам қылып, қырық үш жасында бизнестен кетуіне және экономика ғылымына зер салуына мүмкіндік берді.
Бірде 1799 жылы Рикардо А.Смиттің «Табиғатты зерттеу және халықтың баю себептері» атты кітабына кез болып, қолы боста негізгі ермегіне айналған экономика ғылымына ғашық болды. Өзін ауқатты өмірмен қамтамасыз еткеннен
кейін, Давид Рикардо 1817 жылы жарыққа шыққан «Саяси экономияның және салық салудың принциптері» деген еңбегінде, экономиканың құрылымды теориясын толығымен және салыстырмалы артықшылық теориясын дербес ұсынды. Рикардо өз кітабын «түсініксіз» деп санағанына және оны шынайы тек «көп дегенде 25 адам ғана» түсінер дегеніне қарамастан, ол оған әлемдік атақ әкелді. Салыстырмалы артықшылық теориясының авторлық құқығы біраз уақытқа дейін дауға салынады. Масыл жандар оны хабарсыз полковник Роберт Торренске (1780-1864) жазды. Дегенмен де Рикардо оның негізін қалаушы және экономикалық ойдың классикалық мектебінің шеңберіндегі жаңа бағыттың құрастырушысы болып саналады.
Замандастарының айтуындай Рикардоның дауысы «өткір және сықырлауық» болғанымен де, ол мәртебелі шешен ретінде көзге түсті. Өмірінің соңғы кезеңінде ағылшын парламентінің мүшесі бола отырып, бірнеше жылдар бойы депутаттарға экономиканың тұғырнамасын түсіндірген. Рикардо құлақ індетінен 51 жасында кенеттен қайтыс болды. Қалдырып кеткен өсиетіне сәйкес, оның ұлдары мұрадан, әйелі мен қыздарына қарағанда, сегіз есе көп бөлікті иемденді.
1.2. Балама баға
Рикардо сыртқы экономикалық қызметтің ерекшеліктерін анықтауға көп үлес қосты. Ол өз еңбегінде былай деп жазды: «Бір елдегі тауардың салыстырмалы бағасын реттейтін ереже екі немесе бірнеше мемлекеттер арасында
айырбасталатын тауардың салыстырмалы бағасын реттей алмайды». Бұл жерде негізгі орында баға мәселесі тұр.
Салыстырмалы артықшылық теориясы балама баға ұғымын қолданады екен. Ол, өндіруге жұмсалған жұмыс уақыты арқылы өрнектелген, ішкі нарықтағы екі тауардың бір бірліктерінің бағаларын салыстыруға негізделген (тауардың бір бірлігі 2 жұмыс уақытымен өндірілген).
Балама баға – бірінші тауардың бір бірлігін өндіруге қажетті кеткен уақытты, екінші тауардың бір бірлігін өндіруге қажетті кеткен уақыттың көрінісі.
Жоғарыда айтылған ойды былай да өрнектеп көрсетуге болады:
А1
А2
Бірдей тауарлар өндірісіндегі балама баға І-ші мемлекетте ІІ-ші мемлекетке қарағанда төмен деп жорамалдайық. Яғни:
А1 < А1’ .
А2 А2’
Немесе,
А1 < А2 .
А1’ А2’
Жоғарыдағы формула кез-келген екі мемлекет пен екі тауар үшін әділ, себебі салыстырмалы артықшылық әр мемлекеттегі еңбек өнімділігінің қатынасына ғана тәуелді.
2.1. Д.Рикардоның салыстырмалы артықшылық
теориясы
Алдыңғы қатарлы елдердің машина өндірісіне өту кезеңінде Адам Смит халықаралық саудадағы тиімділік туралы мәселе қойды. Өзінің меркантилизмді сынауға арналған атақты «Халықтар байлығының себептері мен табиғаты туралы зерттеу» (1776 ж.) атты еңбегінде, ол мемлекетке сыртқы рынокта сату ғана емес, сатып алу да тиімді болатынын болжап, қай тауарды экспорттау және қай тауарды импорттау тиімді болатындығын анықтауға тырысты. А.Смиттің бұл тәсілін әдебиеттерде абсолютті артықшылық теориясы деп аталады.
Д.Рикардоның салыстырмалы артықшылық теориясы өз бастауын осы А.Смиттің абсолютті артықшылық теориясынан алады.
А.Смит идеясын жай модель арқылы сипаттауға болар еді. Бірақ әрбір модель абстрактылы болғандықтан, оны талдау үшін бірнеше шарттарды еңгізу қажет. Аталған шарттар төменде көрсетілген:
1-шарт. Әлемде тек екі мемлекет бар.
2-шарт. Бұл елдерде тек екі тауар өндіріледі.
3-шарт. Елдер арасындағы сауда ешбір шектеусіз жүзеге асырылады.
4-шарт. Халықаралық сауда үйлестірілген (импорт экспортпен төленеді).
5-шарт. Өндіріс факторлары елдер арасында ауыспайды.
6-шарт. Тауардың бағасы мен өнімділігіне еңбек қана әсер етеді.
7-шарт. Өнім шығарылуы мен еңбек арасындағы арақатынас тұрақты (көлем тиімділігі).
8-шарт. Өндіріс факторлары салалар арасында еш шектеусіз ауыса алады.
9-шарт. Екі ел мен екі салада жетілген бәсеке орын алады.
Ал егер де, бір ел барлық тауар бойынша абсолютті артықшылыққа ие болмаса, онда оның жағдайы қандай болмақ? Бұл сұрақты А.Смиттің теориясы қарастырмаған еді.
«Саяси экономия бастамасы мен салық салу» атты кітабында Д.Рикардо елдер абсолютті артықшылыққа ие болмаған жағдайда да халықаралық сауда қатынастарына түсе алатындығы туралы баяндады. Ол еңбегінде А.Смит моделі жекелеген жағдай ретінде енетін, халықаралық мамандану мен өзара тиімді сауданың жалпылама принциптерін жасады.
Әрбір ел ең әуелі өзіне неғұрлым мол табыс әкелетін, ондағы өз артықшылығы соғұрлым басым немесе бәсеңдеу болып келетін өндіріске мамандануға мүдделілік танытады.
Рикардо атап көрсеткендей, елдің ешбір өндірісте абсолютті артықшылығы болмаса да, сауда екі жақ үшін де тиімді. Тіпті сауда болмаған жағдайда да, екі ел арасындағы баға қатынасындағы сәл айырмашылықтың өзі әрбір ел үшін салыстырмалы артықшылыққа қол жеткізеді ( егер саудалық қарым-қатынастардың орныққанын есепке алсақ), яғни басқа тауарларға қарағанда, өндірісі анағұрлым тиімді
тауар өндіріліп, тап осы тауар басқасына айырбасталып, экспортқа шығарылуы тиіс.
Сонымен, Рикардо салыстырмалы артықшылық заңын ашты: ол бойынша, әрбір елдің белгілі бір тауарды шығаруда салыстырмалы артықшылығы болады және оны сауда кезінде басқа тауарларға айырбастау тиімді. Екі тауар өндіруден абсолютті шығындар деңгейі жоғары елдер де тауар айырбасынан пайда ала алады.
Салыстырмалы артықшылықтар теориясы әмбебап болып табылады. Ол тек ұлттар арасында ғана емес, сонымен қатар, аймақтар, кәсіпорындар және ұлттық шаруашылықтар ішіндегі адамдар арасындағы кез-келген еңбек бөлінісінің артықшылықтарын негіздейді. Алайда, ол, ең алдымен, халықаралық еңбек бөлінісінің қажеттілігін теориялық тұрғыдан растайды және экономикалық ғылым тарихында оны бірінші үлгісі ретінде қарастырады.
Модельдеу Батыстың экономикалық ғылымында халықаралық еңбек бөлінісі мәселелерін талдаудың негізгі әдісіне айналды. Салыстырмалы артықшылықтар теориясы – халықаралық сауданың бағыттары мен себептерін түсіндіретін жұртшылыққа кеңінен танымал классикалық негіз болып табылады. Экономикалық теориядағы терең білімі жоқ адамдардың өзі де табиғи-географиялық айырмашылыққа байланысты сауданың маңызы мен қажеттілігін түсінеді. Әйтсе де елдер арасындағы сауда мемлекет барлық салаларда абсолютті үлкен тиімділікке ие болғанда ғана пайдалы. Рикардо атап көрсеткендей, айырбас белгілі бір елдің басқа бір елге қарағанда, барлық тауарларды неғұрлым төмен салыстырмалы шығындармен өндірген жағдайда да тиімді. Тек онда белгілі бір елдегі салыстырмалы шығындар арасындағы айырмашылық басқа елге қарағанда, көбірек болуы қажет.
Салыстырмалы артықшылықтар теориясы қарапайым болғанымен, оны абстракты түрде түсіну едәуір қиын. Осы тұжырымдаманы меңгерудің ең жақсы әдісі – оны бейнелейтін мысалдар мен үлгілерді қарастыру болып табылады.
Өз заманының көптеген экономистері секілді, Рикардо да өз теориясын жетілдіру барысында мынадай көрнекті және нақты мысалға сүйенеді: Англия мен Португалия арасындағы шарап пен мата айырбасы. Өзгелері сияқты, Рикардо да осы тауарлардың құнын оларды өндіруге кеткен еңбек мөлшерінің өлшем бірлігін қолдану арқылы бағалайды (еңбек құны қағидасы). {1-кесте}
1-кесте:
Өнім
Шарап,1бөшке Мата, 1 дана |
Еңбек мөлшері бірлігі |
|
Португалияда |
Англияда |
|
80 |
120 |
|
90 |
100 |
1-кестеде көрсетілгендей, шарап пен мата өндірісі Англия мен Португалияда әртүрлі еңбек мөлшерлерін қажет етеді: Англияда шараптың өлшем бірлігіне 120 еңбек бірлігі және матаның өлшем бірлігіне 100 еңбек бірлігі, ал Португалияда шараптың өлшем бірлігіне 80 еңбек бірлігі, матаның өлшем бірлігіне 90 еңбек бірлігі сәйкес келеді. Егер А.Смиттің концепциясына сүйенсек, онда Португалия осы екі елге қажетті мата мен шарап өндірісін бір өзі қамтамасыз етуі тиіс. Егер осы екі елдің тауарға қажеттілігі екі тауардың әрбірінің өлшем бірлігіне теңестірілетін болса, онда қажетті өндіріс (әрбір өнімнің екі өлшем бірлігі) Португалиядан 340 еңбек бірлігіне шығындалуды талап етеді [2*(80+90)].
Егер екі тауарды да Португалия шығаратын болса, онда Англия таза тұтынушылар еліне айналып кетер еді. Олай болуы мүмкін емес. Дәлірек айтқанда, бұл жағдай болашақта бүкіл ағылшын капиталының Португалияға ағылып кетуіне әкеліп соғады. Бұл, әрине, тиімсіз жағдай. Рикардо әрбір ел өз капиталын сақтауға тырысады деген принципке сүйене отырып, екі ел де өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес жұмыс бөлісуге тырысады деп санайды. Бұл еңбек бөлісуі өндірістің салыстырмалы шығындарына тәуелді жағдайда жүзеге асады.
Мысалда көрсетілгендей, Португалия тауарлардың барлық түрінен абсолютті артықшылыққа ие; өйткені ол 1 бөшке шарапты да, сондай-ақ, 1 дана матаны да әлдеқайда арзанырақ өндіре алады, яғни Португалияда өндіріс Англияға қарағанда, неғұрлым абсолютті тиімді. Расында да, егер осы елде өндіріс анағұрлым өнімді және тауарлар бағалары анағұрлым арзанырақ болса, онда сол тауарларды өндірісі тиімсіз елдерден қымбатқа сатып алудың ешбір қажеті жоқтығы ақылға сыйымды болар еді.
Алайда, Рикардо қағидасын қолданып, абсолютті емес, бұған керісінше, салыстырмалы тиімділік мәселесін қарастыруымыз қажет. Португалияда матаның өлшем бірлігін шығару шығыны шарап шығару шығынының 9/8 бөлігін құрайды, ал Англияда ол – 10/12, яғни салыстырмалы түрде алғанда, азырақ. Шарап шығынына қатысты жағдай басқаша. Шараптың өлшем бірлігін өндіру шығындары матамен салыстырғанда, Португалияда Англиядан кем: 8/9; 12/10. Ұлттық еңбекті үнемдеу мақсатында Португалияға еңбек пен капиталды шарап өндіруге тиімдірек, ал оның мата өндірісін Англия импортына айырбастағаны жөн. Англия, бұған керісінше, шарапты импорттап, мата өндірісіне мамандануы керек,
себебі оның мата өндірісінен салыстырмалы артықшылығы бар (еңбек өнімділігі бойынша артта қалудың аздығы).
Рикардоның көрсеткеніндей, Португалия үшін шарап саудасы әлдеқайда тиімдірек, өйткені оның шарап өндірісіндегі артықшылығы матаға қарағанда, көбірек. Елдердің салыстырмалы айырмашылықтарындағы айырмашылық елдердің тауар айырбасы кезінде пайда алуға мүмкіндік береді.
Португалия фирмасы 80 еңбек бірлігі жұмсалған 1 бөшке шарапты Англияда 120 еңбек бірлігіне сатып және шығыны соған сәйкес келетін баға бойынша мата сатып алу арқылы Англияда 1,2 дана матаға ие болады. Басқаша айтқанда, Португалияның ұтысы:
120 — 8 = 1,2 – 0,8 = 0,32 дана мата.
100 9
Сыртқы саудадан Англия да ұтады. Ол мата өндірісіне мамандану арқылы оны Португалияда табысты сатқан жағдайда: егер Англия шарап өндіруге 100 өлшем бірлігіне тең бастапқы еңбек мөлшерін жұмсай отырып алатын 5/6 баррельмен салыстырғанда, 1 1 баррель шарап сатып алу
8
мүмкіндігіне ие болады. Бірақ матаны сату үшін өндірмеген болар еді. Бұл жағдайда Англия үшін табыс:
9 — 5 = 7 =0,29 баррель шарап.
8 6 24
Егер елдер арасында сауда басталып кетсе, онда Англиядан әкелінетін арзан мата Португалиядағы өндірушілерді күйзелтіп кетері сөзсіз. Себебі, импортталған матаның өзіндік құнының төмен болуына сәйкес, оның
бағасы да, отандық өнімнің бағасымен салыстырғанда, төмен болады. Алайда, Португалияның шарапқа, ал Англияның матаға мамандануы екі елге де пайда әкелетіні даусыз. Мұндай мамандану халыққа да тиімді. Сол күндізгі еңбекақының өзі енді португалдықтарға неғұрлым арзан ағылшын матасын, ал ағылшындықтарға көбірек арзан португал шарабын сатып алуға мүмкіндік береді, яғни еңбекақы мөлшері өседі деген сөз.
Принцип негізінен әртүрлі екі тауардың бірлік өлшемдері ғана емес, сондай-ақ олардың кез келген мөлшері үшін де дұрыс болып шығады. Әрине, ол статистикалық жағынан икемді, инфляция мен жұмыссыздықты елемеген сыңай танытады. Әйтсе де, ол барлық жеңілдіктеріне қарамастан, елдегі өндірістің салыстырмалы тиімділігін бағалауға және халықаралық маманданудың бағыт – бағдарын алдын ала болжамдауға мүмкіндік береді.
Рикардоның мысалында ұлттық еңбек өнімділігінде де, экспорттық салалардың сапалық сипаттамаларында да бәлендей өзгерістер бола қоймайды. Елдер табатын пайда мамандану мен еңбек бөлінісіне негізделген анағұрлым тиімді өндіріс құрылымын жасаудан түседі.
Құрылымдық қайта құрудың пайдасын жақсырақ ұғыну үшін, айталық, мемлекет протекционистік шаралар қолданып жатыр деп болжам жасайық (мемлекеттің отандық тауарлардың мүддесін шет елдік тауарлардан қорғауға бағытталған шаралары). Мысалы, португалдықтар жергілікті тігін өнеркәсібін қорғау үшін кедендік тарифтерді талап етуде. Мұндай қорғау кедендік баж салықтары, салықтар және басқа да шаралардың көмегімен ағылшын матасының бағасы жасанды түрде жоғарылаған кезде тыйым салынбайтын сипатқа ие болуы мүмкін. Португал матасына да баға көтеріліп кетеді. Ұлттық салалардың рентабельділігі теңесетін болады. Бұнда
анағұрлым өнімді сала – шарап өндіруге капитал мен еңбек күшінің салааралық ауысуына ынта болмайды. Шын мәнінде, қалыптасқан экономикалық құрылым өзгеріске ұшырайды, артта қалған салаға жасанды қолдау көрсетілетін болады.
Мұның тағы бір жағымсыз салдары – сауда еркіндігіне толық шектеу қойылуымен бірге тыйым салынатын тарифтер енгізілуі мүмкін. Мемлекеттік қорғаудың “қолшатырының” астындағы өндірушілер мата өндірісі шарап өндірісінен тиімдірек деңгейде бағаны жоғарылатуы мүмкін.
Халықаралық саудадан түскен пайданың қатарына халықтың нақты жалақысының өсуі жатады. Кедендік тарифтер мен квоталарды енгізу оның төмендеуіне әкеліп соғады. Тұтынушылар жоғары бағаларға кез болып, тұтынуды азайтады. Өйткені, бұл – сұраныс заңдылығы. Сондай-ақ, протекционизм бағытын ұстанған елде тіпті табиғи ресурстары мол бола тұра, халықтың өмір сүру деңгейі салыстырмалы, ал кей жағдайларда абсолютті төмен болуы мүмкін және бұл таңданарлық жайт емес.
Д.Рикардо дүниеден кеткеннен кейін де, бірнеше ондаған жылдар бойы, оның салыстырмалы артықшылық теориясы халықаралық еңбек бөлінісінде жалғыз теория ретінде қала берді. Салыстырмалы артықшылық теориясының түп нұсқасын түсіну үшін, оның мәнін жан – жақты талқылау қажет.
2.2. Салыстырмалы артықшылық
теориясының мәні
Салыстырмалы артықшылықтар доктринасы сыртқы сауданың нәтижелерін талдаудан ғана емес, басқа да жерлерде жиі басшылыққа алынады. Фирма немесе жеке адам өзінің салыстырмалы артықшылығы бар қызмет түрлерімен айналысқаны тиімді, ал басқа қажеттіліктерін айырбас арқылы да өтей алады.
Салыстырмалы артықшылық теориясының маңызы өте зор. Ұзақ уақыт бойы экономикада негізгі теория болып келуінің себебі де сол.
Дегенмен, салыстырмалы артықшылық теориясы да абстрактты, өте қарапайым болып келеді. Оны нақты өмірге жақындату үшін келесі шарттарды орындау керек:
- Еңбек сауда жасаушы елдер емес, тек ел ішінде ғана мобильді ( қарқынды) болуы керек, яғни басқа салаға ауысқанына қарамастан, жұмысшылардың жұмыс сапасы мен оның қарқындылығы өзгермеуі қажет.
- Есептеулерде транспорт, кеден салықтарын төлеу және т.б. сауда – саттық шығындарды есепке алмау керек.
- Жаңа технология, жаңа сапалы машиналардың, құрал-жабдықтардың үлгісін қолдану, т.б. арқылы еңбек шығындарының өзгеруін ескерусіз қалдырмау қажет.
Рикардоның жолын қуған ғалымдардың зерттеулері бұл айырбас орын алатын жағдайлар мен шектеулерге қатысты болып отыр. Шарап пен мата туралы мысал бойынша (жоғарыда келтірілген мысалға байланысты) Португалия
әрбір баррель шарап үшін 9/8 дана матадан көп алса ғана саудаға қатысады. Ал Англия әрбір баррель шарап үшін 5/6 дана матадан көп бермесе ғана саудадан пайда алады.
Осы ойды дамыта келе Португалияда 1 баррель шарапқа кеткен еңбек шығыны 8/9 дана мата мен Англиядағы 0,8 дана матаның шығындарына тең екеніне көз жеткіземіз. Елдер арасындағы тауар айырбасы осы шектерде іске асады.
Сонымен, халықаралық сауда, халықаралық мамандануды ынталандыру арқылы әрбір ел үшін келесі басымдылықты қамтамасыз етуге болады: берілген тауар көлемін шығаруға қажетті еңбек уақытын мүмкіндігінше азайта отырып, мамандануға дейінгі тұтынуға қарағанда, сонша тауарды тұтынуға мүмкіндік береді.
Алайда мұнда айырбас шын мәнінде ақшаның қатысуымен жүретіні ескерілмейді. Елдер өзара есеп айырбасу үшін бір валютаны екіншісіне айырбастайды. Рикардо аталған басымдылықтар ұлттық валютаның айырбас бағамы белгіленген кезде де сақталатынын дәлелдеді. Бұл жағдайда экспорт-импорт төлемдерінің өзара сәйкессіздігі фактісі де орын алуы ықтимал. Бұл сәйкессіздік қандай да бір елде валюта бағамын өзгерту немесе барлық бағаларға түзету енгізу арқылы өтелінеді. Ал тәжірибеде салыстырмалы артықшылықтар доктринасына ықпал ететін жалпы нәтиже өзгеріссіз күйде қалады.
Осы доктринаға сәйкес сауда-саттық қатынастары өндіріс жағдайларына байланысты артықшылықтарды пайдалану арқылы орнатылады. Алайда бұнда тауарлардың қандай көлемі айырбасталатыны анықталмайды.
Берілген мысалда сыртқы сауда бағаларының кеңейтілген диапозонын қабылдауға болады. Португалдық шараптың 1 баррелі Англияда 80 адам-күнге тең ақша сомасынан арзан, сонымен қатар, 120 адам-күн ақша төлемі сомасынан қымбат сатылуы мүмкін емес. Осыған ұқсас ағылшын
матасының Португалиядағы бағасы 90-нан 100 адам-күн аралығындағы ақша сомалары шегінде белгіленеді.
Д.Рикардоның үлгісі сыртқы сауданың ұлттық байлыққа әсерінің және жалпы сыртқы экономикалық қатынастардың себеп-салдарын талдаудың кең тараған құралы болып табылады. Бірақ осы модель шындықпен ұштаса ма? Ол осы күнгі сыртқы саудадағы процестерге байыпты жауап бере ала ма? Бізге осы сұрақтарға сенімді түрде «иә» деп жауап беруге де болады. Әрине, Рикардо үлгісінде бірқатар күмәнді жағдайлар да кездеседі. Олар салыстырмалы артықшылық теориясының кемшіліктері қатарын құрайды. Соларға тоқталып кетсек:
- Ол өмірде жоқ халықаралық маманданудың ең ақырғы деңгейіне алдын ала болжам жасайды.
- Ел ішіндегі табыс бөлінісіне сауданың әсер-ықпалын ескермейді, яғни тұтастай алғанда, сыртқы саудадан қатысушы елдердің бәрі ұтады деген қорытындыға келеді.
- Елдің ресурстық күш – қуатының әртүрлі болуы халықаралық саудаға байланысты екендігіне көңіл бөлмей, халықаралық сауданың маңызды аспектісін ескерусіз қалдырады.
- Өндіріс масштабындағы үнемдеу сияқты сауда себептерін қарастырмайды, ал ол барлық көрсеткіштері жағынан бірдей елдер арасындағы сауданың қай көлемде екенін түсіндіруге мүмкіндік бермейді.
- Транспорттық шығындардың ескерілмеуі.
- Техникалық өзгерістердің болмауы.
- Балама қолдану барысында ресурстардың толық өзара айырбасы.
- Өндіріс факторларының ішінде тек еңбек факторын ғана алған. Қалған факторларды ескерусіз қалдырады.
- Еңбекті толық қарқындылық (мобильділік) тұрғысынан қарастырады. Яғни, жұмысшылар өндірістің бір саласынан кеткен кезде, олар өнімділігі жоғары басқа саладан жұмыс орнын бірден тауып алады да, жұмыссыздар санатына қосылмайды.
Осындай кемшіліктеріне қарамастан, Д.Рикардо үлгісінің негізгі шарттары, атап айтқанда, қандай да бір ел болсын экспортқа салыстырмалы жоғарғы өнімділігі бар тауар шығарады деген тұжырымы бірқатар зерттеулер арқылы дәлелденді. Мәселен, бұған венгр экономисі Бел Балластың 1951 жылы 26 өндірістік сала бойынша АҚШ экспортының Ұлыбритания экспортына қатынасы және осы екі елдегі еңбек өнімділігінің ара қатысы туралы зерттеуін жатқызуға болады.
Рикардо теориясы бойынша, егер белгілі бір салаға байланысты АҚШ – тағы еңбек өнімділігі жоғары болса, онда ол сол тауарды экспортқа көбірек шығарады деген тұжырым жасалынады.
Рикардо үлгісі тиісті тауарды экспорттау мүмкіндігіне ие болу үшін шет ел өндірушілерінен өнімділік жағынан сәл ғана болса да басымдылық таныту керек екендігін ескертеді. Сондықтан аталған саладағы салыстырмалы артықшылық осы елдегі басқа салалардан артық болуы тиіс. Мысалы, АҚШ барлық 26 сала бойынша Ұлыбританиядан өнімділік жағынан басымдылыққа ие болған ( 11-ден 336 пайызға дейін); ал Ұлыбритания АҚШ-қа қарағанда, осы салалардың
ішінен 12 салада көп көлемде экспорт өнімдерін шығарған. АҚШ-тың тек өнімділігі жағынан Ұлыбританиядан кемінде екі есе басым болатын салалардағы американдық экспорт қана британдық экспорттан әлдеқайда көп.
Егер 2 тауарлы үлгіден басқа өнімдердің көптеген түрін шығару жағдайын қарастыратын болсақ, онда талдау күрделене түседі. Бірақ сауданы зерттеушілер қызық жайт байқаған: егер тауар саны өте көп болса, яғни ол шектелінбеген деп саналса, онда соның нәтижесінде үлгі жеңілдейді. Массачусетс Технология институтының ғалымдары Р.Дорнбуш, С.Фишер, П.Самуэльсон 1977 жылы жариялаған мақалада көп санды тауарлар үлгісі үшін Рикардо үлгісі құрастырылған.
Мысалы, отандық және шет елдік экономикада тек өндірістің бір ғана факторы — әрбір елде L және L* саны берілген еңбек қолданылады. Бірақ екеуі де көп көлемді тауарлар өндіріп, оларды тұтынуы мүмкін. Олардың әрқайсысына өз нөмірін берейік.
Кез келген отандық және шет елдік тауардың бір данасына қанша еңбек шығыны кететіні белгілі. Отандық экономикадағы Z тауары үшін a(z) еңбек шығыны жұмсалады делік, бұл шет елдік тауар үшін a*(z) түрінде белгіленеді. Онда a*(z) / a(z) — өнім бірлігіне шаққанда, отандық және шет елдегі еңбек шығынының ара қатысы. Біз оны A(z) / a*(z) / a(z) деп белгілейік. Тауарларды нөмірлеу келесі тәртіппен беріледі: бірінші нөмір А барынша көп өндірілетін тауар үшін, бұдан кейінгі А шамасы бойынша келетін тауар 2, т.с.с. нөмірлерді иеленеді:
А(1) > А(2) > А(3) > …
Осылайша тауарларды отандық салыстырмалы артықшылықтардың келуіне қарай орналастырады. Қандай
тауар отандық, ал қандайы шет елдік экономикада өндірілетін болады? Бұл, әрине, олардың арасындағы еңбек ақының ара қатысына тәуелді. Отандық шаруашылықтағы
Wa(Z) тауар өндірісінің шығындары Z; мұндағы W – отандық жұмысшының еңбек ақысы. Шетелдегі тап осы тәрізді шығындар W*a*(Z). Егер:
Wa(Z) < W*a*(Z) болса, онда ол:
W/W* < a*(Z) / a(Z) – ке эквивалентті,
яғни отандық тауарды өндіру арзанға түседі деген сөз.
Бұдан:
A(Z) > W/W*.
Еңбек ақылардың ара қатысын W/W* ендіре отырып, халықаралық маманданудың сипатын анықтауға болады. Өндіру кезінде W/W* = A (‾Z) болатын әлдебір шекаралық ‾Z тауар да бар. Нөмірлері ‾Z – дан аз тауарлар отандық экономикада, ал нөмірлері ‾Z – дан көп тауарлар шет елде өндірілетін болады.
Сайып келгенде, ұлттар арасындағы сауда оларға қандай пайда әкелетінін келесі екі әдіспен көрсетуге болады. Біріншіден, сауданы өндірістің жанама әдісі деп санаған жөн болады. Мемлекет әлдебір тауарды өндірудің орнына басқа бір тауар өндіріп экспортқа шығару арқылы оны өзіне аса қажетті өнім түріне айырбастай алады. Осы қарапайым мысалдың өзі кез келген ретте әлдебір тауар импортталған кезде оның осындай « жанама өндіріс» бұл тауарды тікелей өндіруге жұмсалатын еңбек шығындарынан аз шығынды қажет ететінін көрсетеді. Екіншіден, сыртқы сауда мемлекеттің тұтыну мүмкіндігін кеңейте отырып пайда әкелетініне көз жеткізуге болады.
Халықаралық сауда қатынастарына түскен кезде, экспортталатын және импортталатын тауарлар бағаларының арасындағы қатынас орнатылғаннан кейін, «сауда шарттары» деген түсінік енгізу қажет. Сол арқылы шарттарды анықтау үшін мынадай формула бойынша есептелетін индекс енгізіледі:
Сауда шартта- Экспорт бағасының
рының индексі = индексі х 100 = Эи х 100
Импорт бағасының Ии
индексі
Мысалы, индекс мөлшерінің 100-ден 105-ке өсуі сауда шарттарының жақсарғанын білдіреді, яғни импорттың белгілі бір көлемінің ақысын төлеу үшін экспорттың азырақ көлемі қажет. Барлық елдер сауда шарттарын жақсартуға, яғни экспортталатын және импортталатын тауарлар бағаларының аралығындағы неғұрлым қолайлы арақатынас орнатуға тырысады.
Іс жүзінде сауда шарттары, біріншіден, баға өзгерісі салдарынан болатын сұраныстың өзгеруіне байланысты. Сұранысы тұрақты болатын тауарларды өндірушілер, баға өзгерісіне қарамастан, артықшылыққа ие болады (мысалға, мұнай өнімдері).
Екіншіден, сауда шарттары экспорттың немесе импорттың икемділігіне қатысты болады. Тауар өндірушілер немесе оны ұсынушылар тауар бағасының өзгерісіне тез бейімделетін жағдайларда экспорттаушы ел бұл тауарға деген сұраныстың өсуінен пайда алуының ықтималдығы төмен. Осындай тауарлардың үлгісі ретінде өндірісі сұранысқа икемді машиналар мен құрал-жабдықтар болуы мүмкін.
Үшіншіден, сауда шарттары өндіріс шарттарының немесе тауар тұтынуының өзгеруіне байланысты өзгеретін болады.
Сауда жағдайларының индексі елдің дүниежүзілік саудадағы жағдайын сипаттайтын мәлімет береді, алайда оның бірқатар кемшіліктері де бар. Олардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – көрсеткіш жалпы жағдайлардың жақсарғанын білдіргенімен, сатылған өнім көлемін ескермейтіндігі. Басқаша айтқанда, сауда жағдайлары жақсарғанына қарамастан, экспорттың азаюы және бұған керісінше, импорт көлемінің ұлғаюына сәйкес төлем балансы нашарлауы мүмкін.
Рикардоның үлгісі бойынша, саудадан түскен ұтысты бөлу қатысушы елдер өндірген тауарларының салыстырмалы бағаларына тәуелді. Бұл бағаларды анықтау үшін тауарға деген сұраныс пен ұсыныстың әлемдік салыстырмалы шамаларының ара қатынасын анықтау қажет. Әрине, салыстырмалы баға салыстырмалы еңбек ақыға сәйкес келетіне сөзсіз.
Халықаралық еңбек бөлінісін негізге ала отырып, салыстырмалы артықшылық теориясы бүгінгі таңда да өз маңыздылығын жойған жоқ. Ол сыртқы экономикалық саясатты ғылым негізінде құруға мүмкіндік береді.
Салыстырмалы артықшылық теориясының ең маңызды жетістігі ретінде байырдан қалыптасқан ұғымды (яғни саудада бір мемлекет тек екінші мемлекетті шығынға ұшырату арқылы ғана табыс таба алады) жоққа шығара отырып, саудаға қатысқан барлық мемлекеттердің ұтысқа қол жеткізе алатындығын дәлелдеуі болып табылады.
Қорытынды
Сөйтіп біз Д.Рикардоның жай үлгісін қарастырдық, яғни елдер арасындағы айырмашылық оларды өзара сауда жасауға қалай алып келетінін және бұдан белгілі бір пайда табуға болатынына көз жеткізе түстік. Аталған үлгіде еңбек – өндірістің бірден бір факторы және елдер оның әр түрлі елдердегі еңбек өнімділігі бойынша бір-бірінен ерекшеленеді.
Рикардоның «Саяси экономияның және салық салудың принциптері» деген еңбегімен таныса отырып, экономика ғылымының дамуына өз үлесін қосқан, халықаралық саудаға арналған, тұңғыш рет тарихта қисындап мазмұндалған – салыстырмалы артықшылық теориясын талқыладық.
Рикардоның үлгісінде халықтар жергілікті еңбек салыстырмалы түрде тиімді қолданатын тауарларды экспортқа шығарады және бұл еңбек шығындары салыстырмалы түрде тиімсіз өнімді импорттайды. Басқа сөзбен айтқанда, сол және өзге де елдердегі өндіріс сипаты салыстырмалы артықшылықтар арқылы анықталады.
Бірақ халықаралық сауда – Рикардо «Принциптерінің» ішіндегі тақырыптарының бірі ғана. Рикардо құн теориясынан бастап, экономикалық өсу мен эволюцияға дейін өз заманындағы экономика жүйесінің жағдайын зерттеген. Рикардо, экономика жүйесі болашақтағы «қалыпты жағдайға» қарай қозғалуда деп санаған.
Д.Рикардоның зерттеулері мен еңбегі санада үлкен әсер қалдырды. «Саяси экономияның және салық салудың принциптері» жарыққа шыққаннан кейін, жарты ғасырдан астам уақыт бойы Англияда басылған көптеген экономикалық еңбектер Д.Рикардоның жұмысына байланысты анықтамалар және көзқарастардан тұрды. Социалистік революционер Карл Маркс және либералды капитализмнің жақтаушысы Джон Стюарт Милль сияқты әртүрлі экономисттер Рикардоның теорияларын қолдана отырып, өз жұмыстарындағы алғашқы қадамдарға бел буған.
Қазірдің өзінде де «неорикардиандықтар» мен «жаңа классиктер» Рикардо еңбектерінен шабыт алады.
Қолданылған әдебиеттер:
- Г.Н.Доғалова. «Халықаралық экономика». Алматы, «Экономика», 2000
.
- Р.Е.Елемесов. «Халықаралық экономикалық қатынастар». Алматы, «Қазақ университеті», 2002.
- Н.Қ.Мамыров, Д.М.Мадиярова, А.Е.Қалдыбаева. «Халықаралық экономикалық қатынастар».
- Майдан-Әли Байгісиев. «Халықаралық экономикалық қатынастар». Алматы, «САНАТ», 1998.
- А.Киреев. «Международная экономика». Москва, «Международные отношения», 1998.
- Н.А.Миклашевская, А.В.Холопов. «Международная экономика». Москва, «Дело и Сервис», 2000.
- Интернет. {[ http://www.google.ru/ ; http://www.yandex.ru/ ] – Экономическое учение Рикардо. }
- П.Х.Линдерт. «Экономика мирохозяйственных связей». Москва, 1992.