Дина Нұрпейісова
ДИНА Нұрпейісова (1861,1 қазіргі Орал облысы Жаңақала 1 ауданы — 31. 1. 1955, Алматы қаласы) — күйші-композитор, халық мәдениетінің кернекті қайраткері, ҚазКСР-інің халық артисі (1944). Әкесі Кенже белгілі домбырашы болған. Дина 8-9 жасында домбырашылық өнерді жап-жақсы игерді. Оның ұлы күйші Құрманғазымен кездесуі (1870) болашақ өнер жолында шешуші роль атқарды. Ол Динаның талантына тәнті болды, одан үлкен үміт күтеді, ақыл-кеңес беріп, күйлер үйретеді, оны өзіне шәкірт тұтады. Дина ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік-орындаушылық өнердегі ерекшеліктерін, стилін, дәстүрін жалғастырды. Өзі өсіп-өнген ортадағы күйшілік өнерді толық меңгеру. Құрманғазының «мектебінен» өту Динаның домбырашылық өнерін шыңдай түсті. Ол өз жанынан да күй шығара бастайды. Динаның тырнақалды «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты күйлерінде халықтың күйшілік дәстүрі айқын сезіледі. 1916 жылғы қазақ даласындағы ұлт-азаттық күресі Динаның шығармашылығына елеулі әсер етті. Осы оқиғаға шығарған «1916-жыл» күйінде Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арналған «Кішкентай» күйінің әсері байқалады. Бұл күйде Дина жарқын болашақ, азаттық өмір аңсаған ұстазының асыл арманын одан әрі жалғастыра түскендей болады. Динаның композиторлық шығармашылығының кемелденіп, күйшілік-орындаушылық өнерінің шабыттанған шағы — кеңестік дәуір. 1937 ж. ол халық өнерпаздарының Республикалық байқауына қатысып, 1-жүлдеге ие болса, 1939 ж. Москвада өткен халық музыкалық аспаптарында орындаушылардың байқауында Бүкілодақтық 1-орын алып, «Домбыраның Жамбылы» атанды. Оның көңіл күйін тербейтін сезімдерге толы нәзік сазды «Әсем қоңыры», тау өзенінің тасқынындай шаттыққа толы «Тойбастары» қазақтың ұлттық ою-өрнегіндей түр ерекшелігімен, музыкалық үн-бояуы-мен, терең тебіреністі мазмұнымен қазақ халық күйлерінің негізін салған үздік туындылар, композитор заман шындығын өз шығармашылығында асқақ шабытпен, қуаныш сезіммен жыр етті. Мыс, «Жеңіс», «Ана аманаты», «Сегізінші март», «Сауыншы», «Еңбек Ері» т. б. Құрманғазының, Дәулеткерейдің дәстүрін дамыта келіп Дина қазақтың жаңа дәуірдегі күйшілік өнерін жаңа бір белеске көтерді. Оның шығармашылық өмір жолы туралы жазушы С.Бақбергенов «Қайран шешем» (1963) атты роман жазды. Суретші А.М.Черкасский 1946 ж. «Жамбыл Жабаев пен Дина Нұрпейісованың», ал 1963 ж. Г.М.Ысмайылова Динаның портретін салды. Динаның есімімен Алматыда көше аталады. Ол 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.