АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Екінші деңгейдегі банктің пассив операциялары

 Мазмұны:

 

  1. Екінші деңгейдегі банктің пассив операциялары және оның түрлері.

 

  1. Екінші деңгейдегі банктің актив операциялары және оның түрлері.

 

  1. Қолданылған әдебиеттер.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

       Банктердің экономикадағы  маңызын олардың атқаратын    операциялары анықтайды. Екінші деңгейдегі  банктердің  операциялары негізінен мына топтарға  бөлінеді: пассив (қаражат тарту); актив (қаражатты орналастыру); комиссиялық-делдалдық және сенімді операциялар.

 Пассив операциялары – олар өз қарауына әр түрлі салымдарды тартып, басқа банктерден несие алып, өзінің бағалы қағаздарын шығарып және басқа да қаражат тарту операцияларын жүргізіп, банк қорын құру және оны ұлғайту операциялары. Олар банк балансының пассивінде көрсетіледі. Пассив операциялары тарихи дәстүр бойынша  актив операцияларына қарағанда алдымен жүргізіледі, себебі актив операцияларын жүргізу үшін белгілі бір қор мөлшері қажет.

   Пассивтік операциялар негізінде банктің ресурстары жинақталады. Сондықтан да пассивтік операциялардың екінші деңгейдегі банктер қызметіндегі ролі жоғары.

   Банк ресурстары пассивтік операциялар нәтижесінде құрылатындықтан, оған анықтама берген дұрыс. Қаржы және несие сөздігінде: «пассивтік операциялар – бұл несиелік және активтік операцияларды жүзеге асыруға арналған банктің өз ресурсын құру операциялары».

   Пассивтік операциялар көмегімен банктер  нарықтан несиелік  ресурстарды сатып алады.

   Пассивтің операцияларына   мыналар жатады:

         салым қабылдау (депозиттер);

         клиенттерге шоттар (оның ішінде корреспондент банктерге) ашу және оларды жүргізу;

         өзінің бағалы қағаздарын шығару (облишация, вексель, депозиттік және жинақ сертификаттары);

         банкаралық  несие алу, оның ішінде орталықтанған несие ресурстарынан;

         репо операциялары;

         еуровалюталық несие алу.

   Пассивтік операциялардың мынадай формалары болады:

         коммерциялық банктердің бағалы қағаздарды  алғашқы эмиссиялауы;

         банк пайдасынан капиталдарды немесе қорларды ұлғайту және құру;

         басқа да заңды тұлғалардан несиелер алу;

         депозиттер операциялар.

  Пассивтік операциялар  айналыстағы ақшалай қаражаттарды банктерге тартуға мүмкіндік береді. Алғашқы пассивтік операциялардың екі формасы негізінде банктік ресурстардың бірінші тобы, яғни меншікті ресурстары құралады. Келесі екі формасы негізінде екінші ірі топ – заемдық немесе тартылған ресурстар құрылады.

    Сонымен банктің ресурстары екі топқа бөлінеді:

—           банктің меншікті қаражаттары;

—           банктің тартылған қаражаттары.

  Банктің  меншікті қаражаттары – банктің экономикалық   дербестігін және қызмет ету тұрақтылығын қамтамасыз ететін әр түрлі қорлар мен бөлінбеген пайда жиынтығы.

  Қазақстанда екінші деңгейлі банктер банктер мынадай екі ұйымдық формаларда құрыла алады:

         пай қосу арқылы, яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестік формасында;

         акционерлік банк;

         шетел капиталының қатысуымен.

  Банктің меншікті қаражатының түріне резервтік қор жатады.

  Резервтік қор – банк қызметінде пайда болуы мүмкін зияндардың орнын жабу мақсатында құрылған ақшалай қаражаты.

   Резервтік қор банктің тұрақты қызмет етуін  қамтамасыз  етеді. Резервтік қордың шамасы заңды түрде жарғылық капиталға белгілі бір пайыз мөлшерінде, айталық, 25 % мөлшерінде құрылатын болса, оның мөлшері жарғылық қормен теңескен жағдайда жарғылық капиталға толығымен аударылады.

  Банктің өз қаражатына акционерлік және резерв капиталы, сонымен бірге бөлінбеген пайда жатады. Акционерлік капитал немесе жарғылық қор бағалы қағаздар нарығында акцияларды орналастыру арқылы жинақталады.

    Бөлінбеген пайда шоты —  деген ол арадағы транзит шоты. Онда акционерлер арасында дивиденд түрінде бөлінбеген  және резервке түспеген пайда жинақталады. Пайданы резервке бөлу төлейтін салықты төмендету әдісіне жатады.

    Басқарылатын  ресурстар —  банкке тартылған мерзімдік депозиттерді және банкаралық несиелерді біріктіреді.

    Ағымдағы пассивтер – есептесу, ағымдағы және корреспонденттік шоттардағы қалдықтардан құралады.

   Салым  —  (депозит) – ол белгілі бір шартпен иесінің банкке сақтауға салған ақша қаражаты. Ол қолма-қол ақша немесе ақшаның қолма-қол емес формасында, ұлттық немесе шетел валютасында салынуы мүмкін.

  Ақша қаражаттарын салымға тарту депозиттік операциялар   деп аталады.

   Мерзімді салымдар —  ол салыну мерзімі және проценттік өсім  төлеу мөлшері анық көрсетілген депозиттік шотқа салынған ақша қаражаты. Төлем мөлшері салымның көлемі мен мерзіміне байланысты анықталады.

  Мерзімдік салымның бір түрі —  депозиттік сертификат. Бірінші рет ондай куәлікті айналымға 1961 ж. АҚШ банктерінің бірі енгізді.

    Депозиттік сертификат —  ол белгілі бір ірі соманы банкке салғандағы туралы берілетін жазбаша куәлік.

   Жеке тұлғаларға банктегі салымдарын алу үшін жинақ сертификатын береді. Банктің ресурсында халықтың жинақ салымдары маңызды роль  атқарады.

   Қазіргі кезде екінші деңгейдегі банктер қосыиша ақша қаражатын тарту үшін басқа несие мекемелері жинақтаған ақша қаражаты сатылатын банкаралық несие ресурстары нарығының мүмкіндігін пайдаланады. Банкаралық несие  коррсепонденттік қатынастар шеңберінде беріледі, яғни бір банк басқа банкте бір-бірінің тапсырысы бойынша төлем және есептесу операцияларын жүргізу үшін корреспонденттік  шот ашады. 

   Екінші деңгейдегі банктердің пассив операцияларына олардың орталықтанған несие ресурстарынан несие алуы жатады.

   Екінші деңгейдегі банктердің  қаражат тартуының келесі бір әдісі – кері сатып алу келісімі немесе репо операциясы. Бұл келісім банк пен фирма арасында немесе мемлекеттік бағалы қағаздар сатушыларымен жасалады.

   Еуровалюталық несие – ол шетел банктерінен еуровалютамен алынатын несие. Әлемдік қарыз капиталы нарғында басты валюта болып доллар есептеледі.

Овернайт – банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шотында дебеттік қалдықтың пайда болуына байланысты бір түнге берілетін несие.

   Банктің жинақтаған ресурстарын табыс табу және өтімділігін қамтамасыз ету мақсатымен орналастыруын  актив операциялары  деп атайды.

Актив операциялары негізінен мына топтарға бөлінеді:

         несие-есептеу операциясы, оның нәтижесінде банктің несиелік (ссудалық) портфелі қалыптасады;

         инвестициялық операциясы, ол инвестициялық портфельдің негізін құрайды;

         кассалық және есептесу операциялары — банктің клиенттерге көрсететін қызметтерінің бірі;

         депозиттік операциялар;

         қаржылық операциялар;

         басқа операциялар.

   Несие-есептеу операциялары – ол банктің  несие ресурстарын орналастыру қызметіндегі несие беру операциясы. Банк табысының  көп бөлігі осы операцияларды жүргізуден түседі.

   Екінші деңгейдегі банктердің клиенттеріне беретін қарызын біраз белгілеріне байланысты топтастыруға болады:

         борышқордың типіне байланысты  — кәсіпорынға, үкіметке және жергілікті үкімет органдарына, халыққа, басқа банктерге берілетін қарыз;

         пайдаланатын мерзіміне байланысты – қысқа мерзімді (1жылға дейін), орта мерзімді (1 жылдан 5 жылға дейін), ұзақ мерзімді (5 жылдан жоғары);

         қызмет ету ортасына байланысты — өндіріс аясына берілген қарыз және айналыс аясына берілген қарыз;

         борышқордың қай салаға тиістілігіне қарай — өнеркәсіпке, саудаға, ауыл шаруашылығына, транспортқа берілетін қарыз;

         қамтамасыз етілуі бойынша – кепілді, қорғаулы, қауіпсіз және қамтамасыз етілмеген (бланктік);

         өтеу тәсіліне қарай – бір уақытта және бөлік-бөлікпен өтелетін қарыз.

   Несиені банктер несиелеудің мына негізгі принциптері сақталғанда ғана береді: қамтамасыздық, қайтарымдылық, мерзімділік, төлемділік және мақсаттылық.

  Контокоррентік шот  деген несиелік шотпен  ағымдағы шоттың біріктілуі. Ал кейбір мемлекеттердің банктері несиені шектеуді овердрафт бойынша жүргізіледі. Овердрафт – клиентке чек бойынша банктің қысқа мерзімді несие беруі немесе оның банкке берген шоттарын ағымдағы шотынан артық болса да, бекітілген лимит шегінде  банктің төлеуі.     

   Берілетін несиенің көлемі көптеген мемлекеттерде несие линиясының мөлшерін  бекіту арқылы реттеледі.

    Банктің инвестициялық операциялары  — несиелік операциялардан кейінгі банкке табыс әкелетін операциялар. Банктің инвестициялық операциялары негізінде бағалы қағаздар портфелі қалыптасады. Банктің бағалы қағаздар портфелін қалыптастыруының екі мақсаты болады: 1. банкке табыс әкелу, 2. өтімді активтер қатарын толықтыру.

   Банктің инвестициялық операция жүргізетін бағалы қағаздары екі топқа бөлінеді:

  1. Мемлекетің бағалы қағаздары;
  2. Корпоративтік бағалы қағаздар.

  Бүгінгі таңда ҚР –дағы екінші деңгейдегі банктердің инвестициялық  операцияларға бағытталған активтерінің басым бөлігі мемлекеттің бағалы қағаздарға жұмсалып отырғаны жасырын емес. Мұндай бағалы қағаздарға салған активтер: біріншіден, өтімді, яғни банк ондағы қаражатта тез арада қолма-қол ақшаға айналдыра алады, екіншіден, олардан алатын табыс төмен болғанымен тәуекел төмен немесе жоқ десе де болады.

   Корпоративтік бағалы қағаздарға мыналар жатады:

         акциялар;

         облигациялар;

         депозиттік және жинақ сертификаттары;

         ипотекалық  куәліктер;

         депозитарлық қолхаттар.

  Акция – бұл акционерлік қоғамның жарғылық капиталына үлес қосқандығын куәландыратын  және басқару ісіне қатысуға құқық беретін, сондай-ақ иесіне табыс әкелетін бағалы қағаз.

   Облигация – оның иесінің ақшалай қаражат салғандығын куәландыратын және эмитенттің осы қаражат сомасы мен пайызды қайтарып беру туралы міндеттемесін растайтын бағалы қағаз. 

  Қазақстанда айналыста жүрген облигациялар табыстылығына қарай екі түрге бөлінеді: купондық және дисконттық.

     Банктің активтік депозиттік операциялары өтімділігі қолдау және банктермен корреспонденттік қатынас орнату негізінде дамиды. Мұндағы корреспонденттік қатынас банктердің бір-бірінде ашатын корреспонденттік шоттары арқылы жүзеге асады. Сонымен банктер активтік депозиттік операциялар негізінде банкаралық несиенің дамуына мүмкіндік жасайды.

    Банктің қаржылық операциялары несиелік операциялар типтес, яғни банкке табыс әкелетін активтік операцияларды сипаттайды. Оларға: лизинг, факторинг және форфейтинг операциялары жатады.

    Лизинг – бұл лизинг берушінің өзіне тиесілі құрал-жабдықтарды, машиналарды, ЭЕМ, ұйымдастыру техникаларын, өндіріске, сауда-саттыққа және қоймаға арналған құрылғыларды лизинг алушыға лизингтік төлем төлеу шартымен, белгіленген мерзімге пайдалануға беруін қарастыратын жалға беру шартын білдіреді.

   Барлық лизингтік операциялар екіге бөлінеді: шұғыл және қаржылық лизингтер.

    Екінші деңгейдегі банктердің ең көп тараған делдалдық қызметінің бірі – факторинг.

    Факторинг – клиенттің айналым капиталын несиелеумен ұштасатын, сауда-комиссиондық операциясының бір түрі. Факторингтің мақсаты – кез келген несиелік операциялардың ажырамас бөлігі болып табылатын тәуекелді қалпына келтіруін шешуге бағытталады.

   Фактор – сөзі ағылшын тілінен «factor», аударғанда «маклер,делдал» деген мағынаны білдіреді. Экономикалық жағынан алғанда – бұл  делдалдық операция.      

    Факторинг операциясы – жабдықтаушының жабдықтаған тауары мен көрсеткен қызметтері үшін төленбеген төлем құжаттарын банкке сатумен байланысты комиссиондық-делдалдық операция. Факторинг операциясына үш тарап қатысады: факторингтік компания, клиент, кәсіпорын.   

   Факторинг операциясы бүгінгі таңда отандық ақша нарығында дами алмай отыр. 90-шы жылдардың  басындағы төлем дағдарысы факторинг қызметінің банктер үшін тиімсіздігін анықтап, нәтижесінде отандық банктеріміз  күні бүгінге дейін бұл операция салғырттық танытуда.

    «Форфейтинг» сөзі француз тілінде «а forfait», аударғанда, «құқықтан бас тарту» дегенді білдіреді. Форфейтинг – тауарларды жабдықтау немесе қызметтерді көрсету барысында пайда болатын және алдағы уақыттарда өтелуге тиісті міндеттемелерді сатып алуды білдіру үшін пайдаланатын термин.

   Форфейтинг  операциясы  — форфейтордың, яғни коммерциялық банктің немесе арнайы компанияның экспортерға төлеуге тиісті импортердің берген төлем құжатын сатып алуы.

  Форфейтинг мәмілесінде үш қатысушы болады:

  1. Экспортер, тауарды орта мерзімді несиеге беруші;
  2. Импортер, тауарды несиеге алушы;
  3. Форфейтор, мәмілені қаржыландырушы банк немесе арнайы ұйым.

  Форфейтинг операциясының  мерзімі 180 күннен 5 жылға дейінгі аралықты құрайды, кей жағдайларда 7 жыл.

 

    Сонымен қорыта келгенде екінші деңгейдегі банктердің активінің бұрыннан қалыптасып  және қазіргі кезде өрістеп келе жатқан негізгі бағыты – несие беру операциясы және бағалы қағаздармен операция. Бұл операциялар банк балансының 80 %-ін құрайды. Бұдан басқа банктер кассалық, акцепттік, шетел валютасымен,  қозғалмайтын мүліктермен, сондай-ақ делдалдық операциялар жүргізеді. Олар бір-бірімен тығыз байланысты. Әсіресе  актив және пассив операциялары бір-біріне тәуелді. Себебі екінші деңгейлі банктер негізінен өзгенің капиталымен  қызмет жасайды, сондықтан банк қаражаты несиеге беру және инвестициялау масштабы көбіне банктің уақытша бос капитал  мен  жинақтарды тарту қабілетіне байланысты.