Жоспар
- Эндокриндік бездер физиологиясы
- Гипоталамус – гипофиздік жүйе
- Гипофиз
- Қалқанша без
- Қалқансерік бездер
- Айырша без
- Ұйқы безі
- Бүйректүсті бездері
- Жыныс бездері
- Домалақ без – эпифиз
- Эндокриндік бездер физиологиясы
Эндокриндік бездердің (гректің endon — ішкі, сrіnео — бөлемін немесе шығарамын) сөлін шығаратын өзегі жоқ, без жасушалары қан және лимфа капиллярларымен өте жиі торланған, сондықтан без өнімдері тікелей осы тамырларға өтеді.
Эндокринология ішкі сөлініс бездердің физиологиясы мен патологиясы ғылым ретінде XIX ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан. Бұл бағыттағы ғылыми зерттеулердің негізін А.Бертольд салды. Ол еркек жануарлардың жыныс бездерін сылып алып тастағанда негізгі және қосымша жыныс белгілерінің өзгеріп, ал бұл безді қайтадан денесіне орнатқанда, оның жағдайы айтарлықтай жақсаратынын анықтады.
Кейін, әсіресе осы ғасырдың 50-90 жылдары эндокриндік жүйенің физологиясы мен патологиясы бойынша көптеген тәжірибелік және клиникалық мағлұматгар жиналды. Оған қоса гормондардың химиялық табиғаты анықталып, әсер ету тетіктері ашылды.
Кейбір зерттеушілер бұл бездердің организм қызметін реттеудегі орнын шектен тыс көтерген, тіпті оларды жеке автономды реттеуші жүйеге жатқызған. Эндокриндік бездер жүйесін орталық жүйке жүйесінен жоғары құрылым ретінде, ағзалар мен олардың жүйелерінің, соның ішінде орталық жүйке жүйесінің де негізгі реттеушісі ретінде қарастырған.
Шын мәнісінде олай болмай шықты. Негізгі ғылыми мәліметтерге қарағанда, ішкі сөлініс бездерімен олардың әртүрлі гормондарының әсері организмнің қызметін жүйелік гуморальдық реттеу жүйесінің бір ғана бөлімі болып шықты. Бұл реттеу жолының негізгісі — жүйке жүйесі. Өйткені ол көп тарапты, арнайы маманданған және әр бөлімінің өз орны, маңызы бар жүйеге жатады. Оның рефлекстік доғасының барлық бөлімдерінің жоғары дәрежедегі қозғыштығы, жүйке серпіністерінің жылдамдығы мен анық бағытталуы т. б. морфоәрекеттік ерекшеліктері бұған дәлел.
Көмірсу алмасуының салыстырмалы ұзақ әрекеттік ауытқуын қамтамасыз ететін реттеуші механизмге гормондардың қатысуы, спорт жанкүйерлері мен емтихан тапсырушы студенттердің эмоциялық күйзелісі кезінде жақсы көрінеді. Түрлі эмоция кезінде қобалжығанда, қорыққанда, қуанғанда т.б. жағдайларда ылғи да гипергликемия – қандағы қанттың көбеюі байқалады, ал кейде тіпті глюкозурия — несепте қант пайда болады. Түрлі эмоция кезінде көмірсу алмасуының аталған өзгерістерінің пайда болуы норадреналин мен адреналиннің әсерінен бауырда гликогенолиздің күшеюіне байланысты. Сондықтан да бүйрекүсті безінің миды қабатында түзілетін гормонды «эмоция гормоны» деп те атайды.
Сонымен, бұл мысалда көмірсу алмасуына жүйкелік, реттеуден кейін гормондық реттеу қатысады.
Оған қоса, көптеген эндокриндік дерттердің (патологиялардың) тиреотоксикоз, қантты диабет, жыныс бездерінің ішкі сөлініс қызметінің бұзылуы, орталық жүйке жүйесінің психикалық немесе физикалық жарақатынан кейін басталатыны мәлім.
Көпшілік гормондардың түзілуі мен қанға шығуы орталық жүйке жүйесінің бақылауында болады. Барлық ішкі сөлініс бездер вегетативтік жүйке жүйесінің тамырларымен жабдықталған. Ал бүйрекүсті безінің миды қабатынан, қалқанша, қалқансерік, ұйқы бездерінің және гипофиздің артқы бөлімінің қызметіне секрециялық жүйке әсері толық дәлелденген.
Бүйрекүсті бездерінің миды заттарының симпатикалық инжүйкеациясы анықталды. Бұл жүйкені қоздырғанда адреналин мен норадреналиннің шығарылуы күшейеді, жүйкені кесіп тастаса сөлініс тоқтайды. Қалқанша безі тек симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелерді ғана емес, мойын жүйке талшықтарында алады.
У.Кеннон (1914) мысықтың оң диафрагма жүйкесін симпатикалық жүйкенің шеткі мойын жақ ұшына (қалқанша безін жүйкелендіретін) жалғастырғанда 6 айдан кейін гипертиреоз пайда болғанын анықтаған. Себебі қалқанша безімен жалғасқан диафрагмалық жүйкенің талшығы арқылы тыныс орталығынан үнемі дем алған сайын ырғақты қозулар безді тітіркендіреді. Кезеген және симпатикалық жүйкелердің талшықтары ұйқы безіндегі инсулиннің сөлінісін реттейді. Кезеген жүйке оны (стимуляция-лайды) күшейтсе, симпатикалық жүйке керісінше тежейді.
Осы күнге дейін бүйрекүсті безінің қыртыс қабаты қызметіне әсер ететін секрециялық жүйкелердің бар-жоғы дәлелденген жоқ, бірақ жүйке жүйесінің гипоталамус-гипофизарлық жүйе арқылы әсер ететіні айқын. Сонымен бірге бұл жүйенің жыныс және қалқанша бездерінің қызметіне әсері дәлелденіп отыр.
Қазіргі кезде эндокриндік бездердің секрециялық қызметіне орталық жүйке жүйесінің барлық бөлімдерінің әсері (ми сыңарларының қыртыстары, гипоталамус, лимбия жүйесі т.б. бөлімдері) әр дәрежеде зерттеліп анықталып отыр. Олардың ішінде гипоталамус ерекше орын алады.
Гипофизбен гипоталамустың арасындағы жүйкелік-гуморальдық байланыс екеуінің атқаратын қызметтерінің бір екенін дәлелдейді. Гипоталамустық супраоптикалық және паравентрикулярлық нейрондар аксондары гипофиз аяқшалары арқылы оның артқы бөліміне өтеді. Гипоталамустың аталған ядролары нейросекрециялық қызмет атқарады, яғни олар түрлі нейросекрециялық гормон тәріздес заттар түзеді. Олардың жүйке талшықтары арқылы бөлінетіндігі нейрогистологиялық, физиологиялық және биохимиялық әдістермен дәлелденген. Нейрогипофиздің гормондары белок — нейрофизинмен қосылыста болып, қанға өткенде бұл байланыстан босайды.
Гипоталамустың түзетін заттары гормон емес, прогормон болып саналады. Гипофиздің артқы бөлімінде олар әбден жетіліп гормонға айналады, яғни гипофиздің артқы бөлімі мен гипоталамус біртұтас құрылымдық және әрекеттік құрылым болып саналады. Гипофиздің алдыңғы және ортаңғы бөлімдері гипоталамуспен қан тамырлары арқылы, яғни гуморалды жолмен байланысады. Виллизи шеңберінен тарайтын жоғарғы гипофиз артериясы алдымен ілмектер мен түйіндерден тұратын алғашқы капиллярлы торды түзеді. Бұл торға гипоталамустың нейросекрециялық жасушалары келіп, ұштары нейрокапиллярлық түйіспелер түзетін жүйкелік тор жасайды.
Бұл түйіспелер арқылы қанға нейросекрециялық (стимуляторлар) әсер етушілер шығады.
Қан капиллярлары 10-20-дан қуыс вена тамырларына құйылады. Олар гипофиз сабағы арқылы оның алдыңғы бөліміне өтіп, екінші капилляр торын құрады. Соның арқасында гуморальдық стимуляторлар без тіндеріне тікелей әсер етуге мүмкіндік алады.
Гипоталамустың нейросекрециялық жасушаларынан гипофиздің алдыңғы бөліміне босатушы факторлар (ағыл. release — фактор) (кортикотропин босатушы, тиротропин босатушы, фолликулотропин босатушы, соматотропин босатушы, лютеотропин) өтеді. Олар соматотропин, АКТГ, ГТГ, ТТГ т.б. осы сияқты аденогипофиз гормондарының пайда болып бөлінуін қамтамасыз етеді.
Гипоталамус жүйке жүйесінің бөлігі. Мұнда жүйкелік реттеу эндокриндік реттеуге ауысады. Гипоталамус ядроларының нейрондары бөліп шығаратын нейропептидтер либерин және статин деп аталады.
Соңғы кездегі химиялық зерттеулердің нәтижесінде гипоталамуста полипептидтерден құралған бірсыпыра биологаялық белсенді заттар түзілетіні анықталды. Олардың әр қайсысы гипофиздің алдыңғы және аралық бөлімдерінде белгілі бір гормонның түзілу жылдамдығына әсер етеді. Либерин (лат. liber — бос деген мағынада) босатушы, күшейтуші, ал статин — тоқтатушы, тежеуші (ағыл. state — тежеу) факторлар. Қазіргі кезде 7 либерин мен 3 статин анықталып отыр.
Либериндер тобына кортиколиберин, тиролиберин, люлиберин, фоллилиберин, соматолиберин, меланолиберин және пролактолиберин жатады.
Сәйкес үш гормондардың шығуын тежейтін статиндер тобына соматостатин, меланостатин және пролактостатин жатады. Түрлі либериндер мен статиндердің сөлініссы өздеріне сәйкес қандағы гормондарға байланысты және гормондар реттейтін үрдістердің сипаты мен түріне байланысты.
Орталық жүйке жүйесінің ішкі сөлініс бездерге әсері вегетативтік жүйке жүйесінің талшықтары мен гипоталамус — гипофиз жүйесі арқылы іске асады.
Бұл әрекеттік жүйенің болуы да тұтасқан екі реттеу тетіктері — жүйкелік және гуморальдық тетіктер бар екенін дәлелдейді. Ішкі сөлініс бездерінде кең көлемде өзін-өзі реттеу үрдісі жүреді, қызметтердың өзін-өзі реттеуі осы екі реттеуші тетіктерінің қызметінің үйлесімділігіне байланысты. Гормондардың түзіліп, қанға өтуінің маңызды себептері — реттелетін жүйелермен үрдістердің өзіндік қалпы болып келеді. Мысалы, қандағы кальцийдің (Са2+) өзгеруі қалқанша және қалқансерік бездерінің гормондарының шығуын реттейді. Ал қандағы қанттың мөлшері ұйқы безінің инсулинді және бірқатар инсулинге қарсы гормондарды шығаруға әсер етеді. Тироксин, глюкокортикоидтар мөлшеріне лайық гипофиздің троптық гармондары түзіледі.
Сонымен бездер мен олар реттеуге қатысатын ағзалар қызметі арасында екі жақты — тура және кері байланыс бар. Солардың арқасында реттеуші тек қана реттелетін үрдістерге әсер етіп қоймай, ондағы өзгерістер бездердің қызметіне әсер етеді. Өзіндік реттелуде қан тамырларының қабырғасында, тіндерде және гипоталамустың өзінде орналасқан арнайы рецепторлардың маңызы күшті. Гипоталамуста баро-, термо-, хемо-, осмо- және глюко-рецепторлар орналасатыны анықталды. Олар гомеостаздың түрлі өзгерістерін сезгіш келеді. Тіпті гормондар мөлшерлерінің өзгерістерін сезетін рецепторлары да бар деген болжамдар да кездеседі.
Түрлі рецепторлар мен сөліністік жүйкелердің гипоталамуспен байланыстығының барлық бездерде болуы олардың қызметінің рефлексті түрде өзіндік реттелуін қамтамасыз етеді. Мысалы, Na+ мөлшерінің артуы альдостеронның бөлінуін рефлекс арқылы тежейді, сөйтіп артық Na+ несеп құрамында сыртқа шығарылады.
Қандағы Са++ мөлшері артқанда қалқансерік безінің паратгормон бөлуі тежеледі, ал тирокальцитонин артады. Тироксин мөлшері көбейгенде гипофиздің тиреотропин шығаруын тежейді. Глюкокортикоидтар мөлшерінің көбеюі алдыңғы гипофиздің адренокортикотропинді шығаруын тежейді.
Өзіндік реттелу гипоталамус арқылы да, тікелей гуморальдық әсерлердің ішкі сөлініс бездерге әсері арқылы да орындалады.
Ішкі сөлініс бездердің өзіндік реттелуінің көбінесе ішкі ортаның -гомеостаздың — тұрақтылығын сақтауында мадызы зор. Қандай да болмасын организмдегі өзіндік реттелу жүйке жүйесінің қатысуымен жүреді. Ол өзін-өзі реттеуші жүйелердің қызметін сыртқы ортаның жағдайларына бейімдейді.
Организмнің бейімделу әсерленістерінде жағымсыз жағдайларға, зиянды экстремалді әсерлерге қарсы тұру әсерленістерінде гипофиз-адренал жүйесінің маңызы зор.
Организмнің бейімділігі мен ішкі сөлініс бездерінің қарым-қатынасы канадалық ірі физиолог дәрігер, эндокринолог Ганс Сельенің лабораториясында көп зерттелді. Барлық зиянды, қалыптан тыс төтенше әсерлерді Г.Селье стрессор деп атаған (ағыл. stress — зорлану деген мағынада).
Стрессорларға организмнің зорлануын, яғни стресті тудыратын көптеген агенттер жатады.
Химиялық немесе бактериялық интоксикация, шектен тыс тоңу, қызу, аштық, өте ауыр дене еңбегі, психикалық әсерлер гипоксия, организмнің ішкі жүйелер қызметтерінің бұзылуы т.б. стрессор болуы мүмкін. Тіпті орта шамадағы ауру, күшті эмоциялық қозу (жағымды, жағымсыз болсын) да стресс тудыруы мүмкін. Жағымды стресстер эвстресс, жағымсыздары дистресс деп атапады. Стресс тетіктеріне қамшымен қатты ұру және құшырланып сүю де есептеледі.
Г.Селье мен оның шәкірттерінің зерттеулері бойынша, барлық стрессорлар алғашқы кезде біркелкі жалпы әсерленіс тудырады: ең алдымен адренокортикоидтардың гиперсекрециясы (әсіресе глюкокортикоидтардың) пайда болады. Себебі гипофизде АКТГ көп өндіріледі. Оған қоса айырша бездің гиперқызметы байқалады. Лимфа түйіндері мен көкбауырдың салмағы мен көлемі азаяды, қанда лимфоциттер мен эозинофилдер азаяды (эозинопения). Соңғы екі өзгеріс Торн зерттеуі арқылы оңай анықталады. Мұндай организмнің арнайы емес әсерленісін жалпы адаптациялық синдром деп атайды. Бұл зиянкес әсерлерге организмнің қарсы тұру қабілетін күшейтеді.
Бүйрекүсті бездерінің қандай да болмасын әсерге гиперсекрециясымен жауап беруін Г.Селье алғашқы стресс әсерленісі яғни «қобалжу әсерленісі» деп атаған. Бұл әсерленістен кейін стрестің келесі кезеңі резистендігі (төзімділігі) яғни бейімделуі басталады да бүйрекүсті бездері гормондарының сөлінісі қалпына келеді.
Сонымен бүйрекүсті безінің мұндай әсерленісі арқылы организмнің компенсация (өтеміс) тетіктері іске қосылады да, ол өзгерген жағдайға бейімделеді. Глюкокортикоидтар мен адреналиннің физиологиялық мол әсері бейімдеу үрдістерін қалыптастырады.
Адаптациялық синдромның негізі — бүйрекүсті бездерінің белсенділігінің іске қосылуы жүйкелік механизмнен гөрі гипофиздің АКТГ-ның қанға шығатын мөлшеріне байланысты.
Гипофизэктомиядан (гипофизді алып тастағаннан) кейін жануарларда адаптациялық синдром дамымайды. Ал гилофизі сақталған, бірақ бүйрекүсті безінің жүйкелері кесілген, яғни оны кесіп алып миға қондырған жануарларда «қобалжу әсерленісі» байқалады.
Бүйрекүсті бездерінің кортикоидты гормондары организмнің төзімділігін қалай күшейтетіні әлі де белгісіз. Мүмкін бүйрекүсті безінің адренокортикоидты гормоны жасушада энергияның жиналуы мен босауына әсер етіп, жасушалар мен ағзалардың жұмыс қабілетін және энергия тепе-теңдігіне ықпалын тигізетін шығар.
Егер зиянкес жағдай әсерін жалғастыра берсе және оның күші үдесе, стрестің 3-і кезеңі «әлсіреу кезеңі» басталады да, бүйрекүсті бездері қажетті мөлшерде глюкокортикоидтарды (кейде бұларды бейімдеуші гормон дейді) өндіруді тоқтатады. Мұндайда организмнің жағдайы мүлде нашарлап кетеді.
Организмнің бейімделу әсерленістерін белсендіруге басқа да ішкі сөлініс бездері қатысады. Бұл бездердің қызметінде өзара байланыс айтарлықтай орын алады. Жалпы алғанда ағзаға, оның қандай да болмасын қызметіне тек қана бір без әсер етіп коймайды. Қалыпты жағдайда бұл бездердің қызметіндегі өзара байланысына қарай бірнеше без қатысады. Кейбір бездер бір-бірімен антогонистік байланыста болады (мысалы, көмірсуларға адреналин мен инсулиннің әсері немесе паратгормон мен тирокальцитониннің Са++-ға әсері т.б.).
Синергист бездер де бар. Олардың гормондары бір бағытта әсер етеді. Мысалы, көмірсу алмасуына адреналин мен глюкогон, глюкокортикоидтар тағы басқа гормондар әсері бір бағытта жүреді де қандағы қантты көбейтіп гипергликемия тудырады.
Гипоталамус-гипофиз жүйесінде сонғы жылдары нейрондарды реттейтін пептидтер тобы ашылды. Олар эндорфин, энкефалин, нейротензин, Р заты және басқа қосымша гормондық жүйелер.
Қазіргі кезде гастро-интестиналды гормондар (ГИГ) – асқорыту жолының көп гормондар тобы зерттеліп жатыр.
- Гипоталамус – гипофиздік жүйе
Гипофиз мидың түп жағындағы түрік ершігінде орналасқан, салмағы 0,5-0,6 г, алдыңғы, ортаңғы, артқы бөліктерден тұрады. Алдыңғысы —аденогипофиз, ортаңғысы — меланогипофиз, артқы бөлігі — пейрогипофиз деп аталады. Құрылысы және қызметі жағынан бұлар әртүрлі, сондықтан олардың әрқайсысын бөлек без деуге де болар еді.
Адам және жануарлар тірлігі үшін қай бездің қандай маңызы бар екенін білу мақсатымен зерттелетін безді сылып алып тастайды (экстирпация). Гипофизді апып тастаса (гипофизэктомия) өсімтал жас бала өспей қалады, жыныс бездері кеш жетіледі, ал ересек адамның бездерін алып тастаса, жыныстық шабыты төмендейді. Белок, май, көмірсу алмасуы бұзылады, қалқанша без, бүйрекүсті бездер кішірейеді, қызметі нашарлайды. Несеп бөлінуінде тәуліктік диурез күшейіп, шыжындық белгілері пайда болады (полиурия). Сырттан тиетін зиянды әсерлерге деген төзімділігі кемиді. Осы айтылғандарың бәрі гипофиздің гормон шығару қызметінің нашарлауының (гипосөлініс) салдары. Ал гипофиздің қызметі күшейсе (гиперсөлініс) мұндай өзгерістердің сипаты қарама-қарсы.
Гипофиздің алдыңғы бөлігі — аденогипофиз үш түрлі, атап айтқанда, ацидофилдік, базофилдік және хромофилік жасушалардан тұрады. Соңғылары — бас жасушалар осы бас жасушалардан дамиды. Бастапқы аталған екеуі бүйрек үстіндегі бездердің қызметін күшейтіп, құрылымдық сипатын жақсартады. Гипофизде соматотроптық СТГ (соматотропин), тиреотроптық ТТГ (тиреотропин), адренокортикотроптық АКТГ (адренокортикотропин), гонадотроптық ГТГ (гонадотропин), фоллитропин ФСГ, лютеиндейтін ЛСГ (лютропин), пролактин бағыттаушы гормондары түзіледі.
Гормондардың физиологиялық әсері. Соматотропин жәй белок ацидофилдік жасушаларда түзіледі, денеде биосинтезді күшейтеді, барлық органикалық заттардың алмасуына, минералдық алмасуға әсер етеді, әсіресе белок түзілуін, айталық РНҚ, синтездік қасиетін күшейтеді, амин қышқылдарының қаннан жасушаларға өтуін, сіңуін тездетеді, сөйтіп жасушалар мен тіндердің өсіп дамуын қамтамасыз етеді. Гормон сондай-ақ, азот тепе-теңдігін өзгертіп, денеде азот көбейеді, кальций, фосфат, натрий тұздарының сақталуына себепкер, бүйрек тінінің өсіп дамуын, қатаюын тездетеді. Коллагендер түзілуін де (коллагенезді) үдетуі мүмкін.
Соматотропин гликогеннің ыдырауын (гликогенолиз), глюконеогенез үрдістерін тездетеді. Сондықтан СТГ шектен тыс көп шығатын болса қанда глюкоза, қант деңгейі жоғарылайды (гипергликемия). Бұл көбінесе гипофиздік диабет ауруына тән. СТГ липоидтар мен май ыдырауын әсіресе бауырда бета-тотығуын күшейтеді, қанда кетоденелерді көбейтеді де, бұл өнімдердің дене еттеріне сіңуін үдетеді, сөйтіп сан еттерінің тонусын, күшін өсіреді. Осы айтылған әсерлерді жүзеге асыру үшін денеде СТГ ғана емес, басқа бездердің гормондары да, әсіресе глюкокортикоидтар тироксин және инсулин жеткілікті болуға тиіс. СТГ әдеттегіден аз түзілетін болса адамның бойы өспей қалады, ол тіпті 1 метрден аспауы мүмкін. Мұндай адамды гипофиздік ергежейлі дейді. Ергежейлінің дене бітімі дұрыс қалыптасқан: бастың көлемі, аяқ-қолдың, кеуде-көкіректің ұзындық өлшемдері бір-біріне сәйкес болады, жыныс мүшелері өспейді, жыныс белгілері айқын емес, жетілмеген. Мұндай адам індет ауруларға төтеп бере алмайды, көбінесе оның ғұмыры қысқа болады.
СТГ шектен тыс көп болса, адамның бойы тез өсіп 240-250 см-ге, ал салмағы 150 кг-ға дейін жетуі мүмкін. Оны гипофизарлық алып (гигант) дейді.
Өсуі тоқтаған ересек адамда СТТ гиперсөлініссы акромегалия дертіне әкеліп соғады. Адам денесінің өсіңкі, шығыңқы жерлері (иегі, мұрны, ерні, жағы, маңдай төмпешіктері, бармақтары) өседі, гипофизбен қызметтес бездердің жұмысы өзгереді. Мәселен, жыныс бездерінің қызметі нашарлап, ұйқы безінің инсулин бөліп шығару қабілеті төмендеуі мүмкін. СТГ үзілместен өмір бойы шығарылады. Бұл үрдісті гипоталамус реттеп отырады.
Пролактин, лактоген гормоны ацидофилдік жасушаларда түзіледі, емшекте сүт түзілуін, оның сыртқа шығарылуын үдетеді. Пролактиннің қызметі күшейсе, эстроген мен прогестерон гормондар әсері керісінше тежеледі. Босанған әйелде прогестерон әдеттегіден аз, ал пролактин керісінше көбірек бөлінеді, емшектен сүт көп шығады, сүт сапасы, майлылығы, дәмі артады.
Базофилдік жасушаларда АКТГ, ТТГ, ФСГ және лютропин түзіледі. Адренокортикотропин — бүйрекүсті бездің өнімі. Ол аталған бездің қыртыс қабатындағы жасушаларын өсіріп, кортикостероид гормондардың әсіресе глюкокортикоидтардың түзіліп, сыртқа шығуын үдетеді. Глюкокортикоидтар адамның ашу-ренішін, қайғы-мұңын басып, көңіл күйін жақсартады. Ем қонбаған ауруларға кортизон, гидрокортизон гормондарын беріп, олардың сырқатына деген төзімділігін күшейтуге болады.
Тиротропин қалқанша тінін ұлғайтып, оның сөліністік қабілетін күшейтеді. Тиротропин шектен тыс көп шығарылса гипофиздік гипертиреозға әкеліп соғуы мүмкін.
Гонадотропин екі түрлі гормоннан тұрады: лютропин — аналық және аталық без — тестостерон мен прогестерон гормовдарының түзіліп бөлінуін күшейтеді. Әйелде (овуляция) аналық жасушаның пісіп жетілуімен безді жарып шығуын тездетеді, оның орнында пайда болған сары дененің қызметін жақсартып, қалыптасуын қамтамасыз етеді. Фоллитропин — ана безі фолликуласын ұлғайтып, онда гормондар түзілуін үдетеді, қанда эстрогендерді көбейтеді және сперматогенезді тездетіп, сперматозоидтардың өсуін жеделдетеді.
- Гипофиз
Гипофиздің артқы бөлігі — нейрогипофиз пирамида тәрізді үлкен жасушалар — питуициттерден және гипоталамустың нейросекрециялыұқ жасушаларының талшықтарынан тұрады. Нейрогипофиздің екі гормонынын екеуі де (вазопрессин, окситоцин) гипоталамуса түзіліп, нейросекрециялық нейрондарының бойымен гипофизге жетеді де, сонда сақталады. Вазопрессин гипоталамустың супраоптикалық, ал окситоцин паравентрикулярлық ядроларында түзіледі. Олар гипофиздің 1 артқы бөлігіндегі нейрофицин затымен әрекеттескеннен соң қанға өтеді. Вазопрессин бүйректің несеп жиналатын түтігінде судың қайтадан денеге сіңуін үдетіп, несеп көлемін (диурезді) азайтады, сондықтан да оны антиурездік гормон дейді. Вазопрессин шектен тыс азайса, несеп қалыптан тыс көп шығады (полиурия). Бұл гормон, сондай-ақ қан тамырларын тарылтып, қысымын күшейтеді. Окситоцин жатыр еттерін жиырылтады, жатырдың жиырылуы, әсіресе толғақ кезінде күшейе түседі. Бұл гормон құрсақтағы нәрестенің тууын тездетеді, сүт түзілуін, оның шығуын үдетеді.
Гипофиздің ортаңғы бөлігінде меланотропин (МСГ), яғни интермедин гормоны түзіледі. Бұл гормон терідегі питменттік жасушаларда бояушы түйіршіктерін көбейтіп, жасуша талшығын кеңейтеді және олардың біркелкі орналасуын қамтамасыз етеді. Мұның салдарынан тері қарайып кетеді. Адамның күнге күйген кезде тотығуы осығаң байланысты. Күн сәулесінің әсерінен интермедин әсері күшейіп, теріде қара зат фусцин түзілуі үдейді. Интермедин, сондай-ақ көздің ішкі қабатындағы пигмент жасушаларынан (псевдоподий) жалған бұтақ шығарып олардың аумағын кеңейтеді, сөйтіп көздің тор қабығындағы фоторецепторларды жарық сәулесінен қорғайды. Интермедин түзілуін де гипоталамус реттейді.
- Қалқанша без
Мойын аймағында кеңірдектің алдында орналасқан қалқанша без (glandula thyroidea) — біршама ірі без. Ересектердің қалқанша безінің салмағы 20-30 тр. Балаларда (2 жасқа дейінгі) — 1,5-2 г. Қартайған шақта, басқа да ішкі сөлініс бездері секілді, оның салмағы кішірейеді. Қалқанша без тіні дәнекер тіннің жұқа қабаттарымен қоршалған көлемі 25-500 м км болатын фолликулалардан тұрады. Олардың эпителий жасушалары құрамында йод бар гормондарды түзеді. Бұлар трийодтиронин (Т3) және тетрайодтиронин (Т4) немесе тироксин. Олар белокпен қосылып, йодтиреоглобулин деген тұтқыр коллоидты зат түзеді. Ол зат фолликулада көпке дейін сақталады. Кейін керек кезде коллоидты заттан гормондар бөлініп қанға өтеді. Эпителийлі беткей тіндерінде протоеаздардың әсерінен йодтиреоглобулин ыдырайды, белсенді гормондар босатылады. Қан плазмасында гормондар альбумин және глобулинмен қосылады, ал нысаналарда бұл комплекстер ыдырап, тироксин мен трийодтирониндерді босатады. Бұл гормондардың жасалуына аминқышқылдар, тирозин және йод қажет.
Адам организмінің сұйықтық ортасындағы гормондардың 75%-ға жуығы белоктармен байланысқан қалпында ағып жүреді. Бұл тиреоидты гормондардың бүйрек арқылы шығарылуына жол бермейді. Гормондар тек бос қалпында ғана әсер етеді. Трийодтирониннің белсенділігі тироксиннің белсенділігінен 6-10 есе жоғары.
Гормондардың күйрелуі біршама ақырын жүреді (2-4 тәуліктен кейін). Артық гормондар бауырда ферменттік күйрелуге ұшырайды. Бездің дәнекер тінді стромасында «ақшыл» жасуша немесе С-жасушалар деп аталатын ерекше түрі табылды (ағыл. calctonin), кейде оны орысша атына байланысты К-жасуша деп те атайды. Бұлар кальций және фосфор алмасуын реттеуге қатысатын, құрамында йод жоқ — тирокальцитонин және өте белсенді катакальцин гормондарын бөліп шығарады.
Қалқанша без қанмен өте жақсы қамтамасыз етіледі. Мұндағы қан ағысының минуттық мөлшері бездің өз көлемінен 3-7 есе көп. Қанның мөлшері жағынан ол организмде бірінші орын алады. Бұл оның ішкі секрециялық қызметінің белсенділігін көрсетеді. Қалқанша без жүйке талшықтарымен жиі торланған, оның жүйке қызметінің реттелуі симпатикалық, парасимпатикалық және денелік жүйкелер арқылы жүзеге асырылады.
Фолликула эпителий тіндерінде йод бар тиреоиодты гормондардың түзілуі организмге бейорганикалық йодтың келуімен тығыз байланысты. Адам және жануарлар оны йодты калий және йодты натрий түрінде тамақ пен су арқылы алады. Тамақтанудың тәуліктік мәзірінде оның орташа мөлшері 100-200 мг болады. Организмде 30-50 мг йод бар, оның 15 мг қалқанша безінің құрамына енеді. Сөйтіп, адамның және жоғары сатыдағы омыртқалылардың қалқанша безі 4 түрлі гормон бөліп шығарады — тироксин (тетрайодтиронин), трийодтиронин және тирокальцитонин, катокальцин. Қалқанша безінің гормондары организм қызметтеріне кең түрде әсер етеді.
Тәжірибелік зерттеулер кезінде де, ішкі сөлініс бездерінің қызметі бұзылған ауруларды бақылағанда, гормондардың жеткіліксіз немесе шамадан тыс көп бөлінуі бұлардың қаншалықты ерекше әсер ететіндігін айқын көрсетеді. Тиреоидты гормондар әсерінің негізгі әсерлері бұлардың түрлі алмасу үрдістеріне, өсу және дамуға ықпал етуінен, сонымен қатар көптеген бейімделу әсерленістерге қатысуынан тұрады.
Тироксиннің және трийодтирониннің энергия алмасуына тигізетін әсері, олардың «калоригендік» — жылу өндіру ықпалынан өте жақсы көрінеді. Тиреоидты гормондар жоқ кезде алмасу үрдістерінің жылдамдығы төмендейді, ал көп болғанда негізгі алмасу тыныштық қалпында да, қалыпты жағдайда да 2 есе жоғарылауы мүмкін. Жылу өндіру нәтижесі жоғары сатыдағы жануарлар мен адам организмінің барлық жасушаларында, әсіресе бауыр, бұлшықет және жүйке жүйесі жасушаларында айқын байқалады.
Гормондар зат алмасудың түрлі жақтарына, барлық ферменттерді белсендіру жане тотығу үрдістерін күшейту арқылы әсер етеді, әсіресе белоктың синтезделуін және майлар мен көмірсулардың ыдырауын күшейтетін митохондриялық үрдістерді тездетеді Түрлі жануарлардың организмін зерттеу арқылы, оларда минерал алмасуды реттеудегі тиреоидты гормондардың мәні анық дәлелденген.
Сөйтіп тироксин жасуша ішіндегі және сыртындағы орталардағы электролиттердің мөлшер айырмасының сақталып тұруына көмектеседі. Бұның биопотенциал генерациялану кезінде үлкен мәні бар. Т3 және Т4 әсері сонымен қатар тіндердің катехоламиндерге сезгіштігін жоғарылатуынан да тұрады; олар адреналин мен норадреналиннің гликогенолиздік және гипергликемиялық әсерін күшейтеді. Қалқанша безінің гормондары дененің өсуін реттейді, сондықтан олардың жетіспеушілігі өсудің баяулауына соқтырады. Тиреоидты гормондардың маңызы әсіресе төлдерден айқын көрінеді. Бұл гормондардың жетіспеушілігі салдарынан жүйке жүйесінің қалыпты жағдайы бұзылып, даму және өсу баяулайды. Жас кездегі өсу үрдісінде гипотиреоздан балалардың ақыл-ойы, санасының дамуы бұзылады. Эмбриондық кезінде осы гормондар жетіспесе, ақыл-ойдың мешеулігінің ауыр түрі (кретинизм) байқалады. Тиреоидты гормондар метаморфоз (өзгеріс) үрдістеріне әсер етеді, бұны қосмекенділерден айқын көруге болады. Итбалықтарды құрамында йод жоқ суға салғанда, өзгеріс болмады, яғни итбалық бақа күйіне ауыспайды, сол суға йод немесе қалқанша без гормондарың қосқанда, ол бірден бақаға айналып өзгеріс пайда болды, екінші сөзбен айтқанда жануарлардың есейген түріне өтуі іске асты. Қарастырылып жатқан гормондардың кейбір жануарлардың түк қабаты мен түлеуге әсері дәлелденді. Қазақтың тәжірибелі аңшылары өздерінің аңшы құстары тез түлеп, күш алуы, әрі құс көрікті болуы үшін жеміне қалқанша безінің кептірілген тінін қосқан. Қалқанша безінің гипоқызметы салдарынан жануарлардың түктері, құстардың қауырсындары көмескіленіп, түсіп қалады. Тері қатпарланып кетеді.
Қалқанша без гормондары жүрек қызметін жылдамдатады. Олар орталық жүйке жүйесінің дамуына және қызметіне елеулі әсер етеді.
Иттердің безін алып тастағаннан кейін, оларда шартты рефлекстердің қалыптасуы өте киын болады. Қалыптасқан шартты рефлекс келесі күні жойылып кетеді де, оны жаңадан қалыптастыруға тура келеді. Ал без қызметінің жоғарылауынан орталық жүйке жүйесінде қозу тежелуден басым болады. Бұл — гипертиреоз кезінде аурулардың өте эмоциялы болуының себебі. Қалқанша без қызметінің бұзылуынан адам зейінінің бірқатар көрсеткіштері өзгереді.
Қалқанша безінің үшінші гормоны — тирокальцитонин. Бұл гормон бездің фолликула жанындағы жасушаларынан бірден қан мен лимфаға фолликулалардан өтпей-ақ келеді, ол тиреоидты коллоидтың құрамында да жоқ.
Тирокальцитонинді денеде кальций сақтайтын гормон деп атайды. Ол қан плазмасында кальций және фосфор иондарының деңгейін төмендетеді. Бұл гормондар үшін бүйрек және сүйек тіндері жасуша нысана болады.
Сүйекте кальцитонин оның тіндерінен кальцийдің шығуын әлсіретіп, сүйек тінін бұзатын жасушалар — остеокластар қызметін тежеп, сүйек тінін түзетін жасушалар — остеобластар қызметін белсендіреді. Сол сияқты сүйек құрамындағы фосфор қышқылы тұздарының деңгейін төмендетеді. Тирокальцитонин несеп құрамымен кальций, натрий, фосфаттар шығарылуын күшейтеді. Бұл гормон фосфор-кальций алмасуына, қалқансерік безі гормоны — паратгормонға қарсы әсер етеді. Тирокальцитонинның бөлінуі қандағы кальций деңгейіне байланысты, аталған гормонның қанға түсуін гиперкальциемия (кальцийдің көп болуы) жоғарылатады, ал гипокальциемия (кальцийдің аз болуы) төмендетеді.
Қалқанша безі гормондарының жасалуы және қанға шығарылуы сау организмде орталық жүйке жүйесінің көптеген бөліктерімен, гипоталамус-гипофизарлық жүйелерімен өте нәзік реттеледі. Гормональды гомеостаз ішкі сөлініс бездерінің басқа көптеген бездерінің арасындағы (әсіресе қалқанша, жыныс және қалқансерік т.б. бездер) өзара үйлесу тетіктері арқылы іске асады.
Қалқанша безінің сөл бөлу қызметінің гипо- немесе гиперсөлініс жағдайларында түрлі бұзылулар салдарынан әртүрлі патологиялық жағдайлар және аурулар туады.
Гипертиреоз, әсіресе Базед ауруы немесе табиғаты басқаша тиреотоксикоз кезіндегі патологияның мынадай өзіне тән белгілері байқалады. Без көлемінің ұлғаюы (зоб), тахикардия (жүрек соғуы жиіленуі), көздің шарасынан шығуы (экзофтальм), зат алмасудың елеулі жоғарылауы және осымен байланысты организмнің көптеген вегетативтік қызметтерінің бұзылуы. Организмнің жүдеуі байқалады. Кретинизм (бала кезінде дамыса) және микседема (көбінесе операциядан кейінгі гипотиреоз кезінде, ол кейде үлкен адамдарда қалқанша безінің тінін көп мөлшерде алып тастауынан болады) гипотиреозды айқын көрсетеді. Кретинизм кезінде ақыл-ой және дененің дамуы күрт төмендеп, психикалық әсерленіс баяулайды. Ауру балалардың бойы кішкентай, тілі ұлғайған, беті ісік, тәбеті төмен, терісі құрғақ болады. Оларда сүйек тінінің дамуы баяу, оның салдарынан еңбегі қатпайды және тістерінің шығуы уақытынан көп кешігеді.
Микседема кезінде, теріде жөне басқа тіндерде мукопротеидтер жиналуының салдарынан жалқыаяқ ісік дамиды. Шамадан көп емес гипотиреоз кезінде зат алмасу, жылу жасалу деңгейінің төмендеуі байқалып, соның салдарынан суыққа сезгіштік жоғарылап, жалпы көңілсіздік (апатия), әлсіздік, тез шаршаушылық, зейіні мен психиканың бұзылуы пайда болады. Жер шарының әртүрлі жергілікті топырағында, суында, тамақ құрамында йод аз болған жағдайда, сол жердің бірқатар тұрғындарының қалқанша безінің сөліністік қызметі бұзылып, сөл бөліну мөлшері өзгеріп (дисқызмет), онда өз гормонының гипер- немесе гипосекрециясы пайда болуы мүмкін. Қалқанша безінің бұл патологиялық өзгерісін эндемиялық зоб деп атайды. Көбінесе ол таулы аймақтардың тұрғындарында кездеседі.
Швейцария және Норвегияның таулы аймақтарындағы мектеп жасындағы балалардың жартысынан көбі эндемиялық зобпен бұрыннан ауыратыны анықталды. Зоб Кавказ, Орал, Карпат, Орта Азия және Қазақстанда, соның ішінде Алматы облысында кездеседі.
Адамға тәуліктік йодтың қажет мөлшері 0,15-20 мг. Организмге қажетті йодтың мөлшері үнемі жетпесе тиреоидтық гормондардың түзілуі бұзылады. Зоб дамуының алғашқы кезеңінде, әсіресе йодтың тапшылығы аз болған жағдайда, қалқанша без фолликулаларының өсуі организмге қажетті гормон жасауын уақытша қамтамасыз ете алады. Бірақ йод жетіспеуі елеулі болған жағдайда гипотиреоз әрі қарай, микседема мен кретинизмге жеткенге дейін дами береді.
Топырағы мен суының құрамында йод мөлшері аз аймақтарда эндемиялық зобтан сақтандыру мақсатымен, тамаққа йодталған ас тұзын қолданады (100 кг тұзға 2,5 г йодты калийді қосады).
- Қалқансерік бездер
Қалқансерік бездер (glandula parathyroidea) aca үлкен емес эпителилі құрылым, саны 2-6, салмағы 20-50 мг. Әдетте, олар қалқанша безінің артқы жағында, жоғарғы және төменгі ұштарында жұптап орналасқан. Бездер өте жақсы тамырланған. Қан мен лимфа тамырларының бойымен оларға симпатикалық және парасимпатикалық жүйке талшықтары енеді. Қалқансерік безінің гормоны паратгормон деп аталады. Паратиреоидэктомия — қалқансерік бездерін алып тастаудың салдарынан пайда болған өзгерісті иттерден айқын көруге болады. Бездерді алып тастағаннан кейін, алғашқы күндері тәбеті төмендеп, қатты шөлдеу сезімі пайда болғанын байқауға болады. Операциядан кейін 1-3 күн өткен соң, әуелі кейбір жеке бұлшықеттер тартылып, одан соң жалпы дененің барлық бұлшықеттерінің ұзақ уақыт тартылуының дайындығы басталады. Оны паратиреоидты тетания деп атайды.
Арқа мен мойын еттері дененін алдыңғы жағындағы бұлшықеттерге қарағанда күштірек болғандықтан, жануарлар басын артқа қарай тартады (опистотонус).
Кейбір бірыңғай салалы және көлденең жолақты еттердің кернеуі жоғарылап жиырылуы, тыныс алу бұлшықеттері, қарынның төменгі жағындағы 12-елі ішекпен жалғасқан бөліміндегі еттері (пилороспазм), жұтқыншақ (фарингоспазм) және басқа да бұлшықеттердің ұзақ уақыт күшті түйілуі пайда болады. Еттердің осындай ұзақ уақыт тартылып жиырылуы организмді өлімге әкелуі мүмкін. Қалқансерік бездерін алып тастағанда кальцийдің қандағы деңгейі төмендеуі еттердің ұзақ уақыт қатты тартылуының (су-дорога) тууына себеп болады. Кальцийдің деңгейі 9-12 мг%-тен (2,25-2,80 ммоль/л), 4-7 мг%-ке (1,25-1,35 ммоль/л) төмендейді. Егерде тартылу басталған кезінде жануарлардың қанына хлорлы кальций ерітіндісін енгізсе, сіреспе өте тез тоқтайды.
Қалқансерік бездерін алып тастағаннан кейін пайда болатын сіреспе қозғалыс орталықтарының — орта, сопақша ми және жұлынның қозуымен байланысты болады, бұл жағдай орталық жүйке жүйесін әртүрлі деңгейде кесу әдісімен дәлелденген. Бұл адамдарда да кездеседі, әдетте қалқансерік бездерінің ішкі сөлініс қызметінің тапшылығы кезінде пайда болады (гипопаратиреоз). Осы кезде адамның бет және қол бұлшықеттерінің жиырылуы байқалады. Қол «акушер қолы» қалпына келеді (шынтақ және білезік, басбармақ, сұқ саусақ және шынашақ буынынан бүгілген). Бет жүйкесін сәл басса, сол аймақтың бұлшықеттері тартыла бастайды. Бұл медицинада руссо симптомы деп аталады. Туа пайда болған қалқансерік бездері тапшылығынан балаларда қандағы кальцийдің деңгейі төмендеп, сүйек, тіс өсуі баяулайды, тырнақтары мен шаштары морт сынғыш болады. Гиперпаратиреоз — қалқансерік бездері қызметінің шамадан көп болуы сирек кездеседі. Бұл жағдайда қандағы кальцийдің мөлшері көбейіп, бейорганикалық фосфат мөлшері азаяды. Остеопороз (сүйек жұқаруы) дамиды, соның салдарынан организмде бұлшықеттер әлсіздігі, қол-аяқта ауыру сезімі пайда болады. Азот алмасуы өзгеріп, бауырдың мочевина жасау қызметі баяулап организмнің өздігінен улануы басталады. Бұл тұңғыш рет И.П.Павлов зертханасында анықталған. Жануарды органикалық азот қосындылары көп ет тағамдарымен тамақтандырғанда олардың қалыпты жағдайының төмендейтінің түсіндірді. Қалқансерік бездерін алып тастау ми қыртысының негізгі динамикалық үрдістері қозу мен тежелу сияқты шартты рефлекстік қызметінің бұзылуына әкелетіні анықталған. Атап айтқанда, жас адамдар, екіқабат және емізулі балалы әйелдер организмінің кальций және фосфорды қажетсінуі жоғарылайды. Кальций өте қажетті, өйткені ол кез келген тірі құрылымның құрамына кіретін негізгі қосылыс. Кальций қатыспайтын организмнің бірде-бір қызметі жоқ деуге болады. Ол организмнің тірегі — қаңқаның жасалуына және қорғаныс қызметін атқару үшін қажет. Кальций жасуша пішіндерінің тұрақтылығы және олардың қызметі үшін қажет. Са2+ қан ұюына қатысатын негізгі компоненттің бірі. Ол қозу мен жиырылу үрдістерін байланыстырады, көптеген ферменттердің белсенділігін ретгеуде маңызды орын алады.
Сондықтан оның қаңқа, жүрек еттерінің қызметінде, қан тамырларының кернеуін сақтауда маңызы зор. Қалқансерік бездерінің гипо-қызмет кезінде байқалатын тартылыс, әртүрлі спазмофилияның болуы, паратгормонның жетіспеуінен және соған байланысты рефлекстік доғаның барлық дерлік буындарының, әсіресе ет пен жүйке аппаратының қозуының күшеюінен туады. Соған байланысты әлсіз, тіпті табалдырықтан төменгі тітіркендіргіш күшінің әсерінен бұлшықеттердің анық өрі көпке созылатын тетаникалық жиырылуы пайда болады. Ионданған кальцийсіз синапстык құрылымдарда ацетилхолиннің және басқа медиаторлардың бөлінуі жүрмейтіні анықталды. Сондықтан бірқатар ғалымдар Ca2+ барлық бөліну үрдістердің бәріне, соның ішінде гормондардың бөлінуіне де қатысты деп есептеді.
Сондықтан Са2+ қызметтерді нейроэндокринді реттеудің негізгі қосылысы ретінде бағалануы керек. Кальцийдің жасуша ішіндегі көптеген алмасу үрдістеріне қатысуы тікелей Са2+ арқылы іске аспай, тек кальмодулиннің арнаулы белокпен қосылуынан кейін іске асады. Кальмодулин Са2+ қоспасы жасуша ішіндегі ферменттерді белсендіреді. Кальций әрі гомеостазды қамтамасыз етеді. Жас ерекшеліктеріне байланысты және басқа түрлі қажетсінуіне, тамақтағы мөлшеріне, денеге сіңуіне қарамастан Са2+ алмасуын реттейтін өте қуатты және анық белгіленген тетіктердің бар екендігі дәлелденген.
Кальцийді реттеуші гормондар — паратгормон, тирокальцитонин және катокальцин. Сонымен қатар витамин Д – Д3 гормондық түрінің маңызы да өте зор. Бұл түрткілер фосфордың алмасуына да әсер етеді. Басқа да гормондар — кортикостероидтер, глюкогон, соматропин, айырша без гормондары көмекші әсер етеді. Паратгормон үшін нысана болатын ағзалар, сүйек тіні, бүйрек және ішектер. Осы ағзалар арқылы паратгормонның қандағы кальцийдің қалыпты мөлшерінің сақталуы іске асады. Қандағы Са деңгейінің өзгеруі паратгормонның жасалып бөлінуінің негізгі реттеушісі болады: гипокальциемия гормонның бөлінуіне әсерін тигізеді, ал гиперкальциемия оны тежейді. Паратгормонның әсер ету тетіктері әлі толығымен анықталмаған.
Басқа пептидті гормондар сияқты ол цитоплазмалық мембраналардың арнайы қабылдағыштармен әсерлеседі, оның жасушаға әсері оАМФ және Са2+ арқылы іске асырылады. Бірақ, бұл әсердің нәтижесі түрлі ағзалардың тін ерекшелігіне байланысты.
Паратгормон сүйекте сақталған кальцийді қанға шығарады, сондықтан қанға осы гормонды қосымша енгізу немесе оның қалқансерік безінен шамадан артық бөлінуі гиперкальциемияға әкеледі. Соған сәйкес сүйектен кері сіңудің (резорбция) басқа өнімдері босатылады (магний, фосфат, цитрат т.б.). Паратгормонның аталған әсері негізінен (остеобласт) сүйек тінін бұзатын элементтері бар, оның байланыстарынан кальцийді жұмылдыратын жасушаларды белсендіру қабілетіне байланысты. Осыған ұқсас өзгерістер (остеоцит) сүйекаралық матрикс талшықта, белок, тінаралық сұйықтықта органикалық және минералды қосылыстардың алмасуына белсенді қатысатын жасушалар.
Паратгормон остеобластар — құрылыс үрдістерін қамтамасыз ететін жасушалар қызметін тежейді.
Паратгормонның бұл әсерлері бірігіп, кальций мен фосфордың сүйектен «шығуына», тіпті ондағы белокты құрамыстың қалыпты жағдайдан бұзылуына әкеледі. Гормон мөлшерден едәуір артық болса, сүйекте «бос кеңістік» пайда болады яғни остеопороз дамиды.
Бүйректе паратгормон ұшқары түтікшелерде фосфаттардың кері сіңуін төмендетеді де, ал кальцийдің кері сіңуін (реабсорбция) жоғарылатады. Паратгормонның бүйрек жасушаларына және сүйек тініне физиологиялық әсері аденилат циклаза — оАМФ жүйесі арқылы асатыны дәлелденген. Паратгормон несеп арқылы Na+. Са2+ иондарының, фосфаттардың шығуына көмектесетіні анықталған. Бұл ретте осы гормонның тирокальцитониннің синергисті ретіндегі әсері көрінеді.
Паратгормонның әсерін іске асыруда, кальцийдің ішек арқылы сіңуінің күшеюінің маңызы зор. Паратгормон бүйректе белсенділігі темен витамин Д-дан гормондық белсенді түрі витамин Д3 жасалуына әсер етеді.
Витамин Д3 нысана ағзаларға көбінесе паратгормонның синергисі ретіңде әсер етеді, атап айтқанда ішекте тамақ құрамындағы кальцийдің қанға сіңуін күшейтіп, сүйектік деполардан кальций мен фосфатты шығарып, бүйректің бастапқы түтікшелерінен кальций, фосфат және натрийдің кері сіңуін тездетеді.
Соңғы жылдары паратгормонның басқа да бұрын нысанаға жатқызылмаған ағзаларға да әсер ететіні анықталды. Мысалы, айырша безі, сүйек майы, артерия қаны, қан тамырларының ет қабатына, қарын-ішек қабырғасындағы бездерге әсер етеді. Жақында паратгормонның рецепторлары жүйке тінінен де табылды. Жаңа туған және одан үлкен балаларда қалқансерік бездері қызметінің жеткіліксіздігі салдарынан гипокальциемия табылды. Әсіресе мерзімінен бұрын туған балаларда гипокальциемия тереңірек әрі айқын көрінеді. Осыған байланысты кальций тұрақтылығының (гомеостаз) қалыпты жағдайы бұзылуынан туатын спазмофилия белгілері жиі байқалады.
- Айырша без
Айырша без — тимус көптеген бөлікшелерден тұратын қос без. Төстің ішкі бетінде, жүрек ұясының (ортаңғы қабырғаның) үстіңгі жағында орналасқан. Астыңғы жағы жүрек қабы — перикардпен, артқы жағы ірі-ірі қан тамырлармен шектескен. Айырша безін көзбен көріп, қолмен ұстау қиын, сондықтан ол ойдағыдай зерттелмеген. Без екі — қабық және ми қабаттардан тұрады. Онда екі түрлі жасуша бар — лимфоид жасуша (ұсақ микроциттер) негізінен қабық қабатта, торлы жасуша астыңғы қабатта орналасқан. Олар бірігіп селдір торға айналады, торда лимфоциттер орналасады.
160
Бездің қандай қызмет атқаратыны тек соңғы уақытта зерттеле бастады. Көкірек хирургиясының жедел дамуы осы безді алып тастауға мүмкіндік берді. Бірақ арнайы әдіспен орнын ауыстырып сапса, ол тез арада ыдырап, бойға сіңіп кетеді.
Ғылыми деректерге қарағанда өсу (есею) барысында, атап айтқанда жеткіншек жасына келіп, жыныс жетіле бастаған кезенде без ұлғаяды (үлкейеді). Жыныс жетіліп болған сон ол кері дамиды (инволюция) — құрамында безді құрылымдар азаяды да, олардын орнын дәнекер тін басады.
Тәжірибе жүзінде алынған деректерге жүгінсек, айырша без жыныс бездерінің дамуын тежейді. Айырша безі алып тасталған не шала жетілген жас малдың жынысы тез, мерзімінен бұрын жетіледі, ондай мал өспей қалады, немесе баяу өседі. Жас мал (торпақ, баспақ т. б.) піштірілсе, айырша безі, оның тіндері ұлғайып, дамып кетеді, ал безде кері даму үрдісі тежеледі. Айырша безі инволюцияға (кері дамуға) ұшырамаған адамның жіліктері ұзарып ұлғаяды, мұндай адам әдетте кестірілген (ендері алынып тасталған) адамдарға ұқсайды.
Айырша без қызметі жыныс бездері қызметімен тығыз байланысты екені жоғарыда айтылды. Мұнымен қатар ол қызметі жағынан ұдайы басқа да бездермен байланыста болады. Мәселен, бүйрекүсті безді алып тастаған жағдайда айырша безде инволюция болмайды (ол кері дамымайды), ал жіті өтетін індет аурулардың, сондай-ақ кейбір төтенше себептердің (жарақаттану, ауырсыну, суға шектен тыс хлор қосу, улану) әсерінен инволюция жіті өтеді. Демек, айырша без бен, бүйрекүсті без де қызметі жағынан тығыз байланысты, байланыс сипаты көбінесе қарама-қарсы.
Айырша без денеде кальций алмасуын реттеуте қатысады, жануар денесіне инемен айырша без сығындысы енгізілсе, сүйек тінінде көп мөлшерде кальций жинала бастайды, оның есесіне қанда кальций азая түседі. Айырша безді алып тастаса, кері әсер туады, яғни кальций сүйекте азаяды да қанда көбейеді.
Айырша без денеде стероидтар, нуклеин қышқылдары, С витамині (аталған безде бұл витамин өте көп, бұл жағынан ол бүйрекүсті безден кейін екінші орын алады) алмасуын реттеуге қатысады.
Соңғы он жыл ішінде іске асырылған түбегейлі зерттеулерге қарағанда, айырша без адам (жануар) денесікде жүріп жатқан иммундық, қорғаныс, бейімделу әсерленістеріне да қатысады. Мәселен, жаңа туған қозының (бұзаудың, торайдың т.б.) айырша безін алып тастаса (тимэктомия) ол өспейді және қатты арықтайды (рантинг не вастинг — синдром, ағыл. rant — бойдың өспеуі, wastus — арықтау, жүдеу).
Жынысы жетілген ересек жануардың айырша безін алып тастаса, 1 бұл оның өсуіне айтарлықтай ықпал жасамайды, тіршілік ету мерзімің қысқартпайды, бірақ қанда лимфоциттер саны азаяды, сол бездері біршама семіп, иммундық әсерленіс нашарлайды. Айырша безде Т-лимфоциттер «пісіп» жетілетіні анықталған.
Айырша безін алып тастаған жануар лимфоциттерінде иммунды дене түзілу қабілеті төмендеп кетеді, мұның салдарынан орны ауыстырып салынған не басқа жануардан алып салынған тері кесінділері денеге жабысып түспей қояды. Безді алып тастау нәтижесінде қанда гаммаглобулин азаяды.
Кейбір қолаңсыз себептердің (жұқпалы ауруға шалдығу, қатты тоңып шаршау, оттегі жетіспеуі т.б.) әсерінен айырша без қызметі нашарлап кетсе, әдетте қан құрамында лимфоциттер саны азаяды, уақытша сөл түйіндері мен бездің көлемдері кішірейеді.
Айырша бездің адам (жануар) денесінде иммундық биологиялық әсерленіске қатысуы, қазіргі кездегі пайымдауларға жүгінсек, сол бездегі әсер етуші зат, гормон не гормондар тобы (әзірге олар табылған жоқ, тек без сығындысының әсері ғана зерттелуде);
а) лейкоцитин бөгде зат қармау қабілетін күшейтеді;
ә) лимфоциттің антитән бөліп шығаруын үдетеді;
б) иммундық, әсіресе фагоциттік (қармау, жұту) қасиеті күшті лимфоциттер, мәселен, Т-лимфоциттер түзілуіне септігін тигізеді. Дәлелденген деректерге жүгінсек, айырша безде Т-лимфоциттер «пісіп» жетіледі, мұндай лимфоциттер қатыспаса, денеде бір қатар аса маңызды иммундық әсерленістер жүрмей (өтпей) қояды. Т-лимфоциттердің иммундық ақпаратты бір орыннан екінші орынға ауыстырып отыратыны, жасушада иммунитет қалыптасуын қамтамасыз ететіні анықталды. Олар — иммунологиялық жады, сондықтан да жолында кездескен заттардың қайсысы «өзінікі» қайсысы «басқаныкі» екенін тез таниды.
Ғылымда Т-лимфоциттер «киллер», яғни жендеттер деп аталады. Олар бірден тап беретін және ұзақ жасайтын лейкоциттер. Белгілі бір ағзаны не оның бөлігін бір орыннан екінші орынға ауыстырып саларда тимустағы тап осы лейкоциттер гомо- (біртектес) және гетеро- (әр тектес) трансплантаттарды қабылдау әсерленісіне, сондай-ақ денеде бірқатар аллергендерге (антигендерге) қарсы аллергиялық әсерленістер қалыптасуына белсене қатысады.
Айырша безден басқа лимфоидтық ағзаларда «пісіп» жетілетін В- лимфоциттердің көптеген антитәндер түзетін плазмалық жасушаларға ауысуы да осы Т-лимфоциттердің қатысуымен өтеді.
Сонымен қорғаныс, бейімделу сияқты иммундық қасиеттер қалыптастыруда гипофиз, бүйрекүсті без жүйесімен қатар, айырша без де үлкен орын алады.
Француз химиктері айырша безден бөліп алынған гормон (10 амин қышқылынан тұратын пептид) туралы нақты деректер жариялады. Бұл гормон денеге енгізілісімен адамға (жапуарға) белгілі бір бағытта биологиялық әсер етеді екен. Клиницист ғалымдар мынаны байқады. Тіндері шектеп тыс ұлғайып, айырша без тым үлкейіп кетсе, адам кейде ерекше дерт — миастенияга (бұлшықеттің әлсіздігінің үдеуіне байланысты адамның жүре алмай қалуы) душар болады. Бұл патология холинэстеразаның шектен тыс көп шығып, қозуды жүйке жүйесінен ет тініне өткізетін ацетилхолиннің жедел ыдырауынан туатын қасірет. Осыған орай ет-жүйке түйіспелерінде деполяризация әдеттегіден едәуір ауытқиды. Status thyraicolymphaticus кезінде болмашы сырқаттанған адамға наркоз беруге тура келсе, ол қабылдай сала кенеттен өліп кетуі мүмкін. Көбінесе бұл холинэстераза белсенділігінің төмендеуіне байланысты ацстилхолиндік шок тууынан болады.
Сонымеи айырша без осу үрдісіне қатысады, лимфоцит (Т-лимфоцит) түзілуін үдетіп, антитән қалыптасуын жеделдетеді. Демек, ол денеде иммундық биологиялық қорғаныс әсерленістерін тудыруда үлкен роль атқарады. Мұнымен қатар жыныс бездері қызметін тежейді, яғни адамның жынысын жетілдіру үрдісіне ықпал етеді. Айырша без сығындысы — тимозин:
а) лейкоциттердің фагоциттік қызметін жақсартады;
ә) гормон бөлініп шығуын үдетеді;
б) иммундық қабілеті бар лимфоциттер (Т-лимфоциттер) түзілуіне септігін тигізеді.
- Ұйқы безі
Қарынасты (ұйқы) безі аралас сөлініс безге жатады. Ол әрі ішкі, әрі сыртқы сөлініс қызмет атқарады. Сыртқы сөлініс қызметіне асқорыту сөлін өндіру қызметі жатады. Ішкі сөлініс қызметін Лангерганс аралшықтары атқарады. Лангерганс аралшықтары ұйқы безінің негізінен «үш» жағында және аздап басқа бөлімдерінде орналасқан ерекше тін. Аралшық жасушалардың өзектері болмайды. Ең алғаш аралшықты морфологиялық жеке құрылым ретінде 1863 ж. Лангерганс ашты. Лангерганс аралшықтарында 2 түрлі жасушалар бар және (түйірлі жасуша). Олардың жалпы салмағы бездің 0,01%. Аралшық тіндерінің салмағы аз болғанымен организмнің тірлігіне өте қажетті. Оның гипоқызметі қантты диабет ауруын тудырады. «Диабет» деген сөз грекше «тесіп өтемін» деген мағынада. Осы сөз бұл аурудың дәл негізін көрсетеді. Шынында, қант жасушалық тіндік кедергінің бәрінен өтіп көп мөлшерде сыртқа шығады.
Диабет ауруының клиникасы жақсы зерттелген. Бұл ауруда ең алдымен көмірсулар алмасуы бұзылады. Организм жасушалары көмірсуларды пайдаланбай, бауыр еттерде гликогеннің жасалу мөлшері төмендеп кетеді. Оның ыдырауы күшейеді. Соның нәтижесінде қандағы қанттың мөлшері көбейеді, гипергликемия пайда болады. Оның мөлшері қалыптағы 3,5-5,5 ммоль/л-ден 8-І2 ммоль/л, ал кейде одан да көп жоғары болуы мүмкін. Гипергликемияда қант несеппен сыртқа шығады, глюкозурия байқалады (қанттың несептегі мөлшері 3-5% көтеріледі). Несепте қанттың көбеюі бүйрек түтікшелерінде қаштың қанға кері (қайта) сіңіп үлгірмеуінен. Осмостық қысымның артуына байланысты тәуліктік несептің мөлшері көбейеді (8-10 литрге дейің), полиурия пайда болады. Организмнен судың көп шығуы шөлдеу сезімің яғни полидипсияны тудырады. Диабет ауруында майдың алмасуы да бұзылады. Бауырдағы гликогеннің азаюы деподағы май мен липоидтерді шығарып, олардың бауырға баруына әсерін тигізеді. Деподағы май бауырға қанмен тасылады, сондықтан қанда гиперлипемия пайда болады (1% орнына 5-10 кейде 20%-ға дейін). Бұл бауырдың майға айналуына әкеліп соғады. Осыған байланысты майдың кетонды ацетонды заттарға дейін күшті тотығуы (ацетон, -оксимай қышқылы, ацетосірке қышқылы) күшейеді. Қандағы кетондардың мөлшері артады. Кетонемия дамып, кейін ол кетонурияға айналады. Кетонемияда қандағы сілті-қышқыл қоры азаяды, ацидоз байқалады. Алғашында ол қалпына келуі мүмкін, бірақ кейіннен қанның рН-ы өзгереді. Сөйтіп, улану белгісі — диабеттік кома дамиды.
Диабетте белоктың алмасуы да бұзылады. Тіндегі көмірсудың азаюына байланысты белокты көмірсу қоры ретінде пайдалану байқалады яғни глюконеогенез пайда болады. Мұндайда белоктың ыдырауы күшейгендіктен денеге оның қалдық өнімдері жиналады. Сондықтан азотемия — белок ыдырау өнімдері көбейеді. Барлық қоректік заттардың ыдырауы күшейгендіктен адамның араны ашылып тамақты өте көп ішеді (булемия). Емдемесе адам өліп кетеді.
Көпке дейін диабет ауруы аралшық тіндерінің қызметіне байланысты екені белгісіз болып келген. Оны алғаш рет 1877 ж. Лангерганс тапқан. Ол ауруды патологиялық анатомиялық тексеру кезінде аралшық тіндерінің жойылып кеткенін тапқан. 1889 ж. Меринг пен Миньковский диабет ауруы ұйқы безін сылып алып тастағанда пайда болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Олар алғаш рет итте тәжірибелік диабет ауруын тудырған. Ұйқы безін кесіп алып тастағаннан кейін біраздан соң 300 мг% (яғни 15 ммоль/л) дейін гипергликемия дамыған. 4-5-і күндері ит өлерде гипергликемия кезінде қанттың мөлшері 10 есе көбейеді. Итте полиурия дамып несептегі қант мөлшері 3-5% болған. 1901 ж. орыс патофизиологы Мәскеу университетінің қызметкері Л.В. Соболев Диабет ауруы Лангерганс аралшықтарын алып тастағанда пайда болатынын дәлелдеді. Панкреас безінің өзегін байлап тастағанда оның секреті жиналып, қысымы күшейеді де экскрециялық тіндер бұзылады, аралшықтар ұлғайып өседі. Мұндайда диабет пайда болмайды. Ал аралшық жасушаларды алып тастаса диабет ауруы байқалады. А.В. Соболев алғаш рет аралшық тіндері тұнбасын алып, оның диабетті емдеу қабілетін ашқан. Аралшық тіндерінің таза тұнбасын без өзегін байлап, экскрецинлық тіндерді жоймай алу мүмкін емес, себебі без тіндері белокты негізде болғандықтан асқорыту ферменттерімен араласып, олардың әсерінен ыдырауға түседі.
Оның үстіне А.В. Соболев эмбрионның аралшық тіндері сөліністік (ациноз) жасушалардан бұрын дамитынын ашқан. Буаз жануарлардың ұйқы безін жүктіліктің екінші жартысында кесіп алып тастағанда диабет ауруы дамымайды. Себебі ұрықтың гормоны анасының организмін де қамтамасыз етеді. Бірақ бала туғаннан кейін анасында диабет пайда болады.
Сонымен Л.В.Соболев алғаш рет аралшық тіндерінің тұнбасын алып, оның емдеу қабілетін көрсетіп, эмбрионнан таза тұнба алуға болатынын айтқан. Бірақ ол өзінің жаңалықтарын 1900 жылы аз оқылатын, ғалымдарға онша таныс емес анатомиялық журналға басып шығаруына байланысты, бұл жаңалық онша дәріптелмеген, тұнба диабет ауруын емдеуге пайдаланылмаған.
20 жылдан кейін 1921 жылы канадалық дәрігерлер Бантинг исы Бест А.В. Соболев тәрізді тәжірибелер жасап бұзаулардың ұйқы безінің өзегін байлап тастау арқылы оның аралшық тіндерінің таза тұнбасып алған. Сосын оны диабет ауруымен ауырған адамдарды емдеуге қолданған. Тұнбаның белсенді негізі — ұйқы безінің гормонын инсулин (инсула — аралшық) деп атаған. Ол жасушаларда өндіріледі.
Инсулин гормонының физиологиялық маңызы:
- Бауырдың гликоген түзу қызметін күшейтеді, бұлшықеттерде қорының жиналуын арттырады: сондықтан инсулинді «сараң сарбаз» деп атайды.
- Жасушалардың қантты пайдалануына әсер етеді.
- Көмірсулардың майға айналуына әсер етеді.
- Гликонеогенезді, яғни май мен белоктан көмірсулардың пайда болуын тежейді. Инсулин, диабетпен ауырған адамның бұзылған зат алмасуын жөнге келтіреді. Бірақ тамақтың құрамына, қасиетіне, қандағы қанттың мөлшеріне қарай ауру оны күнделікті қабылдап отыру керек. Инсулинді тек қана тері астына жібереді, себебі оның негізі белок болғандықтан, ішкенде асқорыту ферменттері оны ыдыратып жібереді. Егер оны көп мөлшерде енгізсе жіті гипогликемия пайда болып, мидың қанмен қоректенуі бұзылады, сіңірі тартады, есінен танады, гипогликемиялық шок пайда болып адам өліп кетуі мүмкін. Бірақ қанға глюкоза құю арқылы өлімнен алып қалуға да болады.
Инсулиннің жасанды (синтез) түрі алынды.
Организмдегі инсулин бауырда ферменттің әсерінен ыдырайды.
Инсулиннің әсер ету тетіктері:
Басқа да гормондар тәрізді инсулин организмге тікелей әсер етеді. Жеке кесіп алынған бауырдан инсулинді айдаса гликоген пайда болады.
Инсулиннің әсерін реттеу:
- Инсулиннің әсерін кезеген жүйке күшейтеді. Жүйкені байлап тастаса инсулин бөлінуі азайып, тітіркендірсе көбейеді (симпатикалық жүйке тежейді). Инсулиннің бөлінуіне ми қыртысы да әсер етеді.
- Диабет ауруы көбінесе психикалық қатты күйзелістен кейін пайда болады: а) қандағы қант тікелей ұйқы безіне әсер етеді. Гипергликемиялы қанды ұйқы безінен өткізу арқылы инсулиннің бөлінуін күшейтуге болады; б) қандағы қант орталық жүйке жүйесі арқылы әсер етеді. Егер иттің миынан гипергликемиялық қанды айдаса, ол оның денесін тек қана кезеген жүйке арқылы байланыстырса, гипогликемия байқалады. Бұл инсулиннің көп өне бастағанын байқатады.
Егер жануардың ұйқы безін алып тастап инсулинді енгізсе, диабет дамымайды, бірақ 1-1,5 сағаттан соң май алмасуының бұзылуына байланысты жануар өліп қалады. Липокаин фосфорилазаның белсенділігін күшейтіп, фосфатидтердің пайда болуын қамтамасыз етеді.
C.M. Лейтес диабетті екіге бөледі: тотальдық (жаппай, жалпы) және аралшық диабет. Аралшық диабетте көмірсулардың алмасуы бұзылады (аллоксандық диабет тәрізді). Тотальдық диабетте көмірсу және майдың алмасуы бірдей бұзылады. Егер тек көмірсулар алмасуы бұзылса, сульфаниламид препараттарымен емдеуге болады. Олар бүйрек арқылы шығарылып қанда қант мөлшері азаяды. Соңғы кездерде бұл екі гормоннан басқа ұйқы безінде 3-ші гормон — глюкагон өнетіні анықталды. Бұл гормон кристалл түрінде бөлініп алынды.
Глюкагон қандағы қанттың мөлшерін көбейтіп, бауырда гликогеннің ыдырауын күшейтеді. Оның гипергликемиялық әсері адреналинге ұқсас, ал инсулинге қарама-қарсы. Бұл гормонның физиологиялық маңызы әлі онша анықталған жоқ, бірақ қанда түрлі әсерге байланысты инсулин көбейгенде глюкогонның да мөлшері артып гипогликемияға жол берілмейді.
Инсулиннің өнуіне гипофиздің соматотропты гормоны әсер етеді. Жас организмдерде ол инсулин өнімін күшейтіп аралшық аппаратты әлсіретеді. Мұндайда гипофизарлық диабет байқалады.
- Бүйрекүсті бездері
Бүйрекүсті бездері бүйректердің жоғары жағында орналасқан. Олардың салмақтары 6-12 г. Әрқайсысы қыртысты және милы қабаттан тұрады. Қыртысты қабат без салмағының 4/5, милы қабаты 1/5 бөлігін алып жатыр.
Милы және қыртысты қабаттардың шығу тегі, құрылысы және қызметі жағынан әртүрлі. Олардың қанмен қамтамасыздануы ерекше.
Бүйрекүсті бездерінің салмағы аз болғанымен тіршілік маңызы өте зор. Егер жануардың екі безін де сылып алып тастаса (экстирпация) 7-10 күннің ішінде ол өліп қалады. Мұндай жағдайда жануар еттері әлсіреп, тамақтан қалады, өте тез арықтап салмағы азаяды, кейіннен сіңірі тартып, ішкен тамағын құса береді, жүрек-қан тамырлар жүйесінің, тыныс ағзаларының, асқорыту, бүйрек, зәр шығару қызметтері нашарлайды қантамырлары қабырғасының өткізгіштігі күшейеді, қаны қоюланады және басқа өзгерістер пайда болады. Жеке бөліп алынған қыртысты және милы қабаттарға жасалған тәжірибелер арқылы аталған өзгерістердің көбі қыртысты қабаттың ішкі сөлініс қызметіне байланысты екені анықталды. Мысалы, бездің милы қабатын қалдырып, қыртысты қабатын сылып алып тастаса, жануар өте тез өліп қалады. Ал милы қабатын алып тастап қыртысты қабатын қалдырса, жануар салыстырмалы ұзақ уақыт айтарлықтай өзгеріссіз өмір сүре алады. Мұның себебі милы қабатты құрайтын хромаффиндік жасушалар бүйрекүсті безінен басқа да ағзаларда кездеседі (ұйқы артериясының бифуркациясы (айырық) тұсында, омыртқа бағаны бойындағы симпатикалық шеткі торапта т.б.). Оған қоса симпатикалық жүйкелердің ұштары норадреналин бөліп шығарады. Ол милы қабаттың гормонындай әсер етеді. Сондықтан (бүйрекүсті бездерінің ми қабатын алып тастағанда (демодулляциясы) оның гормондарының кемшіліктері хромаффиндік құрылымдар арқылы толықтырылады.
Бүйрек үсті бездерінің гормондары. Бүйрекүсті безінің қыртысты қабаты 40-тан астам кортикостероидтарды түзеді. Олардың бәрі де холестериннің туындысына (өніміне) жатады. Мұның ішіндегі тек қана негізгі онында биологиялық белсенді гормондық қасиет бар. Қалғандары осы негізгі гормондардың өніміне, немесе олардың ыдырауынан пайда болған заттарға жатады да көбінесе қанға өтпейді.
Физиологиялық қызметіне қарай кортикостероидтар 3 топқа бөлінеді: 1) глюкокортикостероидтар (ГКС); 2) минералокортикостероидтар (МКС); андрокортикостероидтар (АКС);
Глюкикортикостероидтар бүйрекүсті безінің қыртысты қабатының шоғырлы зонасында түзіледі. Бұл топқа кортизон (өте белсенді гормон), гидрокортизон және кортикостерон (белсенділігі төмендеу) жатады.
Кортизон молекуласының С17 бөлігінде окситобы болғандықтан оларды 17-оксикортикостероидтар деп те атайды (әсіресе емханаларда жиі пайдаланылады).
- Жыныс бездері
Жыныс бездері — гонадалар (грекше gone — пайда болу, aden — без) аралас сөлініс бездері болып есептеледі. Олардың сыртқы сөліністік қызметі — жыныс жасушаларын (гаметоцитгерді) жасау және шығару. Еркек организмдегі ұрық жолында сперматозоидтар, ал ұрғашы организмдегі аналық безде жұмыртқа жасушалары пісіп жетіледі. Демек, жыныс бездерінің негізгі қызметтерінің бірі — көбею немесе репродуктивтік қызметі. Сонымен қатар, бұдан кем түспейтін эндокринді қызмет атқарады. Зат алмасу, көбею жыныс белгілерін ажыратуынан (диференция) бастап, ұрықтың пайда болып, дамып, тууына дейінгі көптеген үрдістерді реттейтін жыныс гормондарын шығарады.
Организмнің көптеген ұрпақ жаңғырту (көбею) қызметі жан-жақты 23-тарауда қарастырылған. Бұл бөлімде тек қана еркек пен әйел жыныс бездерінің гормондарына жалпы және олардың арнайы әсерлеріне мәлімет беріледі.
Аталық жыныс гормондары ұрық жолының интерстициалды 1 тіндерінің ерекше — Лейдиг жасушаларынан жасалады. Бұл гормондар андрогенді деп аталады (трек, andros — еркек). Нағыз еркек жыныс гормоны — тестостерон. Бұдан басқа да бұған қарағанда белсенділігі сәл төмен гормондар бар — андростерон, эпитестостерон. Андрогенді гормондармен қатар, ұрық жолында аздап аналық жыныс гормоны — эстерогендер де жасалынып, бөлініп шығарылады.
Жыныс жұмыртқаларының негізгі құрылымы — фолликула (латынша folliculus — қапшықша, көпіршік), оның ішінде жұмыртқа жасушасы пісіп жетіледі. Пісіп жетілген фолликула графты көпіршік деп аталады. Ол жарылғанда, одан жұмыртқа жасушасы шығады. Бұл —овуляция деп аталады. Жұмыртқа жасушасы жұмыртқа жолына — жатыр түтігіне, ұрықтанғаннан кейін жатырға түседі. Овуляциядан кейін фолликула жасушалары қабырғасында сары пигмент жиналып сары дене түзіледі. Ұрықтанғанда сары дене ұзақ уақыт болады, оны жүктіліктің сары денесі деп атайды. Егер ұрықтану болмаса, ол 10-12 күн қызмет етеді де, кері дамуға түседі. Жыныс ағзалары жетілген әйелдерде овуляция ай сайын қайталануы мүмкін. Жыныстық оралым (цикл) 27-28 күнге созылады. Оны 4 кезеңге бөледі. 1) овуляцияға дейінгі; 2) овуляция кезіндегі; 3) овуляциядан кейінгі; 4) тыныштық кезеңі. Бұл кезендердің әрқайсысы жыныс жұмыртқаларын-дағы, жатырдың шырышты қабатындағы, қандағы, гормондар деңгейіндегі белгілі бір өзгерістермен және басқа да организмдегі жалпы өзгерістермен сипатталады. Жыныс циклінің әртүрлі кезендерінде жыныс жұмыртқаларында өзінің физиологиялық ерекшеліктері жағынан әртүрлі гормондар түзіледі (синтезделеді). Жұмыртқа жасушасы пісіп жетілген кезеңде фолликула — эстроген (грек, oistros — ағу, genes — тудыратын) деп аталатын гормондарды жасап шығарады. Бұл гормондарға эстродиол және белсенділігі сәл төмен эстрон мен эстриол жатады. Сол жерде аздап тестостерон да (еркек жыныс гормоны) жасалады. Жыныс жұмыртқасының сары денесіңде гестогендер (латын. gestatio — жүктіліктің дамуына жақсы әсер ететін гормондар) жасалады. Сары дененің негізгі гормоны — прогестерон.
Жыныс гормондарының әсері. 1. Денеде зат алмасуды, анаболизмдік (ассимиляция) үрдістерің күшейтеді, яғни күрделі органикалық қосылыстардың түзілуін күшейтеді, белок, соның ішінде ферменттердің де жасалуын жоғарылатады. Осыған байланысты дене салмағы артады, себебі бірқатар тіндердің жүрек, сүйек, қаңқа бұлшықеттері, бауыр, бүйрек салмағы артады.
- Екінші жыныс белгілерінің дамуына, пайда болуына көмектеседі. Олар тиісті жынысты сипаттайды — жыныс мүшелерінің өсіп дамуы, түк пен май қабаттарының пайда болуы, қаңқа дамуы т.б. үрдістерді қамтамасыз етеді.
- 3. Жүйке жүйесі мен жоғары жүйке қызметіне әсер етеді, ұрпақ жаңғырту жүйесінің барлық бөліктері қызметінің белсенділігін қамтамасыз етеді. Сексуальдық (sexus-жыныс), яғни жыныстық көніл-күйдің дамуы негізінен жыныс гормондарының қандағы деңгейінен анықталады. Бойдың өсуі, дененің қалыптасуы, тәртіппен өзін-өзі ұстауы, екінші жыныс белгілерінің пайда болып дамуы жыныс бездеріне байланысты екені ескі заманнан белгілі. Әртүрлі мақсаттармен жыныс бездерін сылып алып тастағанда (кастрация) пайда болатын өзгерістер жан-жақты зерттелінген. Ауыл шаруашылығында майлы семіз ет, жұмысшы мал алу үшін кастрация жүргізіледі.
Жыныс жұмыртқасының лютеин жасушаларында жүктілік кезеңінде релаксин деген гормон түзіледі, ол жатырдың, ал туар алдында жамбас сүйектерін байланыстыратын аппарат. Бұл гормон әйел организмін бала тууға дайындайды.
- Домалақ без – Эпифиз
Эпифиз жеткіліксіз зерттелген безге жатады. Төменгі сатыдағы жануарларда (кесіртке, сүйекті амфибия, қосмекенділер) эпифиз бастың төбе аймағында орналасқан. Оның үстінде тек жұқа дәнекер тінмен жабылған тесік болады. Қабылдағыштық қызмет атқаруына байланысты оны төбе көзі деп атайды.
Сүтқоректілердің эпифизі орта мидың жоталас (дорсалды) бөлімінде төрт төмпешіктің жоғарғы аралығындағы тереңдікте орналасқан, кейбіреулер оны мидың 3-ші қарыншасының қабырға өсіндісі деп те атады. Бездің салмағы 100-180 мг. Бұл бездің барып ертеден білгенімен оның қызметсы осы кезге дейін белгісіз болып отыр. Көне және орта ғасырларда эпифизді «сана тізбегін» ақыл-ойды бақылайтын қақпақ, интеллектінің тепе-теңдігін қамтамасыз етуші, адамның «жаны» орналасқан сауыт деп есептеген.
Тәжірибе арқылы эпифиздін жыныс бездерінің қызметіне қатысы бар екені ғана дәлелденіп отыр. Айталық, бала эпифизінің ісігінде уақытынан бұрын жыныстық жетілу (мысалы, 15 айлық қызда эпифиздің ісігіне байланысты етеккір келген) байқалады. Эпифизэктомиядан кейін жануарлардың аденогипофизі өсіп ерте жыныстық жетілу басталады. Эпифиздің жыныс бездерінің қызметіне әсері, оның гормон бөлуімен байланысты.
Эпифиз бірнеше биологиялық белсенді заттар — мелатонин, серотонин, адреналин, гистамин т.б. бөлетіні анықталды. Олардың ішінде әсіресе мелатонин күшті әсер етеді (бұл зат көздің торлы қабатында да түзіледі).
Мелатониннің физиологиялық әсері.
- Меланоиит жасушаларының қызметін тежеп, бақаның терісін түссіздендіреді.
- Гипофиз арқылы әсер етіп жыныс бездерінің қызметін тежейді, яғни бұл гормон сүткоректілер организмінің репродукция қызметіне әсер етеді. Жас жануарлардың жыныстық жетілуін, ал ересек ұрғашы жануарлардың экстральдық күйлеу оралымын тежейді және жыныс безінің мөлшерін кішірейтеді, Эпифиздегі мелантонин мен серотониннің мөлшері жарыққа байланысты. Күшті жарық сәулелері бұл гормондар мен гипофиздің жыныс гормонының мөлшерін көбейтеді. Осыған байланысты жануарлар мен құстардың жыныстық белсенділігі маусым бойынша өзгереді, жазда және көктемде жедел күшейеді.
- Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда эпифиз организмде биологиялық «сағат» ролін атқарады, яғни биологиялық үрдістердің белсенділігі күн мен түннің ауысуына қарай өзгеріп тұрады.
- Эпифиз басқа ішкі сөлініс бездерге де әсер етеді. Югославия ғалымдары оның қалқанша, қалқансерік, бүйрекүсті, ұйқы бездеріне әсері туралы көптеген мәліметтер жинаған. Жануарларға эпифиздің сығындысын енгізгенде олардың психикасы да өзгеретіні өте қызықты ақпарат. Мысалы, тышқандар мысықтан қорықпайды, тіпті шабуылшыл болып кетеді.
- Эпифиз дене жылуын реттеуге (терморегуляция) қатысады деген де мәліметтер бар. Кейбір ғалымдар эпифизді жоғары дәрежедегі қыртысасты жылуды реттеуші орталыққа дененің қызғанын хабарлайтын »биологиялық термометр» деп қарайды.
- Эпифиз су мен тұздың, әсіресе калий тұзының алмасуына қатысатыны анықталды.
- Бірқатар ғалымдар эпифиз тінінен белсенді пинеалин деген затты бөліп алды. Ол белок алмасуына әсер етеді. Югославтық ғалымдар басқа ішкі сөлініс бездерімен бірге эпифиз организмнің сыртқы ортаның өзгермелі жағдайына бейімделуіне қатысады деп есептейді.
Қорыта келе, адам организмінде ішкі сөлініс бездерінің күрделі жүйесі жұмыс істейді. Ол жүйке жүйесімен бірге организмнің біртұтастығын қамтамасыз етеді. Қалыптасу бала (ұрық) іште жатқан кезеңде басталады. Туғаннан кейінгі онтогенезде гетерогенді, яғни уақыт бойынша әркелкі даму, содан соң — эндокринді жүйенің инволюциясы (кері қарай дамуы) жүреді.