АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Ер Жәнібек

ЕР ЖӘНІБЕК

 

Шоқан Уалиханов: “Абылай хан заманы – қазақ батырларының дәуірі” деген ұлы сөзін тегін айпаса керек. Оның сыртында Абылай дәуірі жоңғарлар мен қазақтардың сұрапыл шайқастарына толы болды. Не бір батырлар шықты. Соның бірі – біз сөз өткелі отырған Ер Жәнібек батыр.

Осы Керей Жәнібек батырды ел аузында “Ақыр Жәнібек” деп те атайды. Себебі қазақтың тарихында көптеген Жәнібектер өткен. Соларды шатастырмау үшін, әрі Жәнібектердің ерлік дәуірінің ақыры ретінде есте тұтқан болуы мүмкін.

Осы Жәнібектерге келер болсақ, алғашқысы 1456 жылы хан болған Әз-Жәнібек. Екіншісі Шақшақ Жәнібек (Тархан Жәнібек деп те атайды). Оның сыртында Божбан Жәнібек дегендер болған. Божбан руынан шыққан Жәнібекті кезінде қазақтың тұтастығын бұзғаны үшін Абылай ат құйрығына байлап өлтірген. Ер Жәнібек турасында айтатын болсақ, бұл – үшінші Жәнібек. Оның шыққан тегі туралы, мынадай қысқаша шежірелік икем айтуға болады. Керейден – Құттыберді туған. Құттыбердінің шешесі – Абақ бәйбіше. Осы Құттыбердіден – Ителі, Қарақас, Молқы, Жастабан, Сарбас тарайды. Ителіден – Байлау мен Қойлау; Байлаудан – Жәдік, Жәнтекей, Шеруші туған; Жәнтекейден – Сүйіншал, Сүйіндік, Сүйінбай. Ал осы Сүйінбайдан – Жайлау, Сары, Самырат, Сәменбет, Төлеке тарайды да,  осы Сары руынан – Бердәулетұлы Ер Жәнібек туған. Жәкеңнің туған жылы туралы әзірге тоқтамды мәміле жоқ. Әркім әртүрлі болжамдар айтады.  

Шыңжандық Қостай Исабаев 1690 жылы туған дейді. Бұл тарихи негіздерге дәл келмейді. Осы мақала авторының пайымдауынша Жәкең 1710 жылы туған болып келеді. Олай дейтініміз: Шақшақ Жәнібек батыр бір ұзақ сапардан келе жатып Керей ауылдарына түстенсе керек. Сол күні Бердәулеттің бәйбішесі бір ұл тауып, атын қойып беріңіз деп нәрестені Шақшақ Жәнібектің алдына әкеліпті. Шақшақ Жәнібек батыр толғанып отырып былай депті; “Ей, Бердәулет, мына нәрестеге көңілім толып, көкірегім желпініп отыр, өз атымды қояйын, дұшпанға боқтатпас, жаманға даттатпас” деп нәрестенің құлағына сенің атың Жәнібек деп үш айтып, былай деп бата беріпті:

 

                         Керей деген елің көп,

                         Ел айналар шешен бол.

                         Жағаласар жауың көп,

                         Жауға шапсаң есер бол.

                         Ел ішінде дауың көп,        

                         Жұрт алдында көсем бол,

                         Шайқасқан да есен бол,

                         Жекеге шықсаң желденіп,

                         Жауыңның басын кесер бол! – депті.

 

   Осылай аузы дуалы батырдың айтқаны келіп Жәнібек әрі шешен, әрі батыр, әрі ақын болып өскен екен. 1710 жылы Әз-Тәуке ханның жарлығымен Жоңғар ордасына елшілікке Қаз дауысты Қазыбек бастаған бір топ елші барған. Сол топтың ішінде жоғарыдағы Шақшақ Жәнібек болған. Бұл елшілер Жоңғар ордасынан қайтар жолда қалмақ пен қазақтың арасына сынадай қадалып отырған Абақ керейлер ауылында ат суытқан шығар. Бұл қалайда есте  боларлық болжам. Бұдан кейін Жәкеңнің туған жылын анықтауға тұрарлық болжам Абылай мен Ер Жәнібек турасына айтылған қисса-дастан, аңыз әңгімелер. Көптеген жыр қиссаларда Жәкең он сегіз жасында жауға аттанған болып келеді. Сонда ол 1710 жылы туды деп есептесек, 1728 жылы жауға аттанған болмай ма? Бұл уақытта қазақ даласында жоңғарлардың қылышы үстемдік алып тұрған тұс.

Жәкеңнің батыр атануын Абылайдың оң тізеден орын бергенімен байланыстырып көрейік. 1728 жылы Абылайдың өзі де танылмаған, тек 1729 жылғы Аңырақай соғысында “Абылайлап” жауға шауып әйгілі болған. 1730 жылдары Абылай атағы қазақ даласын дүбірлетіп кетті. Ал, 1730 жылы жоңғарларды Іле өзеніне дейін қуып, жыл бойы соғыс болғаны тарихтан белгілі. Дәл осы сұрапыл шайқастардың бірінде Абылайдың аты майдан даласында жүруге жарамай, қазақ қолынан береке кетіп, алды қашып, арты қаша ұрыс салып жатқан тұста астындағы көк дөненін омыраулатып жетіп келген жас жігіт: “Ей, хан Абылай, мына менің атыма мін, елді тоқтат, есерді бас, жауыңа мен ие болайын” дегенде Абылай сұлтан: “Жас жігіт екенсің, барып менің атымнан уәхи айтып қашқанды бөге, жауға өзім төтеп беремін” дегенде әлгі жігіт қаһарланып: “Сенің басыңды қалмаққа тастағанша, өзім кесіп алайын” деп тап берген екен – мыс. 

 

                           Осыны айтып Жәнібек,

                           Абылай ханға қарады.

                           Тап бергенде Абылай,

                           Қорыққаннан көк дөненге,

                           Қарғып мініп алады, – деген ел аузында ұзақ жыр бар.

 

Бұл кейінгіге аңыз болып айтылып келе жатқан ерен ерліктерінің бірі. Осы оқиғадан кейін Абылайхан Ер Жәнібектің өтініші бойынша Шыңғыс шапқыншылығы тұсында тоз-тозы шығып бытырап кеткен Абақ керейлерді бір тудың астына біріктіріп елдік рәсімнің кепілі ретінде үш құлаш ақ жібек туды қаратамақ найзаға байлап береді. Ел ішінде “Жәнібектің ақ туы” деп аңызға айналған бұл жәдігер бертінге дейін сақталған. 1940 жылы Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтеріліc кезінде Алтай қазақтары жауға қарсы осы туды ұстап шыққан. 1947 жылы Оспан батыр туды батырдың ұрпағы Рахат Зарыққанұлына табыс етеді. 1958 жылы Баймолда Сарсабайұлының үйінде сақтаулы тұрған туды Қытай үкімет орындары музейге тапсырамыз деп деген желеумен алып, кетіп, із-түзсіз жоғалтқан. Сондай-ақ Жәкеңнің жорық саптыаяғын 1946 жылы академик Әлкей Марғұлан Зайсаннан тауып музейге өткізген. Осы жәдігер Алматыдағы орталық музейде сақтаулы тұр.  Жәкеңнің нағашы жұрты жайында біреулер ұлы жүз Сары үйсін десе (Зейнолла Сәнік), көптеген шежірелерде нағашы атасы арғын Қазыбек би деген адам еді делінеді. Жәнібек батыр бала кезінде нағашы атасының тәрбиесінде ер жетіп, жылқы жайып, қоспен бірге дүзде жүрген екен. Бір күні Қазыбек би жылқысын шолып басты-басты айғыр үйірлерін түгендеп келе жатса, қаңтарулы тұрған атты көреді. Жанында жас бала жиені Жәнібек ұйықтап жатыр, екі бөрі баланың үстінен айқыш-ұйқыш секіріп, ойнап жүр. Еріксіз атының басын тартқан Қазыбек би бұған таң қалып қарап тұрса, екі бөрі ғайып болыпты. Сонда Қазыбек бидің кәрі жүрегі лүпілдеп, сақалы селкілдеп тұрып былай депті:

 

                            Аруақты батыр боларсың,

                            Алысқан жауды аларсың.

                            Еліңді ел етерсің,

                            Ежелгі жерге жетерсің.

                            Екі бөрің тұрғанда,

                            Екіленбей не етерсің, – депті.

 

Бұл қазақтың қасиет қонған билерінің айтқаны келмей кеткен бе? Жоғарыдағы бір ауыз сөзбен бір рудың тарихи күрделі келешегі бастау алып жатыр. Шыңғыс ханнан кейін тоз-тозы шығып қаңғырып кеткен Абақ керейлер құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған. Аталас Уақ руларын пана тұтып, Бармақ батырдың отының басында, қосының арасында жүрген еді. “Еліңді ел етерсің” дегендей Абақ керейді ел етіп, жеке шаңырағын көтерген осы Жәнібек батыр. “Ежелгі жерге жетерсің” дегені ежелгі қонысы Алтай тауын айтқаны. Бұл жерге 550 жылдан кейін Абақ керейлер осы Жәкеңнің салмақты саясатының арқасында қайта қоныстанды. Алғаш бала Жәнібекті батасын беріп, жауға аттандырған да осы Қазыбек би екен. Тағы бір қалмақтармен болған қақтығыста елмен бірге жауға аттанбақ болған Жәнібекті нағашы атасы Қазыбек тоқтатып: “Қарағым, елің өрде жатыр, олар сені құттының басы, елдігінің оты деп ойлайды. Жассың жауға шаппа. Жазым боларсың. Қасымда бол” дейді. Сонда бала Жәнібек, “Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалатын, мені от айналған көбелектей көрдіңіз бе?” – деп шығып кетіпті.

Сонда Қазыбек би мынаның көк бөрісі ұстаған екен, батамды берейін деп шақырып алыпты:

 

                           Жол басқарсаң, жолың киелі болсын,

                           Ел басқарсаң, қолың киелі болсын.

                           Көк бөрің қолдасын, – деп бата беріпті.

 

Осылай Жәнібек батырдың алғашқы сайысы қалмақ батыры Сәдірмен болған жекпе-жегі. Бұл туралы  “Ер Жәнібек” жырында:

 

                           Жәнекеңнің мінгені,

                           Бөктергелі көк дөнен.

                           Келе жатқан Сәдірге.

                           Қарсы бір тұрды көлденең, – деп жырланса, ендігі бір қиссада:

 

                           Жәнекең жаудың алды жекпе-жегін,

                           Кешпеді ата-баба қаны тегін.

                           Асқынған, Сәдір сұмды қанға бояп,

                           Дариғай-ай, қайтты алғаш кеткен кегім, – деп жырланады.

 

Жәнекең батырлығының сыртында ел басқарған би болып, не бір дауға түсіп, нашарға теңдік әперіп отырған. Атақты жазушы М.Әуезовтың қолжазба қорында сақталған, бертінде “Абай” журналына жарияланған мақалада: “Абайдың атасы Өскенбай керей Ер Жәнібек батырдың қызы Ермектен туады. Кішкентай кезінде Өскенбай қатты ауырып, оның амандығы үшін бір құрсақтан туған Мырзаханды Өскенбайдан айналдырып садақа етпек болады. Ермек бәйбіше: баладан баланың артықшылығы жоқ, қойыңдар дейді. Осы оқиғаға куә болған Жәнібек батыр: егер Мырзахан адам болса, осы Өскенбайдың арқасында адам болар. Өскенбайдың көзінде біздің тұқымға тартқан от тұрған жоқ па?” депті. Сол сияқты тарих ғылымдарының докторы А.Тоқтабаевтың мына бір естелігінде ескерген жөн сияқты: “Ұлы Абайды кемсітпек болған ауылдың қужақ шалдары: Абай сенің атаң шөккен түйеге міне алмайтын момын деседі. Осы даналық саған қайдан қонған – дейді. Сонда Абай қазақта әрі шешен, әрі би, әрі батыр екі адам болған. Бірі кіші жүздегі Сырым Датұлы, екіншісі менің үлкен нағашым керей Ер Жәнібек. Осы нағашымнан қонған қасиет болар, – деген екен”.

Жәкеңнің қартайған кезінде іргелі ру Найманның тұмасы Шынқожа батыр бірде Керейдің сегіз азаматын мерт етіп, есе бермей кетсе керек. Бұған күйінген Жәнібек батыр Шынқожаның ауылына келіп, қазақша құшақ айқастырып тұрып:

 

                             Ашамайлы Абақпен егізімді,

                             Қайтып қиып өлтірдің сегізімді.

                             Шығарайын деп келдім лебізімді, – деп Шынқожаны құшақтаған бойы қысып-қысып жіберген көрінеді. Құшағынан әзер босанған Шынқожа құн беріп, екі жақ разы болыпты.

Ер Жәкең Қаракерей Қабанбай батырдың майдандас серігі болған. Тағы бір тарихи деректе “Қабанбайдың ең бір жақсы көрер батырлары Керей Жәнібек пен Бәсентиін Малайсары болған” деп атап өтеді.

Үмбетай жырау Абылай ханға Қанжығалы Бөгенбай батырдың қазасын естірту жөнідегі толғауында орта жүздің бес тірегі деп мыналарды айтып өтіпті:

 

                             Аруағыңа болысқан,

                             Әділ билік қылысқан.

                             Қашпаған қандай ұрыстан,

                             Керейде батыр Жәнібек,

                             Қаз дауысты Қазыбек.

                             Қу дауысты Құттыбай,

                             Қаракерей Қабанбай,

                             Қанжығалы Бөгенбай,

                             Абылай сенің тұсыңда,

                             Сол бесеуі болыпты-ай.

 

   Тарихшы Құрбанғали Халид “Абылай ханның дәуірінде әскер басы болған адамдар, Қабанбай, Алтынбай, Ақтанберді, Еспенбет, Матай Шөңкей батыр, Керей Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Бәсентиін Малайсары, Борақбантай батырлар” деп жазған (“Тауарих хамса”). Бір күндері Қабанбай батырдың інісі Қарақұрсақтың ауылын қырғыздар шауып, Қабекең сауын айтыпты, бұл туралы “Қабанбай батыр” жырында:

 

                  Жатушы ек елімізде сары қазы жеп,

                  Шабатығын қырғызға біз не қылып ек.

                  Намысын Қабанбайдың әперем деп,

                  Керейден іздеп кепті Ер Жәнібек, –деген жолдар бар. Жәнібек батыр өмірінің соңғы жылдары қоныс кеңейтіп, Алтайға қарай елді көшірген. Бұл көштің тағдыры көп жылдан бергі ел арманы болса керек. Осылай ел арманын арқалаған Жәнекең былай деп толғаныпты:

 

                     Күлтелі күрең тұрғанда,

                     Ер азаматым тұрғанда,

                     Көптігіне бағынбаймын.

                     Атаным сай, атым сай,

                     Балтам да сай, тесем сай,

                     Қара Ертістен көпір салып өтем,

                     Кеудемнен жаным шықпаса,

                     Ежелгі жерге жетем.

 

Осылай Жәнекеңнің ақ туын желбіретіп, Абақ керейлер 19 ғасырдың басында байырғы мекені  Алтайға келіп қайта  қоныстанды.

 

Жәнібек батырдың қаза болған жылы жайында ғалым Зуфар Сейітжанұлы “Ер Жәнібек” сексен жастан асып, 1792 жылы шамасында қайтыс болды дейді. Бұл дерек тарихи мөлшерге тым жақын, әрі дұрыс болуы да мүмкін. Батырдың зираты Семей өңіріндегі Жарма ауданының орталығы Георгиевка кентінен 15 шақырым жерде орналасқан. Ортабұлақ ауылына тиіп тұр. 1970 жылдары ұлтшыл азамат Әшімбек Бектас ақсақал Жәкеңнің зиратына қызыл кірпіштен құлыптас белгі орнатқан. (Суретте). Бірақ батырдың аты-жөнін “Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы” деп қате жазыпты. Ал, Шақшақ Жәнібектің Түркістанда жерленгені тарихтан белгілі. Ер Жәнібек жырының мына жолдары көпке үлгі:

 

                        Жәнібек батыр еді көп өнері,

                        Ізінде жатыр ерлік төбелері.

                        Андыздап бұл дәуірге келе жатқан,

                        Айтқаным сол ерліктің көбелегі.

                        Қомдады тарихқа жыр қанатын,

                        Жебей көр екпін беріп жырға да тың,

                         Уа, ата, бар ерлігің табылар ма?

                         Ақтарсам қара жердің бір қабатын.   

 

Сонымен, Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) – жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көзге түскен батыр, шешен.

Ол үш жүздің хандары Әбілмәмбет және Абылай (Әбілмәнсүр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының ең батыр сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда ерекше көзге түскен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ-Керейдің ел иесі болған. Бір шайқаста мінген тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп беріп, Абылайды құтқарып қалады. Өзі жекпе-жекке шыққан екі қалмақ батырын жеңіп, жаудың бетін қайтарады. Жоғарыда аталған батырлармен тізе қоса отырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың аяғына дейін қатынасады. 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде Ер Жәнібек керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арада Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асуынан жол салып асып барып, Өр Алтайды шолып қайтады. Бұл асу кейін «Жәнібек асуы» деп аталып кеткен. 1760 жылы Жәнібек батыр абақ керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырады. Сөз бастаған шешендігімен, ел бастаған көсемдігімен, жауға шапқан батырлығымен бүкіл абақ керейдің ұранына айналған Ер Жәнібек сексеннің үстіне шығып қайтыс болады.

Ер Жәнібектің өмірі мен ерліктері жөніндегі деректерді құнттап жинап құнды еңбек жазып, ел кәдесіне жаратқандардың бірі – ақын, жазушы драматург Асқар Татанайұлы. Оның «Тарихи дерек келелі кеңес» деген еңбегінде келелі де мол шежірелік деректер беріледі. Онан соң жазушы Шәміс Құмарұлының кесек тарихи романы «Ер Жәнібек» 1999 жылы баспадан шығып таратылды. «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» деген кітаптар тізбегіне «Ер Жәнібек» деген тарихи кітап қосылды. Ел арасына кеңінен таралған Жәнібектің іс-іздері жырланған дастандардың қазірге дейін анықталған саны жетіге жетті. Қытай Халық Республикасы басылымдарында Жәнібек жөнінде отыз шақты аңыз-әңгіме жарияланған. Халық арасында тараған «Жәнібектің көк дөнені» деген күй бар.

Батырдың Шіңгіл ауданында тұратын он бірінші ұрпағы Зардықанның үйінде сақталған қасиетті туын 1940 жылы Оспан батыр Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде көтеріп шыққан. Батырдың зираты Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Ортабұлақ деген жерінде. Зиратының басына ескерткіш орнатылған.

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлігімен ел есінде қалған, Абылайға арқа сүйеу болған әйгілі батырлардың бірі – керей Ер Жәнібек Бердәулетұлы. Батырдың дәл қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны туралы жазба дерек сақталмаған, ел аузындағы қария сөзге қарағанда Жәнібек 1708 жылы туып, 1792 жылы дүниеден өткен. Ал ресми деректер батырдың 1714 жылы туғанын қабылдаған.

Қазақ тарихында аты аңызға айналған Әз Жәнібек, Шақшақ Жәнібек сияқты “Ер Жәнібек” – батырдың халық берген аты. Тарихтағы әйгілі Жәнібектердің соңы болғандықтан кейде “Ақыр Жәнібек” деп те атаған.

Ер Жәнібектің әкесі Бердәулет Сарыұлы 1680 жылы туған, 1723 жылы елді “Ақтабан шұбырындыға” ұшыратқан қазақ-қалмақ соғысында қаза тапқан. Жәнібек “Ақтабан шұбырындыдан” кейін, қазақ қолының қайта ес жинаған кезінде ерлігімен ерекше көзге түскен. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Шақшақ Жәнібектерден кейінгі ұлы қолбасы, қазақ-жоңғар соғысының соңғы қаһарманы.

Халық аңызы бойынша Жәнібек — киелі батыр ғана емес, асқан шешен де болған адам. Оның бұл қасиеті туралы аңыздар ел арасында күні бүгінге дейін ұмытылмай айтылып келеді. “Жәнібекке көкбөрінің даруы”, “Көк дөнен”, “Жәнібектің Абылайдың оң тізесінен орын алуы”, “Жәнібектің Қабанбайдан бата алуы”, “Қотырақ уақиғасы”, “Жәнібектің Бидайық тауын көруі” сияқты не бір көркем тамаша аңыздар сақталған. Осы аңыздар негізінде туған “Ер Жәнібек” атты төрт жыр бар. Бұлар Абылай дәуіріндегі қолбасылар туралы туындылардың ішіндегі шоқтығы биік жырлардың қатарында.

Соның бірі – 1984 жылы Қытайда “Ұлттар” баспасынан шыққан “Қазақ қиссалары” деген кітаптағы Жәнібек туралы дастан:

 

Осыдан екі ғасыр бұрын өткен,

Аңыз боп ел ішіне тарап кеткен.

Арғы атасы – керейдің сары руы,

Бір әңгіме айтайын Жәнібектен.

Жәнібек жиырмаға келген жасы,

Бұлшық етті, бура сан, зор тұлғасы.

Жауырынды, иықты, қас-қабақты,

Ержүрек батырдың бар нысанасы.

Жәнібек жастайынан мінген атқа,

Жайылған батыр даңқы әр тарапқа.

Досымбек, Өмір дейтін асқан батыр,

Сары үйсін нағашысы батыс жақта, – дей келіп, дастанда әрі қарай соғыста Жәнібектің Абылайды қатерден қалай құтқарғандығы баяндалады. Бір жорықта тұтқиылдан қалмақтардың қалың қолына жолыққан қазақ жасағы қатты сасып, шеті сөгіліп қаша бастайды. Мұны көрген Абылай бастаған қазақ батырлары тұс-тұстан қолдың алдына шығып тоқтатуға тырысады. Алайда, астарындағы болдырған аттар қашқан қолға жете алмайды. Артынан жау басып келе жатады. Сондай қысылтаяң кезде, аты болдырып келе жатқан Абылайды Жәнібек көріп қалады да, астындағы атын ханға көлденең тартады. Жігіттің дөненіне мінуге Абылай арланып:

– Батырым, мынау кісі сыйласатын кез емес, сені жауға тастап, атыңды міне қашқаным жөн болмас, одан да тезірек барып қолдың алдын тоқтат! – деген екен.  Сонда Жәнібек:

– Тақсыр, мен қолдың алдына барғаныммен, маған ешкім тоқтамас, ал Сіз барсаңыз, жігіттер намысы оянып, қайта қайратына мінер. Қазақта батыр көп, хан Абылай біреу-ақ. Оның үстіне арттан жау қаптап келе жатқанда, Сізді тірідей жауға тастап кете алмаймын. Егер мына атқа мініп, қашып құтылмайтын болсаңыз, ханның басын қалмаққа қалдырып, қорлатқанша өзім алып кетемін! – деп қылышын суырған екен. Сонда Абылай хан Жәнібектің көк дөненіне қарғып мініп, қашқан қолдың алдын қуып жетіп, тоқтатып, өкшелеп келе жатқан жауға қарсы шайқасқа қайта кірген екен. Қалмақты жеңіп, естерін жинап, олжаны бөлісіп болған кезде, Абылайдың есіне бағанағы көк дөненін мінгізген жігіт түседі:

– Мана, жан алып, жан берген сәтте маған бір жас жігіт осы дөненді мінгізіп еді, иесін тауып келіңдер, – дейді.

Шабармандар көк дөненді жетектеп, Жәнібекті іздеп жүрсе, бір қостың іргесінен біреудің күректей табаны шығып жатқан көрінеді. Көк дөнен әлгі табанды иіскеп, оқыранып тұра қалыпты. Жәнібек сол екен.

– Абылай хан сені шақыртып жатыр, – депті шабармандар.

– Мені қайтпек, көк дөненді ханға бір мінгізгем. Енді ханның тақымынан қайтып алмаймын, – деп жата беріпті.

Шабармандар қайтып келіп:

– Жәнібекті таптық, бірақ “ханға берген атымды қайтып алмаймын” деп келмей қойды, – десіпті.

Хан қайта жұмсап:

– Ханның бұйрығын орындасын, алып келіңдер! – депті.

Шабармандар Жәнібекке ханның әмірін жеткізіпті. Сонда Жәнібек:

– Абылай оң тізесінен орын берсе ғана барамын! – депті.

Хан батырдың тілегін қабылдап, оң тізесінен орын беріпті дейді.

Алайда, ел арасындағы Жәнібек туралы жыр-аңыздар әлі де жүйелі түрде жиналып, зерттелген емес. Тіпті Жәнібек Бердәулетұлына қатысты кейбір деректер Шақшақ Жәнібектің атына көшіріліп жүр. Бұл есімдердің ұқсастығына қатысты кеткен қателіктер болса керек. Бүгінгі ұрпақ Ер Жәнібектің атын Шақшақ Жәнібек қойғанын да біле бермейді. Ер Жәнібек Шақшақ Жәнібекті пір тұтып, әкесіндей сыйлап өткен көрінеді. Оған Жәнібектің Шуаш шешенге:

 

Сен кемсек ауыз, жарғақ құлақ,

Жылқыға суат бермес ылайсың.

Астыңа ала шолақ ат берсе,

Алты ай мініп арытпассың.

Қолыңа қырық кез оқ берсе,

Дұшпанға бірін атып дарытпассың.

Сен би болып та жарытпассың.

Менің дауысым Қазыбекке тартқан,

Сүйегім Шақшақ Жәнібекке тартқан! – деген сөзі дәлел.

Халық Жәнібекке түркінің көк бөрісі дарыған деп те аңыз қылады. Бала кезінде нағашысының үйінде жүрген Жәнібек бірде далада ұйықтап қалады. Уақытында келмеген соң артынан іздеп барған балалар Жәнібекті екі қасқыр жеп жатыр екен деп қашып келеді. Оны естіген үлкендер атқа қонып, балалардың бастауымен Жәнібектің жатқан жеріне барса, ұйықтап жатқан Жәнібектің басына бір қасқыр, аяғына бір қасқыр мініп отыр екен дейді. Бұл нысанды көрген үлкендер бұл бала асқан батыр болады екен десіп қуанып қайтады. Ақсарбас айтып тілеу тілейді. Жәнібек шынында да асқан батыр болып ержетеді.

Ол туралы айтылатын аңыздың бірінде қазақ-қалмақтың бір жолғы соғысында қалмақтың бір нояны “жекпе-жек, жекпе-жек!” деп майданға шығады. Қазақ жағынан жас батыр Жәнібек шығады. Жәнібекті көрген соң әлгі айқұлақтанып кісі жейтіндей болып тұрған қалмақ нояны кері бұрылып, қаша жөнеледі. Жұрт таң-тамаша болады да қалады. Ноян өз қолына барып:

– Мынау тегін адам емес екен. Біз соғыспай келісімге келелік, – дейді. Ноянның айтқаны болады. Соғыс болмай, екі жақ бейбіт келісімге келеді. Артынан тарту-таралғысын алып қазақ қолына келген әлгі нояннан Қабанбай батыр:

– Ой, ноян, бағана майданға жараған бурадай шабынып, екпінді шығып едің, біздің батырды көрген соң жының неге қағылды? Соғысқалы келіп сауға берген қалмақты алғаш көрдім, бұл қалай? – дейді. Сонда әлгі қалмақ нояны:

– Сіздің батырыңыздың екі иығында екі көкжал отыр екен, ала алмайтынымды және жолымның болмайтынын содан білдім. Сіздерді емес, артымнан ерген елімді аядым. Өзіме де жан керек емес пе?, – депті.

Жәнібектің атын қазақтың басқа батырларына қатысты жыр-дастандардан да жиі ұшыратамыз. “Қабанбай” жырында:

… Кей жаман айырылады мал баға алмай,

Жарымес жаңылады сөз таба алмай.

Қабекең қайғыланды дегенді естіп,

Келіпті өзі батыр хан Абылай.

Мінгені хан екемнің қарагер-ді,

Еседі бейне желдей қара жерді.

Қабекең қайғыланды дегеннен соң,

Батырдың өзі тұстас бәрі келді.

Қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай,

Жауымнан қалам ба деп кек ала алмай.

“Намысын Қабекеңнің әперем!” – деп,

Келіпті Қанжығалы ер Бөгенбай.

Жатушы ек елімізде сары қазы жеп,

Шабатын біз қырғызға не қылып ек.

“Намысын Қабанбайдың әперем!” – деп,

Керейден іздеп кепті Ер Жәнібек! — деген жолдар бар.

Жәнібек аты осы жырда Абылай хан, Бөгенбай, Бердіқожа, Жантай, көкжал Барақ, Малайсары, би Боранбай, Райымбек, Шөрек, Қасабай, Дәулетбай батырлармен қатар аталады.

Ер Жәнібек, әсіресе, қазақ даласының шығысын жоңғар басқыншыларынан тазартуда жеке ерлігімен, жеңісті жорықтар ұйымдастыра білген қолбасылық өнерімен ел сеніміне ие болған. Қазақ руларын Зайсан, Алтай өңірлеріне орнықтыруда елге тірек болып, көзінің тірісінде даңққа бөленген. Абылай мен Қабанбайдан бата алған. Сол ерлігін ақын Ақыт Үлімжіұлы “Ер Жәнібек” дастанында:

 

Қазаққа Қап тауындай қорған болдың,

Жауыңа жасыл түсер зордан болдың.

Шайқаста тізеңді имей, дауда бермей,

Еліңді Алтай бастап Ордан келдің, – деп жырлаған.

Жәнібек жорықта Абылайдың ақ туын ұстаған аруақты батыр. Осы арада мына бір жайды есте ұстаған жөн: Абылай өз кезінде әр рудың қолбасы батырларына ту ұстатып жауға аттандырған. Оларға берілген ту әрине Абылайдың өз туы емес, дегенмен Абылай берген жорық туы болғандықтан жұрт оны “Абылайдың ақ туы” атап кеткен. Жәнібек батыр ұстаған Абылайдың ақ туы ХХ ғасырдың 40-жылдарына дейін батырдың ұрпақтарының қолында болған. 1940 жылдардағы Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ол туды Жәнібектің жүрежаты Зардықан деген батыр ұстап жүрген екен. Көрген адамдардың айтуынша ту тозып, етегі жыртылып кеткендіктен сыртын ақ матамен қаптап тастаған дейді. Тудың онан кейінгі тағдыры туралы дерек жоқ. Егер Қытайдағы мұражайлардың біріне өткізілмеген болса, Алтай аймағы Шіңгіл ауданында тұратын Сағдат Мырзахметұлының қолында болуы мүмкін.

Қытайда жасаған тарихшы Асқар Татанайұлы Жәнібек батыр туралы 80-жылдарда біраз мақалалар жазып, көптеген деректерді қағазға түсірген. Оларда Жәнібектің ерлігі, шешендігі, киелілігі, сыншылығы, т.б. қырлары туралы қызықты материалдар бар. Қытайда тұратын жазушы Шәміс Құмарұлы батыр туралы ел аузындағы аңыз желісімен “Ер Жәнібек” (1998 ж. Шыңжаң, “Халық” баспасы) атты роман жазды. Моңғолияда тұратын бауырымыз Сұлтан Тәукейұлының “Ақыр Жәнібек” (2000 ж.) атты романынан да хабарымыз бар.

Тәуелсіздік алғаннан бері тарихымызды түгендеп келеміз. Елім деп еңіреп өткен есіл ерлерді еске алып, аруағын әспеттеп ас беріп, той өткізу, басына күмбез тұрғызу сияқты игі шаралар бүгінде салтқа айналды. Сондай-ақ олар туралы жазылған көптеген көркем шығармалар мен тарихи еңбектер рухани өміріміздің көкжиегін кеңейте түсуде. Қарасай мен Ағынтайға, Қабанбайға, Абайға, Шәкәрімге орнатылған ескерткіштер, Түркістанның 1500 жылдық тойының өтуі соның айғағы. Өкінішке қарай, исі қазаққа әйгілі, ерлігі жырға айналған Жасыбай, Олжабай, Бердіқожа, Малайсары, көкжал Барақ, Баян, Баймұрат бастатқан, берірек келсек Сұраншы, Саурыққа дейінгі әлі талай ұлы батырларымыз атаусыз жатыр. Соның бірі – Ер Жәнібек.

Ер Жәнібектің бұл күнде кішкентай төмпешікке айналған зираты Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының орталығы Георгиевка селосынан 10 шақырымдай жерде Қалба тауының сілемінде қараяды. Батырдың сүйегі жатқан жерді 60-жылдары жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша тауып, анықтаған бүгінде Семейде тұратын тарихшы-ғалым Мұхаметқазы Мұхаммәдиұлы мен басына белгі орнатуға мұрындық болған және қазақ жеріндегі талай тарихи орындарды айтып кеткен қоғам қайраткері Әшімбек Бектасов марқұмға аруақ қашанда разы! Бір әттеген-айы – цементтен құйылған шағын белгіге “Жәнібек Қошқарұлы” деп әкесінің аты қате жазылған. Дұрысы – Жәнібек Бердәулетұлы. Зады, Әшімбек ақсақал Мағжан ақынның “Батыр Баян” поэмасындағы:

 

Балталы, екпінді оттан Оразымбет,

Сырғалы, шапшаң оқтан ер Елшібек.

Өзіне тірі жанды тең көрмейтін,

Тәкаппар Қошқарұлы ер Жәнібек! – деп аталатын Жәнібекпен шатастырып алған секілді. Мағжан поэмасында және басқа аңыз-әңгімелерде Қошқарұлы Жәнібек деген батыр да аталады. Біз ол Жәнібек қай Жәнібек екенін нақты айта алмаймыз.

Ер Жәнібектей баһадүрді осы уақытқа дейін ескерусіз қалдырып келгеніміз естір құлаққа да, көрер көзге де ұят. Тағы бір өкініштісі – “Қазақ совет энциклопедиясында” да, жаңадан шыққан “Қазақстан” ұлттық энциклопедия­сында да Ер Жәнібек туралы екі ауыз сөз жоқ.

Анау-мынау дейтіндей екінің бірі, егіздің сыңары емес, біздің бүгінгі бақытымыз үшін, ел мен жердің тұтастығы үшін өмір бойы кеудесін оққа, мойнын қылышқа төсеп өткен, Абылайдың өзі оң тізесінен орын берген қазақтың Ер Жәнібегі емес пе еді, бұл батыр! Алдымыздағы 2008 жылы Ер Жәнібектің туғанына 300 жыл толады. Осы датаға дейін батырдың басына кесене тұрғызып, зираттан таяқ тастам жерде тұрған Жарма ауданының орталығы – Георгиевка селосының атын өзгертіп, “Ер Жәнібек ауылы” деп атасақ, тәуелсіз еліміздің ай­бынын асыра түсер бір игілікті шара болар еді!

 

АҢЫЗ ТҮБІ АҚИҚАТ

 

 

ЖӘНІБЕК БАТЫРДЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ ТУРАЛЫ

 

Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет арғынның қара кесек руынан шыққан Қазыбек бидің қызымен үйленгеннен кейін, бірнеше жыл бала көрмей жүріп, соңында Жәнібекті көріпті. Перзентке зар ата-ана жас нәрестенің шілдехана тойын жасап, болашақ батырдың алғашқы таңын әнмен атырады. Әйелдерді шақырып, қалжасын беріп, ат шаптырып бесік тойын жасайды. Әкесі Бердәулет баласына ат қойғызарда арғынның шақшақ руынан шыққан қарт Жәнібекті жорықтан келе жатқан жолынан түсіп сәлем береді де, қуанышты көңіл күйін айтады. Балаға зар болып жүрген Бердәулеттің тілегіне бар ықыласын берген Шақшақ Жәнібек оның үйіне түседі. Қуанышты ата-ана ағынан ақтарылып, адал ниетімен «ақ сарбас» қойын айтып сойып, қарсы алады. Бұл 1714-жыл еді.

Ақ күндекті ана мен айыр бөрікті ата аяулы көретін аруақты батыр Шақшақ Жәнібектен:

— Баламызға ат қойып беріп, аруағыныңызбен қорғай жүріңіз, — деп тілек етеді.

Атан-ананың қуанышынан жүрегі тебіренген батыр бесікті алып, бесік көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, тебірене бата беріп былай дейді:

— Керей деген елің көп,

Ел айналар шешен бол.

Жағаласар жауың көп,

Жауға шапсаң, есер бол!

Ел ішінде дауың көп,

Жұрт алдында көсем бол!

Жабылған жауды жапырып,

Шайқасқанда есен бол.

Жекеге шықсаң желденіп,

Жауыңның басын кесер бол!

Сонан соң бетін сипайды да, ата мен анаға қарап:

— Бесігін көтергенде көңілім толды, өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын! Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа – депті. Шақшақ Жәнібекті пір тұтып сиынған ата-ана:

— Әмин! – деп бетін сипайды.

Жәнібектің әкесі Бердәулет жастай дүние салғандықтан Қазыбек би жиені Жәнібекті жалынды өсіруді ойлап өз қасына алады. Сөйтіп, Жәнібектің балалық шағы нағашысы – Қазыбек бидің қолында өтеді.

Шаруашылығының ең үлкен тірегі болған жалқы төрт түліктің ішінде жылқыны саусам сауыным, жауға аттансам кезең асар керігім, деп қадір тұтып өсіретін, сырттан келген жау-жарда, ұры-қара да алдымен жылқыға тиетін. Сондықтан, қазақ халқы: Жылқы соқса желдікі, қуса жаудыікі деп, мал ішінде қораға айналатын жатын малдан гөрі жылқыны ала бөтен жақсы көретін, осы түлігіне көз қырын ерекше салып, атан жілікті, атпал азаматын жылқы бағуға асаудың жалында, ақпанды дауылда жағаластырып өсіретін. Оған жарамаған жасты кезең аса алмайтын, ұйқысын аша алмайтын, аяғын баса алмайтын жасық санапты.

«Кісі болар кісіні кісесінен, кісі болмас жігітті мүшесінен таниды» дегендей, адам тегінің тап басып сөйлейтін сыншысы Қазыбек би жиені Жәнібекті алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ақыл мен жігері бар жан деп таниды да, бетінен қақпай, талабын тойтармай баулиды, ат жалын тартып мінуге жараған кезінен бастап жылқышыларға қосып, отарға жібереді. Сөйтіп, бала Жәнібекті жылқы іңіртінің жесегімен жетілдіріп, сары аязға салып ширатып, Салбурындағы қанды көз қыранша бауын аштырады. Сол ортада жүрген кезінен-ақ Жәнібектің іс-әрекеті ел көзіне түсіп, аңыс болып тарап жатады. Аңыздың бірі Жәнібектің екі көк бөрісі еді. Халық Жәнібекті көк бөрі қонған, киелі батыр санайды. Ол туралы нағашы жұрты жағынан тараған мынадай аңыз бар: Қазыбек енді би отардағы малына барып, амандығын білуді ойлайды. Әр жылы қыста қос-қос атты жолдас ертіп, жол бойы қыран құстарына аң ілдіріп, сол бетінде, отардағы жылқысына дейін барып қайту бидің әдеті екен. Жас кезінде батыр болып, желдің өтінде, жаудың бетінде жетілген Қазыбек енді би атанып, ел басқарып, қазақ хандарының ақылшысы болып жүргенімен, қыста салбурын құрып, отардағы малына барып, амандық-жамандығын көз екі көріп қайту әдетін тастамапты. Көшпелі қазақ байларының үлкен байлығы тек мал еді, ол банкідегі ақша, сандықтағы алтын сияқты салулы құлпы, соғулы қорғаны бар дүние емес, кезең асса көз жаздыратын, сынаптай толқып тұратын байлық болғандықтан, байлар қос қолын малдан ала алмайтын. Сондықтан, Қазыбек бидің бұл сапарын кім көрсе де өрескел дей алмаушы еді. Ал Қазыбек секілді әрі батыр болып өскен адамдарға ақшамның аязында қырау басқан тұлпардың бар тебінімен ағындатып, аппақ қарды жосыта тартып жол алудың өзі бір ғанимет сезіледі. Сол сапарын бастаған би отардағы жылқысына жол алып, көңілдегі жерді көздеулі уақытында басып келеді. Таң қараңғысы серпілмеген есекқырған жұлдызы төбеге таяп қалған кез екен. Үйреншікті мекенінде, топ-топ сексеуіл өскен құмды төбелердің баурайында таңғы жусауында жылқылар үйір-үйірімен тыныштық алып тұрады.

Жылқыға жетіп келген би құсбегі-саятшы серіктерін қосқа жібереді де өзі бірер белгілі айғыр үйірлерін тұра қалып түстейді, тіпті жабағыларын санап, жылқының таңғы күйсеуіне қарап күйін байқайды. Сөйтіп келе жатқанда таң да атады. Бидің көзі тебіндегі жылқының қарсы алдындағы бір биік құмның бауырында қаңтарулы тұрған тобылғы торы айғырға түседі. Жылқышылардың алғашқы кезіккені де осы екен. Таяп келген би үстіндегі қара кигізден тіккен кебенегін астына салып, қой етігін шешіп, атының шылбырын жамбасына басып ұйықтап қалған Жәнібектің үстінен арлы-берлі екі көкжал бөрі секіріп түсіп ойнап тұрғанын көреді де, қатты көңілденіп, көңіл күйі толқып, ежелгі әдетімен былай толғайды:

 

-Аруақты батыр боласың,

Алысқан жауды аларсың.

Еліңді ел етерсің,

Ежелгі жерге жетерсің.

Егіз бөрің тұрғанда,

Екіленбей не етерсің?!

Еліміз қос бөрі иесі бар деп аңыз ететін Жәнібекті ақыл-ойлы би анық таниды да, былайғы жерде оны қолтығына алып, бауырына басып мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тырнақтыға ілдірмей өсіреді.

Жәнібек 18 –жасқа шығып күш-қайраты толысып, ел алдына, ер қатарына ілінген кезде жоңғар шапқыншылықтары қазақ даласына шабуыл жасамақ болады. Бұған қарсы орта жүз ханы Әбілмәжін үш жүзге сауын айтып, атшабар аттандырып, қол жияды, Абылай сұлтан қолбасы болып аттанады. Соның алдында ғана ақтабан шұбырынды болған елдің есінен жоңғар ханы Себан Рабданның қан жоса қып қырғындаған қорлауы әлі кете қоймаған еді. Ер азамат ереуіл атқа ер салады. Бұл күнде жер ортасынан асқан Қазыбек би өз елінің қолбасын сайлап, сарбаздарына сәтті жол тілеп, аттандырып жатады. Сондай қарбалас күннің бірінде орданың есігін айқара ашып, «алдияр!» — деп кіріп келген жас жігітке би селт етіп тігіле қарайды. Қарсы алдында шарайнасын киіп, жау жарағын асынған жиені Жәнібек тұрғанын көреді. Ол бір тізесін бүгіп:

— Алдияр ата! Ел ішіне жау тиді, ер азамат атқа қонды. Ер азамат қатарында Абылайға сарбаз болып, үлкен жолға аттанайын деген ойым бар, ақ жол тілеп, ақ батаңызды беріңіз, — дейді қолын жайып, күтпеген жерден тілеген мына тілек биді ойландырып тастайды. Алтын тонын иығына қайта жамылған Қазыбек:

— Қарағым, Жәнібек, елге берген батамды өзімнен неге аяйын. Ер азамат етіп өсіріп, ел-жұртыңа қосайын деп едім. Жасыңа жетпей жау тілеме, қарағым! – дейді. Сонда Жәнібек:

— Ата, он сегіздегі жас қандай жас,

Өзіңізден қалған жас.

Айқасқан жауды алған жас,

Алдына жаяу салған жас, — дейді. Жәнібектің бұл сөзінде бір

сыр бар еді; «қорушыны торушы алады» деген сөз бар. Күзеуге созыла көшіп, күн еңкейе жетіп, үлкен қолатты бойлай қонған туыстас ауылдар жылқысын қолаттың басындағы тұйыққа салып, жау келетін ауызды өздері алып, жайбарақат жатып қалады. Ел көзі ұйқыға бара бергенде ауылды басып келіп қалған қалың жылқының дүбірінен у да шу болады. Ауылдың үстін бастыра жылқы қуған жырынды жау жылқышылардың бекітудегі атын ілестіре кетеді. Жауды қуып, жылқыны айырарға қолында тігерге тұяқ қалмаған ел бос сарпалдаңға түсіп, жылқысын көпе-көрнеу айдап кеткен жауға қарсы шыға алмай, қайраты мұқалып, діңкесі құрып, қарадай қор болып қалады.

Бірақ, жылқы соңынан жас жігіт Қазыбектің басбілігі ақбас тайлақпен кеткенін ешкім де білмеген еді. Қазыбек тайлақпен жылқы соңынан жеткенде есік пен төрдей бурыл атты, айбалтасын көлденең ұстаған, еңгезердей біреу аз түсіп тұрады да желбегей шапанды бала жігітті паруайына да алмай, бурыл аттың басын жолға салып, тиіп алған жылқысының соңынан еркімен аяңдап жүре береді. Жол тосып, кежгулеп, келе жатқанына қарап, жортуыл басы осы болар деп ойлаған Қазыбек оған абайлай қарайды. Басында дулығасы, белінде сапасы бар, сырт бейнесі шойыннан құйған алып қара құман тәрізді батырдың менменсігенін байқап қалған Қазыбектің жүрегінде намыс оты бұрқ ете қалады. Ызасын ақылына жеңдірген ол алдындағы темір құрсанған адуын дұшпанның тиімді жерін көздеп келеді. Дұшпанның алкеуде, аусарлығы сәт балғасының соғылған жері еді. Қолында шолақ сапты найзасы да жоқ Қазыбектің көзі ал деген жерден оның беліндегі сапыға түседі. Тайлақпен таяй берген Қазыбек қолындағы қара сырығын жерге тірей секіріп, көзді ашып-жұмғанша бурыл аттың артына міне түседі. Күтпеген жерден сап етіп жабыса кеткен қуғыншыдан сасқалақтап қалған батыр ұзын сапты найзамен ештеңе өндіре алмайды. Сапыға көзін тіге атылған бала жігіт бурыл аттың арқасына тақымы тиген заман дұшпанның қаруын суырып алып та үлгереді. Жанды жерінен тиген өткір сапыдан ат иесі құлап түскен кезде бурыл атқа орнығып алған ол жауының найзасын жерге түсірмей қағып алады.

Бурыл атпен майдан тартқан жас батырды көрген жау айқасуға батпай, бет-бетімен жылқыны тастай қашады. Аты мен күші сай келген Қазыбек жауының бірнешеуін түсіріп, жылқысын айырып еліне қайтады.

Қазыбек би Жәнібекті бұғанасы қайтпаған жас, сүйеніші жоқ жалғыз деп аяп отыр еді. Енді Жәнібектің сөзіне қару қайтара алмай қысылғандай болады. Қайрандап қалған атасына ренжіген Жәнібек:

— Он сегізге келгенше жігіт болып жете алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда, от басын айналған көбелектей көргеніңіз бе? – құсалана сөйлеп, шыға жөнеледі.

Оның шын ашуын көрген көз қарақты би:

— Мынаның көк бөрісі ұстаған екен, рұқсат бермесем құсадан өліп кетер немесе батасыз кетіп жүрер, — деп қайта шақыртып алады. Орлаға кірген Жәнібек әуелгісіндей иіліп, бата тілегенде Қазыбек би:

— Қол басқарсаң жолың киелі болсын!

Ел басқарсаң сөзің иелі болсын.

Көк бөрің қолдай берсін! – деп бата береді. Ата ықыласын алған

батыр тұңғыш майданға нағашысы ырымдап мінгізген көк дөненіне мініп, анасынан рұқсат алуға асыға жол тартады.

Шапса шабысы, жүрсе жүрісі бар көк дөненнің де дәл бабына келген кезі екен, ащы терін шашқысы келіп, ауыздығын шайнап алас атқан жануар батырдың алып ұшқан жүрегіне қанат-құйрық болып сәйкеседі.

Анасының ауылына келіп ат ағашқа атын іле салған Жәнібек үйіне қарай жүргенде ақ күндікті анасы «жолың болсын!» деп тілеп, шашуын шаша алдынан шығады, ұлының ер азамат болып атқа мініп ер қатарына қосылғанына қуанады, әрі алдында жал, артында құйрығы жоқ жалғызының қан майданға бара жатқанын ойлап, қан жұтады. Нағашы атасынан рұқсат алғанын да естіген болатын. Енді ер көңілді, ақылды ана алдына бір тізерлеп иілген баласының маңдайынан сүйіп:

Мен саған не айтамын.

Қамырығымды басып, қайғыңды жеп айтамын.

Артымда белгі қалса екен деймін, қызығыңды көрсетіп, алдыңда алса екен деймін. Саған тілек тілесем, әмісе жолы болса екен деймін. Оқ алдыңнан тисе, анаңның ақ сүтін ақтағаның! Оқ артыңнан тисе анаңның қарызын жүктегенің! Әуелі қосыңды тап, онан соң досыңды тап, сен үшін тіленбеген не қалсын?! Жолың болсын! Бақытың жансын, — деп ықыласын береді. Шеру тартып кеткен қолдың соңынан күні-түні жүріп, қуып жеткен Жәнібек керей елінің қолбасшысына жолығып, сарбаздардың бірі болып қосынға қосылады.

Анасы айтқан ақылия сөз күндер өткен сайын Жәнібектің есінен мығым орын иелей береді.

Бір күні қолбасы батырдың қасында сапысын суырып, жау бүйректі қиялай турай отырып осы сөздің мәнісін сұрағанда, қолбасы тақиясын желкесіне қарай сиырып қойып, былай деп шешеді.

— Анаң ана екен ғой! Ана болғанда дана екен ғой! Оқ қайтпас қас батырдың алдынан тиеді, қашқан жанның артынан тиеді, елсіз ер болмайды, ер серіксіз болмайды!

Ақылды ананың сөзін тоқсан толғап ойланған Жәнібек өзін өмірдің өріне салып, халқымыздың ұлттық намысына, елдің иелік ұқығына арнайды, жоңғар шапқыншылықтарыны қарсы алғашқы сайыста-ақ өзін бүкіл қазақ-мұңғылға таныта бастайды.

 

ЖӘНІБЕК БАТЫРДЫҢ АБЫЛАЙДЫҢ ОҢ ТІЗЕСІНЕН ОРЫН АЛУЫ

 

Жоңғар шапқыншылықтарының қазақ даласын жаулауға мол дайындықпен, басым күшпен келген қолына қарсы аттанған Абылай басқарған қазақ қолы да қатты шайқасады. Сан жеңіліп, сан шегініп, сан жеңіп, ілгерлеудің бірінде қазақ қолы тағы шайлығып, қаша соғысады.

Өкшелей қуған жауды тосқауылдап, төтеп беріп келе жатқан қолдың ішінде Абылай да бар болады. Алды жөңкіле қашқан сарбаздардың артын соғысқа бастап кіру қиынға соғады. Оның үстіне неше күндік сайыстан қаржалған тұлпарының да аяқ алысы шабандай түседі. Осыны байқаған Жәнібек бір бүйірден ұшыртып келіп, Абылайдың алдын кес-кестеп тұра қалады да:

-Алдияр тақсыр! Атыңыз қаржалған екен, менің атыма мініп, сарбаздардың алдын тоқтатыңыз. Өйтпегенде қуған дұшпан құтқармайды. Жалғыз соғысып жау алған жанды атам қазақтан көрген емеспін, — дейді.

Бала жігіттің сөзін лайықты көргенімен, ат ауыстыруды намыс санаған Абылай:

— Атың шалымды көрінеді, менің атымнан сен барып тоқтат, — дейді.

— Тақсыр-ай, — дейді оның қатарына келген бала жігіт, — мен сен бола алмаймын, ақыратын айбатым, көпке жүретін салауатым жоқ, жаудың алдын бөгеп соғысуға қайратым ғана бар!

Қарулы қолды, жалынды сөзді жас жігітке жалт бұрылған Абылай оның сөзіне иланса да, намысын жібермей жаумен жалғыз алысуға тағы да дайындалып:

— Жас екенсің шырағым, жау басым, жазым боларсың, — дей бергенде ашуына мінген Жәнібек қылышын суырып алып:

— басыңды жауға кестіріп, қанжығасына байлатқанша, өзім кесіп әкетейін, — деп тап береді. Көзінен от ұшқындап, сөзінен ерліктің екпіні есіп тұрған жас жігіттен жасқанғанын, әлде жау жаламда жанжалды жайсыз көргенін немесе қашқан қолды тоқтат деген кеңесін орынды санағанын кім білсін, әйтеуір Абылай тұлпарын Жәнібекке беріп, бала жігіттің көк дөненін мініп, шегінген қолдың алдын тосуға бет түзейді.

Абылай кетісімен тосқауылдап соғысқан сарбаздардың бәрі ат басын бұрады, тек Жәнібек қана бірер жолдасымен кежігулеп, қаша соғысып, жаудың қара үзіп шыққан екі батырымен алма кезек жекпе-жекке шығады, екеуінің басын кесіп, қанжығасына байлағанда қуған жау қолының беті де қайтады. Жеңіс тапқан Жәнібек жолдастарын ертіп қалың қолдың соңынан келсе арт жағынан хабар тапқан ел абылайшаларын* тігісіп, жатып қалған екен. Жәнібек Абылайдың қасқа тұлпарын хан шытырының маңына байлап, өз қосын іздеп табады да, дем алады.

Ерте оянған Абылайға тотқауыл-тосқауылдары қанжығасында айдарынан айқастырып матаған екі батырдың басы бар қасқа тұлпардың байлаулы тұрғанын айтады, арғымақты алдына әкелдірген Абылай:

— Жарайды! Жарайды! Бекер адамның басы емес! Жаудың да тауы құлап, еңсесі түсіп тоқтаған екен ғой! Мына көк дөненнің иесін тауып әкеліңдер! — деп бұйырады. Абылайдың тотқауылдары ат иесін іздеп жүріп, абақ керейдің қосынан тапқанымен керейдің қосбасылары:

— Ханға сәлем айт! Батыр ұйықтап жатыр, әлі оянған жоқ – деп жауап беріп қайтарады.

Екінші рет Жәнібекті шақыра барған тотқауылдар айғайға «батырдың үш түрлі тілегі бар екен, соны орындаса барады» деген қос басыларының жауабын апарады. Мұны естіген Абылай:

— Бәсе солай болар. Жау жағадан алған күн ерлерден ұйқы қалған күн емес пе? – деп қасындағы ақылшы санаттары мен бас батырларына «сендер не дейсіңдер?» дегендей сұрақ сала қарайды. Жаңа оқиғаға құлақ түріп, жүрек жұтты ерлікті аңыз етіп, жас батырды көргісі келген топ:

— Жарлық сізден тақсыр, бірлікті қорғап, батырды қолдаймыз, — деседі. Кәмшат бөркін алшита киген Абылай:

— Келсін мұнда, айтсын тілегін! – дейді.

Тотқауылдан бұл сөзді естіген Жәнібек керейдің қосбасыларын ертіп, Абылайдың алдына келіп:

— Алдияр тақсыр! – деп тағзым етеді.

Санаты мен сардарын қасына алып, алтын тонын желбегей жамылған Абылай:

— Жау жаламда ер қанаты атыңды көлденең тартып ең, мен жасақтың алдына кеткенде жауды тосатыныңды қабағыңдағы қара бұлттай ашуыңнан танып ем, артта қалатыныңды, жауды алатыныңды біліп ем. Жауымның сағын сындырып, сол ойымнан шықтың. «Хан алдының әділдігі – елінің ұйытқысы» — деуші еді бұрынғылар, арман тілегіңді айт, айтсаң арылтып айт, — дейді.

Абылай Жәнібектің ерлігіне ерекше сүйінеді. Екінің бірінде бола бермейтін мұндай ерлікті көргенде қолын жинап соның алдында жар салып батырды мадақтау хандардың ежелгі салты ғой. Әрі ержүрек қолбасы әрі өз заманының саясатшысы Абылайдың батырларды жұрт алдына дәріптеуі тікелей өз жан дүниесінің сүйініші болса, тағы бір жақтан тұрақты жасағы жоқ көшпенді елдің хандары қажетті жасақты әр рудан жинатып алып, жайшылықта батыратып жіберіп отыратын, бұл жұмысты Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Өтеген секілді батырларға сүйеніп істейтін. Саны аз, салауатты осы азаматтар әр рудың алтын діңгегі ғана емес, ел билеген Абылайдың хан ордасының да алтын діңгегі еді.

Бұлан мен Балқанның арасында кіндік кесіп кір жуып, қай жерінің жазы шықса сол жерді мекендеп келе жатқан халықтың ішкі алауыздығы мен дау-шары да осы адамдардың кеңесімен бітетін. Сондықтан, Абылай хан өзінің хандығын бекемдеу үшін Жәнібек секілді адамдарды іздеп тауып, қолға ұстайтын, олардың ерлігін асырып, төрт қыбылаға шашатын. Мынау ретте де бар санаты мен қолбасы сардарының алдында жас батыр Жәнібектің әз ісін көптей көріп, мадақтап шығады.

Жас жігіттің ерлігі, Абылайдың оған көрсеткен сый құрметі ертең-ақ жалпақ қазақ елінің түкпір-түкпіріне тарайды, ерлік талай жастың ой-қиялын жебеп, жігерін ұштайды. Абылай хан сол үшін де ер азаматтың майдандағы абыройын асырып, барлық қолдың алдында жариялап, оның ата-мекенін қорғап көрсеткен ерлігін дәріптейді.

— Батырым, — дейді Абылай Жәнібектің ата жөнін сұрап болғаннан кейін арқасына қағып, — үш тілегім бар дейсің, сол тілегіңді айт.

— Тақсыр, — дейді Жәнібек, -біз абақ керей деген ел едік, ер Қосайдың елінде Сарыарқаның белінде, өр Алтайдың төрінде, қазаққа қорған боламын деп хан Шыңғыстың жолын кескен, сауытын жырытқан ел едік. Амал-айласы асқан Шыңғыс қапияда ханымызды өлтіріп, иесіз қалған елімізді торғайдай тоздырып, шаңырағымызды шағып, ошағымызды сындырып, күл төккен топырағымыздан қуған, сол тозғаннан қазірге дейін еңсе көтере алмай келеміз. Енді сіздің заманыңызда ел қатарына келіп, оң тізеңізден орын алсақ дейміз.

Сонда зерделі жігітті байымдаған Абыалй хан:

— Сендей ер туған елге оң тізесінен орын бермеген ханда әділдік бола ма? Тағы бір тілегіңді айт дейді.

— Абақ деген елім деп оң тізеңізден орын бергеніңіз рас болса, сарбазымызды жиып, сардарымды сайласам деймін, найзамды өткір қайрап, жау алдында ойнасам деймін.

Абылай Жәнібекті арқаға қағып, ел бастайтын ер азаматының сөзіне сүйініш білдіріп:

— Тілегің Алла алдында қабыл болсын! Үшінші тілегіңді айт? – дейді.

— Анамыз Абақ желкілдеген желегі, ту көтерген ел еді. Енді сардар сайлап, жасақ жасағанда түскен төбеме, шыққан тауыма қадайтын туымды белгілеп беріңіз, — дейді Жәнібек. Қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені төс жара, қызыл сары жібек шашақты қытай ақ торғынынан жасалған үлкен туды ұсынады.

Ақ боз атқа мініп, сауытының сыртынан ақ жымылып тұрған Жәнібек туды қолына алады. Абақ керей: «Тар жол тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те Жәнібектің алдынан кесе өтпейміз» деп ант береді.

 

АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ЖӘНІБЕКТІ СЫНАУЫ

 

Жас батыр Жәнібектің жау алдындағы қайраты аңыз болып, ел ішіне тез жайылады да, Абылай хан оны жете сынамақ болады, сол ойдың орайы бораны күркіреп, жаңбыры сіркіреп бір күннің түніне тура келеді.

Жорыққа аттанған Абылайдың қалың қолы нөсерлі қою қараңғы түнді жамыла иендегі ағаш бейіттен бірер шақырым өтіп барып түседі. Күз аспаны сағымша құйылып, бір ашылып, бір түнеріп, нөсер бірде құйып, бірде толастайды. Қолын тоқтатып, шатырын тіккен Абылай Жәнібекті шақыртып алып:

— Мына жігіттер су соқты болып малшынып, жол соқты болып шалдыққан көрінеді. енді бүгесінен жатып шігесінен кетуге бейіл секілді, — дейді. «Хан шынымен-ақ қайрандап қалғаны ма?» деп ойлаған ақ еділ жанды, аңғал батыр:

— Қан майданда өлсек шаһид дер еді, қарап жатып өлгеннің не жөні бар? Бірақ, түн қараңғы, отын табар жер қинайды бізді, — дейді шын қайрандап.

— Ендеше отын іздеп таба алмассың, бағанағы жолдағы ағаш күмбезді қоапарып алып кел, — дейді Абылай.

Екі жолдасына бір түйені жетелете жөнелген Жәнібек аялдамай бейіт басына жетіп келіп, күмбезді бұза бастайды. Осы кезде көр топырақ арасынан ағараңдап ақыра айқайлаған аруақтар көрінеді.

— Мола да болса баспанамыз еді, кім бізді жалаңаштап жатқан?! – деп дебейлейді олар.

Түнгі иен далада бұл қаһарлы дауыс күмбезге жаңғырып, аспан-көкті тітіретеді. Жәнібектің екі жолдасы көк аспан жарылып түскендей ес-ақылынан айырылып, жығылып-сүрініп ат-көлігін тастай-тастай қашады. Сонда Жәнібек батыр аспай-саспай:

— Ей аруақ, тыныш жат! Өлі аруақ сені қойып, тірі Абылай үсініп өлгелі жатыр, — деп тұра ұмтылады. Әлгі екі аруақ секіріп барып көр топыраққа кіріп кетеді.

Жолдастарының қашып кеткенін енді ғана байқаған батыр бейіттің ағашын түйеге артып, Абылайдың шатырына қарай тартады.

Бұл «аруақтар» Абылай ханның Жәнібекті сынамақшы болып, ақ киім кигізіп қойған адамдары еді, олар Абылайға келіп болған істі даттап, Жәнібектің ашумен аруақтарға ұмтылғанын айтқанда бұл жүректілікке таңданған Абылай хан:

— Меңіреу түнде күңірете түрегелген аруақтан сескенбеген жүрек ашық майданда жауынан қалай тайсасын?! – деп қайрандай таңданады.

Ертеңінде Абылай Жәнібекті тағы шақыртып алып:

-Түнде не ғажайып болды? Аруақтарды ашуландырып, кәріне қалмасақ игі еді, — дейді. Бұл жайды қаперіне алмаған Жәнібек:

— Бұл елдің хан, төресі сен едің,

Қас батыры мен едім.

Сен бұйырған жұмыстың,

Мұнысы қалай демедім, — дейді, Қазыбек бише термелеп.

 

ЖӘНІБЕКТІҢ ҚАРТАЙҒАН КЕЗІНДЕ КЕШІРМЕЛЕРІН

ЕСКЕ АЛУЫ

 

Жәнібек батыр тар жол, тайғақ кешулерін былай еске алады екен:

— Майдандасып жау түсіруді ерлігім деп санамаймын, қаптаған жаумен шайқассаң өткір найзаның ұшымен, тұлпар аттың күшімен, қайратыңа әдіс-амалыңды қосып жеңесің. Сен оны алмасаң, ол сені алады. Талай-талай қан майданды бастан кешірдім, тар жол, тайғақ кезеңдерден өттім, майданда жау түсірмей қайтқан жерім жоқ, оның қайсысын ерлікке санарсың? Бірақ өмірімде қапияда кезігіп, қас-қағымның арасында өткен үш түрлі жағдайға тап болдым. Сонда менің жүрегім түршігіп көрмеді. Кейбіреулер қорқамыз дейді екен, мен қорқудың не екенін білген жан емеспін, Алла берген жанды Алла өзі алады. Басқа біреудің алуы мүмкін емес деп сенемін.

Соғыста жеңілгенің — ақыл-айлаң мен күшіңнің кемдігі, соғыста жеңгенің сол екеуінің артықтығы. Ал күтпеген жерден жаныңа қысым келгенде қабағыңды шытпай, қалт ойлап, қапысын тапсаң ерлік, жүректілік деген сол.

Жас кезім, жылқы табынында жүріп, таң қараңғысынан көз іліндіріп алайын деп, тоқымымды төсеп, ерімді жастанып, шылбырымды жамбасыма басып, көйлектің омырау түймесін ағытып, кеудемді самалға ашып, көк шалғынды қолатта жатып қалдым.

Бір кезде мұздай суық бір нәрсе кеудемді басып келе жатқанынан ояна келсем, жылан екен. Оянғанда қозғалып кетсем керек, жылан ысылдап иегімнің астынан аузыма қарай өрмелеп, тілін жалаңдатты. Шағып аларма екен деп сескенбедім. Аузымды ашып демімді ішіме қарай тарта бердім. Екі көзім жыланның қимылында. Оның басы аузыма кіре бергенде тісіммен қыршып түкіріп жібердім. Сонда тісім мұздай болып кетті. Бірақ сескенбедім. Осы оқиғаны естіген нағашым жігіттің ерлігі байсалдылығы деп мені мақтаған еді. Ел алдына түсіп, ер қатарына қосылып қалған кезімде, «ел шетінде жау жатыр, жолдастасып бірге барып, соны алайық» деп Қабанбай шақыртыпты. Ара қонып Қабаекеңнің ауылына жетіп, сәлем беріп үйге кіргенімде сәлемімді Қабекеңнен бұрын Бөгенбай батыр алды. Үйде екеуі ғана екен. Жиған қолдары, жау-жасағы көрінбейді. Кешке аста отырғанда Бөгенбай жай бір ғана:

— Жау жағынан бөлініп шығып, өз бетімен қол жинаған бір қарақшы екі елдің тыныштығын кетіріп, малын айдап, қыз-қатындарын олжалап мазаны алып тұр, — деді. Мен көп сөйлемей , «ел алаңсыз болғаны жақсы еді» дедім.

Ертеңінде үшеуіміз бір жол бастаушы алып жүріп кеттік. Бірер күнде ел шетіне де таядық. Қарақшылардан зәбір көрген ел зар жылап, көк етегін көл қып, көз-жасын төкті. Қарақшылар ойда жоқта жайын жатқан елге басып кіріп, малын қуып, адамын олжалап, қарсыласқан ер азаматты өлтіріп, ойына келгенін істеп жүріпті. Қарақшылардың жүгенсіз қылықтарын естіп, халықтың көз жасын көрген сайын қаным қайнап, алас аттым. Жауға таяған сайын жүрісіміз ширай түсті. Олардың апанын анық білетін жол бастаушымыз төтелеп бастап, нелер құлама құз, ақпа қорым, жыныс ормандардан өтіп, бізді таң бозында олардың дәл желкесінен түсірді.

Қарақшылар бір үлкен қолатты алып, ақбоз үйлерді тігіп тастап жатыр екен. Шамасы жортуылдан түнде ғана келсе керек. Аттары түюлі, түйелері қомдаулы, тоғанақты теңдері жиылмаған.

«Қанша халықты зар илетті екен» деген ой басыма найзағайдай соғылғанда атымды ұрып жіберіп, Қабанбай мен Бөгенбайдың алдына көлденеңдеп тұра қалғанымды өзім де білмей қалыппын. Менің шыға келуімнен рұқсат сұрағанымды айтқызбай таныған екеуі жарыса:

— Балақай, жолың болсын! – десті. Бұрылып жүре бергенімде олар: «Жол бойындағы халықтың көз жасы мен мұң-наласы ширықтырып келе жатыр еді, жолы болар-ақ» деп жатты.

Дұспан да болса «қапы кеттім» демесін деп ортасына ұран салып кірдім. Олардың тұшты ұйқысын менің күшті даусым шайдай ашты. Топ-топ бола үйлерінен шығып, аттарын шешісіп жатыр. Назарым ортадағы ақ үйде, содан шыққан бес адамның артқысы зор денелі біреу киіз есікті иығымен көтере ашып, нығыз басып маған қарай жүріп келе жатты. Аюдың көзіндей қысқа кірпікті, қысық көзімен мені бағып келеді. Үстінде сауыт сайман, сыртынан жамылған үлкен сары жібек шапан, шапанның етегі шалғынға сүйретіліп шұбалаң қағады. Жас мөлшері қырыққа еркін жетпеген, селеу сақалды, тайқы маңдайлы, бүйрек бетті, дүрдиген ерінді адам екен. Дәл ерінінің үстін түйреген найза табынан қалған тыртықты анадайдан айырдым. Жолбарыстың мұртындай бес тал мұрты тіп-тік болып шашырап тұр. оның сетілген танауынан келекенің күлкісі байқалғандай болды.

— Кімсің сен? – деп зеки сұрады менен.

— Мен жөнімді айтқаныммен, сен жөніңді не деп айтар едің, ел дейтін елі, жөн дейтін жөні жоқ, қаны қара қарақшы! – дедім ақырып. Сөзім шынбайына батты білем, көзінен ашу оты жарқ етіп шыға келді. Артына бұрылып қолды бір-ақ сермегенде екі жүз шамалы адам атына қонып үлгерді.

— Жеке-жеке, — деп айғайладым. Сол кезде қара сұр атты біреу майдан тартты. Жолын бергеніммен оны жан екен деп елемедім. Шауып келе бергенде найзасынан ұстап, жұлқып тартқанымда ат тебінімен алдыма келіп қалды. Сол кезде қанжарын суыруға келтірмей атынан жұлып алып, жалпақ тасқа қойып кеттім. Атымның тізгінін тез тартып: «жеке,жеке» деп тағы айғайладым. Бар ойым бағанағы пәле басы жуан сарыда. Онымен сілкілеспей, ашуым тарап, кегім қайтатын емес. Жуан сары шапанын сілкіп тастап, артына бұрыла бергенде, тұлпар атын екі адам жетектеп келіп иіле қалды. Атына мініп, найзасын қолына алған ол, әуелі менің жүрегімді алғысы келді білем, ашулы отты көзімен тігіле жақындап келіп, түйіле қарап, майдан тартып шаба жөнелді. Ағызып келіп, атының тебіні қолының бар пәрменімен кіндігімнің басынан найза салды. Мен қалқанымды тоса қойдым.

Тізгін тартқанда кәнігі болған сар тұлпар тік секірді. Осы кезде ол өте шапшаңдықпен жанды жерімнен әлденеше рет найза салды, мен де қалт кетірмей тостым. Ақыры ол кезек беруге мәжбүр болды. Ағызып келіп найза салдым. Шіркіннің күштілігі мен шапшаңдығы-ай, өзім-өз болып найзамның қатты қағылғаны осы еді, кезек тағы бір айналып маған келді. Мен ойқастатып шыға бергенімде, серіктерімнің ұран салған дауыстары естілді. Менің басыма «бір қарақшыны ала алмағаным ба» деген намыс орала кетті. Қалай келгенімді білмеймін, қылышпен қатты ұрғанымда қалқаны қолынан ұшып кетті. Қайта қайрылып қылышын ұшырып жібердім. «Басын шауып тастайын» деп қайырылғанымда менің екі батырым да келіп қалған екен. Ақбоз үйден еңірей жүгірген әйел келген беті үзеңгімді сүйіп, жалынып:

— Жанын қиып кет, батыр, — деп өтінді. Бөгенбай мен Қабанбай да:

— Осының тілегін бер, — деп сұрады.

— Ал бердім, — деп майданнан шыға бергенімде:

— Мені өлтіріп кет, — деп айқайлап маған қарай тұра шапты әлгі батыр, — мен елсіз мекенсіз едім, енді серіксіз қалдым, басымды сүйер жан қалмаған екен, енді қаңғыртпа, мені өлтіріп кет, — деп ұштыртып келеді. Көзінен от шашырайды. Ашу-кектің ұшқыны ма? Әлде өкініштің қамырығы ма, кім білсін?! Оны мен сонда байқадым. Қасында қорғап қоршап жүрген екі жүздей адамның бірде-бірі қалмай қашып кеткен екен.

— Бердім жаныңды мына үшеуіне, — деп қайталадым мен. Осы кезде жаңағы әйел жан ұшырып келіп, оның шылбырына оралды. Батыр әйелге бұрылып:

— Біткен екен менің уақытым, сүйенер елім де, жанкүйер жолдасым да жоқ, енді мен үшін өмір сүрер жер де жоқ, құрыдым. Мен құрыдым, — деп атын ұра жөнелді. Тықыршып тұрған тұлпар сауырына қамшы тигенде шылбырға оралған әйелді екпетінен түсіріп кетті. Жан ұшырып түрегелген әйел:

— Өлтіріп кет, -деп айғайлап тұра жүгіріп, екі-үш қадам аттай беріп, құлап түсті. Жаңағы ашу-кектің қан-майданын енді сорлы әйелдің мұң-наласы басты. Оның жан даусы құлағына жеткенде ғана ес жиды ма, қалай, әлгі батыр қайта ағызып келді де, орынынан тұра берген әйелді іліп алып шатқалды өрлей тартты. Біз соңынан қарап тұрмыз. Әйелдің білегі оның мойынына орала кетті. Олар тау айналып кеткенде ғана Бөгенбай маған бұрылып:

— Мынаның кім екенін білесің бе? – деп сұрады.

— Білмеймін, — дедім мен.

— Білмесең жоңғар хандығының ең білікті жас батыры. Осы қайтер екен дегізіп, жүрек шайлықтырып келген батыры. Жоңғар хандығына бір қылығы жақпай қағажу көрген соң, кеудесін бастырғысы келмеген асау жүрек жас батыр, ақыры бой көрсетіп шығып кеткені осы ғой, — деді.

— Бақ қайтудың басы осы сұлу әйелден басталса керек, — деді Қабекең сөзге араласып.

— Бұл сұлу әйел ханның қызы ма, әлде жесірі ме онысын біле алмадым. Әйтеуір осы батыр жігітпен көңіл қосыпты. Сол себепті хан ашық жазалай алмай орда төңірегінен жылжытып жіберіпті. Ол өзіне қарасты әскерін бастап, осы әйелді жапан түзге алып кетіпті. Хан әскері қуып келіп соғысып, мұны ала алмапты, — деді жол бастаушы.

— Біз сенің білегіңді бір көрсетіп қоя берейік деген едің, — енді Бөкең сөзін жалғап, — себебі, мынау тірі кетсе жоңғар хандығы екі ұдай болып, тозғындай берер еді. Бірақ, мынау тірі кетпейді. Менің адам танитыным рас болса, оның жаңа әйелін ала жөнелгендігі жүрісі — өлім есірігі басқан адамның жүрісі. Ендігі өліп те болған шығар-ау.

Осыдан кейін біз бір-бірімізден сөз байласқан адамдай әлгі тұлпардың ізімен жүріп кеттік. Көп ұзамай олардың өліп жатқанын бір жартастың басында тұрып көрдік. Олар жартастың ұшпа жеріне келіп (тегі жатар орындарын көрсе керек), атты қыдыртып айнала шауып, жартастан қарғытып кетіпті. Батырдың бір қолы атының тізгінінен айырылмапты да, әйел батырдың мойынынан құшақтаған беті түсіпті. Талай-талай соғыстарда болғаныммен осы батырдың өзін-өзі өлтіруі мені көп ойландыра берді. «Халқынан айырылған қан құсады» деген осы ғой. Халық дегеніміз қара таудай иеміз емес пе? Оның ашу-ызасын мен мұң-наласы қорқаққа үрей, батырға күш қосады, тіпті ол саған жеңіс әпереді. Мен басын алмағаныммен де оған жасайтын орын қалмады ғой. Ел-жұрттың ортасы ғана алтын орда. Батырдың батыр атын шығаратын да, аруағын көтеріп, құрмет тұтатын да халық ғана.

Жиырманың жуан ортасына келіп, батыр атағым жұртқа таралып, ел басқарып, қол бастап, жұрт ағасы болып қалған кезімде қайыныма ұрын бардым. Қайын жұртым аса бай ауылдар еді. Үлкен көгіл жазыққа, тойға бола топтана қоныпты. Бізді бастап келе жатқан еліміздің үлкендері әлгі ауылдарға таяй бере іркілмей жүріп кетті де екі жолдасыммен қарсы ала шығатын жеңге, балдыздарымды күтіп тұруға бұйырды. Бір кезде ақ шылауышты жеңгелер мен қызылды-жасылды киінген қыздар ауылдан бізге қарай жүрді. Сонда: «Алыстан жау емес, айтыстан дау емес, мыналар нені сұрап, мен не айтармын» деп жол көрген жолдасымнан сұрай берсем керек. Жолдасым:

— Бәрекелді, Жәнібек! Жарақты жауға шабарда ақыл салмағанда, мына елдің қыз-қатындарының жүзін көрмей қарасынан-ақ ықтай бердің ғой, — деді.

— Пәле, жігітім, олар төбесін көрсетпей жатып-ақ бізді аттан түсірмеді ме? Қамалы берік алып батырдың, алдырмас шешенің дәл осылар болмағай, — дегенімде жолдасым күліп:

— Бұл да ер азаматтың бір кешуі, ер азаматтың туда нағашы жұрты, ата жұртты дейін екі жұрты болса, қайын жұрты өсе келе, жүре келе өзі тауып алатын жұрты емес пе, — деді.

Елден ерекше мен мұндалап, шошақ төбелі, үкілі тымақты киіп мен тұрмын, менің жел шықпаса басқа жан шықпаған тұлпарымды екі-үш бала мінгесе ойқастатып жоғалды.

Жаңағы теңге-моншағы сылдырап келген жеңгелер бізді ақ боз отауға бастап кіріп, шымылдығы құрулы қайқыбас төсек алдына отырғызды да, екі жолдасымды менен бөліп, төр алдына алып кетті. Әзіл-қалжыңға өткір ашық-жарқын жеңгелер де аз сөйлесе де, ақырын сөйлесе де ұтып сөйлейтін, зейінді бойжеткендер де бар екен. Бұлар қан майдандағы батырлықтан да ары сынайды. Сынағанда қандай, сенің ең әлсіз жеріңді көреді. Қалжыңнан бір кетірсең «өлдім» десеңде тұрғызбайды. Және сені өмір бойы сені сыйлап отырады. Бірі сенің жүзіңді көргісі келіп тымағыңды шалқайтып кигізіп кетсе, бірі «қасқаюын батырдың», «мынау жоңғардың майданы емес, құдайдай атаңның ауылы» деп еңкейтіп, қайтадан нұқи кигізіп кетеді. Біреуінің қабырғасынан мытып қалайын десең, ол қабырға майдандағы батырдың білектей қабырғасы емес, қатты тиіп қате кете ме деп және қорынасың, сен қорынған сайын олар басынады, күледі, ішек-сілесі қатқанша күледі. Үлкендерді де өздеріне еліктіріп, қоса күлгізеді. Ыза болайын десең олар қандай байқағыш, үшеу-төртеуі бас қоса қалып:

— Қой деймін, Жамал, батыр атқа мініп ұран салып шығып кетпесін, — деп қитығыңа тие, тіпті сыңғырлай күледі. Ақыры осылар жеңбей қоймайды. Иілдірмей, тізе бүктірмей, шаршатпай тынбайды. Өмірімде қысылып, қымтырылып, адам еркіне көнген бір кезім сол екен. Үлкенсимін дегенмен үлкенси алмайсың, өйткені ата-салты бәрінен үлкен. Оған халықтан басқаның пәрмені жетпейді.

 

 

ЖӘНІБЕК БАТЫР ЖӘНЕ КЕРЕЙ ЕЛІ

 

Жәнібек қол басқаруда аруақты батыр, ел басқаруда әділ болып, Абылайдың санаттарының қатарына қосылғаннан кейін керей еліне иелік етіп, басқа өскен рулардың алмандас етіп пайдалануынан елді қорғап, Шыңғыс тауына ірге теуіп, керей елінің басын қосып, сардарын сайлап, сарбаздарын сығайлап, ру-ру бойынша қолбасы батырларын іріктеп, керей қосынын құрады. Сөйтіп, найманның қаракерей Қабанбай батыры, арғынныңқҚанжығалы Бөгенбай батыры, уақтың Өтеген батыры, шектінің Шыңғыры мен Малайсары қатарлы батырлармен тізе қосып, бүкіл қазақ халқын қорғауға, ұйымдастыруға бар өмірін арнады.

Ол кезде Жәнібек батырдың сенімді серігі – жәдік Жантай батыр мен шеруші Байтайлақ батыр екен. Бұл батырлардың жәдік пен шеруші руының ұраны болып кетуі де ел басын біріктіріп, жағаласып жау алғандығынан болған.

Абақ керейдің он екі абақ болып бүкіл үш жүздің баласына танылып, есе теңдік алуы да, дәл осы Жәнібектің тұсы еді. Сондықтан Жәнібек батырдың есімі бүкіл абақ керейдің ұранына айналады да, он екі абақ өз алдына бөлек ұрандар тұтынады. Олар еліне олжа салған батырларын, есесін әперген шежіре шешендерін, әйгілі ақын-жырауларын, ел иесі адамдарын ұран етеді. Ашамайлы керейлер Ошанбай, Тұрсынбай секілді батырларын ұран етсе, абақ керейдің белгілі адамдары мыналар болған:

Жәдіктің ұраны – Жантай. Бұл ру Мәлік, Жанат, Итеңмен дейтін үш атадан тарайды да, абақтың өскен руының бірі саналады. Абақ елі төрт-бес айлағанда Дөненбайұлы Бейсенбі би, Жантеліұлы Құлыбек би осы рудан шығып керейді билеген. Мұның сыртында тарихта аты бар атақты адамдардан Жантай, Қуандық, Далаймерген, Шегетай сияқты, және атақты Бейсенбі күйші, ақын — Күдері, шешен – Бықыш, жырау — Өмірзақ, шежіре Қылышбай осы жәдіктен шыққан.

Жәнтекейдің ұраны — арыда Сәменбет, беріде Шақабай. Бұл ру Сүйінбай, Сүйіндік, Шүйіншәлі дейтін үш атадан тарайды. Абақ руларының ішіндегі ең көбі саналады. «Жәнтекейдің бұқа қарағаны бір үйлік» деген мақал осы көптігіне қараған. Бұл рудан Мамытұлы Көкен би, Сатайұлы Топан би, абақ керей төрт би сайлағанда билік басына шығып, керейді басқарған, тарихқа белгілі Шәу жырау, Төлебай Бөжекұлы, Көтбай Көшкіншіұлы, Зия Мәмиұлы қатарлы ақындары, сыбызғышы – Балжан, домбырашы – Шалап қатарлы күйшілері, Тауасар, Лақ, Барлыбай, Сары, Шылғаубай қатарлы шешендері, Байқозы, Ызғұтты, Жақынбай, Иман, Ақан, Көбеш, Тергенбай қатарлы батыр балуандары болған.

Қарақастың ұраны — Қаптағай, бұл ру Қосын, Назар, Байым дейтін үш атадан тараған. Тарихта даңқы бар Байхан, Бітімші қатарлы билері, Арқалық, Тұяқ қатарлы батырлары болған.

Молқының ұраны – Машан. Бұл ру – Машан, Қошақ, Құл, Қайып дейтін төрт атадан тараған. Тарихта даңқы бар Сәмек би, Жанторы би, Бөке батыр, Оспан батыр, Ақыт Үлімжі қатарлы ақындары болған.

Ителінің ұраны – Бұқарбай. Бұл ру – Тоқтағұл, Ақпақты, Тымбек (Күйік) дейтін үш атадан тарайды. Зуқа қажы, Тұрым қатарлы батырлар, Отарбай, Бәтіш Қоншақызы, Рамазан (лақабы Шыбарақын) қатарлы ақындары болған.

Шеруші ұраны – Байтайлақ. Бұл ру – Ожық, Бақат, Ұзынмылтық, Құрман, Саңырау, Шақпас болып алты атадан таралады. Тарихта орыны бар Байтайлақ батыр, Ақтай батыр, Жылқышы би, Тоғаншыкеншін, Сүлеймен мерген, тарихшы Малгаждар молда сынды адамдар осы рудан шыққан.

Меркіттің ұраны – Құлсары. Бұл ру — Әлменбет, Құлсары, Лепес, Шағыр дейтін төрт атадан таралады. Тарихта орыны бар Жәке би, Сартқан би, Демежан батыр, ағартушы Баймолда Қарекеұлы қатарлы кісілер осы атадан шыққан.

Шыбарайғырдың ұраны – Қожаберген. Бұл ру – Қабыл, Мұрат, Байбура, Кәлпе, Балта дейтін бес адамнан таралады. Тарихта орыны бар Өсер, Тоқыра шешен, Дабы би осы атадан шыққан.

Сарбастың ұраны – Сартоқай. Бұл ру – Шотқара, Тайманқұл, Шұғыл дейтін төрт атадан тарайды.

Жастабанның ұраны — Жобалай. Бұл ру – Байназар, Қосай дейтін екі атадан тарайды. Байназардан Шақантай, Құдайберді, Қожакелді. Қосайдан Ырысек, Құтыке, Тобыке туындайды, бұлардың көбі болыс ел Шынжаңға өтіп, Алтай, Тарбағатай төңірегіне бытырай қоныстанған.

Күнсадақтың ұраны — Жабай. Бұл ру – Байгүбек, Қожаберген, Атағозы, Жеулан дейтін төрт атадан тарайды. Көпшілігі Зайсанда, Шынжаңға келгендері бытырай қоныстанған. Ахмет молда деген атақты ақын осы атадан туған.

Құлтайболаттың жеке ұраны болмаған себебі, төрт бидің біреуі Жұртбай бидің кезінде осы бай елді Назарқұлмен алмандас етіп алып, жәнтекейдің бір баласы деп сіңіріп кеткен. Оның ұранына он екі абақтың бірі деп Шимойынды атаған. Әсілі Шимойын ашамайлы керейден абақ ішіне сіңген ауыл болатын. Құлтайболат руынан кезінде Биқадам деген атақты би шыққан.

Бұдан сырт, абақ керей ішіне мекендеген Жарболды руынан Торайғыр би, Саутай ақын шыққан.

Бура руынан бір Үкірдай ел болған, арғын, уақтан бытыранды қоныстанғандар көп. Керей төресі Көгедай, Сәмен жабағы Төленгіті мен Қожалары қосылып бір үкірдай ел болған. Қаба ауданындағы әділ төре, Санияз төре ұрпақтары мен төре-матайлар бір үкірдай ел болып қалыптасқан. Осы елден Алтай халқының іргесін орнықтыруға еселі үлес қосқан Ожеке батыр (Қожамжар) шыққан.

Жоғарыда айтылған рулар Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға, Құмыл, Баркөлге дейін мекенденген сырт Қазақстанда жасайды. Моңғолияда шеруші, жәнтекей және басқа керейлерден болып төрт үкірдай ел қоныстанып қалған. Көпшілігі Баян-Өлгей аймағында. Кейінгі кезде қоныс аударғандардың бір қауымы Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұрады, осы қоныс аударғандардың бір бөлегі Түркияға барып қоныстанған.

 

ЖӘНІБЕК БАСТАҒАН АБАҚ ЕЛІНІҢ ШЫҢҒЫС ТАУЫНАН КӨШУІ

 

Жәнібек батырдың Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға, Құмыл қатарлы кіндік кесіп, кір жуған байырғы мекеніне елінің керегесін қайта жайып, күлін төгуі өз өміріндегі аса ұлы, ізгі арманы еді. Бұл тек Жәнібектің ғана емес, хан Абылайдың, Қабанбай, Бөгенбай бастаған қазақ қолбасыларының, бүкіл қазақ халқының ортақ тілегі болатын.

Ол түсте абақ елі Шыңғыс тауы, Көксала, Бақанас деген жерлерді мекендеп, арғын руларымен қанаттас отырады. Өсіп келе жатқан рулардың жерге, қонысқа таласуынан шыққан ішкі бақастық керей елінің шығысқа қарай көшуіне себеп болады.

Жәнібек батыр абақ елін бастап, қоныс аударып кетуге талпына бастаған кезінде қанаттас отырған рулармен сөз сайысына түседі.

 

Күлтелі күрең тұрғанда,

Тұлпарыңа жалынбаймын.

Ер азаматым тұрғанда,

Көптігіңе бағынбаймын.

 

Атағым сай, атым сай,

Балтам сай да, тесем сай.

Ұлы Ертістен көпір салсам да өтем.

Кеудемнен жаным шықпаса,

Ежелгі жерге жетем, — дейді. Батырдың бұл сөзінде өкпе-назы да, көкейтесті арманы да жатыр еді. Сол кезде қартайып нағашысы Қазыбек биге де Жәнібек өкпелі екен. Жәнібек батыр елін бастап көшетін болғанда жасынан қолында өскен жанындай жақсы көретін жиенін қимай:

«Жиен назары қиын деуші еді. Үйімнен дәм татырып, батамды беріп жіберейін» деп ойлаған Қазыбек би шақырушыларына:

— Жәнібектің мінезі қатты, мен шақырады демеңдер! Нағашыңның үйінде дәм-тұз шақырады деңдер, — деп ұқтырады, — бір оралса, сонда оралар, егер асты сыйламаса жолы да бола қоймас, — дейді. Жәнібекке барған шақырушылар бұл сөзді бұлжытпай жеткізеді.

Жәнібек батыр:

— Нағашым болса қайтейін, қарамай-ақ кетейін деп едім. Дәм-тұз депті ғой, бармасам жолым болмас, — деп жолдас жораларымен аттанып, нағашысының ауылына келгенде, Қазыбек би алтын тонын жамылып, есік алдында күтіп тұр екен. Жәнібек нағашысымен амандасып, үйге кірерде:

— Кірейін-кірейін, күлдіреуіш қисық болса да түтіні түзу ұшып тұр екен, — деп, нағашысын құрметтеп үйге кіргізіп, соңынан өзі кіреді.

Батырдың келгеніне разы болған қарт би жайланып отырып:

— Жауға жарақты қолмен шығушы едің, бүкіл қазақ болып тілеуіңді тілеп тұрғанда жаудан жасқанып көрген жоқ едің. Енді ел басқарып би болып, ел көшіріп ер болып, ел шетіне шығып барасың, жұрт көңілін қалдырма, дұшпаныңның ойын асырма, — дейді.

Сонда нағашысының ақылына ризалық білдіріп жауап қайырады:

Тілге келсе, елу бесте болып,

Тілдесуге шыдаймын.

Дауға келсе қырық бесте болып,

Белдесуге шыдаймын. . .

Жауға келсе жиырма бесте болып,

Жауласуға шыдаймын, — деп нағашысын сүйіндіреді.

Тәуекелге белін буып, бетін суыққа бұрып тұрған жиеніне би тағы былай дейді:

— Жерге таласып, іргелі мұңғылмен қандаспа, ел ішінде қоныс таңдаспа. Әділдікті ойласаң, халқың қадір тұтады.

Нағашысының ақылия сөзін алдыға ұстай сөйлеген батыр:

— Сыйласқанға боз беріп,

Шындасқанға сөз беріп.

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төсті алып,

Еселі істі терісіп,

Есесі кетсе берісіп келген. Өзіңізден қалған ата-салтымыз ғой,

нағашы, — дейді.

Сонымен, Қазыбек би шын ықыласын беріп, ақ жол тілеп аттандырады. Жәнібек батыр елін бастап, Қалба тауына жетіп тұрақтайды. Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға секілді байырғы мекеніне өту үшін алда көп кедергі жатады. Алтайды иелеп алған жеті тайпа уранхай мен дөрбеттердің, Тарбағатай аумағында жаңадан келіп орын тебе бастаған торғауыттардың күші өте мығым еді.

Ел Қалба тауын бірнеше жыл мекендейді. Бұл кезде Жәнібек батыр Өр Алтай, Тарбағатай және Еренқабырға тауларына дейін барып, ондағы халықтармен бітімге келіп, тыныштық орнатады. Қалбада мекендеп тұрған кезінде Жәнібек батыр Алтайдың ақ тау төңірегіндегі бір ашуынан жол салып асып бергі бетін шолып қайтады, кейін осы маңайды найманның Қаратай рулары мекендегендіктен ол «Қаратай жайлауы» деп аталады да, әлгі ашу «Жәнібек батыр ашуы» делінеді.

Қазақ халқы батырды айырықша қастерлеп, «Ақыр Жәнібек» деп атасқан, бұдан былай мұндай жүректі, аруақты адам болмайды деп санасқан. Сондықтан, халық Жәнібек батырдың туын беріге дейін сақтап, жаугершілікте көтеріп шығып отырған. Шымырырақ торғыннан жасалған бұл ту қазақ батырларының ең соңғы туы еді.

Жәнібек батыр 1792-жылы сексеннің үстіне шығып қайтыс болады, қайтыс хабарды үш жылға дейін құпия сақталады. Мұндағы мақсат, анталаған жаудың батыр қазасынан пайдаланып шапқыншылық жасауынан сақтану еді. Үш жылдан кейін үш жүз баласына сауын айтылып, беріліп, зираты тұрғызылады.

Жәнібек батырдың бейіті Қалба тауының жалама қызыл, Су Шар деген жерінде. * Абылайша – керегесіз, шаңыраққа уық шаншып тіккен қос. Кезінде Абылай сарбаздары көп қолданғандықтан «абылайша» атанған.

 

 

ЖӘНІБЕК БАТЫР(1714-1792)

 

Ер Жәнібек деген атпен қалың қазаққа белгілі болған Керей Жәнібек батыр кейбір шежірелік материалдар бойынша Бердәулеттің жалғыз ұлы екен. Негізінде Жәнібек Бердәулетұлы ағайынды бесеу болып, Жәнтекейдің алтыншы буын ұрпағы болады. Қадыс Жәнәбілұлы қатарлылар құрастырған халықаралық Алтай ілімін зерттеу қоғамы жағынан шығарылған шежірелік кітап «Абақ-Керей»-де Жәнібектің орны жөніндегі жинақта толымды материалдар беріледі.

Онда былай делінген: Абақ-Керей ұлысының ел иесі болғандардың ішінде, әсіресе Жәнібек батыр Бердәулетұлының аты ерекше аталады. Ол үш жүздің хандары Әбілмәнбет және Абылай (Әбілмәнсүр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының ең батыр сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда ерекше көзге түскен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ-Керейдің ел иесі болған.

«Қылышбай шежіресінде» айтылуынша, жоңғарлардың бір реткі шапқыншылығына қарсы жорықта Абақ-Керей жасақтарын бастап жүрген Жәнібек батыр Абылай ханның атының болдырып шабандағанын, қазақ қолының әлсіреп бара жатқанын байқап, астындағы көк тұлпарын Абылай ханға көлденең тартады. Сәл кідіріп қалған ханға Жәнекең: «Тақсыр, мен сіз бола алмаймын, сіз мен болмайсыз. Қалайша десеңіз, мына жаудан қойша ығып, үдіре үріккен жұрт менің тіліме тоқтамайды. Сізді жау ұстап мерт қылса, орныңыз толмайды. Ал, маған жау жетіп қапыда мерт болсам, онда менің жаным жұрт үшін шәһит болған болады. Мен өз қолыңызға өз еркіммен қосылған бір сарбазың емес пе, менің орнымды кім жоқтай қояр дейсіз?» депті. Бұл лебізді құп көрген хан көк дөненді мініп, жау қуғынына шыдай алмай, абыржып қашқан қалың қолдың алдын орап шығып, жұртты тоқтатыпты. Хан жарлығымен шоғырлана жұмылған жұрт әудемде есін жинап, күш-қайратын топтап, қуғыншы қалмақ жорығының алдын тосады. Бұл жолғы айлалы сайыста қазақ қосыны қалмақты жеңіп, елге көп олжамен оралады. Кейін ел ішінен әлгі қысылшаңда өзі мінген көк дөненнің иесін іздеп көргісі келеді. Жәнібек екі рет іздеп келген шабарманға: «Ол кезде менің астымдағы жүйрік ат түгіл, қараған ханымыздың амандығы үшін менің өз басым да құрбандық емес пе?» — деп, бармай қойыпты, Абылай хан: «Ақымақ достан ақылды жау артық» дегендей, сен жас албырт болсаң да қуғыншы жау таяғанда маған төнген қауіпті басқалардан бұрын аңғардың, сол жолы мені ажалдан құтқардың. Олай болмағанда мен жазым болар едім, өз ханын көрнеу ажалдан арашалаған ерім алдыма келіп көрінсін, дидарлассын», — деп сәлем айтып, Жәнібекті салтанатты түрде қабылдауға шақыртады. Бұл сәлемге келген Жәнібекті қабылдап, әңгімелесіп, келбеті мен тұлға-тұрпатына, лебізіне разы болып, одан зор үміт күтіп, өзінің басты сарбазының бірі болу атағын береді және Абақ тайпасының ішіндегі уәзірі етіп белгілейді, Абылай ханға осылайша танылған Ер Жәнібектің есімі бүкіл Керей руларының жаумен айқасарда шақыратын ұранына айналыпты. Солтан Сағатжанұлы жазған «Қазақ батырларының деректемесі» деген кітапта «Ер Жәнібек» деген тақырыппен арнайы таныстырған. Онда да жоғарыдағы оқиға айтылған, одан басқа, сол таныстырудан мынадай деректерді келтірейік: «Осы жолғы жеңіспен аяқталған ұрыстан кейін Абылай өзін жаудан құтқарушының Абақ-Керейдегі атақ-даңқы шықпаған момын шаруа Бердәулеттің баласы Жәнібек екенін сұрап біліп, өзіне шақыртады. Жәнібектің сәлемін алған Абылай:

«Батырым, үш тілегім бар депсің, сол тілегіңді айт!» — дегенде, Жәнібек: «Тақсыр, біз Керей деген ел едік. Ер Қосайдың елінде, Сарыарқаның белінде, Өр Алтайдың төрінле, қазаққа қорған боламын деп, хан Шыңғыстың жолын кескен, сауытын жыртқан ел едік. Амал айласы асқан Шыңғыс қапияда ханымызды өлтірді. Иесіз қалған елімізді торғайдай тоздырып, шаңырағымызды шағып, ошағымызды сындырып, күл төккен топырағымыздан қуған. Сол тозғаннан қазірге дейін еңсе көтере алмай келеміз. Енді сіздің заманыңызда ел қатарына келіп оң тізеңізден орын алсақ дейміз». Сонда зерделі жігітті байымдаған Абылай:

«Сендей зерделі ер туған елге оң тізесінен орын бермеген ханда әділдік болама?! Тағы бір тілегіңді айт!» -дейді.

«Керей деген елім бар деп оң тізеңізден орын бергеніңіз рас болса, сарбазымызды жиып, сардарымызды сайласам деймін, найзамды өткір қайрап, жау алдында ойнатсам деймін».

Абылай Жәнібекті арқаға қағып, ел бастайтын ер азаматтың сөзіне сүйініш білдіріп:

«Тілегің Аллаһ алдында қабыл болсын! Үшінші тілегіңді айт?» -дейді.

«Атамыз Керей желкілдеген желегі, ту көтерген ел еді, енді сарбаз жиып, сардар сайлағанда, түскен төбеме, шыққан тауыма қадайтын туымды белгілеп беріңіз!» – дейді Жәнібек.

Қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені төс жара қызыл сары жібек шашақты қытайы ақ торғыннан жасалған үлкен туды ұсынады. Ақ боз атқа мініп, сауытының сыртынан ақ жамылып тұрған Жәнібек туды қолына алады. Керей елі: «Тар жол тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те, Жәнібектің алдынан кесе өтпейміз» деп, ант береді. Осы айтулы уақиғадан кейін атақ-даңққа ие болған Жәнібек ендігі жерде «Керей Ер Жәнібек» атанып, бақыты өрлей береді. Ер Жәнібек қанды жорықтарда қол бастап, сан мәрте ерлігімен көзге түсіпті, өз ғұмырында он екі рет қанды шайқасқа қатысыпты. Ол кезде ұрыс-жорықта әр рудың қолын өздерінен шыққан батырлар бастайтын дәстүр болған. Керей қолын бастаған Жәнібек батыр, Жантай, Байтайлақ, Жобалай қатарлы отыз неше Керей елінің батыр игі жақсыларымен бірге Абылай хан ордасының маңында болғанын кейбір зерттеушілер растап жазады.

Халқымыздың халық болып сақталып қалуына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғалы батыр бабамыз Жәнібек қол бастаған батыр ғана емес, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қара қылды қақ жарған әділ би болған. Сондықтан, қаз дауысты Қазыбек би Жәнібекті: «бұл кезде шешендікте Жәнібектен жан өтпес» – деп бағалаған деседі.

Бердәулетұлы Жәнібек батыр 1714-жылы Сырдарияға жақын Қаратаудың солтүстігінде, яғни Шу өзенінің төменгі аңғарындағы құмды өңірде дүниеге келген. Ер Жәнібек туылғанда шақшақ Жәнібек келіп атын қойып бата берген екен. Шақшақ Жәнібек жорыққа шығып бара жатқанда, Бердәулет алдынан шығып, үйіне дәм татуға шақырып келіп: «Баламызға ат қойып, аруағыңызбен қолдап жүріңіз!» — деп тілек етеді. Батыр бесікті алып бесіктегі көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, көңілі толып тебірене бата беріп былай дейді:

 

Керей деген елің көп,

Ел айналар шешен бол!

Жағаласар жауың көп,

Жауға шапсаң есер бол!

Ел ішінде дауың көп,

Жұрт алдында көсем бол!

Жабылған жауды жапырып,

Шайқасқанда есен бол!

Жекеге шықсаң желденіп,

Жауыңның басын кесер бол!

Сонан соң бетін сипайды да, ата мен анаға қарап: «Бесігін көтергенде көңілім толды. Өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын, біреулерге атын атап боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа!»- деген екен.»

Ер Жәнібектің қайтыс болған уақыты туралы екі түрлі мәлімет бар. Бірі Жәнібек 1798-жылы 84 жасында Қызылсу Шар деген жерде қайтыс болған дейді (Мұра журналы, 1989-жылы №2, 48-49-беттер). Енді бірі, қазіргі бізге мәлім зерттеушілердің еңбектерінде 1792-жылы қуық ауруынан қаза болды. Қазасын екі-үш жыл жасырын ұстап, 1794-жылы үш жүзге хабарлап, ас беріп, бейіт тұрғызылады.

Ер Жәнібектің өмірі мен ерліктері жөніндегі деректерді құнттап жинап құнды еңбек жазып, ел кәдесіне жаратқандардың бірі – ақын, жазушы драматург Асқар Татанайұлы. Оның «Тарихи дерек келелі кеңес» деген еңбегінде келелі де мол шежірелік деректер беріледі. Онан соң жазушы Шәміс Құмарұлының кесек тарихи романы «Ер Жәнібек» 1999-жылы баспадан шығып таратылды. «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» деген кітаптар тізбегіне «Ер Жәнібек» деген тарихи кітап қосылды. Ел арасына кеңінен таралған Жәнібектің іс-іздері жырланған дастандардың қазірге дейін анықталған саны жетіге жетті. ҚХР басылымдарында Жәнібек жөнінде отыз шақты аңыз-әңгіме жарияланды. Халық арасында «Жәнібектің көк дөнені» деген күй шығарылған.

 

Батыр рухы

 

Жәнібек батырдың ұрпағы бүгінде Қытайда тұрады. Алматыға арнайы келген батыр ұрпағымен Еліміздің тарихшылары бас қосып, Ер Жәнібектің өміріне байланысты әралуан ой пікірлерін ортаға салды. Бір өкініштісі батырдың тегіне байланысты мәселе әлі толық дәлелденбепті.

 

Ер Жәнібектің есімін елі еске алды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылайхан, Қабанбай, Бөгенбай сынды батырлар қатырында шайқасқан Жәнібек Бердәулетұлын әр қазақ біле бермейді. Қазақтың ауыз әдебиетіндегі жыр-дастандарда есімі аталатын батырдың ұрпағы бүгінде Қытайда тұрады. Алматыға арнайы келген батыр ұрпағымен Еліміздің тарихшылары бас қосып, Ер Жәнібектің өміріне байланысты әралуан ой пікірлерін ортаға салды.

Тұрымтай Өскенбайұлы -батырдың ұрпағы 980 жылы Әзімбай деген кісі осы батырдың басына күмбез орнатады. бірақ ол тақтада Жәнібек Қошқарбайұлы деп жазылған сол жағы әлі түзетілген жоқ .

Ғылыми конференцияда кезек-кезек сөз алған тарихшылар батырдың ақ туы Қытайлардың қолында қалғаныны айтады. Осы күндері күн шығыс елін мекен еткен батыр ұрпағы, бабаларының 300 жылдығына орай Алматыда бір көше аталса дейді.Ал сүйгегі Семей өңірінде жатқан Ер Жәнібек батырдың өміріне қатысты деректердің жеткіліксіздігінен әлі толық зертеу жұмыстары аяқталған жоқ. Сондықтан бүгінгі отырыста батырдың 2014 жылы болатын 300 жылдығын дейін осы кемшін тұстар шешімін табса игі.