Ерік
Ерік туралы жалпы ұғым
Адамды әрекетке бағыттайтын, мақсат қоюға талаптандыратын бір түрткі болатындығы, мұны психологияда мотив (себеп) не түрткі деп атайды. Кез келген түрткі сан – қиылы қажеттермен тікелей, не жанама түрде байланысып жатады.
Адамды әрекетке итермелейтін негізгі түрткі – оның түрлі қажеттері. Адам өз қажетіне байланысты алдына түрлі мақсаттар қояды. Ол мақсаттарды орындау үшін түрлі әдіс — амалдар қарастырады. өйткені, адам сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстарын тек танып не оған өзінің қатынасын білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге, оны қажетіне орай өзгерткісі келеді. Бұл үшін ол қимыл-қозғалысқа, іс-әрекетке түсіп отырады. Адамда қимыл қозғалыстар есепсіз көп. Бұларды үлкен екі топқа бөлуге болады. Оның бірін еріксіз қозғалыстар (яғни мақсат қойылмайтын қозғалыстар: көздің жұмылуы, жөтелу, шашалу, түшкіру т.б.), екіншісін- ерікті қозғалыстар деп атайды. Мәселен, жерге түсіп кеткен нәрсені көтеріп алу қозғалыстың соңғы түріне жатады.
Кез келген қозғалыс арқылы сыртқы ортаны өзгертуге, оған ықпал жасауға болмайды. Бұл үшін мақсатқа бағытталған қимыл-қозғалыстар жасау қажет. Ойланып істелетін, алға мақсат қоюды қажет ететін, түрлі кедергілерді жеңе білуге көрінетін қимыл қозғалыстарды психологияда ерік амалдары немесе ерік деп аталады. Сонымен ерік дегеніміз адамның мінез құлқын меңгере алу қабілеті. «Қайрат дегеніміз өмір жолында кездесетін екі талай кездерде белді бекем буып, қайыспай, кідірмей амал етуге ұмтылу» (Ж.Аймауытов). Адамның осындай психикалық әрекеті алдына қойған мақсатын орындауға байланысты түрлі ішкі-сыртқы кедергілерді жеңе білуіне жақсы байқалады. Мәселен, ұйқы басып төсектен тұрғымыз келмейді. Бірақ сабаққа кешікпеу үшін тұру керек. Бұл жағдайда ішкі кедергілерді (төсектен тұрғымыз келмеу сияқты, еріншектік т.б.) жеңу керек болады. Егер біздің мақсатқа жеңуімізге сырт нәрселер кедергілер жасаса (басқа адамдардың кедергісі, түрлі жағдай болмаушылық т.б.), бұларды да жеңіп отыруымыз қажет.
Ерік қоғамдық еңбек процесінде пайда болып, қалыптасқан. Тек еңбек ету арқылы адам өзінің әртүрлі амалдарын, қимылдарын көрсетіп, түрлі қажеттерін өтей алады. Адамның ерікті қимылдары оның өмір сүріп отырған ортасының, яғни сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының әсер етуіне байланысты көрінеді. Адам бір түрлі жағдайда әр қилы, әр түрлі жағдайда бір қилы әрекет жасайтыны мән. Біз көп адамдардан «не тілісіем, соны істеймін» деген сөздер жиі естиміз. Кейбір философия мен психология ғылымдарының өкілдері осындай жеке пікірлерге тас кенедей жабысып « адам не істеймін десе де ерікті, өз қылығына өзі қожа дейді. Барлық тіршілік ерікке байланысты, ал ерік ешбір себеп дегенді білмейді, ешбір материалдық жағдайлармен байланысы жоқ, өзінше пайда болған күш», — деп адамның барлық әрекеті мұның ішінде еркі де, нақтылы айналасын қоршап тұрған дүниеге, жағдайларға байланысты болатындығына жеке мән бермейді.
Сөйтіп, ерік қимылдарын өзінен-өзі пайда болмайтын, керісінше, адамның өмір сүретін ортасына байланысты дами отырып, ми қызметі продуктісінің бірі болып есептелінетін психикалық процес деп түсінуіміз қажет. Орыс ғалымдары И.М.Сеченов пен И.П.Павлов екрік қимылдарының белгілі бір себепке байланысты пайда болатындығын эксперименттік зерттеулермен дәлелдеді. И.М.Сеченов: «кәдімгі ырықты деп аталатын барлық саналы қозғалыстарымызды бейнелеу мағынасында ұғыну керек…». «Адамның кез келген қимылдарының алғашқы себебі одан тыс болады», деп еріктің сыртқы ортадан тәуелділігіне және ол ми қызметінің нәтижесі екендігін көрсеткен болатын.
Еріктің физиологиялық механизімі де ми қабығының рефлекстік табиғатына жатады. Ерік процесіне жоғарыда айтылып өткен ерікті қозғалыстардың алатын орны ерекше. Ерікті қозғалыс дегеніміз мақсатқа бағытталған қозғалыстар, яғни күрделі шартты рефлекстер, Еріксіз қозғалысьарда тумалық қасиет болса, ерікті қозғалыстар өмірде жүре-бара қалыптасады. Ерікті қозғалыстардың рефлекстік табиғатын И.М.Сеченовтен кейін зерттеген И.П.Павлов болды. И.П.Павлов және оның шәкірттері басқа анализаторлар тәрізді қозғалыс анализаторы да, яғни ерікті қозғалыстар да түрлі тітіркендіргіштермен ұақытша жүйке байланысына түсуге қаблетті екенін көрсетті. Адамның ерікті қозғалыстары ми қабығында бұрын пайда болған уақытша байланыстардың негізінде жасалды. Мұндай қозғалыстар үшін сөз ерекше тітіркендіргіш болып табылады, түрлі қозғалыстарды реттеп, басқарып, тежеп отыратын да осы сөздік сигналдар. Адамның көптеген қозғалыстары да іштей сөйлеу арқылы пайда болып отырады, мұндай сөздер түрлі қимыл-қозғалыстың «басталу белгісі». Адам сөз арқылы нұсқау алады немесе бір тоқтамға келеді, алдына қойған мақсатына сәйкес қимыл-қозғалыстарын реттестіреді.
Қозғалыс анализаторын жүйке клеткалары мидың орталық сайының алдыңғы жағына орналасқан. Осы жерде пирамида формасындағы алып жүйке клеткалары бар. Бұлар жүйке талшықтары арқылы қаңқаның бұлшық еттерімен байланысып жатады. Қозғалыс катализаторын құрайтын жүйке талшықтарын пирамидалық жол деп атайды. Пирамидалық жолдың қызметіне зақым келсе, адамның қимыл қозғалысының береккесі кетеді, мұндайда оны паралич ауруы соғуы мүмкін.
И.П.Павлов «…еріктік қозғалыстың механизімі жоғары жүйке қыметітің барлық заңына бағынатын шартты ассоциациятивтік процесс» ерікті мидың уақытша байланыстар принципінің заңына орайлас түсіндіреді.
Ерікті қозғалыстарды орындау дегеніміз – еріктің ең қарапайы түрде сыртқа шығуы. Жас баланың еркінің дамуы осындай қозғалыстар жасауға үйрене бастаған, өзінің денесін басқара алудан байқалады. Қозғалыстарды тежей алу, тек алда тұрған мақсатқа ғана сәйкес қозғалыс жасау – бірінші және екінші сигнал жүйесінің өзара әрекеттестігінің нәтижесі.
Еріктің мағынасы кең. Мұның бірінші жалпы мағынасы адамның психологиялық өмірінің саналы түрде бір мақсатқа бағытталуын білдіреді. Ал дәл мағынасы да ерікті амалдар ішкі және сыртқы кедергілерді жеңуге байланысты көрініп отырады. Мәселен адам жазу үшін столдың үстіндегі қарындашты қол созып алады. Әрине, бұл саналы және белгілі мақсатқа бейімделген әрекет. Осы сияқты әрекетті ешкім нағыз ерікті әрекет деп ойламайды, олай дейтін себебі, бұл жерде ешқандай да кедергіні жеңу байқалмайды. Ерік амалы байқалған мен, оның көрнісі өте болмашы, мұндағы ерік көбінесе адам елемейтін дәрежеде білінеді. Сондықтан да шын мағынасындағы ерік амалдары бірнеше күрделі қозғалыстардың (тіпті, ойланып істелген қылық болса да) жиынтығы болып табылмайды. Сөйтіп адамның дәл мағынасындағы ерікті амалы, біріншіден, әрбір адамның өзін-өзі билей алуынан, яғни мінез-құлқын меңгере алуынан көрінсе; екіншіден оның түрлі ішкі және сыртқы кедергілерді жеңе отырып, алдына қойған мақсатын орындап, істі мықты тындыруынан көрінеді.
Ерікті амалдардың кезеңдері
Ерік қимылы адамның даму процесінде біртіндеп жетіліп, қалыптасадын күрделі рцесс екендігін төмендегі структурасынан жақсы көруге болады. Мәселен, орта мектепті бітіретін оқушының арнаулы оқу орнына түсуге талабы бар дейік. Оқушының бұл мақсатты алдына қоюына оның мәдени қажетті, білім алуға тырысуы түрткі (мотив) болады. Кез келген адамнан «сен үшін оқисың?» деп сұрасаң оның нендей болсада бір дәлел айтатыны түсінікті.
Адам осылай өзінің келешекте белгілі бағытта істейтін ісінің мәнін, жоспарын белгілейді. Мұны еріктік амалдың бастамасы – тілек немесе ниет деп атайды. Тілек- келешекте істейтін ісіміздің ойға бекуі. Мәселен, «газетке мақала жазсам», «өзенге барып шомылсам», «домбыра тартып үйренсем» т.б. деген сөйлемдерде адамның түрлі тілегі бейнеленген. Бұларда белгілі бір қажетті өтеу көзделген, Бірақ оны орындау жолдары әліде болса көмескі , яғни оның жоспары сызылмаған. Дегенмен , осы секілді тіліектерде еріктік амалға тән талғамалылық сипат бар. Ал талғау ниетке ой әрекетінің араласуын қажет етеді. Ой тезіне арқылы адам өзіне қажетті тілектерді тежейді де, қажеттілерін орындау үшін тиісті жоспар сызып, амал- айла, әдіс қарастырады. «Тілектің алдын- артын тексеріп үйренген адам балалықта ебдейсіз, еркеліктер, қиаңғылықтан, есейгенде еркеліктен аман болмақшы» (М.Жұмабаев). Соңғы жағдай ғана адамның тілегі нақтылы келісімді түрге келтіреді. «Жақсы ниет жарым ырыс» деп халық тегін айтпаған.
Адамның алдындағы мақсаты осылайша айқындалғаннан кейін, әректтің орындалу жолын қарастырады, оны жоспарлайды. Егер адам мақсат қояр кезде өзіне «Не істеу керек?» деп сауал қоятын болса, әрекетті жоспарлау үстінде «Қалай істеу керек?», «Қандай жолдармен мақсатқа жетуге болады?» деген сұрақтар қояды. Осы арада адам мақсатқа жетудің ыңғайлы жолын іздестіреді, айналасына көз тастап, алда тұрған қиыншылықтарын сыр сипатын, оны жеңудің жолдарын белгілейді. Мәселен, біреудің стол жасап алғысы келеді дейік. Ол алдымен бұған қандай материалдың жарайтындығын, оны қайлан алуға болатындығын, қандай құрал- сайман керектігін, жұмыстың көлемін т.б. топшылап алады. Қандай болмасын іс — әрекеттің жоспарын жасау – күрделі процесс. Ол – адамның белгілі білімін, өмір тәжірибесін, ойының орамдылығын қажет етеді.
Мақсатқа жетудің жоспары белгіленіп, жоспар жасалғаннан кейін адамның тілегі оның нақтылы қалауына көшеді. Қалау — мақсаттың айқындығы, оған жеткізетін тиісті жоспардың жасалуы, ойдың бекемдігі. Дегенмен, тілек те, қалау да өздігінен адамның ерік –жігерін толық көрсете алмайды. Өйткені адамның ерік-жігерін толық көрсете алмай, қайшы келіп отырады. Мәселен орта мектепті бітірген оқушы бірде педагогтық институтқа түсіп, мұғалім болып шыққысы келеді. Ол сондай-ақ өзінің ауыл шаруашылығы маманы болғанын да жақсы көреді. Бұл арада оған осы екі мамандықтың біреуін қалай қажет. Ал осы мамандықтар жөнінде толық түсінігі болмаса, ол өз ойынан тайқақтайды, бұлардың қайсысын қалауын білмей , әуре сараңға түседі. Міне осындай жағдайда тілек пен қалаудың арасында үйлеспеушілік туады. Мұны психологияда түрткілер күресі деп атайды. Мұндай түрлі мотивтердің ішінен ақылға қонымдысы – нақты жағдайға тура келетінін біреуі жеңеді, тек содан кейін ғана адам белгілі бір тоқтамға келе алады.
Мотивтер күресін Н.В.Гоголь «Үйлену» комедиясында жақсы көрсеткен. Некесі қиылайын деп тұрған надворный советник Подколесин аяқ астында үйленудің тиімді тиімсіздігін ойлай басы қатады. «Үйленбей жүрген жұрттың шетінен есуас екеніне көзім енді ғана жетіп отыр. Қыруар жұрттың, көрер көзге адасып жүргені-ай десейші. Алда – жалда бір елге патша бола қалдым ғой, қол астымда жалғыз бойдақ қоймай жұрттың бәрі түп-түгел үйленсін деп әмір берер едім …». Ол осы арада ойланып, ақылға салып үйленген жөн шығар, өмір бойы бойдақ болу ақылсызсық болар деген ойға келеді. Бұл оның үйлену жөніндегі бірінші мотив – семья бақыты. «Шынында ойлап тұрсам, мінеки, әне- міне дегенше, әйелді болып шыға келгелі отырмын. Сөйтіп, енді тілмен айтып жеткізе алмайтын, тіпті айтуға лайықты сөз де табылмайтын ертегідей бір шырын – шәрбат ләззаттың дәмін де татқалы тұрмын». Кенеттен оның басында қарама – қарсы мотив туа қалады: «… Әйтседе, бажайлап қабырғама кеңесе кетсем –ақ, болды, тұла бойым түшігіп сала береді. Ары айт, бері айт, өмір бойы, мәңгі бақи қол- аяғыңа күрмеу түсіп, қайтып енді тырп ете алмай –аузыңды ашып, жазыпа ем, жаңылып ем шамаң келмесе – шаруаңныңбіржола біткені ғой… »Подколесин тұрағы жоқ, жағдайдың әуеніне қарай ағатын адам. Оның ойына ар- ұят, адамгершілік дегендер кіріпте шықпайды. Некесі қиылатын деп тұрған осылайша әуре – сараңға түсуі оның қандай адам екенін жақсы байқатады.» ….Шынымен –ақ, тайып кетуге болмайды, биік еен быт- шытым шығар, екіншіден, терезеден қарғу лайық емес, үшіншіден, қалпақсыз қалай қарғымақпын, лайық емес деп тұрып алды. Оның қалпағын досы Кочарев тығып қойған. Ол ақырында: терезе онша биік емес екен, қалпақсыз қарғуға да болар деп көшеге қарай қарғып кетеді. Белгілі көзқарас мен сенімі қалыптасқан адамда мотивтер күресі онша байқалмайды. Олар, көбнесе жеке бастың мотивінен гөрі қоғамдық мәні бар мотивтерді басшылыққа алып отырады.
Сөйтіп, мақсат қою, тілек, қалау, мотивтер күресі, тоқтамаға келу – бәрі жиналып еріктік қимылдың «даярлық кезегі»деп аталады. Кейбір адамдар өзінің алдына көмескі, бұлдыр мақсат қояды да, оны орындай алмай қалады. Ерекше ой жұмысын керек етпейтін жеңіл мақсатты алға қою да адамның еркін енжар, әлсіз етіп жіберуі мүмкін.
Ерік сапалары.
Адамның ерік –жігер қасиеттері сан қилы. Бұлардың іс- әрекеттің нақтылы жағдайларына, орындау тәсіліне қарай бірнеше сапалары бар:
Біріншіден, еріктің күшіне (тоқтамаға келу, кедергілерді жеңе білу, өзін -өзі меңгере алу, батылдық, шыдамдық т.б.), екіншіден, адамгершіліке сыйымды ерікқимылдардың сапалпрына (жеке мүддені ұжым еркіне, қоғам мүддесіне бағындыра алуда көрінетін ерік сапалары), үшіншіден, еріктің адамның дербестігіне байқалатын сапалары жатады (инициатива, принциптілік, тәртіптілік, жинақтылық т.б.) бөлінеді.
А)Тоқтамаға келгіштік
Тоқтамаға келгіштік дегеніміз адамның небір қиын қыстау кезеңдерде қажжетті шешімдерге келіп, оны жүзеге асыруға қабілетінің болуы. Адамның өз әрекетін дұрыс түсінуі, істеген ісінің азды көпті кемшіліктерін көре білуді оның ақыл ой парасатымен байланысып жатады.Біреу тоқтамаға келуге оншама көп қателіке жол бермейді, ал екінші біреуі көптеген қателіктерге ұшырайды, сонысынан кейін үлкен опық жейді, әуре- сараңға түседі, ал үшінші бір адамдар жиі – жиі түрлі тоқтамаға келеді де, алдына сансыз мақсаттар қояды. Бірақ оларды, көбнесе, орындай алмайды. Ақырында мұның барлығы оның ерік- жігерін жегідей жеп мұқалтады.
Ә)Табандылық
Табанды адам алған бетінен қайтпай, көздеген мақсатына қайткен күнде де жетуді көздейді. Ол қажымай әрекет етіп, осы жолда небір қиыншылыққа төзіп, оларды бірінен соң бірін жеңіп отырады. Алматы облысының Шелек ауданының тұрғыныТұрсын Мынбаев Ұлы Отан соғысында екі қолынан бірдей айрылады да, жарымжан болып қалды. Бірақ ол қиыншылыққа мойымады. Ол сергектікпен өмір сүріп, халқына пайда келтіру жағын ойлады. Ауруханад жатқан оның «қолынан» Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романы түспеді. Островскийдің өмір сүруге деген тамаша ынтызарлығы Тұрсынға адам өмірінің бағасын танып, оның күрес жолына сабақ болды. Ол сол ауруханада жатқан кезінде-ақ қалам сұрап алып, бақайымен жазу жазды. Қаламды аузымен тастап сурет салуға да машықтанды. Бір күндері Лениннің портретін айнытпай салып шықты. Бұл оның мақсатына жету жолын бір табан жылжытқандай болды. Көп қажыр – қайрат жүмсап, талмай жаттығу нәтижесінде жылдам жазуды да үйренді. Тұрсын сөйтіп шалғымен шөп те шапқан, жеміс бағын да өсірген. Үш айлық шоферлер курсын бітіріп, машина жүргізуді де үйренген. Совхозда бухгалтер болып істеген. Осындай жауапты қызметте жүріп бір жағынан жазушылық жұмыспен де айналысқан. өз басынан өткен жайларды қағаз бетіне түсіріп, «Өліммен беттескенде деген кітап жазған. Бұл кітапта өзінің ерекше еңбек сүйгіштігінің, табандылығының арқасында өмір қызығын тартып отырған қарапайым еңбек адамының ерлік ісі ерекше жырланған. Сөйтіп, табандылық кісі таңдамайды, тілесе, кім болсын, тек еңбекті сүйе білген, осы жолда ерекше жігер көрсетіп, іске мейірлене, құлшына кіріскен адамдардың бойына даритын қасиет.
Мектеп оқушыларына табандылыққа тәрбиелеуде мұғалім мына шараларды жүзеге асырып отырады:
1) Баланы жас кезінен қолына алған ісін ылғи да аяқтатып, оның қолынан іс келетіндігіне сенім арттырып отыру қажет;
2) Оқушы дербес әрекет жасауға, өз бетімен қиыншылықтармен күресе білуге үйретілсін. Қажетті жерінде тәрбиешінің өзі өнеге көрсетіп отырса тіптен жақсы;
3) Баланы ұжымдағы ортақ мүдде үшін күресе білуге баулу, көпшілік алдындағы борышын, жауапкершілігін өтеуге жұмылдыру, оған берілген тапсырмалардың орындалу сапасын қадағалау – табандылыққа тәрбиелеудің басты жолдары.
Б) Ұстамдық
Ұстамдылық дегеніміз адамның оқыс қимыл-қозғалыстан, орынсыз сөйлеуден, босқа күйіп-пісуден бойын тежей алу қабілеті. Ұстамды адам әр кез терең ойланып, істің тетігін аңғара отыра әрекет етеді.
Жігер дегеніміз – құр тілекпен қанағаттану емес, бұл бір мезгілдік тілек те, тоқталыс та, тілектен бас тарту да … Тормозсыз машина болмайды және тормозсыз ешбір жігердің де болуы мүмкін емес
Осындай қасиеттер адамның түрлі қиыншылықтарды жеңе білуге машықтануы, ауыртпалыққа шыдай, төзе білуі үстінде қалыптасуы болып табылады. Орынсыз ұшқалақтық, жеңілтектік, дегбірсіздік адамның қатты жігерленіп, іске белсенді кірісуіне кедергі келтіреді. Ал ерекше күш жұмсауды керек етпейтін жерде пәлендей ұстамдылық бар деп айтуға да болмайды. Еріктің бұл сапасынсыз қарапайым жұмысты да нәтижелі орындау мүмкін емес.
Күшті ерік адамның осындай ауыртпалықты жеңіп отыруы өзін меңгере алу үстінде де мықтап шыңдала түседі, онан сайын қатайып, беки береді, яғни М.Горький айтқандай, «тіпті азғана өзіңді жеңу адамды зор қуат иесі етеді». Ұстамдылық өзін-өзі меңгере алу — адамның төзімділік, шыдамдылық, батылдық сияқты ерік ерік сапаларымен тығыз байланысып жатады. Адам осындай қасиеттерді тәрбиелеу үшін адамгершілік принциптерін саналылықпен ұғынып орындап оыруға бой ұсыну, ұжым мүддесіне нұқсан келтіретін түрлі тғріс қылықтардан бас тарта білуге жаттықтыру, дүниетанымы мен сенімін, талғамын қалыптастыру, лайықсыз сезімдерді тежей білуге үйретіп отыру қажет.
В) Тәртіптілік пен жинақылық
Тәртіптілік дегеніміз адамның өз қимыл-қозғалысын, ойы мен тілегін әр уақытта ұжымның ырқына бағындыра алу қабілеті. Адам неғұрлым өз қылығының қоғамдық мәнін жақсы ұғынса, соғұрлым зор сеніммен, белсенділікпен әрекет етіп, өзінің отан алдындағы жауапкершілігін жақсы түсінеді. Жекешіл ұғымнан оқшауланып жүретін адамда тәртіптілік жағы аз болады. Адамның тәртіптілігі мен жинақылығы оның қоғамдық әрекеттермен қатар жеке өмірінде де ерекше маңыз алады.
Оқушыларды тәртіптілік пен жинақылыққа тәрбиелеу дегеніміз олардың оқу әрекетін дұрыс ұйымдастыру, әрбір кішкентай істің өзіне тиісінше мән беріп отыруға үйрету қоғамдық істе де, жеке өмірде де қатаң тәртіп сақтау, ыждағаттылыққа, ұқыптылыққа ұйрету, бір сөзбен айтқанда, осылардың барлығын олардың қанына «сіңіріп» отыру деген сөз.
Г) Ерлік
Ерлік дегеніміз алға қойған мақсатына шексіз сенген, сол жолда ақтық демі біткенше бел байлаған, моральдық рухы жоғары адамның ғана қолынан келетін қасиет, сонымен қатар, ерлік –батылдық пен ұстамдылықтың табандылық пен тез тоқтамға келгіштіктің адамның басында ойдағыдай тоғысуы. Ерлік көбінесе қоғамдық мәні бар істерде көрінеді.
Сондықтан да ол адамның өз халқына Отанына қалайша берілгендігін сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болып табылады. Қазақ халқының тарихында да кір жуып кіндік кескен жерін көздің қарашығындай сақтап, басқыншы жаудан асқан ерлікпен қорғай білген небір батыр тұлғалар көптеп кездеседі. Мәселен, Күлтегін, Едіге, Қарасай, Қобыланды, Ерсайын, Қамбар, Сырым, Бөгенбай, Қабанбай, Жанқожа, Кеңесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Амангелді Бауыржан т.б. секілді өр рухты, намысты қолдан бермей шыбын жанын туған жері үшін құрбан еткен қас батырлардың бейнелері қазіргі тәуелсіз елдің жас ұрпақтарына іздесе таптырмайтын өнеге.
Осы айтылған ерік сапаларымен әр адам өз басын тәрбиелей алады. Бастауыш сынып оқушыларын да осыған баулу қажет. Әрине, бұған мұғалімдердің дүрыс басшылығы керек. Орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинскийдің жас кезінде өзін тәрбиелеудің мақсатында жасаған жоспары көңіл аударарлықтай. Ол жоспар мына төмендегідей:
1) Ерекше сабырлық, ең болмағанда сырттай сабырлы болу;
2) Сөз бен істе әділ болу;
3) Қимыл-қозғалыстың ақылға қонымдылығы;
4) Тоқтамға келе алу;
5) Өзінің жөнінде орынсыз бір сөз де айтпау;
6) Уақытты мақсатсыз өткізбеу, кездейсоқ іске ұрынбау, тек көңілге алған ісіңмен ғана айналысу.
7) Қажетті, не ұнамды нәрсеге ғана бой ұсыну, көрсе қызарлыққа салынбау.
8) Әр кеш өзің істеген ітке мұқият есеп беріп отыру.
9) Еш уақытта да өткендегі, не алда болатын ісіңмен мақтанбау.
10) Осы жоспарды ешкімге көрсетпеу. Балалардың бойына кез келген ерік сапаларын қалыптастыра беруге болмайтыны түсінкті. Ерік сапаларының мазмұны қандай, қоғамдық пайдалы әрекет жасауға бағытталған ба, әлде жеке қара басының мүддесін көздеуге бағытталған ба – міне, негізгі мәселе осында.
Егер бала түрлі кедергілерді, қиыншылқтарды жеңуде барлық күш- жігерін, тек өз мүддесіне , қара басына пайдаланатын болса, онда мұндайда көрінетін ерік сапаларын ешбір қоғамдық мәні болмайтындығы белгілі. Бұзақы адамның сотқарлығы, қоғам мүлкін тонаушы ұрының, жылпос айлакерлігі, қиқар адамның орынсыз қасарыспалығы жақсы ерік сапалары емес. Өйткені осы соңғы айтылғандар өзінің мазмұны жағынан ешбір адамгершілік қасиетке сиыспайтын сапалар. Сондықтан да адамдарға тән жоғары ерік сапалары туралы мәселе қойғанда әр уақытта да олардың моральдық салмағының қандай екендігін еске алып отыру керек.
Әр түрлі ерік сапалары бір-бірімен байланыспайтын оқшау жатқан қасиеттер емес, барлығы да адам бойынан табылатын, оның жеке басының бағытына, дүниетанымы мен сеніміне, мінез бітістеріне, темпераментіне, қабілетіне тағы осындай психологиялық ерекшеліктеріне байланысты түрліше жағдай қабысып келіп отыратын сапалар. Бір адамның баснды ерік сапаларының бірнешеуі қиысып, келіп отырады. Мәселен, өртеніп жатқан үйдің ішінде қалған баланы алып шыққан адамның басынан батылдықты да, тоқтамға келгіштікті де, шапшаңдықты да, өзін меңгере алушылықты да байқау осы айтылған пікірге жақсы дәлел.